Қадымнан қалған қолтаңба

3041
Adyrna.kz Telegram

«Тарихты білмей, өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын» деген Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз. Өткен жылы «Алтын қазына» ақпараттық-көркем альбомына мәлімет жинау барысында Қызылорда облысы Шиелі ауданында «Сауысқандық» аталатын петроглифтердің бар екенін Асхат есімді мұражай қызметкерінен телефон арқылы естігенмін. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде қызмет атқаратын Асхат Сайлауға арнайы жолығып, Сауысқандықты зерттеу үшін жол жүретінімді айтып, жөн-жосық сұрадым. Ол кісі Сауысқандық петроглифтеріне арнайы көңіл бөлінбей жатқанын айтып, зерттеуді қажет ететінін ескертіп, қызметтен босай алмаған себепті жол сілтеп жіберді. Артынша Қызылорда қаласынан Шиелі ауданындағы Сауысқандық деп аталатын таңбалы тастары бар жартастағы суреттерді (петроглифтерді) зерттеу мақсатында жолға шықтым.

Менің ежелден қалған тас мұраларды көзбен көріп, көңілге түйіп, зерттеуге деген арманым болғанымен, студент болған себепті тауға баруға қаражатым жоқ болатын, жолға деп алып шыққан бар ақшам – бес мың теңге. Шиелі ауданына келіп қонақүйден жамбасақы сұрағанымда 12 сағатқа төрт мың теңге екенін айтты. Сауысқандыққа көлік жалдасаң, 20 мың теңгеге апарады екен… Қаратауға бір табан жақындай берейін, ауылдан бір қонып шығатын үй табылар деп, Еңбекші ауылына аттанып кеттім. Талғат есімді таксист ағаға зерттеу жасауға келгенімді айтып, бұл ауылда ешкімді танымаймын, Сауысқандық петроглифтерін, ел тарихын білетін ақсақалдың, болмаса ел ағасының үйіне түсіріңіз дедім. Ойым – Еңбекші ауылына бір қонып ертеңіне бір құдайға жар бола көр деп шежірелі Қаратауды бетке алыпжолға шығу. Талғат аға Асылхан деген кісінің үйіне түсірді. Асылхан  –№ 159 «Еңбекші» қазақ орта мектебінде ұстаз, ғылыми қызметкер, марқұм әкесі Сүлейменнің қара шаңырағындағы Өмірәлиевтер әулетінің ұлдан кенжесі. Асылханның анасы Күлдана әже, қонақты Құдайдай сыйлап, «Бала болса да мейман» деп бата алған елгезек, ақжарқын, көңілге түйгені көп, әңгімешіл жан екен. Асылханның ағасы Абамүсілімнің көмегі, кеңесімен Еңбекші ауылынан 50-60 шақырым солтүстік-шығысқа қарай Атасауысқандық, Баласауысқандық аталатын жоталардың аралығында Сауысқандық өзенінің оң жағында, Сүлеймен жайлауының іргесіндегі Үлкеншоқы, Кішішоқы аталатын тау жоталарының жартастарындағы суреттерді (петроглифтерді) аралап көріп суретке түсірдім. Асылхан ағаның Еңбекші ауылындағы үйінде екі күн, Атасауысқандық етегіндегі Сүлеймен жайлауында екі күн қонақ болып төрт күннің ішінде ағайын-туыс адамдардай болып қимастықпен қош айтыстық. Таудан түсіп Еңбекші ауылындағы Асылхан ағаның үйіне келіп Күлдана әжеге: «Елге қарай жол жүрсем деп отырмын, көрген дүниелерімді шама-шарқым келгенше көңілге түйіп, суретке түсірдім», – дедім. Ол кісі: «Дұрыс жарқыным, қай жерлерді араладың?» – деп сұрады. Үлкеншоқы мен Кішішоқыны аралап, Сауысқандық өзенінің бойымен Баласауысқандық жотасынетектеп қайтқанымды айттым. «Құдіреттің күшін көргің келсе – тауға шық» деген. Балам, тағы бірер күн жатып асықпай араламадың ба? Тамаша жерлерді көрмей қайтқан екенсің», – деді.

Мен ойланып қалдым. Расында да, Қаратауда екі күн қонып, үш күн аралағанымда әсем табиғатқа анда-санда көз салғаным болмаса, тастағы суреттерден көзімді алмай, сол суреттердің сырын ұғуға тырысып жүргенде ғажап жаратылысқа, тамаша табиғатқа дұрыстап қарамаппын. Екі күн жайлаудағы үйіне, екі күн ауылдағы үйіне қондым, жата бермей қайтайын деп қысылып жүрсем, ол кісілер тілекші болып жүріпті-ау. Қазақтың қонақжайлылығын сақтап қалған қандай ақкөңіл, ақпейіл отбасы деп ойладым. Мұны жазып отырған себебім. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ? Өмірәлиевтер әулетінің Сауысқандық петрогливтеріне зерттеу жасауыма үлкен көмегі тиді… «Қазақшылықты іздесең айналайын алтын бесік ауылға бару керек екен-ау» деген ой түйдім.

Ұстазым филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аманқос Мектеп-тегі дәріс барысында тарихқа қызығушылығымды байқап: «Ақпаратты сақтау, тарату, журналистиканың тарихы тас жазулардан (пиктограммалардан) бастау алады, осыны есіңнен шығарма, шамаң жеткенше зерделеп, зерттеу жасап жүр», – деп, арнайы тапсырма берген болатын. Таңбалы тастармен ескерткіш тастарға зерттеу жасау барысында ағайымның сөзі ақиқат екеніне көзім жетіп, таңбатану іліміне деген қызығушылығым арта түсті. Өзін саналымын деп есептейтін, қайдан шықтық, қайда барамыз деген сұраққа алаңдаған бүгінгі ұрпақ бабаларымыз есте жоқ ескі заманда тасқа таспен қашап қалдырған қолтаңба суреттерге тарихи ақпарат, дереккөзі ретінде көкірек көзімен қарап, ой елегінен өткізер болса көп дүниені көңілге түйер еді.

Тас дәуірінде тасқа қашалған қатпарлы тарихтың бір ұшығы Қаратау аңғарында, Атасауысқандық, Баласауысқандық аталатын тау жоталарында қараусыз, қорғаусыз қалған… Алаштың анасы аталған қасиетті Сыр елінде, облыс аумағына қарасты Қаратаудың солтүстігіндегі Сауысқандық жартастарындағы таңбалар (петроглифтер), мыңдаған жылдық тарихи ақпарат, тарихи дерек. Тасқа қашалған адам, аң мен қолға үйретілген мал, атап айтсақ түйе, жылқы, сиыр,  арқар, таутеке бейнелері тасқа шеберлікпен қашалған суреттер. Бұл суреттер ішіне бірнеше ғасырлардың сырын бүгіп жатыр. Тасқа басылған арқар мүйізінен қазақтың киізге басатын қошқар мүйізі, ұлттың оюы шығады. Ою-өрнектің басы тас ойып сурет салудан басталады… Жартастағы адам мен аң бейнелері – соны ізденісті, тың зерттеуді қажет ететін ежелгі дәуір адамдарынан қалған құны баға жетпес тас қазына. Әрине, тастағы таңбалардың парқын білген адамға, ал білмеген адамға қаптаған қара тас, шимай тас болып көрінуі мүмкін.

Біздің еліміздегі «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне енгізілген (III) (үшінші номинациясы бойынша). Бірінші зерттеуім осы жерден басталды. Астана болып тұрған кезінде ел ордасы Алматығажақын болғандықтан ба, жоқ әлде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне енгізілгендіктен бе, «Таңбалыға» зерттеу жасаушылар мен саяхаттап баратындардың саны басқа аймақтардағы тарихи орындарға баратындардың санынан әлдеқайда көп. Бір айта кететін жайт, «Таңбалыға» туристер шетелдерден анағұрлым көп келеді екен, туристерге жақсы жағдай жасалып, арнайы маман таңбалардың тарихымен таныстырады. Жата жастанатын қонақтарға арнап қонақжай, мұражай салынған. Әлемнің бірқатар елдерінде тарихи аймақтарды гүлдендіріп, туризімді дамытуға барлық жағдай жасалып, жол салынып, байырғы адамдар тіршілігінен ақпарат  беретін тарихи орындарды арнайы мемлекет қорғауына алып, құрмет тұтады.

Сауысқандық петрогливтеріне археологтардан басқа саланың ғалымдары ат ізін салмағаны таңғалдырды. Алыс аймақта болғандықтан ба, болмаса ежелгі тарихымызға енжар қарағандықтан ба, Сауысқандық аталатын тарихи аймаққа уран мен ванади өндірушілерден басқа саланың мамандары арнайы ден қойып, көңіл бөлмеген. Бұл аймақтағы жартас беттері (петроглифтер) үстінен қашап жазу салдарынан бүлініп, тұрмысқа қолдану барысында жойылып барады… Сауысқандық петроглифтері –  тарихи ақпарат, адамзат ақыл-ойының жемісі. Осындай тамаша табиғатты, жартастарында ежелгі адамдардан қалған қолтаңбасы бар тарихи орындарды сақтап, туристік бағытта саяхат жасауға жағдай тудырсақ. Біріншіден, тарихқа құрмет. Екіншіден, ұрпаққа өнеге. Үшіншіден, табыс көзіне айналар еді.

Сауысқандықтағы қолтаңбалар – ежелден осы жерде тіршілік етіп, қоныстанған бағзы заман тайпаларының адамдары  қашап салған дерек көз, қалпын бұзбаған ақпаратты тастар – осы аймақты мекендеген бүгінгі ұрпақтың есте жоқ ескі замандағы арғы аталары. Жергілікті тұрғындар, қазіргі ұрпақ та арғы аталарындай түйе, жылқы, қой бағып, аңшылықпен айналысып келеді. Бүгінгі аңшылардың қолында мылтық. Олардың фото суреттері қағаз бетінде қанша уақытқа сақталатыны бір Аллаға аян. Ал жартастағы адырна тартқан аңшының суретінқұрметтеп, қорғасақ, ашық аспан астында мыңдаған жылдар бойы сақталып келгеніне қарамастан заманның ақырына дейін қалпын бұзбай жата бермек.

Әлкей Марғұлан атамыз: «Тасқашау өнерінің дәстүрлері неолит заманынан басталады. Қола дәуіріне адам тас өңдеудің мыңжылдық тәжірибесімен келді», – деген ғылыми тұжырым айтады. Тасқашау өнері – неолит заманында, тас дәуірінде басталып, қола дәуірінде жетіліп, түркі қағанаты кезінде биік деңгейге жетіп, бүгінгі ғылым технологияның дамығанына қарамай  әлі күнге атадан балаға жалғасып, үзілмей келе жатқан қолөнердің тарихы терең үлкен бір саласы. Тек, біз тас қашаушы өнер иелерін – о дүниелік болған жақындарымызға көктас, белгі қояр кезде іздейміз…

VII ғасыр мен XX ғасыр арасындағы он үш ғасырлық мұраны іздесек, қағазға басылған қолтаңбаны, қағазға түскен мұраларды, елімізде көп жылдық соғыс салдарынан… сақталмаған себебті шетел мұрағаттарынан іздейміз. Біздің тарихымыз бұдан да ілгері деп мұрағат іздесек, тау-тастардағы ежелгі ата-бабаларымыз қолмен қашап қалдырған қолтаңба, яғни таңбалы тас, балбал тас, құлпы тас, ескерткіш тастардан табамыз. Сондықтан мұндай тарихи орындарды дала мұрағаты, дала мұражайы деп атауға толық негіз бар. Дала мұрағатын қорғауға келешек ұрпақ алдында борыштымыз. Дала мұрағаты көкірек көзімен қараған адамға адамзаттың тарихынан, олардың тұрмысы мен өмірінен мағұлмат беретін ақпаратқа толы.

Біз бұл уақытқа дейін ежелгі адамдар өмірімен тарихшылар, оның ішінде археолог мамандардың зерттеуі нәтижесінде, ежелгі мекендерден табылған тас құралдар мен қыш ыдыстардың және қорымдардағы адамдардың діни сеніміне байланысты бірге жерленген заттар арқылы танысып келгенбіз. Петроглифтер археологтар тарапынан дерек көзі ретінде зерттелгенімен ақпарат ретінде арнайы зерттелмеген… Ендігі жерде журналистика тарихымен тасқа басылған жасампаз мәдениет, бейнелітас, бейнелі жазу, таңбалытас, сонымен қоса ескерткіш тастағы түркі таңбалары (түркі жазуы) арқылы да таныса аламыз. Тасқа басып ақпарат қалдыру – журналистика ғылымының бұрын зерттелмеген тарихы тым тереңде жатқан үлкен бір саласы.

Көрген-түйгенін, қорытқан ойын жартасқа суреттеу, бейнелі жазу (пиктограмма) арқылы  өз дәуірінен, тұрмысы мен шаруашылығынан кейінгіге өшпестей ой жемісін қалдыру – бағзы заманның ақылды, шебер адамдарына тән құбылыс. Ол – ақпаратты мәңгі сақтаудың сыры мен құпиясы. Осы тастардағы суреттерге қарап тасқа қашап ақпарат қалдырудың тарихы неолитте (жаңа тас ғасыры) бастау алып, энеолитте қалыптасып, сақ, ғұн, түркі дәуірінде кеңінен тараған деген тұжырым жасауға болады… Тас қашау, тас өңдеу өнері, ғылымы тас дәуірінен бастау алады. Тасқашау ғылымы деп атау себебім, сол дәуір адамдары тас қасиетін танып, сырын ұққан… Ежелгі адамдар от жағу барысында оттың айналасын қоршап қойған тастардың балқып құйылу салдарынан тасты балқыту арқылы қола, темір, т.б. металдар алудың жолын игеріп, жетілдірген. Осылайша тас дәуірі, қола дәуірі, ерте темір дәуірінде жаратылыстану ғылымы жетіле түседі…

Қазақ даласындағы петроглифтерге сүйене отырып, отандық журналистиканың, қазақ журналистикасының тарихын тас дәуірінен бастауға болады. Хронологиялық уақыты б.д.д. 7/6-мың жылдық – біздің жыл санауымыздың 2000 жылы. Екеуін қосып есептесек жерімізде сақталған ақпараттың (б.д.д. 7 мың – б.д. 2000  жыл) 9 мың жылдық тарихы бар болып шығады. Оған қазақ даласының кез келген аймағындағы таңбалы, балбал, ескерткіш, құлпытыстар куә (мысал бола алады). Әрине, бұл ақпаратты тастардың барлығы анық-танық ақпарат деп айта алмаймыз. Көмескі болсада көңіл көзімен қараған адамға ескіден қалған естелік… Тас қашап ақпарат қалдыру суретті жазу (пиктограмма) – технологияның дамуына орай оқиға орнынан мәтінмен қоса фотосурет, сөзбен қоса бейне (видео) арқылы ақпарат беру деңгейіне жетті. Тасқа суреттеу, сөзбен суреттеу, видеоға түсіру барлығының негізі – бейнелеп жеткізіп ақпарат беру. Демек, пиктограммалар – ақпараттың көзі, петроглифтер – ақпараттың тегі.

Қазақ даласындағы аңшылық пен көшпелі мал шаруашылығы ықылым заманнан басталады. Адамдардың негізгі шаруашылығы аң аулау болғандықтан олар аңдардың жаратылысын ұғуға тырысқан. Аңдардың басым көпшілігі киік, қарақұйрық, таутеке арқар, құлан, тарпаң, қолға үйрене бастаған төрт түлік мал түйе, жылқы, сиыр, қой-ешкі және т.б. аңдар табиғаттың ыңғайына қарай тебіндеп жайылуға ыңғайлы жерлерге ауысып отырған. Таудан алыс жазық далалар, қыста қар аз түсетін шөлді жерлер, сонымен қоса ылғи жел соғып тұратын құм төбелерде қар қалың жауғанмен, бір жақ бетін жазықтағы үздіксіз соққан жел аршып тастап отырады. Бұндай жерлер аша тұяқты аң мен малға қыстан жұтамай шығуға қолайлы болған. Сол себепті аң мен малдың ыңғайына қарай маусымдық жайылым, жылдың мезгіліне қарай көшіп отыру көшпенді мал шаруашылығы қалыптасты…


 Нұрлан НАУРЫЗӘЛІ

 

 

 

Пікірлер