Дәстүрлі өнер қағажу көрмесін десек…

2337
Adyrna.kz Telegram

Биыл Алматы қаласының мыңжылдығы тойланбақ. Тарихы терең қаланың руханияттың орталығы болуға толық құқығы бар. Бүгінде Алматы қаласы еліміздің озық үлгідегі мәдениет пен білім орталығына айналуды мақсат тұтып отыр. Жөн-ақ. Расында, халқының саны басым қалада еліміздің ең беделді оқу орындары  шоғырланған, түрлі мәдени ошақтар да жетерлік. Бірақ, мұнда қазақ халқының терең тарихы мен қазыналы мәдениетін көрсете алатын орталықтар әлі күнге «өз тынысын» аша алмай келеді… 

«Қазақстандағы өзге ұлттардың мәдени орталықтарына тегін кеңсе, қызмет істеуіне қаражат төлеп, шараларына тегін концерттік зал беріледі. Бір ғана Алматының өзінде өзге ұлт өкілдерінің мәдени орталықтары орналасқан бірнеше ғимараттар бар. Ондай жеңілдіктерге қол жеткізген қазақ мәдениетін, ұлт­тық құндылықтарын насихаттауға арналған бірде-бір ұйым жоқ. Мысалы, қазақ мәдениетін, тарихын насихаттап жүрген «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорының тұрақты кеңсесі, жұмысшыларына төлейтін тұрақты жалақысы болған емес. Әкім болып Бауыр­жан Байбек келгенге дейін ұсынылған ұлттық жобаларға тек жалтарма жауап хаттар ғана келіп отырды» дейді «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорының көркемдік жетекшісі Жоламан Құжиманов. «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жаяу Мұса,Үкілі Ыбырай тәрізді тұлғаларға арнап концерттер ұйымдастырған болатын. Азаттық жолында қуғын-сүргін көрген шығармашылық тұлғаларға арнап «Азат рухтың алдаспандары» атты лекция-концерт өткізген еді. Демеушілік жоқ болған соң бүгінде жұмыс саябырсып қалды. Алдыңғы жылы әрі балуан, әрі сері Балуан Шолақтың 150 жылдығы Алматы қаласында аталып өтпеді, ал былтыр дәулескер күйші Тәттімбеттің 200 жылдығы еліміздің Астана мен Алматыдай орталықтарында ескерусіз қалды. Ұлттық өнерге, оның ұлы тұлғаларына деген насихат жоқтың қасы екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
1990-шы жылдардан бастап ақпарат кеңістігі ашылды. Пайдалысы бар, зияны бар, жан-жақтан ақпараттық тасқын елімізге лап қойды. Кеңес өкіметі ұлттық иммунитетімізді әлсіретіп тастағандықтан, әлгі ақпараттарды талғамай «жұттық». Кез келген діни ағымдардың, жат идеологиялық топтың артында үлкен қаржылық күштер тұр. Біз сондай теріс ағымдардан мүлде қорғалмаған болып шықтық. Оған қарсы күресу – қару алып, соғысу емес, ұлттық құндылықтарымызды байытып, өз қорғаныштық қабілетімізді арттыру. Шеттен келген ағымдар ең әуелі салт-дәстүрімізді жоққа шығаруға тырысады. Неге? Салт-дәстүр біздің ұлт ретіндегі ерекшелігіміз. Одан айыру арқылы өз тамырымыздан үзілеміз, ұлттық келбетімізден айрыламыз.
Ресей патшасы 1856 жылы арнайы жарлық шығарып, қазақ жерінде медреселер ашып, дүмше молдаларын жіберді. Мақсаты – жат елдің идеясымен қаруланған молдалар арқылы ұлттың рухани іргесін ыдырату. Бұл туралы әйгілі ғұлама Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы «Қазақтың санасы ақ парақтай аппақ балаларын милары нашаға кепкен, қарындары палауға тойған сарт сауан дүмше молдалары келіп былғап жатыр» дейді. Сол айтқандай, ауылдан періште көңілмен арман қуып, тап-таза жүректері жақсылық пен ізгілікке құштар болып тұрған жастарға әртүрлі ағымдар өз идеологияларын жүргізе бастайды. Өкініштісі, Құрбан айт, Мәуліт, Ораза мерекелерінде жатақханаларда аста-төк дастарқан жайып, уағыздарын айтып, жақсылыққа жаны құштар жастардың санасын улап жатқанын оқу орнының басшылары да аңдай бермейді. Бұлардан өзге әртүрлі секталардың тарататын кітапша, деректі фильмдерін, ақпараттық парақшаларын айтпай-ақ қоялық. Ауылдан келген жас еркіндік деген осы екен деп түнгі клуб аралап, жеңіл жүріске түсуі мүмкін немесе одан бас тартып діни ағымдардың жетегіне еріп кетуі ықтимал. Ал ұлтын сүйер патриот болып қалыптасатындары некен-саяқ. Өйткені, ондай орта жоқ. Рухани тәрбиемен айналыса алатын тұлғалар жеке басының проблемаларымен басы қатып жүр. Тарихшыларға, этнографтарға, дәстүрлі әншілер мен күйшілерге, өнертанушыларға, кәсіби педагогтарға жалақы төлеп, ұлттық тәрбие мәселесімен айналысуға мүмкіндік беру керек. Жоғары оқу орындарында тарихшылармен, этнографтармен кездесулер өтіп, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар, тарихымыз туралы әңгімелер қозғалғаны қажет. Бұл ескерусіз жүрген салмақты тұлғаларды жастарға таныстыру тұрғысынан да пайдалы. Ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған орталықтар әрбір балабақшада, әрбір мектепте, әрбір жоғары оқу орнында ашылмайынша, жастардың діни ағымдар мен азғындық жолға түсуіне ешқандай тосқауыл болмасы анық. Одан бұрын әлгі орталықтарды әдістемелік құрал-жабдықтармен, қажетті материалдармен қамтамасыз етіп, жұмыс бағдарламасының бағыт-бағдарын айқындау – кезек күттірмейтін мәселе.
Өткен жылдың аяғында Алматы қала­сының әкімі Бауыржан Байбек жоғары деңгейде «Ұлы дала жыршылары» атты халықаралық конференция және фестиваль өткізді. Мұндай игі бастама бәрімізді де қуантады. Дегенмен, әкім назарына жыл сайын оқу ордасын бітірген қаншама жастар өмірден өз орындарын таба алмай қара жұмысқа жегілетіндігін жеткізгіміз келеді. Жан бағу үшін құрылысқа, қарауылдық және т.б. ауыр жұмыстарға баруға мәжбүр болады. Тек домбыра ғана емес, қобыз, жетіген, сыбызғы, дәстүрлі ән мамандықтары бойынша оқу бітірген кәсіби мамандардың барар жері, басар тауы жоқ. Телеарналардан тек эстрадалық жеңіл дүниелер берілетіндіктен, ол жақта да оларға есік тарс жабылған. Насихаты да жоқ. Осы күндері Алматы қаласында өзге ұлттық аспаптарды айтпағанда, тек домбыраның өзінен үйірмелер сирек кездеседі. Ұлттық музыкадан ашылған үйірмелер бір жағынан балаларға рухани нәр берсе, екіншіден, ұлттық өнер өкілдерін жұмыспен қамтуға көмектесер еді. Сол себепті, әрбір мектепте ұлттық музыка үйірмелері болуын әкімдік талап етсе дейміз.
Ұлттық тәрбиенің маңызы өте зор. Ол – баланың әр жастағы деңгейіне байланыс­ты қолданылады. Бесік жырын тыңдап ұйықтайтын баланың жүйкесі тыныш болады. Ертегі арқылы сәбидің өз-өзіне, болашағына сенім артады. Өйткені, ертегі қаһарманы тәрізді түбі зұлымдықты жеңіп, жақсылықтың салтанат орнайтындығына сенеді. Қаһармандық жырлармен жас өрен ұлтын сүюге тәрбиеленеді. Бүгінгі бала – ертеңгі азамат, тіпті ата-ана. Қазір елімізде тастанды балалардың көбеюі, суицид ауруларының артуы және тағы басқа ұлттық кеселдер – ата-бабалардан келе жатқан сара жолымыздан айнуымыздан екенін айту керек. Бізге жаңа ешнәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Бізге ғасырлар бойы әбден тәжірибеден өткен бабалардың сара жолын жаңа заман технологияларының жетістіктерін пайдалана отырып жас ұрпақтың санасына сіңіре білу ғана керек. Осындайда тағы да ұлы Мұхтар Әуезовтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі ойға оралады.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы, кинодраматург:

– Қазір жер-көк эстрада әншілерінің даңғаза шуына толып кетті. Егер таза эстрада болса арман жоқ қой, қазіргі эстрада әншілерінің барлығы тек қана фонограммамен «өнер көрсетеді». Осының салдарынан жастарымыздың ұлттық құндылықтарымызды өгейсу үрдісі күннен-күнге асқынып келеді. Еліміздегі басқа қалалардай Алматы шаһарында да өнер проблемасы шаш етектен. Енді бұл мәселелерді біртіндеп шешпей, қол қусырып қарап отырар болсақ, мемлекет мүддесіне, ел келешегіне айтарлықтай қауіп төндірмек.
Осы тұрғыда бірнеше ұсынысым бар. Біріншіден, жақында ғана 80 жылдық тарихы бар «Қазақконцерт» бірлестігі жабылды. Әрине, ұлт мәдениеті мен руханияты үшін айтарлықтай ауыр соққы. Осы орайда, даңқты өнер ордасының ғимаратын талан-таражға түсіп кетуден сақтап, оны Қазақ ұлттық өнерінің ордасына айналдырса екен. Сахнасында халық өнерпаздарының шығармашылық кеші тұрақты өтіп тұратын болуы тиіс. 
Екіншіден, Алматы еліміздегі ең ірі мегополис. Егер, Бауыржан Байбек мырза өз тарапынан заңдық-құқықтық негізде фонограммаға тосқауыл қоятын болса, Алматыдан бастау алған бұл іске басқа қалалар да үн қосар еді. 
Үшіншіден, өнерсүйер қауымды қынжылтатын тағы бір келеңсіздік, ол
– Алматыда ұлттық классикалық музыкаға арналған музыка байқауларының, фестивальдердің жоқтығы. Қала әкімі Алматыда, Алатау баурайында ұлтық музыка фестивальдері мен конкурстар, концерттер, т.б. мәдени шаралар ұйымдастырып, ұлттық өнерді қайта түлетуге серпін берсе, өзінің қажыр-қайратын, білімі мен білігін қоса жұмсап, қазақ мәдениетінің өрлеуіне үлес қосса мемлекеттік идеология үшін баға жетпес еңбек болар еді.


Арман ӘУБӘКІР, 
«Адырна» ұлттық-этнографиялық 
бірлестігі» қоғамдық қорының төрағасы, "Ана тілі".

 

 

Пікірлер