«Тұмар тәжіcі» көрмесі ашылды

3565
Adyrna.kz Telegram

ҚР Ұлттық музейінде Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Франц Бирбаум және Карл Фаберже ордендерінің (2-дәрежелі гауһар) иегері, «ZergerIlyas» брендінің негізін қалаушы Ілияс Сүлейменовтың «Тұмар тәжіcі» көрмесі ашылды, деп хабарлайды музейдің ақпараттық-имидждік қызметі.

Пресс-конференциямен басталған жиында сөз алған Заманауи өнер орталығының жетекшісі Роза Әбенова әлемге әйгілі шебер-зергер Ілияс Сүлейменовтың жұмыстары туралы айта келе, олардың ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Жәкен Таймағамбетов, т.ғ.д., археолог Виктор Зайберт, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., Шайзада Тоқтабаева көрмеге қойылған бұйымдарға жоғары баға беріп, пікірлерін білдірді.

- Ілияс Сүлейменов қазақтың талантты зергерлерінің бірі. Оның әшекей бұйымдарының қай-қайсын алсаңыз да, қазақтың тарихымен, ұлттық болмысымен байланысып жатыр. Бүгін таныстырылып отырған екі бұйымның да құндылығы өте жоғары. Ұлттық мәдениетіміздің дамуына қосылған қомақты үлес деп есептейтін, - деді Ж.Таймағамбетов.

- Тарихқа сүйеніп отырып мұндай бұйымдарды жасай білу әркімнің қолынан келе бермейді. Ол өз кезегінде терең білімді, көп жылдық тәжірибені қажет етеді. «Тұмар тәжісін» мұқият бақылап қараған адам, көне тарихты көрген болар еді. Оның басты құндылығы осында жатыр деп ойлаймын, - деді В.Зайберт.

Зергер Ілияс Сүлейменов Ұлттық музейдің төл туындыларына жасаған қамқорлығына алғыс білдіре келе, көрмеге жиналған қонақтарға еңбектерін таныстырды.

- Бұл жай ғана тәж емес. Кешегі көне түркі халықтарының ұлы патшайымы Тұмардың батырлық бейнесіне негізделіп жасалған дүние. Осы уақытқа дейін менің жұмыстарым әлемнің көптеген елдерінде таныстырылды. Алайда өз Отаным бәрінен артық. Көп жылғы зерттеулердің нәтижесінде дайын болған екі жұмысыма да Алтын залының төрінен орын берілгеніне қуаныштымын. Ұлттық музей тарапынан көрсетілген осыншама құрметке дән ризамын, - деді І. Сүлейменов.

Көздің жауын алатын екі құнды бұйымды да Ұлттық музейдің Алтын залынан көріп, тамашалауға болады. 

 

Пікірлер