Ұлттық аспаптарды ұлықтаған жас өнерпаздар

3230
Adyrna.kz Telegram

«Арнау» этнографиялық-фольклорлық ансамблінің Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары  оркестрінің қатысумен еліміздің 25 жылдығына арналған «Қазақ елі» атты шығармашылық кеші өтті.

Нұргүл Амантайқызы жетекшілік ететін «Арнау» этнографиялық-фольклорлық ансамблі бұған дейін шет елдерде және елімізде бірнеше байқауларда үздіктер қатарынан көрінген. Атап айтқанда, олар «Астана-Мерей» халықаралық байқауында, «Асыл мұра» қалалық және «Ғұмырдария» республикалық байқауларында, А.Затаевич атындағы II Республикалық жас музыканттар байқауында бас жүлде, Болгарияда  өткен VI халықаралық «Күн астындағы бибішілік» конкурсында бірінші орын, халықаралық «Бозторғай» байқауында бірінші орын, Н.Тілендиев атындағы Республикалық байқауда бірінші орын иеленген.  Өнерпаздар адырна,  жетіген, сазсырнай, шаңқобыз, қобыз, домбыра, үш шекті домбыра, шіңкілдек, дауылпаз сынды қазақтың байырғы ұлттық аспаптарын жетік меңгерген. Осындай аспаптарды үйлестіріп фоннограммасыз концерт қою үлкен еңбекті және шебер орындаушылықты қажет етеді. Мектеп жасындағы балалардың осындай үлкен концерттік бағдарламаға дайын болғанына таңданысын жасырмаған көрермендер, зал ішін құлақ тұндырар шапалақпен көмкерді.  Екі сағаттан аса уақытқа созылған концертте күй де тартылды, ән де айтылды, би де биленді. Ұзын-саны жиырма екі шығарма орындалды.

Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің жас өрендермен бірге өнер көрсеткені де талғамы жоғары көрерменді ерекше сезімге бөледі. Бұл оқиғаға концерт соңында құттықтау сөз сөйлеп, бағасын берген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Жарқын Шәкәрім сөзін былай түйіндеді.  «Қазақтың баға жетпес алтын мұрасы Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестірінің  жас өнерпаздарды қанатының астына алып, бірлесіп өнер көрсетуі, қазақ мәдениетінде бұрын-соңды болмаған. Бұл үлкен жетістік! Ал, мұндай демеу өскелең жастарға жігер  береді» деп атап өтті. Сондай-ақ осы концертті ұйымдастырған «Арнау» этнографиялық-фольклорлық ансамблінің  жетекшісі Нұргүл  Амантайқызына, Р.Глиэр атындағы балалар музыка мектебінің директоры Алма Шахзадақызына алғыс айтты. Алдағы уақытта да жемісті еңбек етуге тілекші екенін білдірді. Концерт аяқталған тұста көрермендер орындарынан тұрғысы келмей, тағы бір күй орындап беруін  сұрады. Көрермен көңілін жықпаған өнер ұжымы «Сарыарқа» күйін қайтадан әуелетті.

Концерттен соң Нұргүл Амантайқызымен аз-кем тілдескен едік. «Бұл концертті ел тәуелсіздігінің жиырма бес жылына тарту еттік. Шәкірттерімнің тек байқауларға ғана қатысып қоймай, деңгейлерінің өсіп келе жатқандығын сезінсін деп Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестірімен бірлесе отырып осы кешті ұйымдастырдық. Осы күнге шейін біршама жетістіктерге жеттік. Бірақ мұнымен тоқталып қалуға болмайды. Әлі де шеберлігімізді шыңдай түсеміз. Келген көрерменге мың алғыс, шәкірттерімнің өнерге деген құлшынысын еселеп арттырды» - деп сөзін аяқтады.

Ұлттық аспаптарды ұлықтап, дәстүрлі ән өнерін өрге сүйреп, аспапта күй орындауды жоғары деңгейге көтеріп, ұлы өнерді ұлықтауға үлес қосып жүрген «Арнау» этнографиялық-фольклорлық ансамблі  ұрпаққа үлгі болмақ.


                                                              Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ

 

Пікірлер