Абылай хан монументіне халықаралық конкурс жарияланады

2928
Adyrna.kz Telegram

Бұл туралы Абылай ханға монумент орнату идеясының авторы, Қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Арман Шораев мәлімдеді. Бұл туралы baq.kz хабарлады.

Арман Шораевтың айтуынша, ертеңнен бастап монументтің эскизіне халықаралық конкурс жарияланады.

Менің бір арманым – осы монумент "жасыл технологиялардың" көмегімен өз-өзін жылумен, электр энергиясымен қамтамасыз ететін болса. Бағасына келсек, мысалы, Моңғолиядағы Шыңғыс хан мүсініне 5 млн доллар жұмсалды. Ол ақша 10 жылдың ішінде өз-өзін ақтап шықты. Бұл жай ғана ақша соратын жоба емес. Мемлекеттен тек жер телімі мен жол болса деген көмек сұрап отырмыз. Монументтің болжалды орны тасжолдан бір шақырымда тұр. Ал шығынды "краудфандинг" арқылы, баяғы қазақтың асар дәстүрі бойынша жинаймыз. Оның сыртында атымтай кәсіпкерлер мен бизнесмендер бар. Бұл жағынан қазақ күресін өткізудегі тәжірибеміз бар, – дейді Арман Шораев.

Оның айтуына қарағанда конкурстың бірінші кезеңі 1 наурыздан бастап 15 сәуірге дейін өтеді.

Бірінші қорытынды бойынша комиссияның көңілінен шыққан 5 жобаны іріктеп алып, авторларына тиісті қаржы бөліп, макет жасатамыз. Мамырдың жетісінде, Батырлар күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Әскери-тарихи музейде конкурс қорытындыланады, – дейді идея авторы.

Ол Абылай ханның болмысын ашып бере алатын және монументке әр беретін үздік эскиізді анықтайтын комиссия құрамында кімдер бар екенін атады.

Комиссияға Мәулен Әшімбаев, Абылай ханның тікелей ұрпағы Шота Уәлиханов, Мұрат Әуезов, Тұрсын Жұртбай, Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбай,  Берік Әбдіғали, Досқан Жолжақсынов, көкшетаулық ақын Төлеген Қажыбаев,  мүсінші Мұрат Мансұров, тарихшы Зиябек Қабылдинов кірді. Осындай намысын нанға сатпайтын азаматтар обьективті түрде іріктейді, – деді ол.

Пікірлер