Зиябек Қабылдинов: Қазақ хандығы – Алтын Орданың тікелей мұрагері

9061
Adyrna.kz Telegram

Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойына орай «Адырна» ұлттық порталы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлынан сұхбат алды. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Аға, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығын тойлауға жарлық шығарды. Алтын Орданың 750 жылдығын біз не себептен тойлаймыз, оның қандай тарихи маңызы бар?

- Сұрағыңыз өте орынды. Алтын Орда мен біздің бүгінгі мемлекеттігіміздің арасында тікелей байланыс бар деп айтуға болады. Алтын Орда біздің тарихымызда ойып тұрып орын алады. Соны айтқым келеді. Біздің қазақ халқының тарихына тура, тікелей байланысы бар. Біріншіден, Қазақ хандығы аспаннан түскен жоқ. Қазақ хандығын жайдан-жай, сырттан келген біреулер бізге құрып берген жоқ. Қазақ хандығы – Алтын Орданың тікелей мұрагері. 600 жылдай Қазақ хандығын Жошы ханның ұрпақтары биледі.  Оны біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Екінші, Алтын Орданың жартысынан көбі, территория жағынан, Қазақ хандығын құрайды. Соны ешқашан ұмытпауымыз керек. Үшіншіден, Алтын Орданы құрған Жошының ұрпақтары Қазақстанда бүгінге дейін өмір сүріп жатыр. Кейбір деректер бойынша олардың саны 25-30 мың деп айтады, шежіре бойынша. Қазір Монғолияға барсаңыз, Шыңғыс ханның ұрпақтарын таба алмайсыз деп ойлаймын. Көптеген елдерде Қырымда, Татарстан, Астрахань жақта бірен-сараны ғана кездеседі. Көбінесе Қазақстанда олар сақталып қалған. Алтын Орда ыдырағаннан кейін мемлекеттермен салыстырсақ, олардың ұрпақтары бізде көп сақталып қалған. Оның себебі, түсініктемесі бар. Біздің бабаларымыз мал шаруашылығымен айналысып, көшіп-қонып жүріп аман қалған. Әр жағдайда әр саяси жағдайды айтады. Тіпті, Кеңес үкіметінің кезінде өздерінің шығу тектерін жасырып, Патша үкіметінің кезінде бірін-бірімен қырқыс-тартыс болған кезде олар бір регионнан екінші регионға көшіп кетіп жүрді де, аман қалып отырды. Ал Шыңғыс хан ұрпағы, мысалы Өзбекстан жақта, Татарстан, Қырымды алайық. Олар көбінесе отырықшы халық болып, бірін-бірі қырды. Қазақ төрелері, Жошы ұрпақтары осындай қақтығыс, жанжал, бірін-бірі түсінбеушілік жағдай болғанда олар көшіп кеткен. ХV ғасырдың орта кезінде, Қазақ хандығы құрылғанда Керей мен Жәнібек Әбілқайырмен бір ауыз сөзге келмей қалып, көшіп кеткен себептен, солай бірін-бірімен қырқыспай, бірін-бірі жоймай, аман қалған. Мына жақ та, ана жақ та аман қалды. Келесі мәселе, Алтын Орданың бір орталығы, әкімшілік, мәдени, діни орталығы Сарайшық халқы болған. Сол Сарайшық қазір біздің Атырау облысында. Оны біз ұмытпауымыз керек. Әрине, басқасының бәрі қазіргі көрші Ресей Федерациясының жерінде болғанымен, бір орталығы Қазақстанда, Атырау облысында, Сарайшық қаласында. Қазір сол жерде үлкен мемориалдық комплекс жұмыс жасайды. Одан кейін Алтын Орданы құруға себепкер болған бір азамат Шыңғыс ханның баласы Жошы Қазақстан территориясында жерленген. Ойлаймын, ол Қазақстанның мақтанатындай жағдайы. Ертеңгі күні туристік кластерді жалғастыратындай жағдай деп ойлаймын. Сондықтан, неге біз Алтын Орданың 750 жылдығын тойлап жатырмыз дегенде осыны ескеру керек. Соңғы фрагмент, Шыңғыс ханның ұрпақтары, Жошы ханның ұрпақтары Қазақ жерінде ең көп уақыт, мерзім билеген. Мысалы, ресми түрде Ресей империясы 1824 жылы хандық билікті жойып жіберсе, ал Бөкей Ордасында, Еділ мен Жайықтың арасында 1845 жылы Жәңгір Бөкейұлы дүниеден өткенде мемлекет өз қызметін тоқтатады. Ал хан Кенесары 1841 жылы қазақ халқын қалпына келтіруге тырысып, жағдай жасап, хандығын 1847-ге дейін сақтап келеді. Сондықтан басқа Астрахань, Сібір, Қазан, Қырым халықтарымен бәрімен салыстырғанда, Алтын Орданың жұрнақтары ғой, ең көп сақталған Жошылардың ұрпақтарының мемлекеті Қазақстанда. Осының бәрін ескеру қажет, біліп, айтып отыру керек. Өкінішке орай, Кеңес үкіметінің кезінде төрелерді зерттеуге рұқсат бермеді. Алтын Ордамен тура байланысымыз бар екенін айта алмады. Ал енді тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы жақындап қалды, біз тәуелсіз ел тәуелсіз тарихымызды жазуымыз керек. Сондықтан, бізді Білім және ғылым министрлігі бәрі қолдап жатыр, болашақта қазақтың 7 томды тарихын жазуға кірісеміз. Әрине, оған 3 жыл да, 6 жыл да аздық етеді. Мүмкін, 10 жыл уақыт керек шығар. Дегенмен, Қазақстанның тарихы жаңа тұрпатта, эвроцентризм, тұжырымдардан, концепциялардан бас тарту керек. Біздің тарих қалай болды, солай жазу керекпіз. Оның ішінде Алтын Ордаға кем дегенде бір том арнау керек. Қазақ хандығына бір том арнау керек деп ойлаймын. Айтайын дегенім, Қазақ хандығы мен Алтын Орданың тікелей байланысы бар. Алтын Орда ыдыраған кезде Астрахань, Қазақ, Қырым хандықтары пайда болды. Сол кезде Қазақ хандығы да қалыптасты. Ана мемлекетте де, мына мемлекетте де төрелер биледі. Сондықтан, біздің өзіміздің тарихымызда Алтын Орданы да алдыға тартамыз. Ал енді жалпы мемлекеттігімізді алсақ, әрине, тәуелсіз территориясында мемлекет құрғанына кем дегенде 2500 жылдай болды. Оны да біз мақтан етуіміз керек, оны айтып отыруымыз керек, оны насихаттап отыруымыз керек, оны жазып отыруымыз керек, оны зерттеп, зерделеп отыруымыз керек. Бізде, біздің институтта 50 жылдай қызмет істеген Оразақ Смағұлов деген академигіміз бар. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі. Сол кісі ашық, анық айтады. Соңғы 4 мың жылда қазақ халқының ата-бабалары жергілікті жерді мекендеді, кем дегенде 80 пайызы осы территорияның тумалары саналады. Бізде мемлекет құруға ешқайдан, басқа жерден көшіп келіп, аспаннан ба, басқа планетадан, құрлықтан ешкім келген жоқ. Осы жердегі халық 2500 жылдай сақ дәуірінің кезінде мемлекеттің түрлерін құрып, бүгінге дейін соны алып келді. Біз бүкіл  орта ғасырлық түріктердің, сақтардың, ғұндардың ұрпағымыз деп ашық айта аламыз. Ал Алтын Орда кезеңі ол қазақтың үлкен, ұзақ мерзімді мемлекеттік дәстүрінің бір ғана бөлігі. Оны біздің тойлауымыз да орынды деп ойлаймын. Алтын Орданың қалыптасуына Талас өңірінде болған құрылтай өзінің ерекше әсерін тигізді. 750 жыл бұрын болған құрылтай, Таласта өткен, Қазақстан территориясының шетінде, Қырғыстанмен шекаралас жерінде болған. Соның бәрін ескерсек, Алтын Орданың бас мұрагері бізбіз, Алтын Ордадан біз шықтық. Алтын Орданы құрметтеп, қастерлеуіміз керек. Алтын Орданы зерттеу керек, тұрақты түрде конференция өткізіп, ғылыми журналдар ашу керек. Алтын Орданы зерттеген мамандар бізде жоқтың қасы. Ең көп болса, 4-5-ақ адам, олардың саны 50-100-ге жету керек. Алтын Орданы жақсы зерттеп жатқан – біздің татар ағайындар. Оларда Алтын Ордаға байланысты бірқатар журналдар да шығарып, зерттеуге мамандары да ат салысып жатыр. Сондықтан, олардан үлгі алып, олармен бірлесіп, таласпай, олар да Алтын Орданың бір жұрнағы, біз де Алтын Орданың ұрпақтарымыз. Соны ұмытпай бірлесіп, татарлармен, башқұрлармен, қырым татарларымен, астрахандықтармен бірлесіп, осы Алтын Орданы зерттеп, зерделеуіміз керек.

 

 

- Шыңғыс хан және оның ұрпақтары қазақ халқын қалыптастырып, ру-тайпалардың басын біріктірген. Қазақ халқының негізін құраған іргетасымыз төрелер деп айтса бола ма? Төреден шыққан Абылай, Кенесары, Әлихан Бөкейхан біздің қазақты қалыптастырған тұлғалар деп санай аламыз ба?

- Әрине, біз олай айта аламыз. Себебі, тағы да қайталап өтейін, 600 жыл бойы, жобалап 1224 жылы алсақ, 1824 жылға дейін, Кіші жүзде хандық билік жойылды ғой, оған дейін дәлме-дәл 600 жыл өтеді. Сол 600 жылда Қазақ хандығын билеген бірде-бір қарапайым қазақтан ешкім шыққан жоқ. Барлығы Шыңғыс ханның, бәрі Жошының ұрпақтары. Сондықтан, мен ойлаймын, төрелер қазақтың ру-тайпаларын, жүздерін біріктіріп, мемлекет құрудың тетіктерін жақсы білді. Төрелерден билік сайлаған кезде қырқысу деген азайды. Себебі, олар әділ басқаруға тырысты. Бәрі емес, бірақ біразы әділ басқаруға тырысты. Сондықтан да, билікте ана жүздің, мына рудың өкілі неге хан болмайды деген алауыздық болған жоқ. Өздерінің араларында әрине, төрелердің арасында, Шыңғыс хан, Жошы хан ұрпақтарының арасында талас-тартыс болып тұрды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, бір әдемі мемлекетті қалай құру керек, қалай жасау керек, сондай бір дәстүрді Шыңғыс хан ұрпағы, төрелер қалыптастырды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Мен ойлаймын, солардың арқасында, біз мемлекет болып, соның арқасында әлемде территория жағынан 9-шы орын алып отырмыз.

 

 

 Жасұлан Наурызәлі,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер