Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама

6292
Adyrna.kz Telegram

Жоңғар хандығының  әміршісі Цеван Рабдан цин-қытай армиясына қарсы тұру шараларын жасаумен қатар қазақ еліне жаңа шапқыншылық жасау жоспарын да ойластырып отырған шақтағы, яғни қайғы-қасіреті ұшан-теңіз әйгілі апат қарсаңындағы қазақ елінің басқарылу құрылымын шола кетейік.

Кейінгі жылдарғы беделді зерттеушілердің ғылыми айналымға қосқан соны мәліметтеріне қарағанда, Ұлы жүзді 1720 жылдан бастап Абдолла ханның ұлы Жолбарыс хан басқарып тұрған. Оның ордасы, әкесінің мұрагері ретінде, Ташкентте болды. Жазғы көшпелі ордасы Шыршық, Арыс өзендері аңғарларында көшіп-қонатын жайылымдарында, сондай-ақ Ташкент пен Түркістанның арасында тігіліп жүрген. Тәуке хан 1715 жылы дүние салып, Қайып хан аға хан мәртебесіне көтерілгеннен кейін, шамамен «Ақтабан шұбырынды...» басталған жылға дейін, Орта жүз аумағында Тәукеұлы Болат хан,  одан оның інісі Сәмеке хан билік жасады (көптен қалыптасқан ұғым бойынша Болат хан Аңырақай шайқасы кезінде, яғни 1729–1730 жылдардың бірінде өмірден өтті, Тәуке ханнан кейінгі ұлы хан сол болған делінеді. Алайда ғалымдардың қилы дереккөздерді зерттей келіп қорытқан бұлтартпас тұжырымдарына қарағанда, Болат хан жоңғарлардың 1723 жылғы шабуылы шағында, яки содан көп ұзамай дүние салған. Әрі Тәуке ханнан кейін сайлау өткізілген жоқ. Он шақты жылдан бері Орта жүзде әмірші боп келе жатқан Қайып Әз Тәукені жерлеу рәсімі кезінде аға хан ретінде мойындалған. Тәукенің баласы Болат ұлы хан болған емес, ол әкесінің ордасында тұра берген, бірақ Орта жүзді басқарған. Билікті белгілі бір кезеңде інісі Сәмекемен бөліскен. Болат хан өмірден өткеннен кейін, 1724 жылдан Орта жүз ханы Сәмеке болды). Дегенмен мұндай ахуалға сұлтандардың бәрі бірдей келісе қоймаған да, ішкі ырың-жырың өрши берген. Соның  салдарынан  бақталастары, ақыры, 1718 жылы Қайып ханды өлтіреді. Барлық кіші хандар мен сұлтандар 1719 жылы Түркістанда тағы да бас қосады. Ойласа келе, батырлығымен, қолбасшылығымен көпке танылған, баршасынан хан тағында отырған мерзімі де ұзақ, жасы да үлкен, ел басқарудағы тәжірибесі де мол, 1710 жылдан Кіші жүз бен ішінара Орта жүздің бір бөлігінің ханы болып келе жатқан Әбілқайыр баһадүрге аға хан тізгінін бергенді қош көреді.

Әбілқайыр үлкен ордасын Арал теңізі аймағынан жалпықазақ астанасы Түркістан шаһарына көшіреді, отбасы мен жақындарын (екі әйелі, төрт ұлы мен екі қызы, ересек інілері және өзге де жақын ағайындарын) сонда орнықтырады, хан қазынасына Түркістан мен Ташкент және оларға қарасты қалашықтар мен ауылдардан белгілі дәрежеде табыстар түсіріп тұрады. Бұл кезде қазақ-ойрат шекарасы, ұсақ қақтығыстарды есетемегенде, біршама тыныш болатын. Өйткені жоңғарлар екінші ойрат-цин соғысына килігіп, сол шақта қытай әскерінің шабуылдарынан қорғану мәселесімен  бас қатырып жүрген. Сол себепті Әбілқайыр хан бұл жаққа аса алаңдамай, елдің терістік-батысына назар аударды, себебі ол жақ  мазасыз болатын. Сондықтан ол 1720 жылы  атқа қонып, алдыңғы тарауда айтылғандай, орыс патшалығымен шекарада жорықтарын жалғастырған. Жеңісті шеруімен Қазан губерниясына тереңдеп, таза орыс үйездеріне жетті. Тұтқындар алып, соғыс олжаларын өз еліне қарай асырды. Ал оңтүстік пен шығыс аймақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету Ұлы жүз бен Орта жүз билеушілерінің құзырында қала берді. Алайда оңтүстік пен оңтүстік-шығысқа шоғырланған төре тұқымдарының ел тұтастығының шарты хақындағы түсінігі ала-құла, тиісінше ауызбірлігі кем болды. Олар өзара бақталастықпен жүріп, елдің қорғаныс қабілетін арттыру шараларын ойластыра қоймады.

Тап осы жәйт жоңғар қонтайшысы Цеван Рабданға 1640 жылғы «Дала ережесі» орайындағы ұлы жоспарды орындауға қолайлы көрінетін. Ол ордасына Ресейден Унковский елшілігі келген кезде туыстарының сонау Еділ бойындағы хандығы орналасқан аумаққа дейінгі өз елі іргесінен басталатын алып аралықты құзырына қаратып алу жайын пайымға салып отырған. Қазақ елін бағындыру арқылы көшпенділер империясын жаңғырту, сондай жолмен шығысы мен оңтүстігіндегі цин-қытай, терістігіндегі орыс мемлекеттеріне еркін төтеп беру дәрежесіне жету – ойраттардың өзіне дейінгі басшылары секілді, мұның да көздегені еді. Жауынгерлік қабілеті зор жасақтарына сенгендіктен де, Цеван Рабдан қуатты Қытаймен жаңа әскери қақтығыстарға барып, үнемі соғыс жағдайында болудан тайынбаған. Бірақ әйтеуір ебін тауып, мүлдем жеңіліп қалудан аман жүрген. Сондай жағдайда терістігінен тағы бір қатерлі де күшті орыс сынды көрші бой көрсеткенде, саясатында жағдайға орай амал қолдануға мәжбүр болған еді. 1721 жылғы қыркүйекте І Петрге елші жіберген. Елшісі арқылы жолдаған хатында қонтайшы өз хандығын қаһарлы қытай шабуылынан қорғауды орыс патшасынан өтінген еді. Егер Петр патша Жоңғарияны өз қорғауына әм қамқорлығына алса, ол Қалмақия әміршісі Аюке хан тәрізді  Ресейдің сенімді боданы болып  тұруға уәде беретінін хабарлаған. Ресейліктерге өз хандығы аумағынан алтын, күміс кендерін іздеуіне рұқсат ететінін айтқан. Тиісінше, жоңғар қонтайшысының осы өтінішіне орай мәселені пысықтау үшін, орыс императоры оған арнайы елші жіберетінін білдірген. Міне сол уәдеге сай жасақталған  І Петр  елшілігі Иван Унковскийдің басшылығымен  1722 жылғы 20 қарашада қонтайшы ордасына жетті. Сонда қыстады.

Ұлы Петрдің бұл көшпенділер империясына деген ықыласты мейірі, осынау жауынгер жұртты заманауи озық қару-жарақпен қамтамасыз ету жолы, сөйтіп осынау жаужүрек жоңғарларды протекциясына қабылдау шарты жайында елші лауазымындағы артиллерия капитаны Унковский мен қонтайшы арасында ұзаққа созылған мәмілегерлік және іскерлік әңгімелер басталды. Жоңғар әскерінің соғысу қабілетін арттыруға бағытталған  нақты істер қызу жүріп жатқан шақта,  өзара келісімдер жасап отырған екі тарапқа да көрші және екеуі үшін де қауіпті Қытайдың ұзақ жылдарғы басшысы император Канси (боғдыхан Сюань Е) дүние салды. Ол күллі Қытайды билеген манчжурлық Цин әулетінің төртінші өкілі. Алты жасынан таққа отырып, елді алпыс бір жыл билеген. Қытай тарихында ең көп уақыт император болған. Сол мерзім ішінде  лауазымына орай алған есіміне («Канси» – мағынасы: «Гүлденіп келе жатқан және жылы шұғыла шашқан») сай халқын жақсылыққа бөлеп, сәттілік символына айналған әмірші. Осы император Кансидің кезінде  Қытайдың қуаты өте артқан. Одан қаншама жасқанбай шайқасып жүргенмен, екі арадағы соғыстар түбі Жоңғар хандығына елеулі қатер төндіріп тұрғаны айқындалып келе жатқан. Сондықтан да, жоңғар қонтайшысы орыс патшасына үміт арта қараған. Бірақ Цеван Рабдан орыс қамытына мойнын тығып үлгерген жоқ – Унковскийдің миссиясы келгелі бір ай болғанда, 1722 жылғы  20 желтоқсанда император Канси қайтыс болды. Бұл оқиға қонтайшыға біршама тыншу әкелді.  Өйткені Қытай тағына Кансидің 64 әйелінің бірінен туған 44 жасар ұлы князь Юн отырған.  Ұлы  князь Юн боғдыхан Кансидің аманатына құпия өзгерту енгізу жолымен, билікке заңсыз келген деп саналды. Солай ойлаған көптеген туысқандарымен текетірес жағдайға түскен жаңа император ішкі күресті қайткенде өз пайдасына шешуге тиіс еді. Сондықтан ол ойраттармен созылмалы жағдайда тұрған соғысты тоқтата тұруға мәжбүр болды. Қонтайшы Цеван Рабдан мен император Инь Чжень (Юнчжэн) екеуі бітім жасасып, достық жағдайда қарым-қатынас жасап тұру жайында келісімге келді. Осы жәйт оның Қытайдан қорғану мақсатында жасақтап жатқан әскерінің бағытын қазақ еліне бұруға және Ресеймен құрмақ байланысының мазмұнын алғашқы сипатынан өзгертуге алып келді. Ол Ресей бодандығын Аюке үлгісінде қабылдаудан да, қытаймен шекарасына орыс қамалдарын салдырудан да тайқыды. Әйтсе де, дипломатиялық келіссөздерін амалдап соза түскен  Унковский елшілігімен Жоңғарияда қыстайды, сосын, 1723 жылдың наурызынан қыркүйектің екінші жартысына дейін, қонтайшымен бірге Іле алқабында және Ыстықкөлге шығысынан құятын тау өзендері аңғарында көшіп-қонып жүреді. Ол Ұлы Петрдің тапсырмасын орындауға жанын салды. Қонтайшыны Ресей протекциясына көшуге үгіттеді. Оның иеліктерінде орыс гарнизоны тұратын қамалдар салуға келісімін алуға тырысты. Мұндай қадамның Жоңғарияны Қытайдан сенімді қорғау үшін пайдалы болмағын дәлелдеді. Алайда Цеван Рабдан өзінің қытайлармен және қазақтармен соғысуына қажет әскери қару-жарақты орыс патшасынан алуға келіскенімен, орыс әскерінің қандай да түрмен болсын елі ішіне кіруіне жол беруді ойына да алмайтын. Өйткені сол уақытқа дейінгі Ресеймен татулық оңайшылықпен келмеген еді (орыстардың Ертіс алқабы мен Алтайды мысықтабандап, «ақырын басып отарлауы»  салдарынан жоңғар мемлекеті өз аумағының бестен бірінен айрылған). Сол ахуалға көнгендіктен ғана олармен бейбіт қатар өмір сүру мүмкін болып тұрды. Унковский жүргізген келіссөз кезінде қонтайшы даулы шекара мен алым-салық жайын қозғаған. Әзірге өз соғыс өндірісі зеңбірек құюды жолға қойып үлгермегендіктен,  осынау қаһарлы қаруды орыс патшалығынан алуды мақсат еткен. Цеван Рабданның бұл пиғылына септесе тұра,  Унковский миссиясы негізгі мақсатына қол жеткізе алмады. Ақыры, келген бағытымен кері қайтты. Жоңғар әскерінің қазақ еліне 1723 жылғы ерте көктемде, ақпан айында жасаған жойқын шабуылы және оның күш-қуаты мен жорығының жеңісті нәтижелері жайындағы нақты деректерді Ресейге ала келді... 

Қазақ еліне тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғар әскеріне Цеван Рабданның ұлдары Галдан Церен мен Лаузан Шоно жетекшілік еткен болатын. Жорыққа әскери жабдықтары жақсы, зеңбірек, оқ-дәрілі мылтық сынды қару-жарақтары мол, жауынгер аттары желдей ескен қалың қосындар қатысқан еді. Жеті тұстан сыналай кірген жүз мың жауынгері бар бес қаруы сай армия күрсілдетіп зеңбірек атып, мылтықтан оқ жаудырып, Шу және Талас өзендері аңғарынан бір-ақ шықты. Тасқын селдей тасып ағылған басқыншының атты әскеріне қарсы дәстүрлі қылыш-найзасымен батыл көтерілген қазақ жасақтары тосқауыл бола алмады. Тосын да жойқын соққыдан қатты шығынға ұшырады. Халыққа қорған бола алмай қалды.  Қорқынышты қатыгездікпен астасқан шабуылдан ел есін жинай алмай, беті ауған жаққа үдере көшуге, тіпті үй-жайын, дүние-мүлкін, малдарын тастай қашуға мәжбүр болды. Жоңғарлар тез арада Ташкент, Сайрам, Түркістан, Созақ, Құмкент, Саудакент секілді қазақ шаһарларын, ұзын саны 25 қаланы басып алды. (Аңыздарда басқыншылардың талай руларды тұтасымен қырып жібергені айтылады. Қазақ халқының тағдырындағы осынау аса қасіретті кезең  тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен таңбаланды. Ел аузында сақталған мынандай:  «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Қарындастан айырылған қиын екен, Қара көзден мөлдіреп жас келеді. Мына заман қай заман, қысқан заман, Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман. Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды, Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман. Мына заман қай заман, бағы заман, Баяғыдай бола ма тағы заман. Қарындас пен қара орын қалғаннан соң, Көздің жасын көл қылып ағызамын», – деп келетін  шексіз қайғыға тұнған сөздері бар «Елім-ай» атты реквием-әнмен бедерленді). Басқыншылық соғыс қазақтардың тоз-тозын шығарды. Ел тоналды. Жайылым мен егістік тапталып, босап қалды, қолөнершілер қаналды, сауда тоқырады, мал басы күрт кеміді. Жұрт бас сауғалап босып кетті. Қос ұлы су Әму мен Сыр арасындағы отырықшылар да айтып-жеткізгісіз күйзеліске ұшырады. Аштықтың жайлағаны сондай, шежірелерде сақталған хабарларға қарағанда, адамдар өліктерді жерлемей, жеуге мәжбүр болған.  Байырғы Бұхара, Хиуа, Ферғана, Самарқан босап қалған. Әскерінің соғыс қимылдарын сәтті жүргізіп жатқаны хақында  хабар тиісімен Цеван Рабдан Еділ бойындағы ойрат туысқандарына – Қалмақ хандығына жаушы аттандырады. Өзінің әскери жорығының нәтижесінде қазақтарды біржола жеңіп, алдағы уақытта Жайық пен Еділде Аюке ханмен бірге жайлауға шығудан дәмеленетінінен хабардар етеді...

(Жалғасы бар)


 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының кандидаты

 

Пікірлер