Отан соғысындағы ірі жеңістер

4875
Adyrna.kz Telegram

Жоңғарлар қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды және Сырдарияның орта ағысы өңірін басып алғаннан соң  Ұлытауға қарай бет бұрған. Ордабасы құрылтайы жігерлендірген біріккен қазақ әскерлері Әбілқайыр ханның қолбасшылығымен Түркістан–Ташкент алқабындағы ондаған қазақ қаласын қайтадан жаудан тазартып, елдің орталық аймағына беттеген жоңғар қолына шешуші соққы беруге әзірленді.

Бас қолбасшы Әбілқайыр ханның басшылығымен қазақ батырлары 1726 жылдың соңында және 1727 жылы әскери қимылдарды үйлесімді әрі ұтымды жүргізе отырып, Торғай даласының оңтүстік-шығыс бөлігінде ірі жеңістерге жетті.  Ұлытау маңындағы Бұланты мен Білеуті өзендерінің жағаларында өткен шайқас ел айбынын ерекше асқақтатты. Қазақ жасақтары жоңғарлармен әуелі Қарсақпай қыраттарынан басталатын сол қос өзен құйып жатқан Шұбар-Теңіз көлі маңайында соғысқан. Талқандалған басқыншылар көлден әрмен қашқанда, аталған екі өзен аралығындағы Қарасиыр (оны «шоқы» мағынасын беретін Қарасире деп те атайды) жазығында оларға қатты соққы беріп, тамаша жеңіске жетті. Дұшпан ойсырай ұтылған бұл ұрыс тарихқа Бұланты-Білеуті шайқасы деген атпен енді. Осы ірі жеңіс нәтижесінде қазақ жасақтары жоңғар күшін Ұлытауға жеткізбей тоқтатты. Шайқаста Қанжығалы Бө­генбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсентиін Малайсары, Тарақты Байғозы, Тайлақ, Саңырық, Қабанбай, Дербісалы, Сатай, Есет, Жәнібек, Тілеулі сынды көрнекті қолбасшылар мен көптеген батырлар, барша сарбаздар көзсіз ерлік көрсетті. Жоңғарлар зор шығынға ұшырап, кері қашты.

Бұланты-Білеуті шайқасының тарихтағы маңызы ерекше. Өйткені ата жауды талқандаған осынау ұрыс халықтың еңсесін көтеріп, азаттық үшін, отан үшін  күреске бір жағадан бас, бір жеңнен білек шығарып  көтерілуге жігерлендіре түсті. Қазақ сарбаздары бұдан кейін ахлақи және рухани үстемдікке ие болып, жоңғарлар басып алған жер-суларын бірінен соң бірін азат ете бастады. Бұл 1727 жыл еді. (Сол жеңістен кейін жазықтың орталығындағы майдан кіндігі болған төбе «Қалмақ қырылған» деп аталып кетті. Бұланты алқабындағы бүгінде «Үйтас» деп аталатын, қабырғалары­ның қалыңдығы қос құлаштай, күмбездеп өрілген төбесі құлаған құрылыс осы айтулы жеңіс құрметіне кезінде салынған ескерткіш болған деседі.   Ал тәуелсіздік жылдары бабалар ерлігіне шексіз риза игілікті ұрпақ тарапынан сондағы шоқылардың біріне ескерткіш тақта орнатылды). Осы жылы кенеттен қонтайшы Цеван Рабдан (Сыбан Раптан) дүние салды да, жоңғарлардың қазақ жеріндегі күштеріне арттарынан қосымша көмек келмей қалды. Бұл жағдай белгілі дәрежеде рухы күшейе түскен қазақ жасақтарының жеңісті шеруінің сәтімен жалғаса беруіне қолайлы жағдай туғызған болатын.

Цеван Рабданның өлімі хандық ішінде дүрбелең туғызды. Таққа оның үлкен ұлы Галдан Церен (Қалдан Серен) отырған. Ол әкесінің ойда жоқта дүниеден кетуін өгей шешесі – хан тағына таласуы ықтимал інісі Лаузан Шононың туған анасы Сетержаб пен сол шақта Қалмақ хандығынан келген елшілерден көрді. Қатыгездікпен жазалаулар жүргізді. Сосын хандықтың шығыс шекарасына  назар аударуға мәжбүр болды. Онда Цин-Қытай әміршілері боғдыхан ауысқан (император Канси қайтыс болып, таққа Юнчжен отырған)  кездегі уағдаластықты жиып қойып, елге қайтадан қауіп төндіре бастаған еді. Соған байланысты  Галдан Церен әскерінің негізгі күшін сол жаққа шоғырландыруға кірісті. Содан көп ұзамай қытайлықтармен қарым-қатынас шиеленісті де, жоңғарлар олармен жаңа соғысты бастады. Осындай жағдайда Галдан Церен қазақ жеріндегі жасақтарының біраз бөлігін жоңғар елінің шығысындағы майданға салу үшін кері шақырып алған.  Бұл ахуалды қазақ елінің Қаратау өңірі мен оңтүстігіндегі жер-суды басқыншыдан тазарту күресінде жүрген Әбілқайыр хан мұқият саралаған да, 1730 жылдың көктемінде жауға Аңырақай даласында шешуші соққы берген болатын. Аңырақай шайқасы қазақ халқының 18-ші ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізген Отан соғысының ең елеулі белесі, рухты көтеріп, болашаққа деген сенімді бекіткен жеңісті шыңы ретінде өте орынды түрде мақтан тұтылады. Әйгілі жеңіс ел санасынан ешқашан өшпес үшін Тәуелсіздік азаматтары ұрыс болған деп санайтын Шу-Іле тауларындағы жерлерге – Сұңқар тауының етегіне 1998 жылы және үстіміздегі ғасырдың басында Аңырақай тауының солтүстік беткейіндегі Алмалы кентінің жанына, сондай-ақ, Алматыдан Бішкекке шығатын халықаралық жолдың бойына, даңғылдың Қаскелеңнен он шақты шақырым әрідегі  оңтүстік жағына арнайы ескерткіш тақталар қойған.  

Жұртшылық санасына сіңірілген мәлімет бойынша – шартараптан жиналған сарбаздардан біріккен отыз мыңдық қазақ қолы қырық мыңдық жау әскерімен бір-бір жарым айдай уақыт бойы соғысып жеңіске жеткен. Алайда жеңімпаз қазақ жасақтары жүргізген шайқастар сонымен доғарылған, қазақтар бұл соғысты әрі қарай дамыта алмаған, себебі «шайқас соңында Болат ханжараланып, қайтыс болғаннан кейін» (тағы бір көп таралған қисын бойынша – «дімкәс Болат хан науқасынан дүние салған соң»)  басталған «тақ үшін талас» оған кедергі келтіріпті-міс, көпшілік «Болат ханның баласы жас Әбілмәмбетті қолдаған» да, «бұған наразы болған Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын батысқа,  Орта жүз қолын Сәмеке хан солтүстікке» алып кетіпті-міс.

Ғылыми зерттеулер бұл ұйғарымдардың жаңсақтығын көрсетеді. Біріншіден, өткен тарауларда айтқанымыздай, Болат хан 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» басталған кезеңде өмірден өткен. Аңырақай шайқасынан кейін (1730) хан сайлауын жасауға қажеттілік туған жоқ. Өйткені соғысты жеңісті шыңына жеткізген бас қолбасшы Әбілқайыр баһадүр әрі аға хан да болатын, оның үстіне,  Әбілқайырмен тақ таласына түсіп бәсекелесетіндей дәреже жас жағынан да, бедел жағынан да ешбір кіші ханда болған емес.  Екіншіден, «Әбілқайыр мен Сәмекенің майдан даласын тастап» кетуі мүлдем өзге сипатта және басқа жағдайға байланысты орын алған. Бұл жайында кейінірек сөз етерміз...

Құрамына тарихшы, геолог-геоморфолог, этнограф, археограф, палеоклиматолог, шығыстанушы, палинолог, географ ғалымдар енген зерттеушілер тобы 2005–2007 жылдары Шу-Іле аймағының ортаңғы бөлігіне бірнеше рет экспедицияға шыққан.   Жасаған далалық зерттеулері мен ізденістерінің нәтижелерін бірнеше салалық ғылыми институт қызметкерлері қатысуымен өңдеген. Сөйтіп,  атақты шайқас өткен Аңырақай өңіріне кешенді түрде  жүргізген арнайы зерттеу нәтижелерін сындарлы ғылыми тілмен еңбектерінде баян қылып, кейбір қалыптасқан пікірлерге сын көзбен қарауға мәжбүр ететін қорытындылар жасаған болатын.

Экспедициялар кезінде тарихи оқиға аймағы жер бетінен, сондай-ақ биіктен (ұшақтан) суретке түсірілді, аумақтағы негізгі табиғи және әлеуметтік-экономикалық объектілерді географиялық, геометриялық тұрғыда көрсететін ғылыми сызбалар жасалды. Жер бедері мен су көздерінің қазіргі сырт кескініне ғылыми зерттеулер мен есептеулер жүргізіліп, олардың үш ғасырға жете-ғабыл уақыт ұшыратқан өзгерістерден бұрынғы кейпі елестетілді. Жер мен мекен-жайдың тарихи атаулары, әр кезгі географиялық карталар, өлкені мекендеген тайпалардың тұрмыстық және мәдени ерекшеліктері, олардың тіршілігі мен қызметінің біздің заманымызға жеткен материалдық қалдықтары, бұрынғы Аңырақай ауылы тұрғындарының экспедиция мүшелеріне берген ақпараттары қарастырылды.  Солардың бәрін өлкенің әскери-саяси тарихымен тығыз байланыста зерттей отырып, аймақтың 1730 жылғы табиғаты мен жорымалы бейнесін және тарихи шайқастың бас-аяғы мен өту ретін ғылыми әдіспен қалпына келтіру әрекеті жасалды.

Қысқасы, ғалымдар зерттеуге алынған өңірдің топографиясын, геоморфологиясын, ландшафын, палеоклиматын, археологиясын, тарихи топонимикасын, картографиясы мен этнографиясын, сол тұста орын алған саясат пен жаугершіліктер шежіресін жан-жақты талдап, зерттей келе, алынған деректердің пәнаралық синтезі негізінде, Аңырақай шайқасының нақты болған жерін, дәл уақытын және сондағы оқиғалардың қандай ретпен өткенін,  қазақ әскери жасақтарының Аңырақай тауы ауданында жоңғарларға қарсы ұстанған шабуылдау стратегиясы мен тактикасының өзіндік ерекшеліктерін анықтаған. Іргелес ғылымдар өкілдерін тарта отырып  үйлесімді сипатта жасалған зерттеулер нәтижесінде отан тарихын білуге құмартушылар танымының көкжиегін кеңейте түсетін тың жаңалықтар ашылды, солардың ішіндегі бірегейі  Аңырақай шайқасына қатысты еді.

Фольклорлық дерек көздеріне қарағанда, Отан соғысының шешуші шайқасы болған  тарихи майдан даласы Аңырақай жоталары мен Алакөл жазығы аралығында, яғни,  Аңырақай алқабының солтүстік-шығыс бөлігінде жатыр. Осыны негізге алған зерттеушілер  Аңырақай шайқасының табиғи шекарасы оңтүстік-батыста – су бөлетін сала мен Аңырақай (көне карталарда – Күмісті) жоталарының солтүстік-шығыс шоқыларын, батысында – Қопалы өзені мен Қаракемердің тармақтарын, солтүстік-шығыста – Бескөл алқабын, ал шығыста – Сарыбұлақ өзенінің аңғарын алып жатқан 210 шаршы шақырымдық  аумақ деп тапты. Қазақтардың жоңғар басқыншыларына көрсеткен жалпыхалықтық қарсылығының қорытынды кезеңіндегі басты әскери қимылдар осы ауданда өтті. Әйгілі шайқас даласы айқын үшбұрыш түрін елестететіні анықталған. Үшбұрыштың табанында Аңырақай қырқаларының солтүстік-шығыс баурайы, ал қос қанатында – биік жарқабақты Қопалы және Сарыбұлақ өзендері жатыр. Екі су ортасындағы Бескөл алқабында барлық қорғаныс шаралары ескеріліп салынған мықты бекіністі қамал (қазіргі Қалмақтөбе) бой көтерген.  (Жетісудағы осы Қалмақтөбе кешені ондағы қорғаныс қамалы мен өз әскерінің ұрыс жүргізуін жеңілдетуді, ал дұшпанның әрекетін қиындатуды көздейтін барлық фортификациялық құрылысымен және оған жәрдемін тигізетін нысандарымен бірге тұңғыш рет 2005–2007 жылдары тарихшы Ирина Ерофееваның басшылығымен ашылып, ішінара зерттелді).

«Қалмақтөбе» жоңғардың оңтүстік-шығыс шекарадағы ең ірі қарауыл бекеті еді. Оны 1653–1666 жылдары белгілі ойрат нойоны (Салқам Жәңгірді жекпе-жекте жеңген делінетін) Галдамба  салдырған болатын. Осы бекініс пен үш тараптағы табиғи шекаралар сол аумақты  мекендеуші басқыншыларды қазақтардың ықтимал шабуылынан сенімді түрде қорғап тұрған. Тек солтүстік-шығыс жағы (Қопалы, Қаракемер және Сарыбұлақ алқаптарының ең төмен әрі жазық бөліктері ғана) біршама ашық, яғни сыртқы қарулы жасақтардың сол жерден ғана  кіре алуы ықтимал еді. Бекіністің шығысынан 8–10 шақырымдай  жерден Үлкен Қалмақ  жолы өтетін. Осынау көш және керуен жолы Шу-Іле аймағының оңтүстік бөлігінен Қазақ даласының батыс аймағы мен солтүстік-батысына қарай созылып, Жоңғарияны Еділ-Жайық аралығындағы Қалмақ хандығымен  байланыстырып жататын.   Сондықтан да оның қазақ үшін де, қалмақ  үшін де үлкен әскери-стратегиялық маңызы бар болатын.

Жалпы, Шу мен Талас өзендері алабынан  Шу-Іле таулары ауданына дейінгі  географиялық кеңістікте ойраттардың 19 әскери-қорғаныс бекеті орналасқан, олар 17-ғасырдың екінші жартысынан 18-ғасырдың алғашқы ширегіндегі Жоңғар хандығының шекаралық аймағын  белгілеп, ойрат көштерінің негізгі бөлігін Қазақ хандығының халқы орналасқан аумақтардан қорғап тұрған. (Әбілқайыр хан басқарған азаттық шайқастары нәтижесінде жоңғарлардың алғы шептеріндегі әскери-қорғаныс бекеттері алынып, өңірлер дұшпаннан тазартылған, алғыс сезіміне бөленген қазақ халқы елді азат етуші бас қолбасшыға ризашылық білдіріп, осы өңірлердегі талай жер-су аттарын Әбілқайыр есімімен атап кетті). Қазақ жеріне салынған жоңғар бекіністеріндегі қарулы жасақтарға әскербасы етіп қонтайшы Галдан Церен өзінің күйеу баласы Лацзан Церенді 1728 жылдың ортасында тағайындаған. Біріккен қазақ әскері Отан соғысының Аңырақай майданында сол тәжірибелі жоңғар қолбасшысы басқарған басқыншыларға қарсы шешуші шайқасқа шықты.

Жоғарыда айтқанымыздай, қытай-жоңғар қатынасы қайта шиеленісіп, 1729 жылы Цин империясы  Жоңғар хандығына қарсы жаңа соғыс ашқан. Сондықтан хандықтың әміршісі Галдан Церен қонтайшы 1730 жылдың басында қазақ аймағын мекен еткен халқы ішінен  соғысуға қабілетті ойраттардың көбін асығыс түрде оңтүстік майданға шақыруға мәжбүр болды. Жетісудағы әскери-қорғаныс бекеттерінде саны шағын қарауыл жасақтарын ғана қалдырды. Осыншама қолайлы ахуалды қазақ елінің оңтүстігінде азаттық күресін жүргізіп жүрген Әбілқайыр хан пайдаланып қалуға тырысты. Аялдамастан, әскери күштерін Шу-Талас өзендері аралығынан Оңтүстік-Батыс Балқаш маңы ауданына бағыттады. Сөйтіп, 1730 жылғы сәуірдің басында, жоңғардың қазақ жеріндегі әскери-саяси жүйесінің Бескөл (Қалмақтөбе) форпостына қазақтардың біріккен қолы сол кезгі әскери ілім-білімнің  озық тәсілін қолдана отырып шабуыл жасады.

Қазақ жасақтары Аңырақай үшбұрышына солтүстіктегі басты даңғыл болып табылатын Үлкен қалмақ жолымен емес, қарама-қарсы екі бағыттан (Балқаштың оңтүстік-батыс жағасы мен Шу алқабынан) келді. Шабуылдың негізгі мақсаты  Аңырақайдың солтүстік-шығыс бұрышындағы Қалмақтөбе бекінісіне шоғырланған 5-6 мыңдық жоңғар әскерін қоршап алып, жойып жіберу болатын. Бас қолбасшы Әбілқайыр хан шешуші шабуылда қолданған әдісінде халықтың көпғасырлық дәстүрі бар «дала соғысы» орайындағы әскери ойға, оның «аңды жан-жағынан қаумалап аулау» тәсіліне сүйенген-тін. Жауынгерлік соғыс қимылдарын әйгілі қазақ қолбасылары мен батырлары қатысқан үш атты жасақ жүзеге асырды. Олардың екеуі  Сарыбұлақ пен Қопалыдағы жауға өткел болуы ықтимал жазық тұстарды торыды әрі Қалмақтөбе бекінісін шабуылдады. Шақпақты, білтелі мылтықтармен атқылай отырып,  әуелі дұшпанның қамалын  басып алды, сосын бекіністің маңына топтасқан және оны тастап шыққан ойраттарды тықсыра қуып, тауға қашуға мәжбүр етті. Қашқан жауды Аңырақайдың орталық шатқалдарына бекінген садақшылар қарсы алды...

Бұл 1723 жылғы «Ақтабан шұбырындыға» ұрындырған жойқын шапқыншылықтан бері тынымсыз жүріп келе жатқан, 1726 жылғы Ордабасы құрылтайынан кейін айрықша серпін алған Отан соғысындағы шешуші шайқас болды. Осы аумақта қазақ халқы, қазақтың үш жүзінің сарбаздарынан құралған халық жасағы басқыншы-жоңғарларды біржолата жеңді.  Байырғы күшті де қаһарлы қарсыласын осыған дейін жаулап алған қазақ жерінен қуып шықты. Сөйтіп, азаттық жолындағы қиындығы мол күрделі қаһармандық дастанды іс жүзінде салтанатты жеңіспен аяқтады.


Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының кандидаты

Пікірлер