Бата – қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге өмір сүріп келе жатқан қасиетін, қадірін жоғалтпаған.
Қайта жылдар өткен сайын жасарып, жаңарып, ұрпақ санасында жаңғырып келе жатқан киелі ұғым. Қазақ жаңа тірлік бастағанда, сапарға шығарында, тіпті, ел қорғаған батырлардың өзі жорыққа шығарда сол елдің батагөй қарияларынан тізерлеп отырып бата алған. Батаға, әруаққа толық сенген, қастерлеген, пір тұтқан, ардақтаған халықпыз. Қанша қиындық көрсе де, небір қиын-қыстау жаугершілік қилы-қилы заманды басынан өткізсе де, жер бетінен жойылып кетпеген. Сол батаның күшімен өркен жайған, ұрпақ өсірген, білектің күшімен, найзаның ұшымен, астындағы баға жетпес байлығымен осыншама жерді иемденген батыр халықпыз. Халқымыз «Батамен ер көгереді, жауынмен жер көгереді» деп тегін айтпаған.
Бата – халқымыздың мәдени-рухани мұрасы, ұлттың асылы, игілігі, өмір азығы, өнегесі, қозғаушы күші, ұйытқысы, берекесі, бірлігі, елімізде атқарылып жатқан игі істердің құтты қадамы.
Халқымыздың батаны пір тұтқан, құрметтеген, сенген асыл қасиетін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та жалғастырып келе жатыр. Халқымыз «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген, Президентіміз алғашқы сайлауалды науқаны кезінде еліміздің қырық дуалы ауыз, батагөй қарияларын жинап бата алуы, өз жұмысын бастауы нағыз көрегендік, ата салтын, ғұрпын сақтаудың, құрметтеудің айғағы емес пе?!
Алғашқы Президентті ұлықтау рәсімінен кейін елімізге танымал қой шаруашылығын өркендетудің майталманы, Социалистік Еңбек Ері Жолсейіт Молдасанов:
– Әумин десең міне бата,
Нұреке, дарысын басыңа Қызыр ата.
Қызырың қияласын,
Басыңа бақ-дәулет ұяласын.
Ойға барсаң ойдан алып,
Қырға барсаң қырдан алып.
Қазақ халқының атын әлемге таныт, – деп бата бергені белгілі.
Ақсақалдың сол батасы періштенің құлағына шалынып, міне Қазақстанды басқарып отырған Нұрсұлтан Әбішұлын дүниежүзі танитын болды. Дүниежүзінде абыройы бар, үлкен бітімгершілік қасиеті бар, алып тұлғаға айналды. Экономикамыз қарыштап дамып, халқымыздың әл-ауқаты жақсарып, экономикалық қиыншылыққа ұшыратпай, өсіп-өнген, әл-ауқаты мықты отыз елдің қатарына қосылуға талпынып жатырмыз. «Ұлық болсаң, кішік бол» деп халқынан бата алған Елбасымыз жұмыс сапарымен Алматы облысына келгенде екі рет Жолсейіт Молданасовтың үйіне кіріп сәлем беріп шығыпты. Бұл Елбасымыздың қарапайымдылығының, өзі батасын алған елдің ақсақалына деген құрметі емес пе! Кейін Нұрекеңнің отырған орындығына ел басқарып жүрген азаматтардың өздері келіп, арнайы отырып, көрші-қолаң, ағайын-туыс балаларын әкеліп отырғызып кететін болды, – деп еске алады Жолсейіт Молдасанов ақсақалдың немере інісі Мәли Жапақұлы өз естелігінде.
Міне, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бойындағы батаны, елдің біртуар азаматтарын, елдің асылдарын құрметтейтін қасиетін Қызылорда облысының әкімі, Елбасының сенімді серігі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев жалғастырып келе жатыр. Біздің Сыр елінің ел басқарған азаматтарының дарынды, елге белгілі азаматтары бүкіл қазақтың абыройын қара нардай өрге сүйреген, Дала академигі атанған екі мәрте Социалисттік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атамыздан бата алу дәстүрін жалғастырды. Қырымбек Елеуұлының әкесі Елеу ағамыз да көп жыл ел басқарған, Сырдың текті, абыройлы азаматтарының бірі еді. Қырымбектің жас кезінен-ақ алғырлығын, ақыл-парасатын байқап, ел аралаған кезінде өзімен бірге алып жүріп, Сыр өңірінің белгілі азаматтарына, батагөй қарияларына баласына бата бергізіп, елдің от ауызды, орақ тілді қарияларының әңгімесін тыңдатады екен. Қырымбек жоғарғы оқу орнын бітіріп, қызметті комсомолдан бастаған кезінде арнайы келіп, Ыбырай атасының батасын алған екен. Міне, бүгін атадан бата алған Қырымбек Елеуұлы үш облысты басқарды. Сыр бойына келгелі өзінің ел басқарудағы бай тәжірибелерін, білімін, қабілетін туған елін көркейтуге, дамытуға арнап жатыр. Қызылорда облысы бұрынғы жылдары өзінің экономикалық, әлеуметтік салалардың дамуы бойынша республикада соңғы орында болса, қазіргі таңда көп көрсеткіштер жөнінен алдыңғы үштіктен орын алуда. Соңғы екі жылда Қызылорда облысы адам басына шаққандағы әлеуметтік салаға жұмсалатын шығыстар көлемі бойынша республикада бірінші орында. Әкімнің бастамасымен облыста VII рет Байқоңыр инвестициялық форумы өткізіліп, 333 млрд теңгені құрайтын 31 жоба халықаралық қаржы ұйымдары және «Мемлекеттік жекеменшік әріптестік» негізінде іске асыру жоспарланып отыр. Дүниежүзіндегі дағдарыс кезеңіне байланысты республикада мұнай өндіру күрт төмендеп, оның 2,6 млн тоннасы Қызылорда облысының еншісінде болғандықтан облыс әкімі Сыр өңірінің болашағы металлургия өнімдеріне байланысты болатынын болжады. Сыр өңіріндегі Бала Сауысқандықтағы ваннадий өндіретін «Балауса», полиметалл өндіретін Шалқия кен орындарын дамытуды инвесторлар арқылы қолға алып, келешекте сол кен орындарында жұмыс істейтін мамандар даярлауға Ресейдің Москва және Санкт-Петербург қаласының жоғарғы оқу орындарында грантпен 321 Сыр өңірінің жастары білім алып жатқандығы облыс әкімінің Сыр елінің болашағына деген перзенттік қамқорлығы емес пе?
Бір кездері облыста Ыбырай Жақаевтың орталықта тұрған мүсіні алынып, қаланың бір түкпіріне апарып қойылған болатын. Қырымбек Елеуұлы өзі келісімен Ы.Жақаевтың мүсінін қайтадан орталық алаңға әкеліп орнатып, аруақты қастерлейтін, халықтың тағзым ететін қасиетті орнына айналдырды. Осы жерден «Еңбек аллеясын» ашты. Шарадан кейін атаның аруағына ас беріліп, құран бағышталды. Бұл шара батагөй атаны құрметтеудің, батаны ардақтаудың шынайы көрінісі болды.
Сәбең де бата алған екен
Қазақтың атақты жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің Ы.Жақаев туралы әйгілі «Сырдария» романын жазған кезде бір жылға жуық көктемгі жер айдау, тырмалау, күріш себу, суға бастыру, суда ұстау мен суды тоқтатып, күріштің пісу дәуірінде және орақ науқанын аяқтап, сүдігер жыртуды өз көзімен көріп, барып Алматыға қайтқан екен. Жақаев ауылындағы осы күнгі Қойшыбай Оразымбетов көшесінің аяғындағы көлдің жағасына колхоз арнайы қараша үй тігіп, сонда демалып жатады екен. Бірақ, күнде таңертең таңғы шайды Ыбыраймен бірге ішіп, ол кісінің батасын алады екен, деп оқиғаны көзімен көрген Ыбырайдың батасын таңғы шайда бірге алған бұрынғы Қызылту колхозының механизаторы, қазіргі таңда Байсын ауылының батагөй ақсақалы Ысқақ Мақашев былай еске алады: – Жас кезім, колхозда механизатордың көмекшісімін. Бірде таңертең колхозға келсем, Жамсап деген трактор бригадиріміз бар болатын. Жастарға қарап – колхозға біраз уақыттан бері қазақтың атақты жазушысы Сәбит Мұқанов келіп, Ыбекең туралы кітап жазамын деп елмен, халықпен араласып жатыр. Күнде таңертең шайды Ыбекеңмен бірге ішіп, батасын алады екен. Сендер де жүріп Ыбекеңнің батасын алыңдар, әрі жазушыны көріп қайтасыңдар дегесін 5-6 жігіт Жамсапқа еріп барсақ, екеуі шайды ішіп болуға жақындап қалған екен. Біз нан ауыз тиіп болғасын Сәбит Мұқанов: – Жас жігіттер екен, мен күнде таңертең Ыбекеңе сәлем беріп, батасын аламын, сендер де бірге қол жайыңдар, – деп Ыбекеңнен бата сұрады. Жаймен ғана берді. Аяқ жағында елдің алды болыңдар деген жағын естіп қалдым. Құдайға шүкір жаман болғаным жоқ. Елдің алды болдым деп те айтуыма болады. Жасым 84-ке кетіп бара жатыр. Бала-шағам, бау-шарбағым аман. Атадан бата алғасын ба, батаны көңіліме медет қылып ардақтағасын ба өмірім жаман болған жоқ. Аллаға шүкір деп бала-шағамның қызығын көріп отырған жайымыз бар, – деп сөзін аяқтады. Сол жылы қысқа қарай Ыбекең жолы түсіп Алматыға барса Сәбең үйіне қонаққа шақырыпты. Астан кейін Сәбит Ыбекеңе бөлмелерін аралатып көрсетіпті. Үйдің подвалы бар екен, онда қысқа дайындалған соғымның еті, үйрек, қаз, қырғауыл, қоян бәрінің еті бар екен. Жоғарыға шыққаннан кейін Сәбең Ыбекеңе: – Биыл сәл қоңторғайлаумыз. Келініміз екеуміз айына 3500 сом айлық аламыз, – депті. Сонда Ыбекең жаймен ғана күлімсіреп: – Сәбитжан-ау, сен мен туралы кітап жазам дегесін батаның шұрайлы жерлерін шын көңілмен бергенмін-ау деймін. Тұрмысың жаман емес екен ғой, – депті.
Ақын да бата алған
Биылғы жылы туғанына 125 жылдығын тойлағалы жатқан Ыбырай атамыз 1947 жылы 171 центнерден өнім алып дүниежүзілік рекорд жасаған, сол кездегі күріштің отаны жапондықтар жағасын ұстап, кәрістер қайран қалған екен. Ал, өзіміздің ғалымдар күмәнмен қарап, жоғарғы жақтан тексерулер басталады. Тексерулерден әбден шаршаған Ыбекең: – Басымды қатырып мені неге кеңсеге шақыра бересіңдер. Жер әне, су әне, өнім әне, тексере беріңдер. Ал мен Айманкүлдің дауысын, Нартайдың әнін сағындым, – деп көрші ауылға кетіп қалыпты. Айманкүл – Әбділда Тәжібаевтың анасы. Ол да Ыбекең барған кезде құшағын жайып қарсы алып, өлеңдерін Ыбекеңе дауыстап оқып береді екен. Сол кезде жас Әбділда да Ыбекеңнің батасын алып, ақындықтың шыңына ұмтылыпты. Аманкүл де Ыбырайға жиен екен. Әбділда да Ыбекеңмен түп нағашым деп әзілдесуді жақсы көреді екен.
Туған жерге табаным тисе,
Қара шалды іздеп барамын.
Жас кезімнен батаңды алып,
Өскен ақын балаңмын, – деп жырлауы да сол сыйластықтан туындаса керек. 1971 жылы 6 маусымда 80-ге толып, Социалистік Еңбек Ерінің екінші Алтын жұлдызы берілгенде Әбділда Тәжібаевтың ағасының қуанышына жүрегі жарылып, «Ағатай» деген жүрекжарды лебізіндегі:
Сексенге жеттің қартайдың,
Сонда да келген жоқ әлі жантайғың.
Бауырым сымбатың неткен сом еді,
Сұңқылдап тұрған секілді жыры
Нартайдың,
Топырақтың, судың, жарықтың,
Сырына қанық киелім,
Мен де бүгін сексенге келген тойыңда,
Ақ қырау басып шаршаған басымды
Алдыңда тұрып иемін, – деуі ағасына деген шексіз құрметтің, сыйластықтың белгісі болса керек. Бұл фәниде сыйласып өткен ақын жүрек пен қазақтың абыройын өрге сүйреген батагөй жүрек, бірі ағатайлап, бірі бауырым деп жанына тартып, қол ұстасып, бірге жүрген шығар...
Басынан сипағандар бақытты
Сыр бойының ардақты азаматы, сексеннің сеңгіріне қадам басып, елдің батагөй қариясына айналып отырған Сейілбек Шаухаманов ағамыз 1989 жылы 23 тамызда Шиелі ауданына аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғаннан кейін бюро мүшелерін алып қалып, жабық бюро өткізіп, бюрода: – Мен қызметті бастағанда Ыбырайдың батасын алған адаммын. Сондықтан менің кабинетімде, жұмыс столымда Ыбекеңнің бейнесі тұру екен, – деп тапсырма береді. Бірақ, өкінішке орай, бүкіл Шиеліден Ыбекеңнің бюсты табылмай көршілес Жаңақорған ауданынан табылған екен. Сол дәуірде біздің ауданда Ыбекеңді құрметтеудің, оны насихаттаудың өз дәрежесінде емес екенін Атамыздың 85 жасқа толған тойында қазақтың ақиық жазушысы Әзілхан Нұршайықов мінберде тұрып, сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы О.Бәйімбетовке қарап: – Ореке, сіздің ауданда Ыбырайды құрметтеу біздің Жазылбекті құрметтеуге қарағанда нашар екен. Сіздер біздерден көп қалып қойыпсыздар, – деп дөп басып айтқан екен.
Сейілбек Шаухаманов өзінің бата алған, өскен, абырой алған Шиелінің киелі жеріне аянбай қызмет жасады. Шиелі ауданы сол жылдары 15000 га жерге күріш егіп, 500 000 ц күріш беретін іргелі ауданға айналды. Атаның батасы, елдің ықыласы Сейілбек ағамызды да биіктетті. Шиелі ауданынан орталық партия комитетіне жауапты ұйымдастырушы, Талдықорған облатком төрағасы болып, көп жыл Қызылорда облысының әкімі болды. Сейілбек ағамыздың бойындағы өмірі өзгермейтін қасиеті – өзінің атасы мен анасынан күнде таңертең тұрғанда, жұмысқа кетіп бара жатқанда бата алады екен. Батамен жатып, батамен тұрады екен. Батамен өсіп, батаны ардақтаған Сейілбек ағамыз да өз бойындағы барлық асыл қасиеттерін халқына аямай беріп келе жатыр. Облыстық ардагерлер кеңесі батаны насихаттауға мән беріп, «Ақ бата» кітабының екі кітабы жарық көрді. «Білгенге – маржан, білмегенге – арзан» деген айдармен 107 сұраққа жауабы және бірнеше кітаптардың авторы. Өзінің замандастары елдің біртуар азаматтары жайлы толғаныстары халық көңілінен шығуда. Батаны құрметтеудің, ардақтаудың биік шыңы үлгісін Сейілбек ағамыздан көруге болады.
1982 жылдың қоңыр күзі болу керек. Мен ол кезде Еңбекші совхозында партия комитетінің хатшысымын. Совхоз директоры Жамалхан Баетовпен көрші тұрамыз. Кешкісін үйге ауылдан Машбек деген ағамыз келіп еді, бірге отырып дәм татыңыз дегесін бардым. Машбек ақсақал өте байыпты, көрген, түйгені мол азамат екен. Түннің бір уақытына дейін әңгіме-дүкен құрдық. Сөздің арасында қасында 5-6 жасар Нұрлыбек деген баласына Ыбырайдың басына тағзым етіп, баламды аунатып алайын деп келіп едім, – деп айтып қалды. Үлкен балам Бердібек Москвада диссертация қорғайын деп жатыр еді, соны да мына директор ағасына айтайын деп едім, – деді. Сол атадан бата алған бала Нұрлыбек бұл күнде Қызылорда қаласын дөңгелетіп басқарып отыр. «Қыранның көзі қиядағыны шалады» дегендей, Шиелі ауданына әкім болып келісімен Ыбырайдың еш жерде ескерткіш бейнесі, сырттан келген қонақтарға көрсететін, атаның аруағын ардақтайтын ештеңе жоқ екенін байқап, бірден облыс орталығында тұңғыш Президент атындағы паркті ұйымдастырып, көзге түскен елдің білікті азаматы Пердәлі Арқабаевты ауданға алдырып, Жақаев атындағы саябақты жасады. Саябақтың төріне Ыбырай Жақаевтың биіктігі 3 метрлік ескерткішін әкеліп орнатқызды. Қазір ата атындағы саябақ Шиеліге көрік беріп, жастардың тағзым ететін, тәлім-тәрбие беретін аудандағы бірден-бір тәрбие ошағына айналды. Биылға күріш егу алдында облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев мырза барлық аудан әкімдерін жинап, ата аруағына сиынып, құран бағыштатып, атаның көзі тірі ізбасары Социалистік Еңбек Ері 95 жастағы Шырынкүл Қазанбаеваны алдырып, бүкіл диқан қауымына бата бергізіп, күріш егуді бастауы ата аруағын қастерлеудің, биіктетудің бір көрінісі болды. Атадан бата алған, батаны ардақтаған, Шиеліде сайрап игілікті істерінің ізі жатқан, халықтың жүрегінде қалған Нұрлыбек ініміздің асар асулары мол болғай деген тілектеміз.
«Айқын» газетінің директоры, бас редактор Нұртөре Жүсіп Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскеннен кейін арнайы Алматыдан студент достары Дархан Мыңбай, Сапаралы Бейбіт бірге келіп Ыбырайдан бата алғанын өзі былай еске түсіреді:
– 1980 жылдың ақпан айында Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің алғашқы курстың бірінші жартысын бітіріп демалысқа шықтық. 90-ға таяп қалған Ыбырай атамнан көзі тірісінде бата алсам ба деген ойым бар еді. Соны қасымдағы бірге оқитын, бірге жүретін достарым Дархан Мыңбай мен Сапаралы Бейбітке айтып едім, екеуі де «біз де барамыз, биылғы демалысты сенің ауылыңда өткіземіз» деді. Сонымен үшеуміз ақпанның қарлы боранында жаяу – жалпы вокзалдан атамыздың үйіне келдік. Келіні Жалғас бізді күтіп, атамызға апарып таныстырып жатыр. Мына бала өзіңіздің Бәйтілес ініңіздің, Рабиға қарындасыңыздың баласы екен. Аты Нұртөре, қасында достары Дархан, Бейбіт ту Алматыдан сізге арнайы бата алуға келіпті десе: – Ту, Сонда Алматыдағы балалар да мені біле ме екен. Ойпырмай, а?! – деді де қасында жақындау отырған Бейбіттің иығына қолын салып, сен қай баласың, – деп жатыр. Бейбіт: – Мен Семейден, тобықтымын десе, – Иә, тобықты Абайдың елі емес пе, Абайды, Құнанбайды кім білмейді. Бабалардың аруағы жұғысты болсын, – деп басынан сипады. Дарханның қолынан ұстап отырып: – Денең шымыр, қадамың нық екен, жаман болмайсың-ау, – деді. Арасында кейбір сөздерді екі рет қайталап отырды. Бірақ, 90-ға жақындағанмен сөзі ширақ, ойы ұшқыр екен. Арасында Жалғас: Мына Нұртөре балаңызға бата беріңізші, – деп еді: – Бүкіл қазақтың баласы болсын, – деді. Үшеуміз де атаның батасы қабыл болсын, – деген ізгі тілекпен, атадан бата алғанымызға марқайып қайттық.
Ғұмыр жасы ұзарды
Ыбырай атасы туралы Социалистік Еңбек Ері 95 жастағы Шырынкүл Қазанбаева былай деп еске алады: – Біздің өміріміздің біраз уақыты атамызбен қатарлас өтті. Өмірдің көп қиындығын, ашаршылықты, Ұлы Отан соғысының отты жылдарын бірге өткіздік. Бірге еңбек еттік. Өзі туыс болғасын оңашада табағын алып, сәлем жасап, «көп жаса» деген батасын талай алдық. Сол батасының біреуі періштенің құлағына шалынған ба, қазір жасым 95-ке келді. Өмірдің қызығын көріп, тәуелсіз еліміздің тыныс-тіршілігінің куәсі болып, елдің батагөй қариясы болып, жастардың тілеуін тілеп отырмыз. Өткен жылы облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы келіп, жағдайыма байланысты жаңадан үй салып берді. Жаңа үйге кіргенде ішінің бәрін аудан әкімі Қайратбек інім екеуі жаңа жиһаздарға толтырды. Үйдегі келінім апамның төркіндері мықты екен, – деп әзілдейді. Атамыздың шапағатымен болған бір тірлікті айтып кетсем артық емес шығар. Мен өзі екі қыз бала тудым да баладан тоқтап қалдым. Бір күні Ыбекең өзінен өзі: – Балам таршылық жасама. Жұмаділданың (күйеуім) артында ұрпақ қалсын, – деді. Мен оны неге айтқанын түсініңкіремей, көпке дейін өзім дүниеге тағы перзент әкелетін шығармын деп күтіп жүрдім. Бірде кешкісін Еңбекшіде Әбді деген жақын қайнағам бар еді. Сол кісі келіп: – Балам, мен енді ұзамаймын. Мына абысының әлі бала көтереді. Мына ініме Күлбазарды аманат етемін. Сен таршылық жасама, – деді. Сол кезде барып баяғы Ыбекеңнің айтқаны ойыма сап ете қалды. Ту жарықтық-ай тегін емес екенсің ғой деп ойладым. Сол ағамыз көп ұзамай қайтыс болды. Жылы өткесін күйеуімді өзім ертіп барып абысыныма қостым. Бір жылдан кейін шекесі торсықтай ұл бала туды. Кіндігін Қантай деген абысыным бар еді, өздері Сырда тұратын, түн ішінде атпен алдырып, соған кескіздім. Атын ата аманатымен арманымызға жеттік қой деп Бақыт қойдым. Жарықтық пейіштің төрінде жүрген шығар, – деп сөзін аяқтады.
Шынында Шырынкүлдің де көп тірлігі ер азаматтың тірлігіндей ғой. Алла тағала бойындағы жақсы қасиеттеріне бола сонша жасты, бақ-дәулетті, абыройды бекер бермеген ғой. Жар төсегін қызғанбай, қорланбай, өз қолымен күйеуін біреуге апарып беру екінің бірінің қолынан келе бермейтін, суреттеуге тіл жетпейтін, тек Шырынкүлдей алтындардың ғана қолынан келетін, ұрпаққа үлгі, өнеге болатын ғажайып тірлік емес пе?
Атасынан бата алған атамыздың келіндерінің көбісі ғасырға жуық өмір сүріп отыр. Атасынан бата алған талай жылдар ауданда басшылық қызметте болған ауданның «Бибіпатымасы» атанған Ұлман Мәміреева 94 жаста, Ыбырайдың жақын келіні, талай «көп жаса» деген батасын алған Бибіхан 96 жаста, өмір бойы Ыбырайдың бригадирі болған Қойшыбай Оразымбетовтың әйелі Күлмарал 93 жаста, қарындасы Әбуқызы Күлажар 90 жаста. Ыбырай ағасы туралы Нұртөре Жүсіптің анасы Рабиға Бәйділдақызы былай еске алады:
– Мен туыстық жағынан Ыбекеңе жақын болғанмен солардың әулетіне Боқаев Әбу ағамыздың үйіне келін болып түстім. Себебі, менің күйеуім ата-анасынан жастай жетім қалып, Боқаев Әбу ағамыздың үйінде екен. Әбу ағамыздың әйелі Наржанова Назгүл күйеуімнің әкесінің туған апасы. Ол кез қиын заман ғой. Мен бірден Ыбырай ағамыздың звеносына сушы болып жұмысқа түстім. Жас кезіміз ғой, қайраттымыз. Менің жұмысқа ықыласым, күш-қайратым, ынта-жігерім ағама ұнаған болу керек. Өмірі «балам бақытты бол, көп жаса» дейтін. Менің өмірімнің ұзақ болғаны, бала-шағамның қызығын көріп отырғаным бірінші Алладан шығар, бірақ ағамның ықыласынан, батасынан болды-ау деп ойлаймын. Құдайға шүкір, Алматы мен Шиелінің арасын жол қылып, немерелердің, балалардың, шөберелердің қызығын көріп отырмын. Алматыға барсам Нұртөрем, ауылға келсем Бектөрем күтіп алады. Келіндердің аялы алақанын көріп, аталарының аманатын арқалап отырмын. Нұртөремнің бағы басынан кетпесін, бау-шарбағым аман болсын деп хақтан тілеймін, – деп сөзін аяқтады.
1964 жылы облыста сол кездегі облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Қ.Жарқынбековтің, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы А.Айдосовтың басшылығымен облыста Жақаевшылар қозғалысы белең алды. Жастар мектеп бітірісімен күріш егуге комсомолдық жолдамамен кетіп жатты. Олардың барлық жерде Ыбырай атасынан бата алу дәстүрі жалғасып жатты. Жастардың арасында еңбекке деген жаңаша көзқарас, ынта-ықылас пайда болды. Дүниеге «Жақаевшылар маршы» әні келіп, ол жастардың сүйіп айтатын әніне айналды. Облыста пайда болған Жақаевшылар қозғалысының нәтижесінде диқан атасынан бата алған ауданымызда еңбек озаттарының үлкен шоғыры пайда болды. Серікбай Бегалиев, Дариха Сейітова, Күнімхан Байжігітова, Зухра Сағындықова, Шәркүл Мүсілімова, Цой Магельс, Закира Ержанова, Шаранбек Орынбаев басқаратын комсомол жастар бригадасы, Берікқара Әбжапбаров, Бағлан Әшірбеков, Рысбай Мәуленовтер ел құрметіне бөленді.
Осы еңбек озаттарының арасынан қазіргі заман ағымына ілесіп, ауданда үлкен абыройға бөленіп отырған Бағлан Әшірбеков жайлы айтсақ артық болмас деп ойлаймын. Бағлан кеңес үкіметінің кезінде озат күрішші ретінде БЛҚЖО-ның ХVІІІ-ХІХ съездеріне делегат болып қатысты. 1980-84 ж.ж. аралығында пленум мүшесі болды. Гаванада өткен студенттер мен жастардың бүкілдүниежүзілік фестиваліне қатысқан, «Құрмет белгісі» орденің иегері. 1988 жылдан бері «Әшірбеков» шаруа қожалығын басқарады. Қазіргі таңда қожалық 700 га күріш, 250 га жоңышқа, 120 га бидай, 15 га мақсары егеді. Соңғы үш жылда жыл қорытындысымен озаттарға бір «Нива», екі «Джип» машинасын берген. Өзінің қарамағындағы жеті адамға үй салып берген. Аудандағы барлық іс-шараларға, тұрмысы төмен отбасыларына демеушілік жасап келеді. 2015 жыл қорытындысы бойынша ауданның «Үздік меценаты» дипломымен марапатталды. Ал, сол кездегі Жақаевшылар қозғалысының белсенді мүшесі, БЛҚЖО-ның съезіне делегат болып қатысқан, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, көп жыл басшылық қызметте болған, қазіргі таңда ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікқара Әбжапбаров өз естелігін былай айтады:
– Ыбырайдың батасын алған сол кездегі көп күрішшілердің бірімін. Мектеп бітірген кезде түгел сынып болып үндеу қабылдап, күріш егуге қалдық. Ыбырай атамыздың қолынан еңбек аттестатын алып, батасын алдық. Күріш еккеннен жақсы өнім алып, Мәскеуге БЛҚЖО-ның съезіне делегат болып қатыстым. Қазақстан делегациясының атынан сөйлейтін болып, мінберге шықтым. Бізді залға қарап сөйлейсіңдер деп үйреткен. Мінберге шығып залға қарап едім, залдағы адамдардың көзі ақбөкеннің көзіндей болып самсап, көзімді шағыстырып, қайтып қағазға қарағанда дым көрінбей, алдымдағы жазудың бәрі ағарып кетті. Шамалыдан кейін барып әріп көріне бастады. Тездетіп оқып шығып түсе бастадым, менің бағыма менен кейін РСФСР-дің делегаты сөйлейтін болып орнынан тұра беріп еді, дереу соның орнына отырып алып, шамалы демалып, тыныстап, өзіме-өзім келгеннен кейін өз орныма отырдым. Мені қарапайым қазақтың қара баласын Мәскеудің төрінде сөйлеткен, Мәскеуге табанымның тигені еңбектің құдіреті. Ыбырай қолымызға ұстатқан еңбек атестатының, атамыздың батасының құдіреті деп білемін, – деп сөзін аяқтады.
«Бата алған азбайды да тозбайды» деп халқымыз айтқандай, тәңіріміз ақырдың Пайғамбарын жаратқаннан кейін дүниеге, халқына демеу, қолдау болсын деп Ыбырай сияқты ғасырларда бір туатын, сөзі дуалы, болмысы ғажап тұлғаларды дүниеге келтірген. Олардың батасы қабыл болған, солар арқылы жаратушы жердегі пенделеріне береке, бірлік, бақ, дәулет сыйлаған.
Осы сөздеріміздің дәлелі ретінде Жақаевқа екінші мәрте Алтын жұлдызбен марапаттауға арналып, колхозда өткен салтанатты жиналыста даңғайыр диқан Бегалиев Серікбайдың: – Бұрынғы заманда анадай әулие, мынадай әулие өтіпті деп сиынып жатамыз, осы заманның нағыз әулиесі, нағыз аруағы біздің Ыбекең ғой, – деген сөзін келтірсек артық болмас.
Ыбырай атамыздың дүниеден озғанына отыз жылдан аса уақыт болса да күннен күнге абыройы асқақтай, халқының санасында жаңарып, жасарып, рухы аспандап биіктей түсуде. Ауданда атамыздың туғанына 125 жыл толу мерекесін қарсы алуға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Арнайы комиссия құрылып, оны аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы Сәрсембаевтың өзі басқарып, өткізілетін іс-шаралар нақтыланды. Биылғы жыл шиеліліктер үшін жылдың басында Ыбырай жылы болып белгіленді. Ыбырайды құрметтеу Елбасымыз көтеріп отырған Мәңгілік ел идеясының іске асуы, құрметтелуі, ал бата – Мәңгілік елдің идеологиясы, түп қазығы, қозғаушы күші, бет-бейнесі. Батаны ардақтау Мәңгілік ел азаматтарының міндеті, абыройы, мақсаты. Бата алған, оны ардақтаған, өмірінің қозғаушы күшіне айналдырған азаматтардың өмірі, абыройы, шыққан биігі – тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні.
Есіркеп ШӘДІБЕКОВ,
зейнеткер,
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы
"Айқын"