Талдықорғанда қоқыс сұрыптау цехы ашылды

123

Талдықорғанда қала күні мерекесі қарсаңында қоқыс сұрыптау цехы ашылды. «ADAL DAMU Capital» ЖШС қоқыс өңдеу цехының жылдық қуаты 100 мың тонна. 20 адам тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Компания жетекшісі Ерлан Дүйсебаевтың айтуынша, бұл цех үлкен жобаның тек бірінші кезеңі ғана. «Қоқыс өңдеу зауытының жалпы құны 1 млрд 400 млн теңге. Алғашқы кезеңге 250 млн теңге инвестиция құйып отырмыз. Нәтижесінде біз темір қалдықтарын, пластмас және целофан бұйымдарын, сондай-ақ қағаз қалдықтарын өңдейтін боламыз. Өңделген бұйымдарды біз шикізат ретінде тиісінше зауыттарға өткіземіз. Бұл жобаға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ерекше мән беріп, барынша қолдау танытып отыр. Зауыт толық қуатымен жұмыс істегенде 170 адамға тұрақты жұмыс табылатын болады»,- дейді инвестор. Цехтың ашылуына арнайы келген Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мәмбетжанов мұндай кәсіпорынның экологияны сақтаудағы маңызына тоқталды. «Қаладан күніне 80-100 тонна қоқыс шығады. Оларды қайта іске жарату мәселесін елбасының өзі көтерген болатын. Бұл - Президент тапсырмасының нақты жүзеге асқанын көрсетеді. Талдықорған - таза қала. Мұндай өндіріс орындары қаланың тазалығын тіптен жоғары деңгейге көтереді»,- деді қала басшысының орынбасары.

Пікірлер
Редакция таңдауы