БҚО әкімінен де, "Нұр Отаннан" да пайда болмады

5048
Adyrna.kz Telegram

Редакциямызға хат келді. Әр хаттың артында адам тағдыры тұрғанын түсінсек, бұл хаттың да арқалаған жүгі ауыр екен. Авторлардың айтуынша короновирусқа байланысты Германиядағы жұмыстарынан елге оралғанда Оралдағы әуежайдан түсіріп алып, карантинге жатқызыпты. Қазір барар жер, басар тауымыз жоқ деп отыр. Сондықтан, биліктен көмек болмаса, халықтан көмек болар деп арыз хатты жариялағанды жөн деп таптық.

"Адырна" ұлттық порталы

Мен  Базарбаева Марал және Сейтжанова Ақерке 18 наурыз күні “Air-Astana” ұшағымен “Франкфурт-Уральск”, “ Уральск – Нұр-сұлтан”, “Нұр-сұлтан – Алматы” бағытында елге оралып, өз үйімізге жету керек болғанбыз. Алайда, Орал қаласына жеткенде  еліміздегі төтенше жағдайға байланысты 50-ге жуық мемлекеттік қызметкерлер (дәрігерлер, полиция,әуе желісінің қызметкерлері т.б) күтіп алып, бізді рейстен қалдырып, карантинге жатқызды.  Арнайы орталыққа орналастырар сәтте бекітілген мерзімге дейін билет ақысы қайтарылатынын айтты. Сондай-ақ, тіркелген мекен-жай бойынша үйімізге жеткізуге уәде берді.

Дегенмен, жағадай біз күткендей бола қоймады. Медициналық тексеру уақытылы жүргізілмеді. Короновирусқа байланысты анықтама орталығы (1406), Облыстық тубдиспанцердің бас дәрігері Иманғалиев М.Б.мырзаларға хабарласып жүріп тексерістен өттік. Анализ нәтежиесінің өзін басшылыққа қайта-қайта хабарласып жүріп, оныншы күні әрең алдық. Ал, бүгін (13-ші күні) анықтама қағазын беріп, мекемені босатуымызды талап етіп  отыр. Себебін адам санының көптігімен ғана түсіндіруде. Соңғы ақшамызға ұшаққа билет алып келген біздер қайда барарымызды да білмейміз.

Өз жағдайымыз өзімізге мәлім болғасын орталыққа орналасқан алғашқы күннен бастап қала басшылығымен, Нұр Отан партиясының жауапты қызметкерлерімен, билет ақысын қайтаруды уәде еткен  “Air-Astana” әуе желісімен, БҚО, Алматы және Нұр-сұлтан қалаларының арнайы штаб өкілдерімен хабарласып бағудамыз. Сонда да мардымды жауап алып отырғанымыз шамалы. Алғаш болып Орал қалалық Нұр Отан партиясы басшының орынбасары  Гүлназ Мағжанқызымен байланысқа шықтық. Ол кісінің алғашқы жауабы “бұл жағдайды назардан тыс қалдырмаймыз, міндетті түрде мәселенің шешімін табуға көмек қолын созамыз” –деп үміт бергендей еді... Артынан әкімнің орынбасарынан “біз ештеңемен көмектесе алмаймыз”, облыс әкімінен “біз көмектесе алмаймыз, өз мәселелерін өздері шешсін” – деген жауап алғанын жеткізді. Бұл жауап енді пайда болған үміт ұшқынын қайта сөндірді. #bizbirgemiz #uidebol деп төрткіл дүниеге жар салып отырған хештегтер өтірік бетперде болғаны ма?

Келесі кезекте БҚО төтенше жағдайға байланысты құрылған арнайы штабқа хабарластық. Бізге жауап берген Аслан есімді жігіт “сұрақты қарастырып, қайта хабарласамын” – деп тұтқаны қойғанымен, аз уақыттан соң “бізде бұл сұраққа жауап қарастырылмаған, туысқандарыңыз ақшалай көмектессін, карточкаларыңызға аударып жинаған ақшамен карантин біткенше осында пәтер жалдап тұрыңыздар, қала ашылған соң қалай, қайда баратындарыңызды өздеріңіз білесіздер” деп дүрсе қоя берді. Карантинге байланысты жұмыстардың бәрі тоқтатылды, бұл жағдай келесі айға дейін жалғасса ақшаны қайдан аламыз деп отырған туған-туыс бізге қалай көмек береді? Бір рет көмектесті делік, оның өзі қанша күнге жетеді?

Ал, бүгін мекемені босатуды сұраған карантин орталығының басшылығына жағдайды қанша түсіндірсек те “біз білмейміз, қайда барасыздар, ол сіздердің мәселелеріңіз” – деп, жауапкершіліктен қашып отыр. Амалымыздың жоқтығынан КТК арнасының тілшілерімен байланысқа шықтық. Жауапты мекеме басшысына осыны жеткізіп, “егер бізді қуып шығатын болсаңыздар,арна тілшілеріне мән-жайды баяндауға мәжбүрміз” дегеннен кейін ғана “жақсы, біз сіздерді естідік, қала басшылығымен хабарласып мәселені шешуге тырысамыз” деген жауапқа қол жеткіздік. Көп ұзамай тұратын пәтер табылды, дегенмен “алайдасы” бар. Күн-көріс, азық-түлік өзімізден болу керек екен. Бұл жағдайдың қанша уақытқа созылары белгісіз. Бөтен қалада, жұмыссыз біздің қалтамыздағы тиын қанша күнге жететінін ойлау тіпті қорқынышты. Содан түйгеніміз, қарапайым халықтың жағдай не болары маңызды емес, көгілдір экраннан көрінер абырой ғана маңызға ие екен ғой шенділер үшін... бұл біздің ғана емес, дәл қазіргі уақытта мыңдаған отандасымыздың арпалысып отырған мәселесі. Өкініштісі де сол, шешімі табыла қоюы көп нүктеге жасырулы құпия...

Пікірлер