Екібастұз вирусты қолдан көбейтпек пе?

3483
Adyrna.kz Telegram

Тағы да Екібастұз!

Таяуда ғана «Адырна» ұлттық порталында Екібастұз қаласының аты бір шыққан еді. Онда қала әкімінің орынбасары Гүлжан Қадырбаеваның елімізде аты жаман ауру шығып, жұрт көңілі елең-алаң отырған шақта Мысыр еліне демалысқа аттанғанын жазып едік. Сол күні-ақ Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз қызметі аталған мәселеге қатысты ресми жауап берген еді. Хатта былай жазылған:
«Гүлжан Қадырбаева өзінің кезекті еңбек демалысы кезінде Мысырға барғаны шындық. Демалысқа өтініш жазу, демалыс туралы өкім шығару және оның ұшып шығуы- елде төтенше жағдай енгізілгенге дейінгі кезеңге келді. Яғни, сол кезде барлық әуе қатынастары ашық болды және елден шығуға тыйым салынған жоқ.
Қазақстанға келген бойда, Гүлжан Қадырбаева індетке қарсы барлық шараларды қатаң қадағалап, коронавирус инфекциясы сынағынан өтті. Нәтижесі - теріс.
Дегенмен, Екібастұз қаласының басшылығы сіздің редакцияңыздың және сіздің оқырмандарыңыздың аталған сапар жөнінде алаңдаушылығын бөліседі, сондай-ақ, алдағы уақытта өз еңбек демалыстарын жоспарлауда сақ болуға және мұндай жағдайларды ескеруге уәде етеді».
Әлбетте, хатта әкім орынбасарының шетелге қай күні ұшып, қай күні келгені нақты көрсетілмеген (одан көпшіліктің көңілінде күмән қалғанына дау жоқ). Бірақ ол қалай болғанда да елде коронавирус жұқтырған адам тіркеліп, халық көңіліне алаң кірген кез еді. Жұрт «күніміз не болар?» деп отырғанда және ауру шетелден келіп жатқанда лауазымды тұлғаның өз жанының рахатын ойлап, шетелге тұра шапқаны біртүрлі көрінбей қайтсін?!
Бізді сол хаттағы «мұндай жағдайларды ескеруге уәде етеді» деген жолдар қуантып еді. Әкімдік уәде етсе, қалай сенбессің?! Бірақ кеше кешкісін қала әкімдігінің Фейсбук желісіндегі ресми парақшасы - «Ekibastuz Time» аккаунтында жарияланған ақпарат көңілімізді судай басты: «Уважаемые экибастузцы! Для вашего удобства в Центре занятости населения акимата города и в городском центре культуры «Өнер» открыты пункты приема и консультации по получению дополнительных социальных выплат в размере одной минимальной заработной платы (42500 тг). Время работы пунктов: с понедельника по пятницу с 9.00 до 17.00 ч. В субботу и воскресенье с 10.00 до 17.00 ч».

Павлодар облысында бүгінгі таңда төрт адам коронавирус жұқтырып, оның біреуі қайтыс болғаны аян. Ал елімізде адамдардың топтасып жиылуын болдырмау үшін барлық мемлекеттік және басқа да қызметтер онлайн режімге көшіп кетті. Соған қарамастан Екібастұз қаласы әкімдігінің бұлайша пысықсығанына жол болсын?!
Бұл дегеніміз – адамдардың топтасуын қолдан ұйымдастыру, адамдарды, оның ішінде әкімдік қызметкерлерін де биліктің қолымен қауіпке итермелеу. Бүкіл ел «Біз үйдеміз» науқанын жариялап жатқанда, Екібастұз әкімдігінің бұл қай сасқаны?! 42500 теңге адам жанынан қымбат болғаны ма?!

Асуан Тайжан,

Павлодар облысы

Пікірлер