Абаев: Әйеліңмен ұрсысып қалсаң да билік кінәлі

4047
Adyrna.kz Telegram

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев елордада бүгін ашылған жұқпалы аурулар ауруханасы Алматы мен  Шымкент қаласында да салынатынын айтты деп хабарлайды "Адырна" ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Жұқпалы аурулар ауруханасы енді Алматы, Шымкент қалаларында салынады. Мұндай аурухананың қажеттігіне күмәнмен қарайтындарға қатысты айтарым: мен мұндай әңгімелерді көңілге алмаймын. Егер аурухана салмаған жағдайда дәл осы күмәнмен қараған адамдар билікті уақытылы шешім қабылдамағаны үшін кінәлар еді. Бұл «әйеліңмен ұрсысып қалсаң да билік кінәлі» деген ежелден келе жатқан мысалға ұқсайды», – деді министр Дәурен Абаев.

Министр Нұр-Сұлтанда салынған жұқпалы аурулар орталығына қатысты пікір білдірді.

«Коронавирустың өршуі әртүрлі салада жүрген адамдардың еңбегіне жаңаша көзқараспен қарауға үйретті. Қазір мүмкіндікті пайдаланып, құрылысшыларға еңбегі үшін үлкен алғыс айту керек. Олар да – біздің заманның қаһармандары. Бұл аурухана Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының барлық талаптарына сай. Ол 90% отандық құрылыс материалдарынан салынды. Ол уақытша госпиталь немесе контейнер емес. Ол – бізге ұзақ жылдар бойы қызмет ететін аурухана. Естеріңізде болса, бір-екі ай бұрын Қытайда аурухана кешенін салып жатқан кезде көбі біздің елде бұлай болуы мүмкін емес екенін айтып күліп, мысқылдаған еді. Құжат жинап, тендер өткізу үшін және осындай ғимарат салу үшін жылдар кететінін айтқандар болған. Осылай күмәнмен қараушыларға 13 күн ішінде жауап берілді. Басқа іс түскен кезде біз жинақталып, кез келген тапсырманы шеше аламыз», – дейді ол.

Министр аталған аурухананың керек екеніне күмәнмен қарап, оның бәрібір қаңырап тұратынын айтқандардың пікіріне жауап берді.

«Мен бұл аурухана ғана емес, Қазақстандағы барлық аурухананың іші бос болғанын қалайтынымды ашық түрде айтамын. Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесі елімізде ауырғандар саны аз болуы үшін жұмыс істеп жатыр. Өкінішке қарай, шынайы өмірде бәрі басқаша болуы мүмкін. Оны өздеріңіз сезіп, білдіңіздер. Мемлекет бір күндік өмірмен жүре алмайды. Біз бәріне дайын болуымыз керек. Сол себепті де осы аурухананы салдық», – дейді министр.

Пікірлер