«Адамның адамшылдығы - жақсы ұстаздан»

9324
Adyrna.kz Telegram

«Мұғалімдер қолынан өзге жұмыс келмегені үшін ұстаздық етуге келген жоқ. Керісінше қолынан кез келген жұмыс келетін адамдарды тәрбиелеп шығаруды мақсат еткен»

Джек Лондон

 

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ғылым  иесі  ғалым  да,  ел  қорғаған  батыр  да, тілінен  бал  тамған ақын  да,  тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы  да, егін  салған диқан да, мал  бағып   терін   төккен  шопан  да, көк  күмбезінен  әрі  өткен ғарышкер  де  бәрі-бәрі  ұстаздан  білім,  тәлім  алған.

Ұстаз — жас ұрпақты, жалпы адамды ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім беретін ұлы тұлға. Жалпы «Ұстаз — тәрбиелеуші» ұғымы діни ілімнен бастау алады. Ол адамзатты ғылымды сүюге, танымға құштарлыққа үндейтіні Құран Кәрімнің беташар сүресінің Алланы «Рабби — тәрбиелеуші» мағынасында ұлықтаумен басталуынан көрінеді. Мұсылмандар пайғамбары Мұхаммедке (ғ.с.) келген алғашқы уахидің де «Оқы, оқы, оқы…» деп басталуы адамды ізгілікке бастаушы ғылым-білімнің маңызын, осы ілімді шәкірт жүрегіне егуші ұстаз қызметінің маңызын аңғартады. Қазақ халқының шәкіртті ұстаз алдына апарғанда айтылып, мәтелге айналған «Сүйегі — менікі, еті — сенікі» деген сөзінің астарына үңілсек: «сүйегінің — асылының, рухының иесі — Алла бар, оған қиянат жасама, ал етін сомдау, яғни біліммен көркейту ұстаздың ісі» деген тұспал бар.

Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. Ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен.

Сонымен қатар, Әл-Фараби бабамыз «Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл қызмет қылсаң да артық емес» деп оныншы ғасырда ақ бәрін айтып тастапты. Оған «Мектептің жүрегі - мұғалім» деген Ыбырай ұстаздың айтқанын қосыңыз. Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр - мұғалімдікі. Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» дейді. «Темір канцлер» атанған Отто фон Бисмарк «Мектеп салуға ақша аяған мемлекет - түрме салуға мәжбүр болады» депті. Білімнің нәрі мен ғылымның шыңына жетелейтін, адамгершілік пен патриотизмге баулитын, өнер мен тәрбиені санаға құятын мұғалімдердің еңбегін барлық халықтың мойындайтыны анық.

Тіпті, ұстаздарға арналған атаулы күннің шығу тарихы да қызық. 1965 жылы 29 қыркүйекте Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңес Президиумы Жарлығымен мұғалімдер күні қазан айының алғашқы жексенбісі деп бекітілді. Ұстаздар күнінің әлемдік деңгейде аталып өтуіне мұрындық болған Біріккен Ұлттар Ұйымы. Бұл күнге 1966 жыл 5 қазанда Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция тарихи негіз салды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды. 1994 жылы ЮНЕСКО ұсынысымен 5 қазан – Бүкіләлемдік мұғалімдер күні деп жарияланды. Содан бастап 5 қазан - мұғалімдер, оқытушылар және білім саласында еңбек етіп жүрген барлық қызметкерлердің Дүниежүзілік күні.

Қазір әлемде ұстаздар күні жүзден астам елде аталып өтеді. Алайда, БҰҰ шешіміне мән бермей, өз білгендерімен жүрген елдер де баршылық. Мысалы, Албания 8 наурыз, Солтүстік Корея 9 мамыр, Оңтүстік Корея 15 мамыр, Вьетнам 20 қараша, Үндістан 5 қыркүйек, Қытай 10 қыркүйек, Аргентина 11 қыркүйек, Тайвань 28 қыркүйек (Конфуцидің туған күні), Польша 14 қазан, Бразилия 15 қазан, Түркия 24 қараша күндерін белгілеген. 1994 жылдан бастап Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Молдова, Армения және Эстония 5 қазанға көшті. Өзбекстан өз ұстаздарына 1 қазан күнін басыбайлы бекітіп бергенімен қоймай, демалыс күні деп жариялап тастады. Қазақстан және Белорусь, Латвия, Украина мұғалімдер күнін қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтеді.

Әр елдің өздері үшін құрметті тұлғаның туған күні немесе маңызды оқиғасы бар. Италия мемлекеті кемінде 12 жыл мұғалім болған азаматтарын «мемлекет пен ұрпақ үшін еңбек етті, психикасына салмақ түсіруге болмайды» деген желеумен өте жауапты шаруалардан босатқан көрінеді. Пенсильвания университетінің ғалымдары 1972 жылы мектеп ұстаздарының еңбегін жоғары күйзеліске алып келетін өрт сөндіруші, ұшақты сынақтан өткізуші сынды манандықтар қатарына қосу керек екенін мәлімдеген. Жапонияның императоры Сёва өзінен кейінгі ең үлкен жалақыны ұстаздарға тағайындаған.

Қай заманда да қоғам ұстаз мәртебесіне селқос қарамаған. Өйткені, ұстаз ұлды ғана емес, тұтастай ұлтты тәрбиелеуші. Бір айта кетерлігі, соңғы уақытта бала оқытып, педагог болудан, кейінгі жас буын басын алып қашады. Өзі ұстаздан тәлім алса да, келешегін білім-ғылым саласымен байланыстырып елестете алмайтындар қатары көбейгені сөзсіз. Неге? Әр мұғалім өз ізбасарын дайындап шығарғысы келеді. Бірақ жастар арасында осы жолға бет бұратындар саны жылдан жылға азайып барады. Олар өз ойын «болашақта қажетсіз мамандық» дегенмен түсіндіргісі келеді. Уақыт дәлелдегендей, денсаулық пен білім мәселесі қай заманда да қажеттілігін жойған емес. Бәлкім, заманауи технологиялар дамып, жер бетіндегі адамдар денсаулығы реттеліп, дәрігерлер қажетсіз болып қалуы мүмкін. Бірақ ұстаз орнын ешкім баса алмайды. Қай заманда болсын, әріп үйретіп, қолға қалам ұстататын жанның қажеттілігі жойылмақ емес. «Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ‒ ұстаз тұл» деген осыны аңғартады.

Ал, біздің Қазақстанда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мұғалім имиджін көтеру, оның жағымды бейнесін қалыптастыру және тұрақтандыру өзекті мәселе ретінде «Педагог мәртебесі» тақырыбымен арнайы бөлім қарастырылған еді. Сол мәселе, 2019 жылы 31 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қол қоюмен шешімін тауып жатыр. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2020 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды іске асыру кезеңіне көшу басталатынын мәлімдеді. Жалпы заң 21 баптан тұрады және жарты миллионнан аса ұстаздың жұмысына қатысты «Педагог мәртебесін» айқындайтын Заң негізі төрт бағытты қамтиды: ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту; мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту; материалды емес стимул тетіктері; материалдық ыңталандыру. Осы арқылы көз ұшынан ғайып болып бара жатқан Ұстаз статусы жаңғырып, педогог мәртебесі қалыптасып жатыр.

Білікті ұстаз сапалы білімнің негізі екендігі бәрімізге мәлім. Ал біліміміздің дамуы ол экономикамыздың дамуымен тікелей байланысты екені даусыз. Мемлекет тарапынан мұғалім мәртебесін көтеруге тиісті шаралар атқарылып жатса да, оны ары қарай дамыту қоғамның және ұстаздың өз қолында. Әрбір ұстаз: «Қырық жыл мұғалім болсаң да қырық бес минуттық сабағыңа тиянақты әзірлен», - деген қағиданы ұмытпау керек. Қазіргі заманның мұғаліміне қойылатын талаптар: мұғалім жеке көзқарасы бар және соны қорғай білетін жігерлі тұлға және маман иесі болу керек; мұғалімнің педагогикалық ойлау қабілеті ғылыми түрде қалыптасуы тиіс; мұғалім білім негіздерін өз бетінше оқып, үйренуге, оқушыны баулауға міндетті; мұғалім – педагогикалық үрдісте баламен ынтымақтаса қызмет ету керек; педагог әр уақытта өз білімін толықтырып, шығармашылығын арттырып отыруға міндетті немесе француз педагогі Жубер айтқандай «оқыту деген екі есе оқу».

Мұғалімнің беделінің күшеюіне ата-аналар да тікелей ат салысу керек. Қазір көптеген ата-аналар балаларының сөзін сөйлеп, мұғалімдерді кемсітіп отырады. Бұл жерде олар мәдениеттілігін, саналылығын көрсетуі тиіс. Ұстазбен бір күн ғана емес, күнделікті арақатынаста болғаны абзал. Өйткені еліміздің ертеңі – келешек ұрпағымызды тәрбиелеуде олардың еңбегі зор екенін ұмытпағанымыз жөн. Жаңадан оқу орнын бітіріп келген жас маманға педагог қауымы да, ата-аналар да қолдау көрсетсе, ұстаз да өз-өзін дамытып, білімін жетілдіріп отырса, бұл олқылықтың да орны толар.

Қорыта айтқанда, мұғалім – елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеретін, жас ұрпақты тәрбиелейтін жауапкершілігі мол киелі мамандық. Білім қызметкерлерінің I құрылтайында Елбасымыз: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушыларын мұғалімдер қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады», ‒ деген еді. Демек, қай заманда болмасын ұстаздың мәртебесі жоғары. Мың ғасыр өтсе де ұстаздың аты және «ұстаз» деген ұғым өлген жоқ. Өйткені қай дәуір болмасын, ол қоғамға ұстаздың еңбегі керек. Әр таңның атысы мен әр күннің батысы өзінің емес, сіздің қамыңыз үшін қамығып жүретін әрбір ұстаз атаулы жандардың еңбегін ұлы демей не дейсіз.

Данат Жанатаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандиданты

Айкерім Кесикбаева, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология және әлем тілдері факультетінің магистранты

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер