А.Баталов: «Егіс алқабын үздіксіз кеңейте алмаймыз, сондықтан өнімділікті арттыруға күш салуымыз керек»

2393
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі күнге Алматы облысында көктемгі егіс жұмыстарының шамамен 69,1 % аяқталды. Бұл туралы бүгін облыстық әкімдікте өткен селекторлық жиында белгілі болды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтің айтуынша, «Қолдау» жүйесі арқылы берілген электронды өтініштерінің негізінде 1086 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында берілетін субсидиядан 1 024,9 млн. теңге субсидия алды. Сол сияқты егіс науқанын мерзімінде әрі сапалы атқару үшін  «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ-ның «Кең Дала» бағдарламасы арқылы жыл басынан бері 78 займ алушыға 888,4 млн. теңге сома несие берілген. Сонымен қатар 11 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 290 млн. теңге несие алуға өтініш қалдырыпты. Бөлінген 19,0 мың тонна дизель отынының 5,3 мың тоннасы жеткізілген, бұл ретте өңір шаруашылықтары әр литрін 165 теңгеден 4,2 мың тонна дизель отынын алып үлгерген. Осының барлығы өз кезегінде көктемгі егіс жұмыстарының тиімді атқарылуына, аграрлық саланың алға басуына ықпал етпек.

Амандық Баталов жиында егіс науқанының барысы, Ақсу, Көксу қант зауыттарының өңдеу маусымына дайындығы, жүгері мен картоп өнімділігін арттырудың мүмкіндіктері туралы сұрап-біліп, міндеттер жүктеді.

- Төтенше жағдай режиміне қарамастан көктемгі дала жұмыстары бір күнге де кешіктірілмей мерзімінде басталып, бір сағат та толастаған жоқ. Осындай қиын кезеңде ауыл шаруашылығы саласы алдыңғы шепке, алғы позицияға шығып отыр. Жұмыстарды осы қарқында жалғастыра беруіміз керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында да солай. Біз Ақсу, Көксу қант зауыттарын, Жаркент крахмал-сірне зауытын қажетті шикізаттармен қамтамасыз етуді жолға қойдық. Енді күні кеше Талдықорғанда ашылған «Жетісу-Мажико» зауытын да майлы дақылдармен, соның ішінде рапстың қажетті көлемімен жүйелі түрде қамтамасыз етуіміз керек. Біз жыл сайын егістік алқаптарының көлемін ұлғайтып келеміз. Мәселен, егіс алқабы биыл былтырғыға қарағанда 4,9 мың гектарға ұлғайтылып, 966,5 мың гектарға жеткізілді. Дегенмен егістіктерді ұлғайту мүмкіндігі шексіз емес, сондықтан алдағы уақытта біз өнім шығымын арттыру арқылы өсімді қамтамасыз етуге баса мән беруіміз керек, - деп атап өткен облыс әкімі Амандық Баталов тиісті сала мамандарына, әсіресе, қант қызылшасы, картоп, жүгері өнімділігін ұлғатуға бағытталған шараларды атқару туралы нақты тапсырмалар берді.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер