Мақтаралда тағы бір ауылды су басты. Ауданда 31 мыңнан аса адам эвакуацияланды

3857
Adyrna.kz Telegram
Су басқан Жаңа тұрмыс ауылы. 2 мамыр 2020 жыл.

Мақтарал ауданында бір ауылды су басты. Аймақта эвакуацияланған адамдар саны 31 мыңнан асты деп "Азаттық" радиосы хабарлайды.

4 мамыр күні Түркістан облысы Мақтарал ауданында су басқан ауылдардан 31 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. Аудандағы тағы бір елдімекен – Достық ауылы су астында қалды. Бұған дейін Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас ауылдарын су басып қалған еді.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, Мақтаралда су басқан ауыл саны бесеуге жеткен. Он үш ауылдың адамдары эвакуацияланған. Қазір Мақтаралда қауіпсіз жерге көшірілген адамдар саны 31 600 адамнан асқан. Әкімдік хабарламасында Жетісай ауданына қарасты Қоғалы ауылының 1025 тұрғыны да қауіпсіз жерге көшірілгені жазылған.

Аудан тұрғындарының Азаттыққа айтуынша, су алған ауылдардан алып шыққан малдар қазір көше бойында жүр. Әйелдер мен балалар туған туыстары мен әкімдік дайындаған орталықтарға жеткізілген.

«Су әлі тоқтаған жоқ. Әуелі егіндіктерді, артынша ауылдың ішіне кіріп жатыр» дейді Өргебас ауылының тұрғыны.

1 мамыр күні Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су шайып кеткен. Кейін, 1 мамыр түнде Сардобаның суы Қазақстанның оңтүстігіндегі, қазақ-өзбек шекарасында орналасқан Абай каналына жетті. Кейін канал су арнасынан асып, Мақтарал ауданындағы Жаңатұрмыс және Жеңіс ауылына су алды. Екі ауылдың тұрғындары эвакуацияланды. Осыдан соң Мақтарал ауданында төтенше жағдай жарияланды. 2 мамыр күні екі ауыл толық су астында қалып, ондағы үйлер құлаған. 3 мамырда Өргебас пен Фирдоуси ауылын су басып қалған. Екі ауылда су басқан үйлердің саны алты жүзден асқан.

 

Пікірлер