Қ.Тоқаев: Барлық қиындықты бірге жеңеміз!

2287
Adyrna.kz Telegram

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Егемен Қазақстан газетіне сұхбат берді. Мемлекет басшысының көктемгі егін мен қазіргі күрделі кезеңдегі жағдайға байланысты айтқан сөзін ұсынамыз. 

Еліміз үшін ауыл шаруашылығының маңызы зор. Дәл қазіргі басты міндет – егіс науқанын ойдағыдай өткізу. Қазақ «Көктемнің бір күні – жылға азық» дейді. Кез келген қауіп-қатерге қарамастан бұл жұмысты уақтылы жүргізу керек.

Мәлімдемеде айтылғандай, биыл көктемгі егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Соның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыш сатып алуға жұмсалады. Сонымен қатар шағын және орта шаруа қожалықтары жанармайды арзан бағамен алады. Осыған орай 390 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен сатылуда. Мұның бәрі мол өнім алуға септігін тигізеді деп сенемін.

Қазір халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – негізгі мәселенің бірі. Мен мұны Үкіметке де, әкімдерге де тұрақты бақылауда ұстауды тапсырдым. Жалпы, елімізде азық-түлік жеткілікті. Алдағы кезеңде бағаны қымбаттатпай, елді дүрліктірмей, жұмысты дұрыс жүргізген жөн.

Ең маңызды мәселе – ауылдағы жас­тарға жағдай жасап, оларды жұмыспен қамтамасыз ету. Әйтпесе бақылаусыз миграция мен урбанизацияға ұшырап, соның салдарынан күрделі әлеуметтік және саяси мәселелерді шешуімізге тура келуі мүмкін. Міне, біз осындай қиыншылықтарды көре бастадық. Әсіресе бұл ірі қалаларда байқалуда. Осы мәселелер мемлекеттік органдардың ұдайы назарында болуы керек.

Тағы бір зор мақсат – елді еңбекке баулу. Шындықты айтсақ, шетелдерде халқымыз нағыз еңбекқор жұрт ретінде әлі таныла қойған жоқ. Бұл біздің беделімізге де едәуір нұқсан келтіреді. Қажырлы еңбектің арқасында ғана көп мәселені шешіп, мемлекетімізді дамытамыз, әл-ауқатымызды арттырамыз.

Төтенше жағдай күнделікті өмірі­мізге елеулі өзгеріс енгізді. Жоспар­ланған жұмыстарды, түрлі іс-шараларды кейінге қалдыруға мәжбүр болдық. Осындай кезде, ең алдымен, не нәрсенің аса бағалы екенін түсіндік. Бұл – адамның өмірі, адами қарым-қатынастар, азаматтардың денсаулығы, қоғамның береке-бірлігі. Бір-бірімізге қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін де аңғардық. Қалған дүниенің бәрін біртіндеп ретке келтіруге болады.

Пандемия кезінде бүкіл қоғамымыз сынға түсті. Көптеген азаматтар қиын сәтте елге қызмет етудің озық үлгісін та­ныт­ты. Бұл – парасатты патриотизмнің көрі­­нісі. Кез келген күрделі кезең адам­ның жігерін жанып, рухын қайрайды. Әлем­­ге жайылған індет тұсындағы ахуал хал­­қы­­мызды одан әрі ұйыстыра түсетіні анық.

Осы ретте, ұлы Абайдың «Тоқтау­лылық, қалыпты шыдамдылық – бұл қайраттан шығады, білсең керек» деген өлең жолы ойға оралады. Шын мәнінде, табандылық  пен төзімділік танытсақ, қиындыққа төтеп береміз. Еліміз бұл қиын­дықтан ширап әрі шыңдалып шы­ғады деп толық сеніммен айта аламын.

Барлық қиындықты бірге жеңеміз!

 

Дархан Қыдырәлі,

"Егемен Қазақстан" газеті

Пікірлер