Қажыгелдин Ресейдің мүддесін не үшін күйттейді?

4865
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның экс премьер-министрі Әкежан Қажыгелдиннің журналист Сергей Дувановқа берген сұхбатын тыңдап жағамды ұстадым.
Әкежан ағамыз Атырау облысының экс әкімі Бергей Рысқалиевті мысалға келтіре отырып әккі арандатушылықпен сепаратизм отына май құйыпты.Ең сорақысы Қажыгелдиннің бұндай сепаратистік арандатуы осымен бірнеше рет қайталануда.Өкінішке орай Батыс Қазақстандағы рушылдық-аймақшылдық сепаратизмнің өршуіне, яғни мұнайлы Батыс Қазақстанның өз алдына дербес болып бөлуіне мүдделі ел Ресей мемлекеті. Қажыгелдиннің Ресеймен Қазақстанның арасындағы елімізге тиімсіз саяси-экономикалық еуразиялық кеден одағын қолдауы Әкежан Мағжанұлының Ресей импершіл күштерінің ықпалында яки тығыз олармен қарым-қатынаста екенін көрсетеді.
https://echo.msk.ru/programs/sorokina/2620331-echo/

Өткен тарихтың қатпарлы астарына үңілсек, қазақ қоғамында рушылдық, жүзшілдік сияқты ұлт тұтастығына көлеңке түсіретін жаман әдет (кейде ол мақсатты әрекетке ұласып жатады) бұрыннан бар. Тілі бір, діні мен дәстүрі бір қазақты жүзге жіктеп, содан саяси ұпай түгендеу анда-санда байқалып қалады. Әрине, мұндай қиямпұрыс әрекетті тыйып тастуаға мемлекеттің де, қоғамның да әлеуеті жетеді. Әлеуметтік, экологиялық қиын жағдай мен қоғамдағы жаппай әділетсіздік себепші болып, соның кесірі қобалжу тудыратын сепаратистік көңіл-күйдің ұшқынына май құйып жіберетін геосаси мүдде күйттеген сыртқы күштер пайдаланып кетсе, онда қауіптің қара түнегі қоюлана түседі, территориялық тұтастыққа кәдімгідей қатер төнеді. Мұның мысалын Украинаның батысындағы Луганск және Донецк облыстарында тұтанып кеткен сепаратизмнен көріп отырмыз. Әрине, «ДХР» (ДНР), «ЛХР» (ЛНР) сияқты псевдореспубликалардың құрылуына Ресейдің импершілдігі, Шығыс Еуропадағы саяси ықпалынан айырылып қалғысы келмейтін өпіремдігі себепші болды. Десек те, Ресей Украинаның шығысында тұратын халық ішіндегі белсенді сепаратистерге арқа сүйегені есепке алынуы қажет. Сепаратистік идеяларды саясатқа қосып, саяси ұпай түгендейтіндер барлық қоғамда бар. Билікті қолына алуды үнемі аңсап жүретін кейбір адамдар тіпті сепаратистік идеясын жалаң ұрандармен ғана көмкермей, тарихи оқиғалардың желісінде теория қорытып, оның экономикалық, әлеуметтік және мәдени негіздемесін де жасап алады. Мұның бәрі сепаратистік идеяны жүзеге асырудың шапшаңдығы мен тиімділігін қамдауға саяды.
Осы тұста бір оқиғаны айта кеткім келіп тұр. Мен «құраншылардың» лидері саналатын Асылбек Мусинмен жақын араластым. Ол екеуара әңгіме кезінде лауазымды қызмет атқарып жүрген әкесі Орынбордағы қазақ тарихына қатысты мұрағатты ақтарып, қазақтардың орыс патшасының бодандығына өту мәселесін, Әбілхайыр ханның Ресей билігімен жасаған келіссөзін, одан кейінгі кезеңдегі Бөкей ордасы мен Жәңгір ханның солтүстіктегі алып империяға ықпалдасу жөніндегі мәліметтерді зерттегенін айтқан болатын. Әрине, сол кездегі жоғары лауазымды орысқол шенеуніктің Қазақстан мен Ресейдің ғасырларға ұласқан «отаршыл дәуірді» не үшін зерттегенін, мұның бәрін қандай мақсатқа пайдаланбақшы болғанын білмеймін. Десек те, Аслан Мусиннің елдің басқа қиырына емес, мұнайлы облыстарға көз тіккенін, сол аймақтан әлдебір ерекшелік іздегенін байқаймыз.
Дұрыс пікір қорыту үшін тәуелсіз Қазақстаның алғашқы жылдарын Орал казактарының өпірім әрекетін еске алған артық болмайды. Ресей империясының жерін кеңітуге ғасырлар бойы қызмет жасаған казактар Қазақстанның өз алдына ел болғанына келісе алмай, сепаратистік әрекетке көшкен. Осы қауіптің жолын кескен Жасарал Куанышалин бастаған қазақ ұлтшылдарының қайраткерлігі еді. Олар дер кезінде Оралдың сепаратист казактарының аптығын басып, орнына қойды. Осындай оқиғаларадың бәрін тізбектеп, ой елегіне салсақ, Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығына төнетін қауіптің нобайы айқындала түседі.
Қазақ қоғамында мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіретін сепаратистік аймақ жөнінде қате пікір қалыптасқан. Көбіне Қазақстанның солтүстік-шығысы мен теріскейіндегі облыстарға күдіктене қарау әдетке айналған. Бұл қате пікір әлгі аймақтағы қазақтардың үлесінің аз болуы және Ресейге емініп жатқан территориялық орналасуына қатысты айтылып жүр. Шынтуайтына келсек, аталған аймақ Солженицын айтқандай онсыз да «Ресейдің қарнының астында» («подбрюшье») емініп, ішкерілеп жатыр және Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие емес. Сондықтан оңтүстіктегі көршісін саяси және экономикалық ықпалынан шығарғысы келмейтін Ресей Қазақстанның энергетикалық ресурстарға бай батыс өлкесіне көз тігеді, дәл осы аймақты Қазақстанды тырп еткізбейтін «жанды жері» деп біледі. Ресей ақпарат құралдарының үнемі Қазақстанның батысында болып жатқан оқиғаларға ерекше мән беруінің себебі де осы мәселеден туындап жатыр. Еңбек төлемі және басқа да әлеуметтік түйінді проблемадан туындайтын болмашы наразылықтың бәрін сепаратистік көңіл-күйге телитін мақалалар Ресей ақпарат құралдарында сұранысқа ие екені байқалады.
Осыдан бес-алты жыл бұрын қазақ ұлтшылдығын «бас көтеріп келе жатқан неофашизмге» теңеген бірнеше белсенді әлеуметтік желіде «антифашистік топ» құрған. Осы науқанның бел ортасында қазақстандық журналистер Михаил Пак пен Дастан Мұқышев өзінің белсенділігімен көзге түсті. Кейін оларды «қазақ қоғамының білгірі» санаған Ресей ақпарат құралдары Мәскеуге жұмысқа шақырды. «Регнум», «Лента.ру» сияқты басылымдарда қызмет жасаған Михаил Пак үнемі «Қазақстандағы орыс мәселесі» тақырыбына қатысты қоздырушы мақалаларымен танылып, басшы қызметтерге көтерілді.
https://regnum.ru/news/1567375.html
Ал Дастан Мұқышев Ресей мемлекеттік телеарналарының бірінде ТМД аймағына жауапты редактор қызметін атқарып жүр. Украинаның шығысындағы оқиғаларға үнемі біржақты баға берумен айналысқан қазақстандық бұл екі журналист соңғы кезде Қазақстанның батысындағы «өзекті проблемаларды» жиі қозғайды. Осы жағдайдың өзінен Ресейдің Каспийдің батыс жағын жіті бақылап отырғанын байқаймыз.
https://m.lenta.ru/articles/2013/02/28/mangistau/
«Журналистер мен саясаттанушылардың проблемалық аймақтар жөнінде жасайтын зерттеуінде тұрған дәнеме жоқ» деген пікір басым. Сепаратизмнің белгілері көзге ұрып тұрса да, бұл көбіне сөз бостандығы мен пікір алуандығына баланады. Ал аңқау халық алдында ұран тастап сөйлейтін саясаткерлердің сепаратистік идеяларды өздерінің саяси технологиясында пайдалануы отпен ойнағанмен бірдей. Әсіресе электоралды кезеңде мұның салдары өте қауіпті. Бұйығып жатқан бықсықты үрлеу әпсәтте айналаны түгел шарпыған жалынға ұласып кетуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Тұрарбек Құсайыноа

"Демос" ҚБ төрағасы

Пікірлер