Гүлжаухар КӨКЕБАЕВА : «Соғыс тұтқындарының саны толық анықталған жоқ»

3468
Adyrna.kz Telegram

 Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының Дүниежүзі тарихы бөлімінің меңгерушісі Гүлжаухар КӨКЕБАЕВА "Заң" газетінің тілшісіне сұхбат берді. 

– Гүлжаухар Кәкенқызы, екінші дүниежүзілік соғысқа кеңес әскері қатарында Қазақстаннан және одақтас республикалардан қатысқан қазақтардың нақты саны анықталды ма?
– Қазақстаннан және басқа республикалардан қатысқан қазақтар саны толық анықталды деп айта алмаймыз, өйткені, соғысқа қатысты статистикалық жинақтарда көбінесе мәліметтер ұлттар бойынша емес, республикалар бойынша беріледі. Жалпы алғанда соғысқа қатысқандар саны туралы мәлімет те әртүрлі, қазір 1 196 мың немесе 1 366 мың қазақстандық майданға шақырылды, олардың 610-630 мыңы соғыстан оралмады деген мәлімет жиі кездеседі. Бұл құрғақ санның ар жағында қанша адамның ауыр тағдыры тұр. Генерал-полковник Г.Ф.Кривошеевтің жетекшілігімен құрастырылған статистикалық жинақта да соғысқа қатысқандар мен қаза тапқандар туралы мәліметтер ұлттар бойынша берілмеген. Бұл жинақта ұлттар бойынша берілген екі ғана мәлімет бар: 1941–1945 жылдардағы алапат шайқастарда 125 500 қазақ қаза тапты; тұтқыннан 23 143 қазақ қайтып келді. Егер сол қаза тапқандар санына хабарсыз кеткендерді және фашистік тұтқында қаза болғандарды қоссаңыз, ол бірнеше есеге көбеюі мүмкін. Сондай-ақ, осы сандық мәліметтердің барлығында 1939 жылдың қыркүйегіндегі Польшамен соғысқа, 1939–1940 жылдардағы Финляндиямен болған 105 күндік соғысқа қатысқандар және қаза тапқандар енгізілмегенін де ескерейік.
– Соңғы жылдары Кеңес Одағына оқуға келіп, кейін өздері сұранып соғысқа қатысқан Қытай қазақтары туралы да бірқатар мәлімет жарық көре бастады. Өз тарапыңыздан алып-қосарыңыз бар ма?
– Мұндай мәліметтер негізінен ғаламторда беріліп жүр, ал, ғылыми деректерде кездеспейді. Жалпы ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарында КСРО Шыңжаң өлкесіне айрықша мән бергені және тығыз қарым-қатынас жасағаны белгілі. 1934 жылы Кеңес өкіметі Шыңжаң жастарын Кеңес Одағында оқыту туралы шешім қабылдады, осыдан кейін Қазақстанның, Өзбекстанның және Сібірдің бірқатар қалаларында Шыңжаңда тұратын әртүрлі халық өкілдері оқыды. 1940 жылға қарай жалпы алғанда Шыңжаң өлкесінен келген 30 мыңнан астам адам білім алды, олардың ішінде сол өлкеде тұратын бардық халық өкілі болды. 1934–1937
жылдар аралығында Алматыда, Шымкентте және Ташкентте Шыңжаңнан келген 586 студент медицина, ауыл
шаруашылығы, педагогика, мемлекеттік басқару салалары бойынша білім алған. Олардың ұлттық құрамы туралы мәлімет мардымсыз, тек 1934 жылы келген 106 студенттің қатарында 2 ғана қазақ болғаны белгілі. Әрине, бұл мәселе бойынша Мәскеудің архивтерінен мәліметтер табуға болады. Бірақ, олардың соғысқа өз еркімен кетуі туралы мәселеге сену қиын, өйткені, Кеңес Одағының мемлекеттік әскері қатарында шетел азаматының қызмет етуі үшін ол КСРО азаматтығын алуға тиісті еді. Сондықтан, Шыңжаңнан оқуға келген
қазақтар Кеңес Одағының мемлекеттік әскері қатарына өз тілегімен де бара алмайды. Әрине, барлау мекемелеріне, партизандық күреске шетелдіктерді пайдаланды, бірақ ол ресми түрде мемлекеттік әскер қатарында соғысқа қатысу болып саналмайды. Шыңжаң қазақтары 1945 жылы Квантун әскерін талқандауға Қытай әскерінің құрамында қатысуы әбден мүмкін.
 Соғыс кезінде тұтқынға түскен және ауру-сырқау мен ондағы азаптаулардан түрмеде қайтыс болғандар, кейін елге аман қайтқандар мен шетелде қалып қойғандардың санына қатысты деректерді бір ізге түсіру қалай жүріп жатыр?
– Соғыс тұтқындары туралы мәселемен айналысқаныма 30 жылдай болып қалыпты. Германияның архивтерінде бірнеше рет зерттеу-ізденіс жұмыстарын жүргіздім. Сол деректерге негізделген монографиялық зерттеуім 2009 жылы басылып шықты. Онда соғыс тұтқындарының халықаралық-құқықтық статусы, кеңес және неміс тұтқындарының саны, қазасы, ауруы, халықаралық ұйымдардың көмегі сияқты ауқымды мәселелер зерттелген. Қазірге дейін кеңестік соғыс тұтқындарының жалпы саны толық анықталды деп айта алмаймын. Бұрынғы кеңестік елдер соғыс тұтқыны туралы мәселеде үнемі неміс зерттеушісі Х.Штрайттың орыс тіліне аударылған еңбегіндегі мәліметтерге сүйенеді. Онда кеңес тұтқындарының жалпы саны, қаза тапқандар туралы, тағы басқа мәліметтер баршылық және бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасалған. Алайда, неміс зерттеушілерінің еңбектерінде, неміс және кеңес ресми құжаттарында кеңестік соғыс тұтқындарының жалпы саны туралы әртүрлі мәлімет беріледі: Х.Штрайттың монографиясында – 5 734 528, Й.Хоффманның зерттеуінде –5, 24 миллион, Вермахт тұтқындар бөлімі дайындаған анықтамалық құжатта 1944 жылғы кеңес тұтқындарының саны – 5 165 381 деп көрсетілген. КСРО қорғаныс министрлігінің 1988 жылы құрған комиссиясының анықтамасында 1941–1945 жылдары тұтқынға түскендер және хабарсыз кеткендер саны 4,559 млн деген мәлімет берілген. Соғыс кезінде кеңес жауынгерлерін фин және румын әскерлері де тұтқындады. 1941–1944 жылдары 64 188 кеңес соғыс тұтқыны Финляндияда болды, оның 10 016-сы қаза тапты, Румынияда болған 82 090 кеңес тұтқынының 5221-і қаза тапты. Қазақстандық тұтқындардың тағдырын анықтау және біртұтас электрондық база құру мәселесін ҚР Президенттік Архиві көтерген болатын. Архивте «Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әскери тұтқындары. Республикалық деректер базасы» тақырыбымен жоба жасалып, сайт ашылған және осы мәселемен айналысатын, мәліметтер жинауға көмектесетін ғылыми кеңес құрылған еді. Осы жоба бойынша тұтқындарға қатысты
бірталай мәліметтер жиналды, ашық неміс сайттары мен зерттеулер бойынша қазақстандық тұтқындардың тізімі жасалды. Алайда бұл тізім әлі толық емес, өйткені, қазақстандық тұтқындар тағдырын анықтау үшін Германияның архивтерінде жұмыс істеу керек.
– Зерттеу жасауға не кедергі?.
– 2017 жылы қазақстандық соғыс тұтқындарының тағдырын зерттеу тақырыбына арналған ғылыми жоба жасап, 3 жыл сайын өткізілетін жобалар сайысына берген едік, оған ақша бөлінбеді. Егер қаржы бөлінсе, Германияның архивтеріндегі құжаттарды зерттемекші болғанбыз, бұл қазақстандық соғыс тұтқындарының тізімін толықтыра түсуге, мәліметтер базасын жасауға мүмкіндік берген болар еді. Қазақстандық соғыс тұтқындарына қатысты кезек күттірмей шешуді талап ететін бір мәселе бар. Оны түсіну үшін соғыс тұтқындарының елге қайтқаннан кейінгі тағдырына көз салайық. 1941 жылы 16 тамызда КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитеті тұтқынға түскен кеңес жауынгерлерінің отбасылары мен туыстарын қуғындау туралы
№270 бұйрықты шығарды. Осылайша кеңестік әскери тұтқындар ұзақ жылдар бойы қоғамдық санада «сатқындар», «опасыздар», «халық жаулары» деген түсінікпен теңестірілді. Елге қайтқан соғыс тұтқындарын жинақтап, тексеру үшін 127 лагерь және 57 жинақтауіріктеу пункттері құрылды. Осы жерлерге жинақталған соғыс тұтқындары тексеруден өткізіліп, біреулері НКВД қарамағындағы арнайы лагерьлерге, екіншілері соғыста қираған аудандарды қалпына келтіруге жіберілді, үшіншілері туған жерлеріне қайтты. Арнайы лагерьлерге жіберілгендердің басым бөлігі сотталып, Сібірге, Карлагқа, тағы басқа лагерьлерге ұзақ жылдарға айдалып кетті. Туған жеріне оралғандарға төлқұжаттың орнына арнайы куәлік берілді және басқа облыс, аудандарға шығуға тыйым салынды. Соғыста қаны мен жанын беріп, аямай алысқан, бірақ қапияда қолға түсіп қалған арыстай азаматтардың бетіне шіркеу түсті. Олардың ақ-қарасын айырып, арына түскен таңбадан арылуына жол берілген жоқ, осылайша қаншама адамның отанына сіңірген еңбегі ескерілмей қалды. 1948 жылы 21 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Аса қауіпті мемлекеттік қылмыскерлерді жазасын өтеу үшін КСРО-ның қашық өңірлеріне жер аудару туралы» Жарлығы шықты. «Аса қауіпті мемлекеттік қылмыскерлер» қатарына бұрынғы әскери тұтқындар да жатқызылды. Осылайша 1948–1949 жылдары қайта оралғандарға қарсы қуғынның екінші толқыны басталды. 1955 жылы 17 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезеңінде басқыншылармен ынтымақтасқан кеңес азаматтарына кешірім жасау туралы» Жарлығы шықты. Осы Жарлық бойынша бұрынғы
соғыс тұтқындары кеңестік лагерьлерден босап шықты. Алайда «кешірім жасау» (амнистия) ақтау емес, демек бұл жарлық фашистік тұтқында азап көріп, елге қайтқан соң тағы да «сатқын» атауымен лагерьде отырған кеңес жауынгерлерін тағы да қорлау болған еді, сондай-ақ, «басқыншылармен ынтымақтасқан» деген сипаттаманың өзі соғыс тұтқындарының барлық категорияларына тән емес екенін де ескеру керек. КСРО ыдырап кеткен соң Ресейде саяси қайраткерлер мен ғалымдардың бастамасымен әскери тұтқындар туралы мәселе қайта қаралды. РФ Президенті 1995 жылы 24 қаңтарда «Ұлы Отан соғысы кезеңінде және соғыстан кейінгі кезеңде елге оралған бұрынғы әскери тұтқындардың және бейбіт адамдардың – Ресей азаматтарының заңды құқығын қалпына келтіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал, қазақстандық соғыс тұтқындары әлі заң жүзінде ақталған жоқ. Бұл мәселені біз соңғы 15-20 жыл бойы айтып жүрміз. Қазақстандық
соғыс тұтқындарының заңды құқығын қалпына келтіріп, «сатқын» деген айыптан арылтып, соғыс ардагерлері қатарына қосатын уақыт жетті.
– Екінші дүниежүзілік соғыс туралы сөз болған кезде Түркістан легионына және Мұстафа Шоқайға соқпай кету мүмкін емес. Кейде тарихшылар арасында Мұстафаның фашистік Германия басшылығымен Түркістанды азат ету идеясына қатысты қарым-қатысы туралы пікір қайшылығы боп қалады. Бұл мәселеге сіздің жеке көзқарасыңыз қандай?
– Кеңес соғыс тұтқынының тағдыры тек фашистік лагерьде азап көрумен және қырылумен ғана шектелмейді, ол міндетті түрде сталиндік жазалау мәселесіне және Түркістан легионы туралы мәселеге де қатысты. Кеңестік тарихнамада Мұстафа Шоқайдың тұтқын лагерьлерін аралауын тілге тиек қылып, оны легионды құрушы ретінде қарады. 1941 жылдың жазында тұтқын лагерьлерін аралау, тұтқындардың санын анықтау және олардың көңіл-күйін бағдарлау мақсатымен құрылған 25 комиссияның құрамындағы 600-ге жуық адамның ішінде барлық кеңес халықтарының өкілдері – саяси эмигранттар болды. П.ф.ц.Мюлен: «Лагерьлерді аралаған фон Менде басқарған алғашқы комиссияға гауптман А.Майер-Мадермен бірге Каюм да кірді. 1941 жылдың күзінде комиссияға қосылу үшін Парижден Мұстафа Шоқайоғлы келді», – деп жазады. Бірақ Шоқай Германияға өз еркімен келмеген, оны Парижден Шығыс министрлігінің талабымен алып келген. Мария Шоқайдың естеліктерінен Мұстафа Шоқайды нацистер Францияда 1941 жылдың 22 маусымында тұтқынға алғанын, кейінірек босатқанын, ал, тамыз айының басында әскери адамдар келіп, Берлинге алып
кеткенін білеміз. Вермахт Жоғарғы Қолбасшылығының 1941 жылы 20 қарашада Сыртқы істер министрлігіне
жіберген хатында да комиссиялардың лагерьлерді аралауы тамыз айында басталғаны көрсетілген. Мария Шоқайдың естеліктерінде Мұстафа Шоқайдың лагерьдегі түркістандық тұтқындардың ауыр жағдайына ашық наразылық білдіріп, неміс әкімшілік орындарына хат жазғаны, оны тиісті орындарға тапсыру үшін В.Каюмге
бергені, Мұстафа Шоқай қайтыс болғанда Берлинге келген Мария Шоқайға Каюм осы хаттың көшірмесін бергені туралы айтылады. П.ф.ц.Мюленнің бұл пікірі У.Каюммен жеке кездесіп, сұхбат алуының нәтижесінде туған болуы мүмкін.
Шығыс министрлігі түркістандықтар ішіндегі ірі тұлға Мұстафа Шоқайды түркі тектес тұтқындардың арасында
жүргізілетін үгіт-насихат жұмысында пайдалану үшін алып келді, алайда Шоқайдың лагерьлерді аралаған кездегі көңіл-күйі бұл мақсатқа сай келмей қалды. Сондықтан да болар, фашистер Мұстафа Шоқайға күдікпен қарап, оның өмірбаянын қайта тексерген сияқты. Мұстафа Шоқайдың қазасы туралы анықтаманы мазмұнын келісу үшін Сыртқы істер министрлігіне жіберген. Министрліктің VII саяси бөлімінің қызметкері Швербель анықтаманың Шоқайды «Түркістан ұлттық комитетінің жетекшісі және алғашқы Түркістан ұлттық үкіметінің бұрынғы басшысы» деген жолдарына күдік білдіріп: «Жалпы алғанда, Шоқайоғлы бүкіл Түркістан үкіметінің емес, жеке Қоқан ұлттық үкіметінің жетекшілерінің бірі болған. Ал, ол жетекшісі болды деп аталған «Түркістан ұлттық комитеті» бұл жерде аса белгілі емес. Берлинде одан басқа жалғыз түркістандық Вели Каюм бар, анықтамаға да сол қол қойыпты, ал, оны Түркияда тұратын түркістандықтардың көпшілігі білмейді»,– деп жазған. Құжаттағы «Түркістан ұлттық комитеті бұл жерде аса белгілі емес» деген сөздер аталған ұйымның фашистерге жағымды ұйымдар қатарында болмағанын көрсетеді. Түркістан ұлттық комитеті кейіннен, легиондар құрылған соң және басшылығына В.Каюм келген соң ғана нацистермен ымыраласқан болуы керек. Германияның архивтеріндегі Түркістан легионының құрылуына қатысты 1941–1942 жылғы бұйрықтар, есепті баяндамалар, анықтамалықтар, т.б. мұрағаттық құжаттарда М.Шоқай есімі мүлде аталмайды, ал 1943–1945 жылғы құжаттарда ол Түркістан ұлттық бірлестігінің бұрынғы жетекшісі ретінде ғана аталған. Тұтқындардан ерікті әскер бөлімдерін құру сияқты маңызды мәселені фашистерге өте сенімді адамдар ғана көтере алатын еді. Ал, Парижде тұрған, Берлинге немістер өздері алып келген адам осындай ұсыныс жасай ала ма? Жоғарыда аталған Ә.Ыдырыстың сипаттамасына қарасақ, Германияның қауіпсіздік мекемелерінде М.Шоқай
туралы «сенімсіз эмигрант» деген пікір қалыптасқан сияқты. Сондай-ақ, егер Ресей архивтерінде Шоқайды айыптайтын құжат бар болса, ол неге осы уақытқа дейін жарияланған жоқ? Германияның архивінен КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ГДР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігіне Татар эмигранттары туралы материал жинауды тапсырған хатын көрдім, ал Шоқайға байланысты мұндай тапсырыс берілмеген. Сондықтан, Мұстафа Шоқайды Түркістан легионын құрушы ретінде қарау шындыққа сәйкес келмейді.
– 1941–1945 жылдардағы соғыс тарихи оқулықтарда әлі күнге дейін Отан соғысы деп жазылып, оқытылып жүр. Оны Екінші дүниежүзілік соғыстан бөліп қарастыру қаншалықты дұрыс?
– Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Германияның Польшаға шабуылынан басталып,
1945 жылдың 2 қыркүйегінде Жапонияның талқандалуымен аяқталды. Ұлы Отан соғысы деп кеңестік тарихнамада осы екінші дүниежүзілік соғыстың 1941 жылдың 22 маусымында Германияның Кеңес Одағына шабуыл жасауынан басталып, 1945 жылдың 9 мамырында Германияның сөзсіз тізе бүгуімен аяқталатын бір кезеңін айтады. Ұлы Отан соғысын екінші дүниежүзілік соғыстан бөліп алу, біріншіден, кеңес кезіндегі Кеңес Одағы тек қана әділетті соғыс, Отан қорғау соғысын ғана жүргізді деген идеологиядан туған. Екіншіден, Кеңес Одағының 1939 жылғы 17 қыркүйектегі Польшаға, 30 қарашадағы Финляндияға шабуылын соғыс ретінде емес, елдің қорғанысын күшейту шаралары ретінде көрсетуге тырысуымен байланысты. Егер Польша мен Финляндияға шабуыл 1939 жылдың 23 тамызындағы кеңес-герман келісімінің құпия хаттамаларында көрсетілген шарттарды орындау екенін ескерсек, Кеңес Одағының екінші дүниежүзілік соғысқа кірісуі 1939 жылдың 17 қыркүйегінде басталғанын мойындар едік те, бүкіл әлемнің барлық халықтарына ауыртпалық пен қайғы-қасірет әкелген бұл алапат соғысты Екінші дүниежүзілік соғыс деп атап, Ұлы отан соғысы деген терминді ғылыми термин ретінде емес, тек моральдық-адамшылық тұрғыдан ғана қарар едік. 2003 жылы шыққан шетелдер тарихына арналған оқулығымызда біз бұл соғысты «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп бердік және соғыс кезіндегі кеңес-герман майданындағы сұрапыл шайқастармен қоса Атлантикадағы, Тынық мұхитындағы, Африкадағы, тағы басқа аймақтардағы шайқастарды да сипаттадық. Бұл бұрынғы кеңестік елдердің біреуінде сынға ұшырады, бірақ өз еліміздегі ұстаздар мен оқырман оқулығымызды жақсы ниетпен қабылдады. Кейбір ардагерлер 1939 жылғы кеңес-финн соғысына да, кеңес-герман соғысына да қатысқан. Сонда олардың 3 ай бойы Жер шарының солтүстігіндегі елде қақап тұрған суықта, қалың қар, көк мұзда шайқасқаны есептелмей ме? Кеңес-финн соғысында кеңес әскері жағынан 65 384 адам қаза тапты, 19 610 адам хабарсыз кетті, 186 584 адам жараланды және 1 892 адам үсікке шалынды, оларды еске алмаймыз ба? «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген атау соғыс ардагерлерінің есімін есте қалдыру үшін де керек, өйткені, кеңес-финн соғысында қаза тапқандар да соғыс ардагері саналуы керек қой.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Пікірлер