Мамандар Қазақстанның жастары арасында ішектің қауіпті ауруларының көбеюін атап өтуде

2231
Adyrna.kz Telegram

Бүгін дүниежүзілік  ішектің қабыну ауруларына (ІҚА) қарсы күрес күні. Қазіргі уақытта әлемде кемінде бес миллион адам осы кеселдерден зардап шегеді.  Қазақстандық мамандар соңғы жылдары еліміздің әлеуметтік және экономикалық белсенді халқы арасында ІҚА-ның  артып келе жатқанын айтуда.

2019 жылғы эпидемиологиялық зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстанда Крон ауруының таралуы 100 мың тұрғынға шаққанда 35,8 жағдайды, ойық жаралы колит – 100 мың тұрғынға шаққанда 91,5 жағдайды құрайды. Алайда, бұл статистика толық емес, себебі көптеген пациенттер аталмыш аурулар бойынша мамандарға қаралмайды. Тиісінше адамдар медициналық көмекке жиі тым кеш келеді, ал бұл жағдайда хирургиялық араласудың қажеттілігі туындайды.

– ІҚА көбінесе жас адамдарда, белсенді, еңбекке қабілетті халық өкілдерінде табылады: сырқаттанғандардың орташа жасы – 30 жас, пациенттердің үштен бір бөлігі мүгедектігі бар (20-34% жағдай), ал олардың арасында өлім-жітім жалпы халыққа қарағанда 40%-ға жоғары. Мамандарға кеш жүгіну, мүгедектікке және өлімге әкеп соқтыратын созылмалы ағым, жиі асқынулар, жас, әлеуметтік және экономикалық белсенді халық арасында кең таралудың жоғары деңгейі ІҚА-ны әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына енгізеді, - деп атап өтті Ішектің қабыну аурулары бар тұлғаларды қолдау және көмек көрсету қоғамдық қорының төрағасы Ербол Әміржанов.

Бұл кесел ерлер мен әйелдерге бірдей әсер етеді, әсіресе оған 20-30 жастағы жастар бейім. Ауру адамның қоғамдағы өмірін қиындатады: жеке өмірі мен отбасылық қарым-қатынастарда қиындықтар туғызады, оқу мен мансапты дамытуға кедергі жасайды. Бұл пациенттің эмоционалдық жағдайына өз ықпалын тигізетіні түсінікті. ІҚА созылымдары өмір сүру сапасын айтарлықтай нашарлата ұзаққа жалғасып, қажытуы мүмкін, сонымен қатар өмір үшін қауіпті асқынулар да жиі орын алады.

ІҚА бар тұлғаларды қолдау және көмек көрсету қоғамдық қорында уақытында медициналық көмекке жүгінбеуден туындайтын қауіп туралы пациенттердің жеткіліксіз хабардар болуы проблемасын шешудің жолы ақпараттық іс-шараларды жүйелі түрде өткізу, қолжетімді тегін көмектің көлемі туралы ақпараттандыру, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді кеңейту арқылы мүмкін екендігі атап өтілді.

- Крон ауруы мен ойық жаралы колит өмір бойына жалғасатын ауруларға жататынына қарамастан, уақтылы дұрыс диагностика мен сауатты емдеу кезінде тұрақты ремиссияға қол жеткізуге және кеселдің ауыр түріне көшуінен құтылуға болады – ІҚА-мен адамдар толыққанды өмір сүре алады, еңбекке қабілеттілікті сақтай алады, нәтижесінде қатерлі операцияларды қажет етпейді. Бүгінгі таңда Қазақстанда ең ерте сатыда ішектің қабыну ауруларын анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық процедуралардың кең спектрі бар. Бұдан басқа, әлемдік фармацевтикалық индустрия үнемі жаңа, неғұрлым тиімді дәрі-дәрмектерді өндіреді, ал Қазақстанда жыл сайын осы препараттармен қамтамасыз ету жақсарып келеді, - деді Ербол Әміржанов.

Ішектің қабыну аурулары бар тұлғаларды қолдау және көмек көрсету қоғамдық қорында хабарлағандай, 2010 жылдан бастап, ІҚА-нан зардап шегетін қазақстандық пациенттерге биологиялық терапия қол жетімді, нәтижесінде оперативтік араласу санын айтарлықтай төмендетуге және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға жол ашылды. Ал 2013 жылдан бастап заманауи қымбат биологиялық терапияны қоса алғанда, ІҚА бар пациенттерді емдеуді мемлекет өтейді. Дегенмен, бүгінгі күні ІҚА-нан зардап шегетін пациенттердің тек 2%-ы ғана биологиялық терапияны алады, ал ЭЫДҰ елдерінде (дамыған елдердің Халықаралық экономикалық ұйымы) бұл көрсеткіш 15-30% шегінде ауытқиды.

Дүниежүзілік ішектің қабыну ауруларына қарсы күрес күнінің символы – күлгін лента. Әлемнің көптеген елдерінде бұл күні түрлі білім беру және ағарту іс-шаралары өткізіледі, сондай-ақ, белгілі сәулет ғимараттары күлгін түспен жарықтандырылады. Осылайша ІҚА-мен ауыратын адамдарға қолдау мен жанашырлық білдіріледі.

Пікірлер