АЛМАС СЕРІКҰЛЫ: Депутаттықтан тренерлігі артық еді

802

Кешелі бері Қазақ елі қиналып, қаралы болып отырғанда, саясат сахнасына шығам деген ағамыздың траги комедия қойғаны өте орынсыз болды. Жалпы, мұндай хайпты ойнату мен жіберудің орны болады. "Ойын білмеген бала... "дейді қазақ. Тіпті болмай бара жатса  ертең қойса да ештеңе етпес еді... Әрине, қазаққа өз ұлдарынан артық ешкім жоқ.
Жұртымыз Бейсен Құранбек ағаның қазасына қабырғасы қайысып отырғанда, мына жақтан "мені белгісіз біреу ұстап кетті" деп дүрліктіру, ізін ала "бұл жәй қойылым еді "дегені онша ұтымды болмады. Оны енді өздері білер. Маған еш ұнаған жоқ.

Халықпен саясат сахнасына шықпай тұрып ойнаған адам – межелі жерге барғаннан кейін одан да сорақы ойын көрсете алады. Зеленский президент әккі актер еді, сол актерлығы оны биікке көтерді. Ол қазір сахнада ойнамаса да, халқына керек адамдардан команда құрып, өз алдына жұмыс істеп жатыр. Украйнаға бақыт әкелсін.

Кешегі қойылымнан бір күн бұрын тікелей эфирге шығып, өзі сияқты оппозициямыз дегендерден арандатушылыққа тап болды. Мен ол сұхбаттан жаңа үміткердің саясатқа әкелген бағдарламасын сұрай ма, осы бүгінгі күнгі батып бара жатқан батпақтан қалай шығамыз деген орынды сауалдар күткем. Сөйтсем, қазақтың қазіргі батпаққа кетіп бара жатқан жүгін олар суға тартқандай әсер қалдырды.

Ахмет ағанікі тек амбиция сияқты көрінді. Ағамыздың осы уақытқа дейін көтерген жұмысының ең табысты да, елге пайдалысы да – бизнес тренерлігі болды. Сол істі әрі дамыта беру керек-ау. Аймақтардағы 20 филиал, парламенттен тиетін 20 депутаттық мандаттан артық болар еді.

Бүкіл қазаққа үй алып беруге жағдай жасаймын дегені маған утопия, мираж болып көрінеді. Өйткені, үй алмай-ақ, сол қаржыны бизнеске салып, американдықтарша, еуропалықтарша өмір сүрем деген жастар бар.
Сонымен қатар, түбінде үй аласың ғой. Бастысы еңбегіңе қарай ақысы, тапқаныңа қарай құны болса, қайырлысы сол.

Мені тағы бір ойландыратын мәселе - билікке кегі кеткен, бизнесін тартып алған, билігі барлар бизнесімді алып қойды дегендер осы күні, халыққа үгіт айтып, алаңға шақырып, партия құруға, жастармен етене жақын болуға тырысып жатыр. Мұхтар Әблязов, Марғұлан Сейсембай, Ахметбек Нұрсила ағаларымызға кезінде әумесерлердің қолымен бизесін тартып алғаны жайлы жиі ашық айтыла бастады.
Ойым дұрыс емес шығар, келіспесеңіз де болады. Бірақ, қолға тізгін тиген күні бұл ешқандай халықтікі не мемлекеттікі емес, менің маңдай терім деп, есебін түгендеуі үшін тірлік қылуы мүмкін. Адам идеал болмайды, бірі болмаса бірінен сол шығарын сеземін. Ал кешегі ДВК-данмын деген оппозиционердің қазіргі билікке іліністіріп отырған сұрақтары ол кісілердің іштарлығын көрсетеді.
Ақаң маған 30% жетеді деп турасын айтты. Ар жағындағы 70%-дың ДВК қалағанын алса болады. Оларға да 30-40 % жетер. Қалған партиялар бар. Бірін-бірі шалып, әлі бармаған партияны бір-бірінен қызғануы, ДВК-да еместің бәрін "Нұрботсың" деп айыптау – еш ұшпаққа шығармайды.
Осы жазба үшін мен де Нұрбот болуым мүмкін. Олар туралы бір ауыз мақтау жазбасам да! Оппозицияшыл болсаң, ашық пікір мен сынды көтере алуың керек. Көтере алмасаң саған дейінгілерден айырмашылығың жоқ.

Жоғарыда аталған кісілермен жеке қысастығым, болмаса араздығым жоқ. Бірақ елдің болашағы үшін жүрміз дейтін ағалардың  бәріне айтатыным осы.

Алмас Серікұлы

Пікірлер
Редакция таңдауы