Тоқаев: Одақтың о бастағы шешіміне қайшы келеді

4637
Adyrna.kz Telegram

Кеше Еуразиялық экономикалық интеграцияны одан әрі дамыту стратегиясын талқылаған жиын өтті. Одаққа мүше мемлекет басшылары оны онлайн өткізіп, «2025 жылға дейінгі ЕАЭО-ның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжатты ақылдасты.

Мемлекет басшысы Одаққа мүше елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың көпқырлы екенін атап өтіп, оның экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық қатынастарды қамтитынын жеткізді.

" Сондықтан аталған мәселелерді бесжақты форматта Еуразиялық экономикалық комиссияны қатыстыра отырып қарастыру, оның нақты іске асуын қиындатады. Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне толық көлемде беру, оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін. Яғни, 2015 жылғы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді," – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ құжатта еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретін кеңейту туралы жазылғанын, оларға қосымша пәрмен берілетінін тілге тиек етіп, оған күмәнмен қарайтынын, тіпті келіспейтінін айтты.

"Шынына келгенде, мұның бәрі іс жүзінде қалай жүзеге асатынын елестету қиын. Екіжақты келіссөздерге комиссия өкілінің қатысуы қалай болмақ?! Қызметтерді саудалау саласында инвестициялар  ұлттық құзіреттілікке жатады. Себебі ол басқа елдердің мүдделеріне қайшы келмейді. Тиісінше, бұл жұмысқа комиссияның адами және қаржылық ресурстарын тарту, ашығын айтқанда, бізге түсініксіз", - деді ол.

Тараптар күзде Минск қаласында бас қосытын болып келісті. Тоқаевтың ұсынысымен интеграцияны дамытудың жоспары сол жерде бетпе-бет отырып талқыланатын болды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер