Жергілікті жердегі баспасөз билігі кімдердің қолында?

3998
Adyrna.kz Telegram
Қазақстанның Ресеймен шектесетін облыстарында жергілікті ішкі саясат және ұлттық идеология мәселесімен «бесінші колоннаның» өкілдері айналысуда. Қазіргі әлемдегі шиеленіскен геосаяси жағдайда шекаралас аймақтарға қатысты ішкі саясатты басқа ұлт адамдарының қолына беру – мемлекетті үлкен қатерге тап қылуы әбден ықтимал. Бұған төменде жарияланып отырған мақаланың мазмұны көз жеткізсе керек.
Қазақтан басқа ұлт өкілдері, әсіресе орыстар жиі қоныстанған, Ресеймен шекаралас Шығыс Қазақстан облысының идеологиялық және ішкі саясат мәселесіне Игорь Завгородний (фото) деген шетелдік азамат (бір деректер бойынша Украинадан келген) «көзге көрінбей» жетекшілік етуде. Оның облыс әкімі Даниал Ахметовтің идеология саласы бойынша жұмысына «астыртын» әсер етіп отырғаны соңғы кездері айқын байқала бастады.
Негізінде, бұдан бірнеше жыл бұрын ШҚО мәслихаттарының соңғы сайлауы кезінде шетелден «ПиАр-менеджер» ретінде келген Завгородний мырза кейіннен еліне қайтпай, Қазақстанда қалып қойған. Ал облыс әкімі Даниал Ахметовке бұл маманның қандай қажеттілігі ұнап қалғаны беймағлұм. Бүгінде ол облыс әкімінің кеңесшісі. Ақпарат саласындағы барлық кадрлық тағайындаулар мен жергілікті медиа-салаға бөлінетін бюджеттік қаржыға бүгінде Завгородний иелік етеді.
Әлбетте, өзінің белгісіз ептілігімен облыс әкіміне жаққан шетелдік маман жергілікті ұлттық баспасөзді алаламай, қалыптасқан мемлекеттік жүйеде қызмет қылса, сөз басқа. Бірақ жергілікті медиа-жетекшілердің пікіріне қарағанда, ол орыс басылымдарына басымдылық беріп, қазақ тілінде шығатын газеттер мен ұлттық интернет-сайттарға «ала қойды бөлек қырқу» әдісімен қарайтын көрінеді.
Мәселен, қазақ басылымдарына қарсылығын ашық көрсетіп жүрген бұл «шетелдік маман» облыстық «Дидар» газетін жабу жайлы ұсынысын соңғы жылдары ашық айтып, осы жолда әртүрлі амалдар жасауда. Осыдан бірер жыл бұрын жергілікті қазақ журналистеріне қысым көрсетіп, облыс деңгейіндегі біраз айғай-шудың авторы атанған «Шығыс-ақпарат» серіктестігінің басшысы Ирина Якунинаны облыс әкімі осы кеңесшінің «кеңесімен» тағайындаған еді. Журналистер тарапынан туған наразылықтан кейін ақыры Якунинаны Ахметов орнынан алып тынған.
Көршілес елдің тарапынан империялық пиғыл қайтадан жандана бастаған кезде қазақ даласының бір пұшпағы – Шығыстың идеологиялық саласына шетелдік кірменің «астыртын» басшылық жасауына және ұлт кадрлары арасына іріткі салуы жергілікті ұлт қайраткерлері мен қазақ журналистері арасында алаңдаушылық тудыруда. Мәселен, облыс әкімі Даниал Ахметовтің жағымды имиджін қалыптастыру мақсатында облыс бюджетінен жарты миллиард теңге қаржы жұмсалатыны жақында анықталды (https://azattyq-ruhy.kz/…/536-danial-akhmetov-zhagymdy-imid…).
Бір таңданарлығы – жергілікті жер үшін орасан зор сома саналатын осы қаржы «астыртын адамның» қолынан өтетіні де белгілі болды. Сонымен бірге облыс әкімінің айтуымен бе, жоқ әлде өзінің бастамасы ма, Завгородний идеология құралы саналатын ақпарат құралдарын өз қолына ала бастады деген қауесет тарады.
Осыған орай біздің газеттің тілшісі тілдескен жергілікті бір басылымның редакторы: «Шетелдік азаматтың бұлай тайраңдауына кім рұқсат беріп отыр? Ертең қолындағы ақпарат құралдары арқылы қандай саясат жүргізбек? БАҚ-қа билік жасаудың соңы жікшілдік-сепараттық секемнің сөзіне айналмай ма?» деп, көңіліндегі күдігін ақтарып салды.
Сөз болып отырған тақырып оқырманға түсінікті болу үшін, мәселенің мынадай егжей-тегжейіне тоқталуға тура келеді. Өткен сәуір айының ортасында, коронавирусқа қатысты еліміздегі төтенше жағдай уақытында облыстағы «Дидар», «Рудный Алтай» және бірқатар аудандық газеттерді жарыққа шығарып отырған «Шығыс-ақпарат» ЖШС басқармасының төрағасы тағайындалды. Айтпақшы, басшының жыл сайын ауысуы бұл қазыналық серіктестік үшін соңғы кездері үйреншікті әдет болып қалды. Ең бастысы – кадр мәселесін ұжыммен ақылдасып жатқан басқару органы жоқ. Мұнда соңғы төрт жылда ғана төрт басшы ауысқанын еске алар болсақ, жергілікті идеологиялық жұмыстың шатқаяқтап тұрғанын жазбай тануға болады.
Ал кеңесшісінің «келісімімен» Даниал Ахметов тағайындаған бесінші басшы жергілікті журналистер қауымын шалқасынан түсірген сыңайлы. Әкімнің идеологиялық тірегі «Шығыс-ақпарат» серіктестігіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (КНБ) офицері Ерлан Смағұлов басшы болып тағайындалды. Атышулы «контордан» келгендіктен, оның бұрынғы қылған қызмет-мекендері де көмескі: біреулер оны ШҚО әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып келген десе, енді біреулер «ҚТЖ» ұлттық компаниясында аз уақыт қатардағы қызметкер болған дейді... Әскери келгеннен кейін, Семей мемлекеттік университетінде «инженер-механик» мамандығын, «Қайнар» университетінде «юриспруденция» мамандығын алып, 2017 жылы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының тыңдаушысы болған екен. Ұзақ жылдар Ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарған. Журналистика мен медиа-салаға үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын «маман».
Әлбетте, бұл қызметке Смағұлов облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ирина Смит (тағы да тегі дүдәмәл тұлға) ханымның бұйрығымен тағайындалды. Дұрыс-ақ делік. Бірақ БАҚ маркетингінен мүлде бейхабар, шығармашылық ұжым басқару тәжірибесінен жұрдай, «КНБ»-ның қатардағы қызметкеріне аймақтық басылымдар мен идеологиялық қару қандай себептермен сеніп тапсырылды? Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік билік органдарына ресми және бейресми тәуелді болуы журналистер қауымының еркін қанат сермеуіне, ақиқатты айтуына шектеу қойып отырғандығы жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Сөз бостандығына шектеу көп деп айқайлаймыз. Ал «контордан» келген мына тағайындауды журналистердің әр аяқ басқанын аңдытып, сөз бостандығына шектеу қою үшін жасалған әрекет демеске амал жоқ. Өйткені бұл қызметті «чекистке» сеніп тапсыратындай, басқа себеп көрініп тұрған жоқ...
Бұл тағайындауға себеп болған – Смитке сөзі өткен, ең бастысы әкімнің қолдауына қол жеткізген тағы да Игорь Завгородний дейді инсайдерлік ақпарат көздері. Облыс әкімінің қос бірдей басылымы – «Дидар» мен «Рудный Алтай» газеттерін басқару ісіне Ерлан Смағұловтың қандай қасиеттерге негізделіп тағайындалғаны таңданыс тудырғаны заңдылық. «Журналистік жазу қабілеті жоқ, медиа-менеджментті ұйымдастыру қабілеті қалтарыста қалған адамның облыстық басты серіктестікке басшы болуы әсіресе журналистер қауымы үшін тіптен түсініксіз», – дейді атын атамауды өтінген жергілікті журналист.
Сонымен, «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, құрамында облыстың қос бірдей басты газеті және бірнеше аудандық басылымдар бар «Шығыс-ақпарат» ЖШС журналистиканың жөн-жосығын білетін, екі тілде шығатын басылым қызметкерлеріне кәсіби бағыт-бағдар бере алатын маман емес, «механик-чекистке» неге таңдау жасалды? Бұл тағайындаудың астарында жергілікті идеологиялық саясатты ақсату арқылы «бесінші колоннаның» мүддесін күйттеу кеспірі жоқ па?
Бұл сұраққа әлеуметтік желінің жергілікті сегментінен тараған пікірлер әртүрлі баға береді. Мәселен, «Фейсбук» желісін пайдаланушы, облысқа танымал идеолог-маман Түсіпхан Түсіпбеков (Tusiphan Tusipbekov) былай дейді:
 «Бұл өзі қызық тағайындау болды. Байқау кеңесінің мүшесі ретінде айтарым, маған осы мəселе бойынша ешкім хабарласқан жоқ. Жалпы «Шығыс-ақпарат» медиахолдингіне кейінгі кезде басшы тұрақтамай кеткені рас. Якунинамен болған жағдайдан кейін Байқау кеңесі (наблюдательный совет) құрылып, кадрлық тағайындаулар Кеңестің келісімімен жүзеге асырылу керек болатын, бірақ осы жолы олай жасалмады. Не себеп болғаны түсініксіз. Ал басшылыққа журналистикадан алыс, еш хабары жоқ адамның тағайындалуы тіптен жұмбақ».
P.S. Осы жарияланым газет бетіне қатталып жатқан кезде Өскемен жақтан «Шығыс-ақпаратқа» байланысты қосымша дерек келді (қаз-қалпында): Украина азаматы облыс әкімінің идеологиялық мәселелер жөніндегі кеңесшілігіне келгеннен «Шығыс-ақпарат» ЖШС-ның есепшотынан ақшаны белгісіз фирмаларға, белгісіз мақсатқа аудару басталған. «Көзілдірік медиа» ЖШС-не үш айда 7 миллион 600 мың теңге көлемінде ақша аударылып отырған. Ал атауы алабөтен «Көзілдірік медиа» Қызылорда қаласында тіркелген деген дерек бар. «ИП Сериков» жеке кәсіпкерлігіне де ай сайын ақша аударылып отырған. Ақша аударған құжаттарында «іс-шаралар өткізуге арналған» деп жазылған. «Әлеуметтік желінің жұмыстарын жүргізеді» деген желеумен 116 млн теңге бөлек аударылған.
Әрине, біз бұл аударылымдардың ақ-қарасын анықтай алмаймыз. Бұл орайдағы міндетті мемлекеттік бақылау жүргізуші – ШҚО прокуратурасы атқарып, тиісті түрде жауап береді деген ойдамыз.
Cырым ДАТОВ,
«DAT». 21.05.2020.
Пікірлер