Миннеаполисте афроамерикалық өлімінен соң халық көтерілді

684

АҚШ-тың Миннесота штатындағы Миннеаполис қаласында үш күннен бері жергілікті тұрғындар көтеріліп жатыр. Олар қара нәсілді тұрғын Джордж Флойдтың өліміне полицияны кінәлап отыр.

46 жастағы Флойд 25 мамырда ауруханада көз жұмды. Бұның алдында оны полиция ұстаған. Интернетте тараған видеода қолына кісен салынған Флойд жерде жатыр, ал оның мойнын ақ түсті полиция қызметкері жерге қатты қысып ұстап тұр. Флойд ауа жетпей қалғанын бірнеше мәрте қайталаған. Оның нақты неден қайтыс болғаны әзірге белгісіз.

Флойдты ұстаған кезде онда қару болмаған. Полиция оны құжаттары жалған болуы мүмкін деген күдікпен ұстаған.

Флойдты ұстаған төрт полицей жұмыстан шығарылды. Істі Федералдық барлау бюросы жүргізіп жатыр. Полиция қызметкерлерін жазалауды Миннеаполис мэрі Джейкоб Фрей талап етті. Полиция әрекетін танымал қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер айыптады. Олардың арасында бұрынғы вице-президент, алдағы президент сайлауына түсуі мүмкін демократ Джо Байден де бар.

Қаладағы баскөтерулер 26 мамырда кешке басталған. Наразы топ полиция ғимаратының алдына жиналды. Кейбіреуі полиция қызметкерлеріне тас лақтырса, олар халыққа қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды.

Наразылық шерулері Құрама Штаттардың басқа да штаттарында өтіп жатыр.

АҚШ әділет министрлігі бейсенбі күні Джордж Флойд өлімін әділ тергеуге күш салатынын мәлімдеді.

centralasian

Пікірлер
Редакция таңдауы