АЙЫПҚАН МУХАМАДИЕВ: Елбасы  Қ.Тоқаев антына адал ма?

1294

Елді ерекше дүрбелеңге салған Президент сайлауының өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы болып ант бергеніне де міне бір жыл болыпты. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз таңдауын көрегендікпен жасап бабымен бағы сай келіп тұрған Қ. Тоқаевқа Президенттікті сыйлады. Осы уақыт қалай өтті, не істелді билік өзгергені елде байқалады ма?

Қасым-Жомарт Тоқаев мырза қызметiне кiрiсерде: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Президентінің өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», - деген сөзін орындап жүр ме деген сұрақ туындайды? Ал егер берген антын орындай алмаса бұл заңдарды білмегендіктен бе, әлде маңында әдейі кедергі келтірушілер бар ма деп топшылаймыз.

Қазақстанда Елбасы болу оңай емес, өте ауыр қызмет міндет. Қ. Тоқаевтың осыны біле тұра келісім беруі ол ел алдындағы зор жауапкершілікті сезіне алды ма деп ойлаймыз.

Олай дейтініміз қазіргі биліктегі шенеуніктер заңдылықты сақтай ма, мемлекет мүддесі, Отан алдыңдағы парызын біле ме, халықты ойлай ма деген сенімсіздік әр қазақтын уайым қайғысына, күдігіне айналды.

Мемлекет басшысы ретінде Қ. Тоқаевтың өзі де осы қысқа уақытта бірнеше рет билікті заңсыздыққа бұрып Конституцияның, басқа да нормативтік құқықтық актілердің бұзылуына жол берді. Осы болып жатқан құқық бұзушылықтарды көпшілік айтып та, жазып та жатыр егер «Ақ Ордада» түсініп ойланатын жеткізетін жан бар болса.

Соңғы жылдары байқағанымыз, Премьер-министр, министр, обыс әкімдері, жоғары сот мүшелері, бас прокуратураның, ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары, қорғаныс, денсаулық, ішкі істер, энергетика министрі, көптеген генералдар, елдің мүддесін қорғайды деген жүздеген жоғары лауазым иелерінің коррупциялық қылмыс жасап сотталып жатқаның жиі естіп көрудеміз.

Санасында түйсігі бар адамға бұл тек қана коррупция емес – Отанға жасалған опасыздық диверсия деп аталады. Түптеп келгенде бұл Қазақ мемлекетінің тамырына балта шабу, тізе бүктіру әрекеттері.

Бір масқарасы бұл азғындар мен сайқалдарды Президент лауазымдарына тағайындайды, кейін осы қылмыс жасап 5-10 жылға сотталғандарды рахымшылық жасап кешіріп тағы да Президент бостандыққа шығарады. Ал бұл әрекеттер қолданыстағы заңдарға сәйкес ұйымдасқан қылмыстың белгілері.

Біздің білгіміз келетіні «Нұр Отан» үкіметі арнайы осындай шенеуніктерді біле тұра қызметке алады ма, әлде олар лауазымға майлы жерге орналасқан соң сол ортада іріп-шіри ме?

Енді осындай масыл «мұра» түгелдей Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткенің көргенде, әр қазақтың көкейінде басты сұрақ туындайды - Президент коррупцияны біледі ме, онымен күресе ме, әлде осы қоғамның дертін қолдап отыр ма?

Олай дейтініміз Президент бола сала оның алғашқы тағайындаған облыс әкімі Қ. Искаков Арыс халқына деп жиналған қордың қаражатын теріс пайдаланды деп тергеу кезінде түрмеге қамалды. Үш бірдей орынбасары мемлекетке қаржылық зиян келтірді деген айыппен тергеліп түрмеге тоғытылса да министр Қ. Бозымбаев отставкаға кетудін орнына қызметі жоғарылап жарлықпен Президенттің көмекшісі болып, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» директорлар кеңесінің мүшесі етіп тағайындалды. Агенттіктің хабарламасы бойынша Iшкi iстер министрлiгi коррупция бойынша бірінші орында болса да Президентіміз еш шара қолданбады.

Сонда бұл қалай?  Қ. Тоқаевтың сөзі мен ісі бөлек болғаны ма? Неге осы келеңсіз абыройына нұқсан келтіретін істер бойынша елге түсіндірме бермеді.

Президенттің әрбір ресми мәлімдемелерін, сөйлеген сөздерін тыңдап сараптағанда байқағанымыз осы. Тоқаев мырза өз өкілеттігін біледі ме, Конституцияда бүкіл ел бекіткен құқықтар мен міндеттерін орындап жүр ме, әлде осы уақытқа дейін өзін Нұрсұлтан Назарбаевқа ең жоғары лауазымды тұлға еткеніне қарызбын-парызбын деп жүр ме деген ой келеді.

Бұлай дейтініміз, халық сайлаған Президент Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының төрағасын Елбасы деп өзінің өкілеттіктерімен жарлық шығарып бөлісуде (09.10.2019ж.,№184 жарлығы).

Президенттің өкілеттігі 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда бүкіл Қазақстан халқы қабылдаған Конституцияда бекітілгендіктен бұл нормаларды ешбір тұлғаның өзгертуге құқы жоқ. (Бұл заңсыздық жайлы толық жазғанмын газета «Деловая Неделя» 08.11.2019г, №39)

Бұл Ата заңға қиянат қалай басталды, зерделеп қарайық. Елбасы сөзі алғаш рет Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұғыш Президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2010 жылғы 14 маусымдағы № 289-IV Конституциялық Заңымен «Қазақстан «Республикасының Тұңғыш Президентіне» деген сөздерден кейін - «Елбасына» деген сөзбен ресми толықтырылды.

Дәл осы күні тағы бір Қазақстан Республикасының № 290-IV Заңы қабылданып, Елбасына қатысты қылмыстық жауапкершіліктер көрсетілді.

Басты сорақылық – осы заңдар Парламентпен қабылданғанмен де оның заңды күші жоқ, өйткені 2010 жылы бұл заңдарға Президент Н.  Назарбаев қол қоюдан бас тартқан болатын. Демек, сол жылдары Тұңғыш Президентіміз де өз еркімен биліктен кету ойлары болып, егер заңға қол қойса «қос билік» сандырағы басталатының сезіп бас тартты ма деп ойлаймыз.

Неге бұлай дегенімізді түсіндірейік. Аталған заңдардың 2 бабында: «Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» депті, ары қарай былай жазылыпты: «Осы Конституциялық заң Парламент Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың, Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Б.Мұхамеджановтың, Премьер-Министр К.Қ.Мәсімовтің қолдары қойылып тиянақталғандықтан, ол осы Конституциялық заңның құқықтық әдептілігін және оның заңдылығына аталған лауазымды тұлғалардың заңдық жауапкершілігін айғақтайды» делінген.

 Еліміздің Конституциясының 62 бабының 2 тармағында:  «Республиканың заңдары Республика Президентi қол қойғаннан кейiн күшiне енедi» деп бекітілген. Бұны ешбір лауазымды тұлғаның өзгертуге өкітеттігі жоқ. Заңды халыққа жария етуші де Президент болып табылады. Сол кезде Н. Назарбаев заңға қол қоймады жарияламады, демек өзгерістер заңды күшіне енбей қалды.

Осы заңдардың Конституцияға сай емес, керегі жоқ екенін кезінде з.ғ.д профессор З. Кенжалиев былай деп түсіндірді. «Конституцияда  40 баптың 1 тармағында «ел»,  «мемлекеттің басшысы» деген сөздер жазылған.  «Елбасы» сөзін арнайы қабылдаудың керегі жоқ, мына заңды орыс тілінде дайындағандықтан оны байқамаған. «Ел» бұл – «Мемлекет» сөзінің синонимы деді. Конституция - «Ел басшысы», «Ел басы», «Елбасы», «Мемлекет басшысы», «Президент» сөздерін синонимдер ретінде қатар қолдануға толық мүмкіндіктер береді. Кез келген біздің Елдің Президенті сайланғаннан кейін Конституцияға сәйкес бірден «Ел басшысы» немесе «Ел басы» - «Мемлекет басшысы» аталады» деді. Біз де Конституциялық құқығы кафедрасының меңгерушісі з.ғ.д профессор З. Кенжалиевпен толығымен келісіміз.

Енді біз осы «Елбасы»  ұғымы жайлы әдеби- тарихи сөздіктерді қарап мына ұғымдарды ұсынамыз:  «Қазақ әдеби тілінің сөздігі - 2007»  «ЕЛ – Отан, мемлекет, халық» дейді, «Ел басы - ел басқарушы, халыққа басшылық етуші». Келесі «Қазақ сөздігі біртомдық-2013» «ЕЛБАСЫ - мемлекет басшысы, президент». Осы сөздіктерде баспадан шығарғанда төраға деп з.ғ.д., профессор М. Құл-Мұхаммед көрсетілген, және де екеуінде де Президент Н. Назарбаевтың алғы сөзі берілген.

Демек, қорытындылай келе тұжырымдамамыз, қазіргі уақытта Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елбасы» аталуына «Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық» етуіне заңдық негіз жоқ, биліктегілер білместікпен тілге де, тарихқа да, мемлекетке де қиянат жасап отыр.

Енді билік тармақтарының Конституцияның талаптарын орындамауының Президент Қ. Тоқаевтың қызметіне кері әсерін қалай тигізіп жатқаның айтып өтейік.

Алғашқысы, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросының отырысы болса, екінші қарастыратынымыз – бұқаралық ақпарат құралдарында Елбасы Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың  төрағалығымен екі рет өткен Қауіпсіздік Кеңесінің  мәжілісінен берілген жаңалықтар. Осы екі маңызды жиналысты ресми жаңалықтардан, газеттерден қарап отырып байқағанымыз – еліміздің Президенті Қ. Тоқаевтың сол жерде бастаушы сөйлеуші емес, тек қана қатардағы тыңдаушы, көптің бірі болып отыруы. Бұл қалай? Сонда халық сайлаған мемлекеттің басшысын сыйламау ма, әлде мұқату ма?

Енді әрбіріне жеке-жеке тоқталайық. Жалпы Президент пен  «Nur Otan» партиясы арасында құқықтық байланыс, немесе басқа да қатынастар міндеттер бар ма? Біздің зерделеуіміз бойынша,   Қ. Тоқаевты бұл қоғамдық бірлестікпен тек қана былтырғы Президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсынуы ғана байланыстырады, және де бұл мемлекет басшысына партия алдында ешқандай қосымша жауапкершілік жүктемейді. Кезінде қолданыстағы Конституциямыздың   43 бабының 2 тармағында «Президент өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұрады» деп көрсетілген болатын, алайда 2007 жылы бұны заңмен алып тастағанмен іс жүзінде солай қалды.

Сонымен байқағанымыз, Президент Қ. Тоқаевтың «Nur Otan» партиясы алдында мүлдем заңдық міндеттемелері көрсетімеген. Ол еліміздің ең жоғары лауазымды тұлғасы болғандықтан осындай үкіметтік партияның жиналыстарына барған кезде міндетті түрде алғашқы болып сөз алып тапсырмалар беруі керек, немесе сол жерге бармай, Президент әкімшілігінің орынбасарларының біреуін жіберіп арнайы тапсырмаларын жолдаса жеткілікті.

Былтырғы Шымкенттегі халықтың  жазғы шеруі «Nur Otan» партиясының болашағы бұлыңғыр, қысқа болатынын меңзейді, сондықтан одан алыстай бергені жөн болар.

Аталған Қауіпсіздік Кеңесінінің отырысында да Президент тек қатардағы қатысушы болды. Тағы бір айта кететін түсініксіз жай, осы өткен кеңес мәжілісі бойынша ақпараттар Президенттің, Үкіметтің тіпті әкімдердің ресми сайттарында жұмыс кестелерінде жарияланбады. Демек, бұл оның заңсыздығының белгісі.

Қазір Ердің де Елдің де сыналар кезі келді. Жүріп жатқан вирус індеті, экономикалық дағдарыс халықтың жағдайын мүлдем нашарлатып жүдетіп жіберді. Осындай қиын шақта Президентіміз бірден шұғыл қимылға кірісті, алайда үкімет пен әкімдер қостай алды ма?

Президент 27 мамырда «Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия» құрды, алайда оның құрамына қарасақ, сол баяғы үкімет мүшелері еш жаңаша ойлау, көзқарас байқалмайды. Демек билік қоғамдағы, экономикадағы халықтың толғауларын түсінбейді және де анық дағдарыстан шығу жолын қарастырмаған ойластырмаған.

Қ. Тоқаев мырза төтенше жағдайға қатысты орыс  тіліндегі  мәлімдемесінде  Қазақстанның халықаралық резерві «90 миллиард долларға» жетті, бұл  қаражат экономикалық  тұрақтылықтың  негізі  болады  деп жұбату  айтты.

Мемлекеттік тілде «90 миллиард доллар» яғни, «300 миллиард тенге» айтылмады, бұны қалай түсінеміз? Көп қазақ естімеді, енді көпшілігі орысшасымен салыстырыруға аудармашы жалдап жүрген болар.

Өткенде мемлекет басшысы Қордайдағы дүрбелеңнен кейін дүнгендерге барып қазақ тілін үйреніндер деп ақыл айтып еді, алайда кейінгі өткізген жиындарында барлық қазақ жинала орысша баяндама жасады.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 27 мамырдағы отырысындағы сөйлеген сөзінің басым бөлігі тағы да орыс тілінде болды. Еліміздің Конституциясының 7 бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл - қазақ тілі» деп бүкіл халық бекіткеніне 25 жыл болса да, ұқпайтын орындамайтын лауазым иелеріне не айтуға болады.

Бұндай олқылықтарды тіл жайын  әдетте жазушылар айтатын, алайда олар Президенттен «қос жорғаны» сыйға алғаннан кейін, астанадағы халықаралық форумдарынан кейін үндемейтін болды ма деп ойлаймыз.

Енді бірер жылда Президентімізді, елді тығырыққа тірейтін үлкен мәселе ол мемлекеттің сыртқы қарызын карастырып көрейік. Мұнай бағасы осы беті құлдырап, ауру дендеп асқынса мемлекет қаржы жағынан қинала бастайды.

Ұлттық банктің өткен жылдағы мәлімдемесі бойынша, сыртқы қарызымыз шамамен 158 миллиард доллар. Осы қарыз мөлшерін талдағанда мемлекеттің өкілдерінің айтатыны таза мемлекеттік қарыз аз мөлшерде, негізгі қарыздар квазимемлекеттiк компаниялар мен фирмаларға жатады дейді. Осы шындыққа жанаса ма, зерттеп қараймыз.

Бірнеше жыл бұрын біздің бір ұлттық компания шет елден алған 18 миллиард доллар қарызының міндеттемелерін орындай алмай Ұлттық банк 4 миллиард долларға көмек жасаған болатын. Бұл бір ғана квазимемлекеттiк ұлттық компания фирманың қарызы, ал елімізде осы сияқты жүздеген мемлекеттік компаниялар бар. Осындай фирмалар, мемлекеттік ұйымдар қарызымызды 158 миллиард долларға жеткізіп отыр.

Неге Ұлттық банк мемлекеттің-халықтың қаражатымен квазимемлекеттiк компанияға болысты дейсіздер ғой, өйткені бұлардың барлығы жүз пайыз мемлекеттің қатысуымен құрылған. Демек, олардың шетелден алған қарыздары азаматтық заңдар бойынша мемлекеттің мойнында міндеттеме болып ілініп тұр.

Үкімет ұлттық қорда шамамен 60 миллиард доллар бар дейді, ал егер 158 миллиард доллар қарызды иелері талап етсе одан қанша сомасы қалады, ойланайық.

Келесі аяқ астынан кез келген уақытта пайда болатын тағы бір қарыздар ол біздің мемлекеттің кепілдігімен келген шетелдік инвестициялар. Бұл дегеніміз егер де қандай да бір парақор, даңғой Премьер-министр, министр, обыс әкімінің, ұлттық компанияның басшысының кесірінен инвестициялық жоба іске аспай қалса Қазақстан Республикасы инвестордын салған қаржысын толығымен қайтаруға міндетті.

Сөзіміздің дәлелдемесі ретінде айта кетсек бір ғана Молдавия кәсіпкері А. Статидің арызы бойынша біздің Ұлттық қордың 22 миллиард доллары бұғатталған болатын. Тәуелсіздік жылдары елімізге 320 миллиард доллардай инвестиция келді деп айтып жүрміз, енді осы жобалар қалай іске асырылуда, қандай жобаларға неліктен мемлекет кепілдік берді бақылауға алатын мезгіл келді.

Мемлекеттің қарызын толығымен білу бұл басты міндет, оны анықтап алмасақ, Президенттің халыққа арналған жақсы бастамаларын іске асыруымыз қиындайды.

Ел Басы Қ. Тоқаевтың алғашқы ерекшелігі халық қай жерде қиыншылыққа тап болса әрқашанда жанынан табылуында еді. Арыста елдің үрейін тудырған жарылыстар кезінде адамдар абдырап қатты қиналғанда, сол түн мезгілінде снарядтар жарылыстарына қарамай зардап шекендермен бірге болып, жағдайларын өзі сұрап біліп тез арада көмек көрсете білді. Мұны көрген көптеген қазақстандықтар сайлаудағы өкпесін ұмытып, Қасым-Жомарт Кемелұлына ризашылықпен қарап, көздеріне еріксіз жас алған болатын. Осы оқиғадан бері біраз уақыт өтті. Алайда ел Президентті түсінуден қалды, бара-бара халық пен Ел Басы арасы ажырап алыстай түсуде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы, ең жоғары лауазымды тұлға ретінде қысқа мерзімде көптеген жаңа бастамалар жасап, елдің жағдайын жақсартуға ұмтылуда. Алайда, біздің ойымызша үкімет пен әкімдерді толығымен ауыстырмай, Қазақстанның экономикасының дамып, халықтың әл ауқатының жақсаруы баяу жүре ме деген күдігіміз бар.

Мен де Қ. Тоқаевты Президент ретінде елмен бірге қолдауымның басты себебі, оның Асыл Ер, кемеңгер тұлға Ұлы Отан соғысының қаһарман жауынгері, өнегелі жазушы Кемел Тоқаев атамыздың ұлы деп, тәрбиесін алды-ау деген үмітпен сенуімде болды. Тағы да қанша ма жыл шет елдерде БҰҰ қызметте болғанда әділдік, демократия, заңдық қағидаларын сана сезіміне, бойына сіңірген болар-ау деп ойладым.

Бірақ, осы бір жылда Президент болған Қ. Тоқаев елге айтарлықтай әділдік өзгеріс әкелді ме, әлде кеше ғана өзінің үндеуіндегі айтқан «саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең» - қайталанып жатыр ма  деген күмәнді ой әркімді мазалайды.

Сөзімізді қорытындылай келе әр қазақтың жатқа білетін ақын батыр Махамбет Өтемісұлының:

«Хан емессің, қасқырсың,
Қас албасты басқырсың,
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені басқа ұрсын!..» - деген осы киелі қарғысты ешқашан  Сізге құрметті Президент – Ел Басы Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға айтылмасын деп тілейміз...

 

 

                            Айыпқан Мухамадиев, 

заң ғылымдарының кандидаты

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы