Эко амбассадор Әсел Құспанова:  Әлемді өзгерткің келсе - өзіңнен баста

2829
Adyrna.kz Telegram

– Әр адам қоршаған ортасының тазалығы үшін жауапкершілікті өзіне алып, электр энергиясын, суды үнемдеу, экологиялық тұрғыда таза өнімді қолдану сияқты қарапайым ережелерді сақтай білуі қажет. «Спарта Астана» ЭКОклуб экологиялық қозғалысының негізін қалаушы, ҚР эко амбассадоры, волонтер Әсел Құспанова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осындай пікір білдірді. «Экологиялық бағытта жұмыс істеуіме үлкен әпкем ықпал етті. Оның бұл салада жүргеніне үш жылдан асып кетті. Ол мені бұл салада еңбек етуіме көндірген жоқ және мәжбүр еткен жоқ, әрине. Күндердің бір күнінде өзім осындай тоқтамға келдім. «Қоқыс« деп аталатын фильмді көргеннен кейін қоршаған ортаны қорғау қаншалықты маңызды екенін білдім. Әлеуметтік жауапкершіліктің не екенін түсіндім және волонтерлікпен айналысу - өмірдегі басты міндетім деп санаймын. Мен 2018 жылдан бері экологиялық мәселелерге баса назар аудара бастадым. Бастапқыда үйден шыққан тұрмыстық қалдықтарды қапшыққа іріктеп сала бастадым. Одан кейін экология туралы ақпараттарды қарап, жинақтап, ол туралы өзге адамдарға айта алатынымды түсіндім. Экология саласында волонтер ретінде жұмыс істеуіме осы жағдай ықпал етті», - дейді Әсел Құспанова. Ол «Спарта Астана» ЭКОклуб экологиялық қозғалысының негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының эко амбассадоры, экобелсенді және осы салада волонтер. Әсел табиғатты аялап ұстауды қолдайды және сенбіліктерге белсенді түрде қатысады. «2019 жылдың 1 наурызы күні «Спарта Астана» ЭКОклуб экологиялық қозғалысын құрып, экологиялық мәселелерге немқұрайлы қарамайтындардың басын біріктіруді жөн деп шештім. Бірге күрессек, ісіміз нәтижелі әрі пайдалы болады деп сенемін. ЭКОклубтың басты мақсаты - қаланы, елорданы, әлемді таза ұстау. Өзім сияқты ойлайтындарды жаныма жинап алдым. Сенбілік өткізген кезде тұрмыстық қалдықтарды әртүрлі қапқа іріктеп, бөліп саламыз. Әлеуметтік желілерде экологияға қатысты идеяларыммен бөлісіп, мектеп, университет және ірі компанияларда шеберлік сыныбын өткізіп, дәріс оқимын«, - дейді ол. Ол болашақта әртүрлі шараларды экологияға назар аудара отырып өткізуді жоспарлап отыр. «Былтыр спорттық шараларды экологиялық тұрғыда баса назар аударып өткіздік. Біз жасыл және сары контейнер орналастырып, тағам қалдықтарын жасыл контейнерге, ал су, сусын ыдыстарын сары контейнерге салуға үгіттедік. Осылайша елордада пилоттық жобам жүзеге асты. Қазір амбассадор ретінде министрлікпен тығыз қарым-қатынаста болып, экологияға қатысты идеялар мен жобаларды жүзеге асырудамыз», - дейді ол. Сондай-ақ, Әсел Құспанова елорда тұрғындарына тұрмыстық қалдықтарды іріктеп, бөлек салудың қажеттілігі туралы түсіндіреді. «Біз экологиямыз таза болу үшін қандай да бір қадам жасауымыз керектігін айтамыз. Әр қадамның айтарлықтай маңызы бар. Әр адам қоршаған ортасының таза болуына өзі жауапкершілік алып, электр энергиясы мен суды үнемдеу, экологиялық таза өнім қолдану сияқты қарапайым қағидаларды жүзеге асыруы керек. Жинап, тазалап кететін жер емес, қоқыс тасталмайтын жер таза болады.»Әлемді өзгерткің келсе - өзіңнен баста«. Біздің ұстаным осындай», - дейді ол. Әсел Құспанова экологиялық өзекті мәселелерді және онымен күресу жолдарын айтты. «Рұқсат етілмеген қоқыс орны, қоқыс тастамау мәдениеті, өндірушілерге қатысты заңнаманың жоқтығы - мұның бәрі экологиялық өзекті мәселе. Егер қайта өңдеуге жарамайтын қап шығаруға тыйым салынса, қоқыс әлдеқайда аз болушы еді. 80% қалдықтың 10-12%-ы ғана өңделеді. Ірі қалаларда ғана жабдықталған қоқыс полигоны бар, ал қалған өңірлерде жоқ», - дейді экобелсенді. Ол экологиялық мәселемен күресуді заңнамалық деңгейде шешу керек деп санайды. «Мен қоршаған ортасын таза ұстамаған адамға айыппұл салу керек дегенді қолдаймын, себебі бізге жылдам әрекет ету керек. Шараларды заңнамалық деңгейде қабылдау керек. Адамдар заң алдында жауап бермейтін нәрседен қорықпайды. Олар жазаланған кезде ғана ойланады. Біздің еліміздегі экологиялық жағдай жыларман күйде. Қазіргі уақытта елімізде 100 млн тоннадан астам тұрмыстық қалдық бар. Күніне 5-6 млн тонна тұрмыстық қалдық шығады. Бұл тұрғын саны аз біздің ел үшін өте үлкен көрсеткіш. Бұл мәселеге көп көңіл бөлетін басқа елдермен салыстырып қарағанда экологиялық мәдениетіміз өте төмен. Мысалы, Жапония халқы қоқысты іріктеп салуға үйреніп қалған. Бұған Швеция, Норвегия және Германияны қосуға болады. Бұлар -экологиялық жағдайы жақсы елдерге жатады», - дейді ол. Бұған дейін жазғандай, ол Қазақстан Республикасының эко амбассадоры. Оның айтуынша, бұл оның билікпен диалог құруына ықпал етеді. «Билікпен диалог орната алатынымыз қуантады. Біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, бірақ экологиялық сұрақтарды реттейтін әкімшілік тетік те керек. Билік өкілдері қол ұшын созуға әзір, себебі олар да экологиямыз үшін алаңдайды. Бұл менң қуантады», - дейді Әсел Құспанова.

ҚазАқпарат

Пікірлер