Шоумендер нәпақасыз қалғанын айтып шағымдануда

2845
Adyrna.kz Telegram

Отандық шоумендер Қазақстан Президентіне жұмыс істеуге рұқсат беру туралы ашық хат жолдады. Төтенше жағдай болғандықтан, олар алғашқылардың бірі болып өз қызметін тоқтатты, енді олар басты табыс  көздерінен айырылып отыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Елде карантин режимі жұмсартылғанымен әртістер мен жүргізушілер қашан жұмысқа шығатынын білмейді.

Алматының орталығындағы кеңселердің айлық төлемі 250 мың теңге. Ал шоумен Руслан Ысқақовтың жұмысы жүрмегендіктен оған төлейтін ақшасы жоқ.

“Қазір ешқандай кіріс тауып отырған жоқпыз. Мұндай болуы мүмкін деп ешқашан ойламаған едік. Біз бұған дейін айына 10-15 миллион теңгеге дейін ақша тауып келдік. Бұл қазан-қарашадан наурыз айына дейінгі маусымдағы табысымыз. Роза Рымбаевадан бастап, «МузАРТ»-қа дейін барлығы тек тойдан пайда табады”, - дейді шоумен Руслан Ысқақов.

Ол 10 мың долларға дейін сыйақы алып жүрген тек асабалар мен әншілер ғана емес, сонымен қатар би топтары, фотографтар, сценаристер де нәпақасын тауып келіп, қазіргі таңда барлығы жұмыссыз отырғанын айтты.

“Тек Алматының өзінде 300-ге жуық ірі орталық бар.  Әр команданың жеті мүшесі тағы бар. Демек іс-шараға қатысатын техниктер, декораторлар, дизайнерлер секілді 40-50 мың адам жұмыссыз отыр” - деп жалғастырады Руслан.

Шоумендерді олардың қызметіне дұрыс мән берілмейтіні қынжылтады. Әйгілі асаба Кирилл Мейстер 10 жыл бойы түрлі мерекелік іс-шараларды жүргізіп келді. Мейрамханалар ашылып, жұмысы басталса, қатаң санитарлық нормаларды сақтауға дайын екенін мойындады. Ең бастысы - жұмыс істеуге рұқсат берсе екен дейді.

“Біз, жүргізушілер, бетпердеде жұмыс істеуге, қажет болған жағдайда қолғапты да пайдалануға, әр қонақтың сөзінен кейін микрофонға антисептик шашуға дайынбыз. Бізге тек жұмыс істеуге мүмкіндік беруін қалаймыз”, - деп сұрайды жүргізуші Кирилл Мейстер.

Еуразиялық іс-шаралар қауымдастығы басқармасының мүшесі Тимур Балбаевтың айтуынша, іс-шараларды ұйымдастырумен байланысты 350 мыңнан астам ресми тіркелген компания мен миллион жуық адам бар. Қазір олардың бәрі жұмыссыз қалды. Ойын-сауық бизнесінің қызметкерлері базарлар мен сауда орталықтары ашылып, шағын шараларды өткізуге рұқсат етіледі деп күткен еді.

Алайда, мейрамханалардың ашылуы эпидемиологиялық жағдай жеті күн ішінде тұрақталса ғана мүмкін болмақ. «Мейрамханалар мен кафелер жабық кеңістік болып саналады. Ал желдету барлық жерде бірдей жұмыс істей бермейді. Сондықтан, біз жабық жерлерде адамдар жиналуына тыйым саламыз», - дейді Алматы қаласы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Эльмира Омарова.

Эпидемиологиялық жағдайды болжау өте қиын дейді дәрігерлер. Сол себепті іс-шаралар қай уақытта жұмысын бастайтыны әзірге белгісіз.

Пікірлер