Қазақ тілінің болашағы қандай?

10858
Adyrna.kz Telegram

Біз, қазақ жұрты, бақыт құсын қолға қондырған халықпыз.  Бұл ойды мен есті бола келе ескере бастадым. Неге дейсіз бе? Ойлап қарасақ, қазақ елінің бабалардан мұра болып қалған кең-байтақ жері, тағылымы мол тарихы, діні мен ділі, ана тілі бар. Бәлкім, мұндай мақтауларды балдырған балалар ғана таңдай қаға тыңдар. Ал ересек жандарға бұл жаттанды сөздер болып көрінеді. Себебі, тіл және жер мәселесі соңғы он жылдықта аса қызу талқыға түсуде.

Ертіс пен Еділ, Арқа мен Алатаудың арасын қамтыған ұланғайыр жерімізді мемлекеттің қорғауына қалдырдық. Тарихымыз, дініміз бен діліміз ұлт жадынан өшпестей болып, мәңгіге тұрақтады деп сенеміз. Ал ана тіліміздің жайы не болмақ?

Тіл ертеңін ойлаған әр ұлт өз ана тілін қорғауға міндетті деп білеміз. Отанқорғаушылар туған жерін қызғыштай қорыса, ондағы халық та өздеріне аманат етілген тілді дәл солай қорғай білуі қажет.

Қазақ тілінің болашағын ойлаған сәтте менің бойымды белгісіз сезімдер билеп, онсыз да демеусіз жанымның дегбірі қашады. Ұлт болашағы тілге тікелей байланысты болғандықтан, қазақ тілінің ертеңіне үрейлі күйде үміттене көз тастаймын. Оған себеп-жаңа ғасыр ұрпағының іс-қимылдары.

Менің барша сыныптастарым орыс тілін жетік меңгерген. Сондықтан да сабақтан тыс уақытта өзара тек орыс тілінде сөйлесу қалыпты жағдайға айналған-ды. Әрине, достарымнан қалыспауға тырысатын мен де өзге тілде сөйлегенді мақтан көретінмін. Осылайша, қазақ тілін «жер жастандырып», жойылып кету қаупіне жол ашқан мен өз қатемді тек бертін келе түсіндім.

Нақтырақ айтсам, университет қабырғасында жүргенімде, қолыма әйгілі лингвист-ғалым Рәбиға Сыздықованың «Сөз құдіреті» атты тамаша кітабы түсті. Аталмыш кітапты оқи келе, мен қазақ тілінің қадірін толықтай түсіндім. Біздің тіліміз-әлемдегі ең бай тілдердің қатарында екен. Осыған дәлел ретінде академик мынадай мысал келтіреді: есімдері дүниенің төрт бұрышына тараған атақты Шекспир мен Байронның сөздік қоры он бес мың сөзді құрайды екен. Ал халқымыздың мақтан тұтар жазушысы Мұхтар Әуезов өзінің төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясында 16800 сөз қолданған. Бұл қайталанбайтын, жеке-дара сөздердің саны екенін баса айтқан жөн болар. Яғни қазақ тілі сөйлеушісі көп ағылшын тілін шаң қаптырмаса, кем түспесі анық.

Осындай бай тіліміздің қадірін барша қазақ түсінсе, бәлкім тіліміздің мәртебесі бұдан да биік орында тұрар ма еді? Қазақстанда тұрақтаған он сегіз миллионнан астам халықтың тек алпыс пайызы ғана қазақ тілінде еркін сөйлейді екен. Дамыған мемлекеттермен иық теңестіруге талпынған еліміз үшін бұл өте күмәнді көрсеткіш деп білемін. Онсыз да «жұтылып» бара жатқан ана тілімізде сөйлеушілердің аз санын билік басындағы «жанашырлар» барынша жасырып әлек. Мәселен, Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәдениет және спорт министрі кезінде 2018 жылы 27-наурызда tengrinews порталына берген сұхбатында:«Қазақ тілінде сөйлейтіндер саны 82 пайызды құрайды. 2020 жылы Қазақстан тұрғындарының 95 пайызы қазақ тілін жетік меңгеретін болады»,-деген еді.

Қызық... Міне, министр діттеген 2020 жыл да келіп жетіп, ол қызметін ауыстырып кетті. Ал мемлекеттік тілімізде сөйлейтіндер саны «анау» айтқандай дәрежеге жете қоймады. Есесіне «ресми тіл» мәртебесін иеленген орыс тілінде сөйлейтіндер саны күн санап артуда. Себеп неде? Халық арасында:«Алдыңғы арба қайда бастаса, соңғы арба сонда жүрер»,-деген сөз бар. Бәлкім, қалың жұртшылық қазақ тілінде сөйлегенін қаласақ, мемлекет басындағы жандардың үлгі көрсеткені абзалырақ болар. Тұңғыш президент Н.Ә. Назарбаев 2018 жылы Үкімет мүшелеріне қазақ тілінде сөйлеуді тапсырған болатын. Ендігі біздің үмітімізді «көш жүре түзелер» мақалы жақсы түсіндіріп тұрғандай...

Иә, бұл мәселеге келгенде кінәні тек бір адамға сілтеу-барып тұрған ақымақтық. Келер ұрпақ алдында ана тіліміздің жай-күйіне күллі қазақ жұртшылығы жауапты емес пе? Ендеше, тіліміздің тазалығын сақтауды әркім өзінен бастаған жөн болар.

Тіл тазалығына бірнеше анықтама беруге болады. PhD докторы Орынтай Ошанова тіл тазалығын сақтаудың жолдарын өзінің «Сөйлеу мәдениеті» атты кітабында тамаша түсіндірген. Ғалымның айтуынша, тіл тазалығын сақтау үшін диалект, жаргон сөздердің қолданысын азайту керек. Бұл сөздер қазақ тілінің бай екеніне күмән келтіреді. Расымен де, синоним, омоним, көпмағыналы сөздерге бай тілімізді диалект сөздермен арзандатудың қажеті жоқ. Әрқашан да әдеби тіл нормасын сақтау-өзге ұлт алдында қазақ тілінің мәртебесін асқақтатпақ.

Менің ойымша, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, өмірін ұзарту үшін өзге тілдің сөздерін қосып сөйлеуді доғару қажет. Мәселен, біз ауызекі сөйлеу барысында «ок», «если что», «потому что», «по-моему», және тағы да басқа сөздерді өте көп қолданамыз. Бұл, менің ойымша, қазақ тілінің өмір сүруін тоқтатуға алып келетін жағдай. Бәлкім, бірде-бір орыс сөзін қоспай сөйлейтін қазақ жоқ шығар. Міне, осы мәселені ескере отырып, әр адам тіл тазалығын сақтауды өз басынан бастай алады. Тамшы тама-тама көл боларын ұмытпаған жөн.

Қазақ тілінің болашағына бажайлап қарауға тырысқан сәтте, менің көкейімде бір сұрақ туындады. Бізге үштілділік керек пе? Әрине, үштілділік-заман сұранысына сай туындап отырғанын түсінемін. Дегенмен де, есі кірмеген сәбилерге балабақшадан бастап ағылшын, орыс тілдерін үйретуге мен түбегейлі қарсымын. Өз ана тілін жетік меңгеріп үлгермеген балаға өзге тілдерді үйретіп, санасын «қинаудың» қажеті бар ма? Кейбір ата-аналардың арнайы ағылшын тілін үйрететін балабақшаларды іздейтіні тіпті жүйкемді тоздырады.

Мен сәбилердің тек ана тілінде сөйлеуі шарт деп кесіп айта алмаймын. Үш емес, бес тілді меңгерсе де, біреуге қарсы келу ойымда жоқ. Менің айтпағым-ағылшын, орыс тілдерін балаларға 3-4-сыныптан бастап үйретсек те кеш емес. Ол жасқа дейін балдырғандар қазақ тілін біршама меңгеріп алады. Ал балабақшадан бастап үштілді білім алу-өскелең ұрпақты «тірі мәңгүртке» айналдырудың бастамасы деп білемін. Ол балалардың ана тілі болмайды. Сондықтан да мемлекет жас сәбилердің өз ана тілін жетік меңгеруіне айрықша көңіл бөлгені дұрыс болар.

Тіл болашағын сөз еткенде орфографиялық, пунктуациялық қателерді де айтпай кетуге болмас. Бүгінгі таңда «Меломан», «Марвин» дүкендер желісіне бас сұға қалсаң, қазақ тілінде жарық көрген кітаптардың саны көп екенін байқауға болады. Әсіресе, түрлі-түсті мұқабалары көздің жауын алып, анадайдан «мен мұндалап» тұрады. Қолға түскенін ашып көрсең, әртүрлі қателерді қиналмай-ақ тауып аласың. Неге? Неге екінің-бірі кітап жазуға құмартып жүр? Редактор деген мамандар әлі де арамызда ма? Міне, осы сынды жауабы жоқ сұрақтар мені мазалайды.

Кітапты сапасына қарамай, санын көбейтуді тоқтату керек. Себебі өскелең ұрпақ ақпаратты қателерімен қосып «сіңіруі» ғажап емес. Ана тілін жетік білу- сөйлеуді аздық етеді. Сауатты жаза білу де, тыныс белгілерін орнымен қою да аса көп білімді талап етеді. Осы тұрғыда біз мінсіздікке ұмтыла білсек жөн болар.

Қазақ тілінің болашағы жарқын болсын десеңіз мен тіл жанашыры ретінде мынадай кеңестер берер едім: біріншіден, көркем әдебиетті көп оқыған абзал. Есімдері белгісіз авторлардан, кітапты бизнес үшін жазатындардан аулақ болып, классикалық туындыларға баса мән берген жөн. 15-20 кітап оқығаннан кейін сіздің де сөздерді құбылта сөйлеуге ынтаңыз ашыла бастары анық. Мен бұл жағдайды жеке бас тәжірибеме сүйене жазудамын.

Екіншіден, шешендік сөздерді оқып, мақал-мәтелдерді жаттауға кеңес беремін. Сөз арасына қанатты сөздерді қосып, мақалдатып сөйлеу-адамның білімділігінен хабар береді. Мен әңгіме басын сәйкес мақалдан бастап сөйлегенді ұнатамын. Міне, осы кеңестерге құлақ түрсек, біз қазақ тілінің болашағын жарқын ете аламыз.

Әсем Сыдыққызы

 

Қорыта келе, қазақ тілі-мәртебесі асқақ, асқан құдіретке ие тіл. Бұл тілде қаншама ұлы шығармалар, жыр-дастандар өмірге келіп, қаншама сезімдер ақтарылды! Ғалымдардың айтуынша, әлемде алты мың тіл болса, болашақта соның алты жүзі ғана қалады. Қалған тілдердің болашағы жоқ, олар сөйлеушілері болмағандықтан «өлі» тілге айналады екен. Осы себептен мен қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың саны азаймаса екен деп тілеймін. Аса бай тілімізді әлем жұртшылығы таныса, бәлкім, қазақ тілін меңгергісі келетін жандар қатары толығар еді.

Мен,  ақтық демім қалғанша тіліміздің ұзақ өмір сүруіне атсалысуға ант етемін. Себебі қазақ тілі - расымен де, ғажап тіл!

Әсем Сыдыққызы,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Журналистика факультетінің 3 курс студенті

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Ошанова О. Сөйлеу мәдениеті.- Алматы: Қазақ университеті баспасы, 2008, 267 б.

  1. Сыздық Р. Сөз құдіреті.- Алматы: Рауан баспасы, 1997, 315 б.

 

Пікірлер