Қобыздың атасы

5390
Adyrna.kz Telegram

Қобыз күйлері дыбыстық бейнелеу тілімен ерекшеленеді. Оның үні табиғатпен тікелей ұштасып жатыр. Дәлел ретінде, аспаптың жасалу тәсілін келтіруге болады. Ежелден қобызды бүтін ағаштан ойып жасаған. Себебі, халықта «дарақтың жаны сақталып, үнемі ән салып тұрады» деген түсінік қалыптасқан. Қобыз қасқырдың ұлығанын, аққу саңқылын, жел уілін айнытпай келтіріп бере алады.

Зерттеушілер көп уақыт бұрын қобыз шамандардың жын-перілерді қуатын бұйымы ретінде де қолданыста болғанын айтады. Аспаптардың ішіндегі қасиеттісі саналып, онымен күй ойнайтын адамды да қоса кие тұтқан.

Сонымен, қазаққа сонша қадірлі болған бұл музыкалық аспаптың тарихы қандай?

Қобыз – көне аспаптардың бірі. Аспаптың ғұмыры нақты қай дәуірден бастау алатыны белгісіз болғанымен, халық аңыздарының басым көпшілігінде «Қобыздың атасы – Қорқыт» деп келеді. Әфсаналарға сенсек, Қорқыт атаның өзі жасаған аспабына арналған өлеңі былай болыпты:

Қарағайдың түбінен

Қайырып алған, қобызым.

Үйеңкінің түбінен

Үйіріп алаған қобызым.

Желмаяның терісін

Шанақ қылған, қобызым.

Ортекенің мүйізін

Тиек қылған, қобызым.

Бесті айғырдың құйрығын

Ішек қылған, қобызым.

Осы жолдар арқылы аспапты тұтастай көз алдымызға елестетуге әбден  болады. Қобыздың өзі қандай материалдан тұратыны, ішегі мен тиегінің нендей екендігіне дейін айқын көрсетіп кеткен. Қазақта бұл ғана емес, Қорқыттың өзі жайлы да айтылған аңыз-әңгімелер жетерлік. Мәселен, «Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» деген тіркес бірі болмаса біріне таныс болар. Кей  хикаяларда Қорқыт желмаясына мініп, мәңгілік өмірді іздеген кейіпкер ретінде көрсетіледі. Еске түсіріп көрейік, Қорқыт ұзақ өмір сүрудің кілтін іздеп жер әлемді шарлайды. Алайда, қай мекенге бармасын, алдынан көр қазып жатқан жігіттер шыға келеді. Олардан Қорқыт «Бұл кімнің көрі?» деп сұрағанда, «Қорқыттың көрі» деген жауап алады. Бұл жағдай бір емес, бірнеше мәрте қайталанады. Аян бойынша, ажалы қарақұрттан екенін білген Қорқыт мейлінше сол жәндіктен сақтанбақ болған деседі. Алайда, тағдыры бәрібір ырқына көнбей, қызметшісі ас-ауқат алып келген дорбаға байқаусызда түскен қарақұрт шағып, өлім құшады дейді. Қорқыттың шыр етіп дүние есігін ашқан күнінен бастап, бұ дүниемен қоштасқанға дейінгі бүтін ғұмыры осындай қиял ғажайыпқа, мифке толы. «Қорқыт» деп есімінің өзі тылсымның тіл қатуымен берілген. Ол өмірге келген күні аспан түнеріп, найзағай ойнап, табиғат адамзатқа үрей туғызатын алапат күйге енеді. «Қорқытып келді» деп азан шақырып, есімін «Қорқыт» қояды. Алайда, бұл жоғарыдағы мысал секілді, көп нұсқаның бірі ғана. Түйіні, Қорқыттың өмір сүрген уақыты жайлы нақты дерек жоқ. Көп жерлерде «VIII-IX ғасырларда өмір сүрген» деп айтылып жүр. Аңыздар дәл деректерден гөрі бұқара қиялының көрінісін көбірек беретіндіктен, ғалымдар «Абыз ретінде аты аталған тұлғаның ақылға қонымсыз сауалдың соңынан еруі мүмкін емес» екендігін айтады. «Қорқыт ата кітабында» «Аузымды ашып сөйлесем, Тәңірім жақсы, Тәңір дос, дін ұлысы – Мұхаммед жақсы» делінеді. Демек, Қорқыт исламға қанық болған. Тіпті, кейбірі Қорқытты Пайғамбардың дін насихаттаушы үмбеті болған деп те айтады.

Қазақ даласында Қорқытты танып, зерттеп, ұрпаққа тарих ретінде қалдыра білген ғалымдар ретінде Шоқан Уәлихановтың, Әлкей Марғұланның, Мұхтар Әуезовтың есімдері аталады. Қобызшының бізге 20 шақты күйі жетіпті. «Қорқыт», «Аққу», «Желмая», «Тарғыл тана», «Елім-ай, халқым-ай» дейтін күйлері бар. Ендеше, Қорқыт күйлерінің бірі «Ұшардың ұлуы» туындысы жайлы баян етіп көрелік. Мұндағы басты кейіпкерлер – жалғыз басты ана мен оның тілеп алған бір перзенті. Оқиға басында ұлы мен шешесі алаңсыз, күнделікті күйбең тіршілігін кеше береді. Тіпті, толық болмаса да, бақытты отбасының бейнесінде еді. Алайда, төбелеріне қонған бақ ұзақ тұрақтай қоймапты. Еш қамсыз, құс салып, өзінің «Ұшар» дейтін жүйрік тазысымен  саятшылық құрып жүрген перзент бақи болмайынша бәрі жақсы еді. Сұм ажал онсыз да бір басын көтеріп жүрген анаға қу тізесін құшақтатып, барынан айырады. Дәстүр бойынша, өлікті жерлегеннен соң әйел жұртпен бірге басқа аймаққа қоныс аударып кетеді. Орнығып болған соң, ұлының сүйікті тазысы «Ұшарды» іздей бастайды. Өздерімен ілесіп келмегенін аңғарған соң, бұрынғы қоныста қалып қойған болар деп іздеп барса, ит иесін қимай зират басында өңменіңнен өтіп, жүрек қылын шертетіндей ұлып отыр екен. Мұны көрген бейбақ шеше де боздай кетіпті. Міне, тап осы оқиғамен байланыстырып Қорқыт өзінің «Ұшардың ұлуы» күйін шығарыпты.

Осы тұста, қобыздан шығатын үннің көбіне мұңды, зарлы болып келетініне тағы бір көз жеткізген сияқтымыз. Қорқыттан бастап, қобыз бүгінгі күнге дейін өмірдің қатпар жолын, сан қилы тағдыр жайын әуен арқылы жеткізіп келеді. Музыкада ұлт, тіл айырмашылығы деген жоқ. Пенде түрік тілін білмейінше сол ұлттың адамымен, хинди тілін білмейінше үндімен диалог құра алмауы мүмкін. Ал, әуенде ондай шекара жоқ. Құлағыңа келген оның  сазы арқылы не қуанасың, не егіліп жылауың мүмкін. Ұғына білген жанға Қорқыт ата күйлерінде терең философия мен лиризм жатыр. Күйші өзінің аспабының шанағынан бірде зарлы әуен шығарса, бірде өмірдің кереметі мен сұлулық жайлы шырқай жөнеледі.

Өнертанушылардың айтуынша, Қорқыттың ерекшелігі әр күйінің бір-бірімен іштей сабақтасып жатуында. Ашық айтылмағанымен, астарлы түрде мазмұндас дүниелер екенін аңғаруға болады. Күй формасына келсек, оларды күрделі деуге келмейді. Жеңіл, айналасы жұмыр.

Қазақ жұрты үшін Қорқыттың да, қобыздың да алар орны ерекше. Қорқытты көшпелі даланың перзенті ретінде таныту арқылы, тарихымызды тереңге жіберіп, ұлттық өнердің мерейін өсіреді. 1999 жылы Қорқыт бабаның 1300 жылдығына орай халықаралық деңгейде «Қорқыт ата» жылы аталып өтіліп еді. 1999-2000 жылдар аралығында өткенге сапар шегетін түрлі деңгейдегі мәдени іс-шаралар, ғылыми конференциялар болған. Әлкей Марғұланның дәлелдемелері бойынша, Қорқыт Сыр бойында, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген.  Бүгінгі күні тұлғаның туған жерінде арнайы ескерткіш қойылып, мұражай жұмыс істеп тұр.

Қорқыт күйлерін қазіргі кезеңге дейін жеткізушілердің бірі ретінде Ықылас Дүкенұлы айтылады. Ықыласқа бұл өнер аталарынан дарыған, жалпы өнерлі отбасынан шықты деп айтылады. Сондықтан, қобызда ойнауды бала күнінен үйреніп, біліп өскен. Жасы 15-ке келісімен-ақ өз бетінше күй шығаратын деңгейге жеткен екен. Қазақ зиялысы Мұхтар Мағауин: «Қыл қобыздың пірі – Ықылас Түркі әлемінде теңдесі жоқ музыкант, ұлы тұлға» деген пікір айтады. Осы сияқты, Қорқыт мұрасын жеткізуде Д.Мықтыбаев пен Ж.Қаламбаевтың есімдері айтылады. Ж.Қаламбаев қобызға қоса домбыраның құлағында ойнаған орындаушы болады. Домбыраны Ы.Дүкенұлының шәкірті Сүгірдің өзінен үйренген екен.

Ал, енді «дәл осы күнгі қазақ өнерінде, қобыз қалай дәріптеліп жүр?»  дейтін сауалға жауап тауып көрелік. Бүгінгі танымал қобызшы есебінде аты аталып жүрген Саян Ақмолданы, Ерлан Сәбитовты мысалға келтіруге болады. Тіпті, қобызды заманға сай эстрадамен үйлестіріп жүрген орындаушылар да баршылық. Тыңдарманның көпшілігі жылы қабылдап та үлгерген. Мәселен, Ақерке Тәжібаеваны, «Асыл» тобын атап көрсетуге болар еді.

 

 Әсмира Ермекқызы,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Журналистика факультетінің  3 курс студенті

 

 

 

 

Пікірлер