Қазақтың ескі сөзі

12194
Adyrna.kz Telegram

Тіл – адам баласының ой-санасында танылған әлемдік бейненің, болмыстың бейнесі. Жалпы адамзат тіл арқылы табиғаттағы барлық заттар мен құбылыстарға атау береді. Ұлттық таным мен ұлт тілінің ортақ нүктесі, негізгі байланысы осы тұста тoғысады. Кез келген ұлт өкілінің ойлау жүйесі, білім деңгейі, өмірге көзқарасы, менталитеті, дүниетанымы, болмысы бейнеленеді, тілде сақталады. Аталарымыздан  аманат болып қалған ана тіліміз ­– қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге, көненің көзі мен тарихи түсінігімізді тереңнен жеткізуші негізгі құрал қызметін атқарады. Кез келген ұлттың тілі қоғамдық өмірмен етене байланысты, ол қатынас құралы болғандықтан, тілдің адамзат өмірінде, қоғамда алатын орны ерекше.

Тіл білімінің майталман ғалымы, академик Ә.Қайдар айтамыз өз сөзінде: «Кез келген тілдің қоғамда өзара байланысты үш түрлі қызметі бар. Оның басты қызметі – коммуникативтік, яғни қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірін түсінуі, пікір алысуы үшін қажетті қызметі. Оның екінші қызметі – көркем шығарма тіліне тән, адам баласына образ арқылы ерекше әсер ететін, ләззат сыйлайтын эстетикалық қызметі. Тілдің бұл қызметі, әрине қаламгердің шеберлігіне, сөз саптау мәдениетіне тікелей байланыс­ты. Ал тілдің үшінші бір қызметі, ғылыми терминмен айтқанда аккумулятивті қызметі деп аталады. Ол – тілдің ғасырлар бойы дүниеге келіп, қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына жиып, сөйтіп оны келешек ұрпаққа асыл мұра ретінде түгел жеткізіп отыратын қасиеті…тіл фактілері мен деректері – тұла бойы тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың өткендегі тарихы мен этнографиялық байлығын біз ең алдымен содан іздеуіміз керек» дейді.

Яғни, тіліміз болмаса, біздің рухани жаңғыруымыз бен мәдениетіміз дамымайды, белгілі бір белеске жете алмайды деген сөз. Өздеріңіз білетіндей, халықтың рухани күші – оның тілінде. Тіліміз дамымаған жағдайда, біздің рухымыз да, өзіндік күш-жігеріміз де дамымайды. Себебі, тілде ертедегі танымның ізі, ел жасаған парасаттың түбі жатыр, тіл - дыбыс таңба жүйесі ғана емес, тілдің сақталуы арқылы халықтың бү­кіл ғұмырындағы таным-түсінігі ұр­пақтан-ұрпаққа жетеді. «Тілін білмеген түбін біл­мейді»,  «Өнер алды – тіл» демекші, дүниенің негізгі кілті – тілде, тіл­дің дамуы арқылы адам баласы­ның дү­­­ниетанымы сатылы дамиды. Яғни ата-ба­­ба білігі балаға тіл арқылы да­мып, бол­мыстың қасиеті мен белгілері терең та­нылады. Тіл – біздің ойымыздың негізгі құралы.

Адам баласының табиғаттағы заттар мен құбылыстарды тануы тек тіл ар­қылы ғана жүзеге асады десек, осы ойды жет­кізетін таңба – жазу. Жазу – адамның ой-пікірін, хабарын, ақпаратын, мағ­лұматын таңбалар арқылы жеткізуді қам­тамасыз ететін белгілер жүйесі. Қазақ тілінің қазіргі өркениеттіміз бен мәдениеттіміздің және ұлтымыздың қалыптасуында негізгі ұйыстырушы, ұйтқы болғандығы белгілі. Қазіргі қазақ тілінің қалыптасу тарихын, даму жолдарын  зерделеу, оқып-үйрену – ұлттық, мемлекеттік, жалпы азаматтық міндет, парыз болуымен қатар, мәдениетіміздің келешектегі даму бағдарламаларын анықтауға септігін тигізер мүдделі қажеттілік.

Бабаларымыздың өткен тарихтағы асыл мұраларын танып білу іс-шараларында ескі қазақ тілінің жазба үлгілеріндегі материалдардың қолдағы барын игерудің, жоғын іздестіріп, ғылыми айналысқа тарту ісінің маңызы өте зор. Өкініштісі, ескі қазақ жазба тілінің XV-XVII ғасырлардағы жай-күйін танытатын жазба нұсқалардың көпшілігі бізге жетпеген, ал басым бөлігі түрлі объективті, іші-нара субъективті жағдайларға байланысты шетелдік мұражайлар мен кітапханалар қорында жатыр.  Қазақ хандығы өз  алдына шаңырақ көтеріп, қазақ мемлекеттігін  жариялағанымен, олардың өмір-тіршілігі көбінесе тарихи-саяси тартыс, күрес үстінде болды. Қазақ жұрты талай шабуылға ұшырап, қазақ жерінің арғы шеті мен бергі шетіне үнемі көшіп жүргені тарихтан белгілі. Әсіресе, отырықшы халық пен отырықшы елдің мекенжайы болған қалалардың өзі жиі-жиі бір қолдан екінші қолға өтіп отырғаны тарихтан мәлім. Бұл жағдай қазақ халқының тарихи жазба мұраларын толығымен сақтауға, келешек ұрпаққа жеткізу мүмкіндігіне кері әсерін тигізді. Түркі тайпаларының, оның ішінде ескі қазақ тілінің ерекшеліктері V-VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей, одан кейінгі көне түркі, ұйғыр, араб жазулы және т.б. жазба ескерткіштерде сақталған. Әсіресе, шағатай тілінде орындалған деп танылып жүрген жазба ескерткіштерге қазақ халқы да ортақ тіл. Қазақ ру-тайпалары дербес мемлекет құрып, өмір сүре бастаған XV-XVI ғасырларда жазба дүиелердің қажеттілігі туды. Ол қажеттілік алдымен қазақтың хан-сұлтандарының өзге елдермен қарым-қатынас жасау саласында бой көрсетті. Сонан соң, жеке адамдардың немесе әулеттердің кейінгі ұрпақтарына ата-бабаларын танытатын шежірелер жазу дәстүрі болған.

Ескі қазақ жазба тілі  – араб әліпбиі негізіндегі қазақтың ескі жазба тілі, шамамен, XV ғасырдан бастау алатын XX ғасырдың басына дейін қоғамда өз қызметін атқарды. Яғни, Қазақ хандығы ісқағаздары мен дипломатиялық, басқа ел өкілдерімен болатын қарым-қатынаста да қолданылды. Мұндай деректерді растаушы ретінде Қадырғали би Жалайыридің «Жамиғ-ат тауарихы», Әбілғазы Бахадүрханның «Шежіре түрік» атты тарихи жылнамаларын жатқызуға болады. Сонымен қатар, ескі қазақ жазба тілінің үлгілеріне Әбілхайыр ханның Ресей патшасы Елизаветаға жолдаған дипломатиялық жазбалары, Махамбет Өтемісұлы, Ш.Уәлихановтың хаттарының тілі және Абайдың қарасөз түріндегі шығармаларының түрін ескі қазақ жазба тілінің үлгілері деп тануға болады. Негізінен, ескі қазақ жазба тілінің нормалары  XIX ғасырдың аяғына қарай сөйлеу тілінің ықпалына көбірек ұшырай бастады, халық тілінің элементтері біртіндеп ене бастады. Бұл кезеңдегі көш басындағы демократиялық бағыт ұстанған «Қазақстан» газеті, «Айқап» журналы және т.б. басылымдар қоғам үшін өте маңызды рөл атқарды.  Ерекше атап өтсек, XX ғасыр басындағы көркем әдеби шығармалар тілінде сөйлеу тілінің нормалары анық байқалады, бірақ ескі жазба тіліне тән сөз үлгілері де кездеседі. Қазақ қоғамы үшін ескі қазақ жазба тілінің сол кезеңдердегі мәдени-тарихи сипатының рөлі жоғары болды. Себебі, халықтың танымдық көзқарасын қалыптастыру, қоғамдық сананы ояту, ғылыми, құқықтық, эстетикалық түсінікті ажырата білу мен оны дамытудың тілдік құралы ретінде жұмсалғандықтан, ескі қазақ жазба тілі мәдени ұлттық тарихымызда ерекше қазына, құнды дүние екендігі анық.

Тіл білімінің майталманы, ғалым Р. Сыздықова өз сөзінде былай дейді: «XV-XVІІ ғғ. қазақ халқының мәдени өмірінде жаңа құрала бастаған халықтың сөйлеу тілі мен қазақ халқын құраған ру-тайпалардың әріден келе жатқан, пoэзия тілінің негізінде ауызша дамыған әдеби тіл қызмет етті. ХV-ХІХ ғ.ғ. аралығында қалыптасқан кітаби жазба тіл бірте-бірте қазақыланып ХІХ ғ. аяғына таман жалпыхалықтық негіздегі жаңа жазба әдеби тілмен астасып кетті деп көрсетеді» [Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: «Ана тілі», 1993. –319 б.. 196].

Яғни, қазақ тілінің қалыптасу кезеңі көптеген тарихи дәуірлерді артқа қалдыра oтырып, қазіргі таңдағы сөздердің әдеби тіліміздегі қолданысына әкелді. Қазіргі қолданыстағы сөздердің шығу тегі мен даму кезеңін қарастырған кезеңде, негізінен ескі қазақ сөздерінің өмір сүру кезеңдерін көре аламыз. Олардың әрқайсысы қoғамдағы өзіндік міндет атқарған, алтын қазынамыз болып табылады.

Қазақтың ескі жазба тілі XV ғасырдан XX ғасырдың басына дейінгі кезеңде қызмет етті. Ескі жазба әдеби тіл бірдей болған жоқ, ХVІІІ ғасыр жазбаларында оның алдыңғы кезеңнен едәуір «қазақыланып», түркі әдеби тіл элементтері қазақтың ауызша әдеби тіліндегі тұлғаларымен ауыстырылып, халыққа түсініктілігі артты. Осы кезеңдегі әдебиет үлгілерінің тілін екі топқа бөлеміз: 1) қазақтың ауызша тараған байырғы төл әдеби тілі мен ұлттық әдеби тіліне негізделген үлгілер (ауыз әдебиеті, Абай, Ыбырайдың шығармалыры, екі тілдік сөздіктер, көпшілік қолды кітапшалар, миссионерлік әдебиет үлгілер); 2) қазақтың ескі жазба дәстүріндегі, яғни сол кезеңде қазақ топырағында «кітаби» тілдік үлгіде жазылған шығармалар (діни тақырыптағы кейбір қиссалар, ислам дінін уағыздайтын аудармалар, ресми кеңсе қағаздары, эпистолярлық үлгілердің тілдері).

Ескі қазақ тілін негізгі дәуірлерге бөліп қарастырамыз:

  • Қалыптасу (ХIV-XVII)
  • Даму мен жетілу дәуірі (XVII-XIX ғғ)
  • Жаңа дәуір, яғни одан әрі өркендеген уақыты (ХІХ ғ.)

Бір айта кететін мәселе, ескі қазақ жазба әдеби тілі XІХ ғасырдың ІІ-жартысына дейін қолданыс тауып, кейбір стильдерде ХХ ғасырдың басына дейін сақталды: XV-XVІІ ғасырлардағы жазба дүниелер; Қазақтың хан-сұлтандарының өзге елдермен қарым-қатынас қағаздары; Ата-бабаларын танытатын шежірелер жазу, жазба түрде өсиетнама қалдыру; Әділ сұлтан эпикалық жыры және Өтеміс қажының «Шыңғыснама» атты жазба ескерткіштері; Әбілғазы бахадүр ханның «Шежіре-и Түрки» (XVIІ ғғ.); Қадырғали Жалаиридің «Жамиғат-Тауарихы» (XVI ғ.) Захриддин Бабырдың “Бабырнамасы”;  Кітаби тіл – шағатай немесе орта азиялық түркі (тюрки) әдеби тілі.

Ескі жазба тілінің ьөмір сүру мерзімі ХVI-XVII ғғ. бастап ХХ ғ. басы аралығын қамтиды және оның табиғаты туралы ғалымдар өз сөздерінде былай дейді: В.В.Радлов «шұбарланған тіл», С.Е.Малов «қоспа тіл», І.Кеңесбаев, Қ.Жұмалиев «касталық тіл», С.Аманжолов «дін тілі», Б.Әбілқасымов «көне әдеби тіл», С.Исаев: «...кітаби тіл грамматикалық жағынан көптеген түркі халықтарына ортақ дәстүрі бар тіл», Ғ.Мұсабаев: «…бұқараға кең тараған тіл болды…», «Кітаби тіл ешқашан құбыжық болған емес», М. Балақаев: «көне әдеби тіл» – деп, түркі халықтарына opтақ орта ғасырлық тілді атайды да, ал «кітаби тіл» жаңа тіл, Октябрьден кейінгі «әдеби тіл», «қaзipгi әдеби тіл» – деп аталғаны жөн»; Т. Қордабаев: «Өткенге қазіргі тіліміз мұнарасынан қараушылар, әдетте, көне жазбалар тілін «қойыртпақ», «қоймалжың», «шұбар тіл»т.б. деп тоқсан сақка жүгіртіп сықақ етеді. Бірақ, сол койыртпақтың қазақтың жазба тілінің, әдеби тілінің қалыптасу тарихындағы алғашқы кезең, алғашқы бір дәуір болғандығын мойындамау тарихқа қиянат жасау болар еді».

Ғалымдардың көзқарасы мен зерттеулерін саралай келе, Б.Әбілқасымовтың бұл туралы жасаған тұжырымын ерекше атап өтуге болады: Ғалым «кітаби тіл» терминінің қазақша әдебиеттерде екі түрлі ыңғайда, яғни «біріншісі – шағатай немесе орта азиялық түркі әдеби тілінің (тюрки) мағынасында, екіншісі – шағатай тілінің қазақ авторлары шығармасында қолданылған түрі ретінде аталғанын айта келіп, егер «кітаби тілді» шағатай немесе орта азиялық түркі әдеби тілінің синонимі ретінде танитын болсақ, ХVІІІ-ХІХ ғасырда өмір сүрген сауатты қазақтардың баршасы өз туындыларын түркі әдеби тілінде жазған болады және ол тілді жете меңгерген болады. Ал шындығына келсек, ХІХ ғ. бірінші жартысында өмір сүрген қазақ азаматтары Шоқан, Махамбеттер өздерінің ағайын-тумасына жазған хаттарын шағатай не түркі әдеби тілінде жазуы ешбір мүмкін емес»,- дей отырып, бұл тілді қазақтың «көне әдеби тілі» деп атаған дұрыс деген пікір білдірген болатын [Әбілқасымов Б. ХІХ ғ. екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі. –Алматы: Ғылым, 1982. –224 б.. 121-123].

Тілші ғалым Г.Мамырбекова өз зерттеуінде былай дейді: «Кітаби тілге» жатқызылған шығармалар тілінде қазақ тілінің арғы тарихи дамуын көрсететін құрылымдық жүйе сақталған және көне, орта түркі дәуіріндегі ортақ түркілік элементтердің ұлттар тіліне ыдырағаннан кейінгі кезеңдердегі «қазақы» болмысын бізге жеткізіп, ұлттық жазба тілдің қалыптасуына кең жол ашқандықтан «кітаби тілге» жататын жазбаларды «ескі қазақ жазба тілі» үлгілері деп тануымыз қажет. Қазіргі әдеби тіліміздің қазыналық сөздік қорын барынша молайтқан да осы дүниелер» (Мамырбекова Г. Ескі қазақ жазба тілі туралы түсінік. Түркология. -№3-4. - 2010.).

Яғни, ХV ғ. бермен қарай қазақ қоғамында дүниеге келген жәдігерлерімізді «ешкім түсінбеген кітаби тілде жазылды» немесе «тек сауаттылардың мүддесіне жарады» деп сыртқа теппей, «тарихи төл туындыларымыз» ретінде қабылдауымыз қажет. Егер шынымен де, ескі қазақ жазба тілі «азғантай топқа» ғана жарамды болған болса, ХХ ғ. дейін жалғасын таппас еді. Ескі қазақ жазба тілнің негізгі стильдерін төмендегідей топтастырамыз: Көркем әдебиет стилі, Публицистикалық стиль, Эпистолярлық стиль, Ресми іс-қағаздары стилі. Олардың әрқайсысы бойынша тоқталатын болсақ:

Баспа бетін көрген көркем әдебиет үлгілері (ХІХ ғ. екінші жартысында) тобына:

  • Діни қиссалар («Зарқұм», «Жұм-жұма», «Сал-сал», «Кербаланың шөлінде», «Тамимдер», «Адам», «Хазірет Расулның Меғражға қонақ болғаны», «Бозжігіт»); Махаббат қиссалары («Таһир», «Үш қыз», «Жүсіп-Зылиха», «Қисса-и Рүстем»); Фольклорлық жырлар: («Ер Тарғын», «Қисса-и Алпамыс», «Қисса-и Қыз Жібек», «Қисса-и Айман-Шолпан»); Ерлік қиссалары («Қисса и Қожа Ғафан уа һәм Сәдуақас», «Қисса-и Серғазы»).

1900-1910 жылдар аралығындағы жарыққа шыққан шығармалар: Қырымбайұлы «Насихат Қазақия»; Н.Наушабайұлы «Манзумат қазақия»; М.Қалтайұлы «Қазақтың айнасы»; Әбубәкір Кердері «Әдебиет қазақия»; М.Көпейұлы «Сарыарқаның кімдікі екендігі»; М.Сералин «Гүлкәшиме», т.б.

Қазақ баспасөзіне: «Түркістан уалаяты» (1870-1883 жж. Түркістан генерал губернаторлығының орталығы Ташкент қаласында шығып тұрды); «Дала уалаяты» (1888 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Дала генерал губернаторлығының орталығы Омбы қаласынан шықты); Мерзімді баспасөздердің екінші тобы 1907 жылы «Қазақ», «Серке»; 1911 жылы «Дала», «Қазақстан», «Айқап»; 1913 жылы «Ешім даласы», «Қазақ», 1916 жылы «Алаш»; 1917 жылы «Бірлік туы», «Үш жүз», «Тіршілік», «Сарыарқа», «Ұран». Ғалым Ү.Сұбханбердинаның көрсетуінше «Бұл газеттердің шығуына үкімет тарапынан көмек болған жоқ» [Сұбханбердина Ү., Дәуітов С. Айқап. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. –368 б. 6].

Қазіргі таңдағы ескі қазақ тілінің бастау көздері туралы мәліметтерді төмендегідей жерлерден таба аламыз: XV- XVІІ ғасырлардағы ескі қазақ жазба тілінің нұсқаларының көпшілігі бізге жетпеген, обьективті, субьективті жағдайларға байланысты басым бөлігі шетелдік кітапханалар мен мұражайларда жатыр; Ескі қазақ тілінің негізі – көне түркі тілі, оның ерекшеліктері түркі тайпаларының V-VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей ескерткіштерінде және көне түркі, ұйғыр, араб жазулы жазба ескерткіштерде сақталған; Өз кезінде көптеген түркі тілдес халықтарға ортақ тіл болған шағатай тілінің жазба ескерткіштерінде көне тіліміздің ізі жатыр; Санамызда көмескіленіп, бейтаныс сөздерге айналған тілдік бірліктердің күңгірт келетін түсініксіз табиғатын ашу, тарихи сөздік қорымызды байытудың алғышарты

ТӨРТ БҰРЫШ

  • Тöрт булуңдакы будуның коп баз қылтым төрт бұрыштағы халықты бәрін бейбіт қылдым (КТ 29, 30);
  • ечүміз апамыз бумын қаған төрт будунығ йығмыс қысмыс йаймыс басмыс ол қан йок болтуқда кісре ел бітміс ычғынмыс қачышмыс… Ата – бабамыз Бумын қаған төрт бұрышты қысқан, жиған, жайған, басқан, ол хан жоқ болғаннан соң ел біткен, ышқынған (әлсіреген) (әржаққа) қашқан (О 1)

 

  • Ajnalasï altï xan, töŋiregi tört xan, dünijeniŋ tört burïsïn  bijlegen xan  Айналасы алты хан, төңірегі төрт хан, дүниенің төрт бұрышын билеген хан (Қадырғали Жалаиридің Жамиғат-Тауарихы)
  • Дүниенің төрт бұрычын билеген хан, халайықын әділлік білән сұрған хан, иетімлерге рахым қылыб, чығайларны тойдұрған хан (Дүниенің төрт бұрышын билеген хан, халқын әділдікпен ұстаған хан, жетімдерге рақым қылып, кедейлерді тойдырған хан) (Қадырғали Жалаиридің Жамиғат-Тауарихы).

 

Бұл нені көрсетеді, әлемнің құрылымдық ерекшелігін танытатын дүниенің  төрт бұрышы мифтік танымы көне түріктердің сөз

қолданысында бар. Тöрт булуңдакы/төрт бұрыштағы метафоралы оралымы “дүние жүзі, ел” мағынасында жұмсалғандығын. Яғни:

  • ТIРIК, ТIРIКЛIК(түрк.) – өмiр; тiрi болу; тiршiлiк ету. Дүниенiң тiрiклiгi бәрi мехнат, Әуре болып iздеме бекер аны («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. 12 б.); Ризығы бiтiп адамның, ғұмыры қалса, Болады тiрiклiктiң жөнi қалай («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. 12 б.); Ризығы бiтiп, адамның ғұмыры қалса, Тiрiклiгi бола ма дұрыс,—дейдi («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. 12 б.).
  • ТҮМЕН – он мың адам/әскер. Аттарынан жүз түмен құлағанлар, Көз жастарын сел қылып бұлағанлар. «Дариға, падишамыз не болды», - деп, Ойбайласып баршасы жылағанлар [«Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық, 138 б.]. Аталған сөз парсы және кейбір түркі тілдерінде «сансыз, он мың» деген мағынада ие. Алтайша тÿмен «сансыз көп, қыруар». Тіліміздегі Түменбай// Тұманбай, Түменов сияқты адам аттарының түбірі де осы түменмен төркіндес болу керек. Бүгінде «Бірдің кесірі мыңға, мыңның кесірі түменге» деген мақал құрамында сақталған.
  • БҰҒАЗ – тамақ, мойын, бұғақ. Ол Намруд имансыздың атқан оғы Балықтың бұғазына келiп батты («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. 122 б. );
  • БАҒЫР – бауыр. Тағы Жамсыб ант етiп қылды зарын, Айдаһардың күйдiрдi бағырларын [«Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. , 105 б.].
  • АҚЫҚ – әшекей үшiн пайдаланылатын, түсi ақшыл бағалы тас. Апыр-ай, Еренбақта осы патша, Ақық көз, алтын шынжыр, күміс қақпа («Нұрғазарын». Бабалар сөзі: Жүз томдық. 30 том: Хикаялық дастандар.- Астана: Фолиант, 2006.- 394 б.).
  • ҚОЛ..Ағызларыңыз бір болса ұзақ иыллар уа көб күнлер бұ иұртлар қолұңыздын чықмас (Түркі шежіресі).

Мұндай мысалдар арқылы ескі қазақ тілінің шығу төркіні – көнеден екендігіне тағы да көз жеткіземіз. Ғалым, профессор Н. Уәлидің

мынадай пікірі бар: «Ескі қазақ жазба тілінің нормалары, әсіресе, ХІХ ғасырдың аяғына таман сөйлеу тілінің ықпалына көбірек ұшырап, халық тілінің элементтері жүйелі сипат ала бастады. Бұл тұста ілгерішіл демократиялық бағыт ұстанған «Айқап» журналы, «Қазақстан» газеті, т.б. сияқты басылымдардың орны ерекше болды. Әсіресе, ХХ ғасыр басындағы көркем әдеби шығармалар тілінде сөйлеу тілінің нормалары айқын көрінді, бірақ ескі жазба тіліне тән сөз үлгілері де жиі көрінді, бірақ ескі жазба тіліне тән сөз үлгілері де жиі кездесіп отырды».

Бұл жерде Профессор Н.Уәли ескі қазақ тілінің жүйесі туралы пікірін былай сабақтайды: Ескі қазақ жазба тілінің емле жүйесі тым күрделі болды. Себебі, оның тілдік жүйесінде, біріншіден, Қараханид дәуірінен келе жатқан байырғы түркілік сөздер мен тұлғалар, екіншіден, қалың жұртшылық біле бермейтін араб, парсы сөздері, үшіншіден, қазақтың кәдімгі сөйлеу тіліне тән элементтер болды. Жазба тіл жүйесінде мұндай үш түрлі элементтердің аралас құралас жүруі, оның емле жүйесін оқып-игеруге көп қиындық келтірді. Сондай-ақ қазақтың ескі жазба тілін халықтың белгілі бір әлеуметтік тобы ғана қолданды. Жалпыхалықтық игілікке айналып, бұқаралық сипат ала қоймады» [Уәлиұлы Н. Туған тіл – тұғырың / Тіл және қоғам. №4.(42). -2015. – 23 б.].

Ескі қазақ жазба мұралары – ерте дәуірлердегі көне лексиканың көрінісі, олар қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен өмір-тіршілігінен хабар береді. Ескі жазба лексикалық ерекшеліктерді сараптай отырып, төл сөздер мен кірме сөздердің жағдайын пайымдаймыз. Ал мағынасы күңгірттенген көне сөздер мен кірме сөздер табиғаты әлі де анықтауды қажет етіп отырғаны белгілі. Ескі қазақ жазба тіліндегі төл сөздеріміз бүгінгі күнге дейін өзгеріссіз сақталып жетті. Ал мағынасы күңгірттенген көне сөздер әлі де анықтауды қажет етеді. Ескі қазақ тілінде төл сөздеріміз мол, әрі мағынасы бай, олар күнделікті тұрмыс, табиғат құбылыстары, қоғамдық қарым-қатынас, әскери атаулар, шаруашылық, жан-жануарлар, адамның дене мүшелері, заттардың сапалық қасиеті және жер-су атаулары сынды алуан түрлі тақырыпқа құрылған.

Сонымен қатар, қазақ тілінің лексикалық қорының толығуына фонетикалық тәсілдер мүмкіндік береді: хүкімет (үкімет), лашкер (әскер), қағыба (қағба), сан (сен), ман (мен), азһар (ызғар), ауаз (әуез), тауап (тәуеп), әзһара (әшкере), даража (дәреже), ғаян (аян), шаһариар (шадияр), афзал (абзал), нәжік (нәзік), таңла (таңда), амит (үмбет), мүһір (мейір), бәрекалла (бәрекелді), ағыз (ауыз), салла (сәлде), аһыл/ахыл/ғақыл (ақыл), мүһірбан (мейірбан), ғарыз (арыз), зиһын (зейін), шатлық (шаттық), ізлеу (іздеу), шапшақ (шапшаң), ұжмақ (жұмақ), нығмат (нығмет), үзім/йүзім (жүзім), зирек (зерек), шурат (сурет), хадір (қадір), сінбіл (сүмбіл), пак (пәк), нажағай (найзағай), дәлил (дәлел), Хызыр (Қызыр), мінөт (минут), жұмға (жұма), сүннат (сүннет), хақиқат (ақиқат), хұмай (құмай), хұрмет (құрмет), арыслан (арыстан), жетімлік (жетімдік), дабыс (дыбыс), ахырын (ақырын), тиыш (тыныш), қорқақлық (қорқақтық), бүтіл (бүкіл), иаз (жаз), қата (қате), ғашықлық (ғашықтық), жомартлық (жомарттық).

Дыбыстық ерекшелігі бар сөздер: Сарнаушы еді еліге, Зарнамасқа бола ма, Қызыққан соң төс пен теріге?!(«Тоғай бойында Едіге баласы Бейсенге біреудің айтқаны»); Қызыл иақұт есікте телефон тұр, Машинамен орнатқан тозбас, сынбас («Бір үйге»); Ақымақлықтан сөйлеймін әңгіме айтып, Кейде танып есімнен, кейде қайтып («Қанағат туралы жұмбақ өлең»); Өнердің жастықтағы (жаслықтағы) бәрі көшіп, Күн еді ұмытшақтық орнын басқан («Кәф пен Нон»); Сен илан(инан), ант амансыз, тіліме нан, Қалмады бұ денемде бір тамшы қан («Кәф пен Нон»); Тәңірім бізді (бізлі) қадірлеп, жақсы (иақшы) күтті, Қандай жерді біздерге (бізлерге) қоныс етті?! («Мінілмеген көлік»); Ит (ет) жүрегім түзуге бір айналмай (айланбай), Жаһуттың Насраниға қылғанларын Ғарыз етіп сол уақытта хабар берді («Абыраһа мен Мұғылаб»); Мұны естіп Рум патшасы қайғыланып, Ойланды әрбір қиял көңіліне алып («Абыраһа мен Мұғылаб»); Жамонге алыслықтан қиын болды, Қайсардан ұрыспаққа әскер алып (Абыраһа мен Мұғылаб); Жаһутлардың Насыраниді күйдіргенін, Қағазбен (азһар) ызғар етіп білдірді ана (оны)(«Абыраһа мен Мұғылаб»); Нажашы патша қайратланды мұны естіп, Қысасын әпермекке көңілі кетіп (Абыраһа мен Мұғылаб); Қырдылар ерлерінің бәрін һама,Ұл (оғлы) – қыз, қатынларын сатты және (жана) («Абыраһа мен Мұғылаб»).

Фонетикалық тәсіл кезінде дыбыстық транформациялар орын алса, лексика-семантикалық тәсіл кезінде сөздің сыртқы формасы мен дыбыстық кешенінде ешқандай өзгеріс болмайды.  Лексикалық семантикалық тәсілге мына сөздерді қарастыруға болады: үшбу, шарпы, жай, қарындас, ұрғашы, құда, дүр, лағын, малма, шартық, қияпат, пұл, құжыра, кежім, мор, кірекеш, шырға, саруар, т.б. Мысалы:  Сарнаушы еді еліге, Зарнамасқа бола ма, Қызыққан соң төс пен теріге?! («Тоғай бойында Едіге баласы Бейсенге біреудің айтқаны») – н-л; Қызыл иақұт есікте телефон тұр, Машинамен орнатқан тозбас, сынбас («Бір үйге») – и-ж; Ақымақлықтан сөйлеймін әңгіме айтып, Кейде танып есімнен, кейде қайтып («Қанағат туралы жұмбақ өлең») – л-т; Сен инан, ант амансыз, тіліме нан, Қалмады бұ денемде бір тамшы қан («Кәф пен Нон») – н-л; Тәңірім бізлі қадірлеп, иақшы күтті, Қандай жерді бізлерге қоныс етті?! («Мінілмеген көлік»); Қырдылар ерлерінің бәрін һама, Ұл (оғлы) – қыз, қатынларын сатты жана («Абыраһа мен Мұғылаб»); Тоғыз ай, он күн тамам өткеннен соң, Бiр ер бала дүниеге келтiрдi ендi (Шаһмаран); Алалды көңлім қаламай, Қалайды көңлім арамды («Алпамыс батыр қиссасы»); Моллалар сызған ала хат, Біздің билән бас қосып, Ойнап-күлмек салтанат («Қисса-и Алпамыс батыр». Бабалар сөзі) – л-д, а-ә; Ит (ет) жүрегім түзуге бір айланбай (айналмай) , Ұйтқып соққан борандай ойда жүрмін («Мінілмеген көлік»); Жаз оқып, (айналып) айланып күн күзге таман Шаруа ескеріп, жинасып, шөп, шар, сабан («Бөгелген хат») – и-е, л-н; Мұны естіп Рум патшасы қайғыланып, Ойланды әрбір қиял көңіліне алып («Абыраһа мен Мұғылаб») – у-и;

Жаһутлардың Насыраниді күйдіргенін, Қағазбен азһар (ызғар) етіп білдірді ана (оны) («Абыраһа мен Мұғылаб») – а-ы, а-о;

Дыбыстық ерекшелігі бар сөздер: Жұмырықтасып жүргенде, Мұрындары қанасты («Сайын батыр») – м-д; Тағы Жамсыб ант етiп қылды зарын, Айдаһардың күйдiрдi бағырларын («Шаһмаран») – ғ-у; Шақпа жағып сол жерде отты жағып, Пiсiрдiлер банағы киiк етiн («Шаһмаран»); - Базарда һеш адам жоқ, дүкен жабық,Бұ күн әлi сенбi күн, байрам ба едi? («Шаһмаран». Бабалар сөзі) – б-м; Анда тұрған перiлер бақырдылар, Дауыс қылып баршасы ақырдылар («Шаһмаран»); Айғайлап өте шықтық жанасалап, Ат бойы арамызды ауашалап («Құмаш қоңыр хикаясы». Бабалар сөзі.) – а-о; Әгар желдi еркiне қоя берсем, Ұшар едi мақтадай болып таулар («Шаһмаран». Бабалар сөзі) – ә-а; Көңілі мекем толған соң, Қуаттанып болған соң, Жарағын алды сайланып («Қисса-и Алпамыс батыр». Бабалар сөзі – м-б; Болыпты ғиар елшi ат секiлдi, Алдына ол адамның жүрiп келдi («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық. 69 б. 1920 жол) – ғ-ж; Ол шаһарда тұрдым мен ендi қалып, Кезiп жүрдiм базарға дайым барып – а-е, м-н.

Ал, артық тілдік бірліктерге: Сөз басы: хүкімет (үкімет), лашкер (әскер), ғаян (аян), ғақыл (ақыл), ғарыз (арыз), іләйім (лайым), ұғыл (ұл), харіп (әріп), һүммат (үміт), ғатір (әтір), ғазап (азап), ғараб (араб), хисап/қисап (есеп), хақиқат (ақиқат), ғылаж (лаж), ғаурат (әурет), ғаділ (әділ), ғадет (әдет) , хайла  (айла), ғаділдік (әділдік), һәр (әр), һеш (еш), һешбiр (ешбір), андан (одан), һәрне (әрне ), һештеме (ештеме), һешбір (ешбір), ғазазіл (әзәзіл), ғазат (азат); Сөз ортасы қағыба (қағба), шаһариар (шадияр), жұмға (жұма), тіріклік (тірлік), минхнат (мехнат), ағыза (ағза), мағлұм  (мәлiм), ерді (еді), жығылар (жылар); Сөз аяғы нақылият (нақыл), дост (дос), соңыра (соң), сафа (саф), Құдауанда (Құдай), тұғрысындан (тұрғысынан), дейіп, дейүрлер (деп, дейтін), дүният (дүние), кезлік  (кез), мөһір (мөр), некаһ (неке), кетпесін-лар (кетпеңдер), солардайын (солардай), кереметлі (керемет), бармақтыққа  (баруға), айтқыл (айт ), оқығыл (оқы), бұзбақлыққа (бұзбауға), салың (сал), елтіп (етіп), қарағыл  (қара) т.б. жатқызамыз.

Сөздердің бірнеше тақырыптық топтарға бөліп қарастырамыз:

  1. Әлеуметтік-қоғамдық, саяси атаулар: басалқа, бенде, зәңгі, үкірдай, сәруар,
  2. Діни ұғымдарға байланысты атаулар: қырық шілтен, ғайып ерен, қары, бәддұға, тамкүн.

3.Тұрмыстық зат атаулары: шанаш, парша, мәулім, сәрке, адалбақан, ақық, зүбәржат т.б.

4.Табиғат құбылыстары атаулары: зағыпыран, сандал биқам, тораңғы, уақуақ, борық. қолат

  1. Жан-жануарлар, аң-құс атаулары: нұрғазарын, сауыс, сиқнұқыр, бұлдырық, нарша, үлек, оқпақ,
  2. Сауда-саттыққа байланысты атаулар: көкалдаш, қадақ, пұт,
  3. Туыстыққа байланысты атаулар: жұрағат, ұрғашы, оғұл, қыз т.б.
  4. Абстракциялық атаулар: мақсұт, мағлұм, алалдық т.б.
  5. Түр-түс атаулары: баран, бедірек, бөрте, бұла т.б.

 

Мысалы:

ҮШБУ

  • Үшбу – «осы, осынау» мағынасына ие
  • Ораза тұт, үшбу айда оқып құран, Қараңғы керде шамың жағып тұрған («Жарапазан»); Тірлікте үшбу хатты тамам қылған, Сөз айттым ықыласпен бұрынғыдан («Мысал-аңыз үлгілері»); Абыраһа мекерлікті көңіліне алып, Білдіріп үшбу сөзді (аз һар) ызғар етті («Абыраһа мен Мұғылаб»); Өзіңе үшбу жұмыс алашақ па еді, Меккелік Құрайыштың кетасы едің («Абыраһа мен Мұғылаб»). Бу, шол, үшбу, тона Үшбу йерде барчамыз қыралы дебзар қылдылар (Әбілғазы баһадүр, Түркі шежіресі).
  • Үшбу кеченің ічінде келіб меңға жауаб бер теділер (Әбілғазы баһадүр, Түркі шежіресі).
  • Үшбу уақытда көрелнің падшаһлары Щибан хан нәсіліндін емеш бірақ йырық
  • йер тұрұр аның растын йалғаннын тәңрі йахшы білүр (Әбілғазы баһадүр, Түркі шежіресі).

үшбу пәле, үшбу ер, үшбу күн, үшбу сөз, үшбу түні, үшбу заман, үшбу іс, үшбу йер, үшбу жай, үшбу жол, үшбу уақыт, үшбу қисса, үшбу пәни, т.б.

Үшбудүр

Біләлға Расул айтты қылып пәрман: - Хабар қып Халықтың бәрін келтіріп сан. Ақырғы өсиетім үшбудүр, - деп, Бұл күнде сан өсиет айта – дүрман (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Пайғамбардың соңғы тілегі»).

ДҮР

  • Дүр/дүррі араб сөзі, «теңіз түбінен алынатын қымбат бағалы асыл тастың бір түрі, інжу, маржан; керемет, зор, атақты» деген мағыналарға ие. Мысалы: Қалдырған су түбінде дүрдің тасын, Түспейді көзге әр нәрсе, болса асыл («Адам екі түрлі»); Әдетің: дүр өлеңге аят жазбақ, Тымшым қып (тамасын қор ғып) біреудің ғайыбын қазбақ («Мәшһүр-Жүсіп пен Ғалы Күзембайұлы айтысқаны»)
  • «дүр» қосымшасы

Сұрады сауал етіп Мұтылабтан: - Мағлұм ет: не жұмысқа келе дүр сен (сан) (М-Ж. Абыраһа мен Мұғылаб); Әркім-ақ ғибрат қылып ойлау керек, Алланың болған дүр деп бірадасы (М-Ж. «Қажыларға»); Мұтылаб патшаға айтты қылып азһар (ызғар), Екі жүз түйелерім келіп дүрлар (М-Ж. Абыраһа мен Мұғылаб).

  • Шарпы

Шарпы сөзі «жарты» деген мағынаға ие болған: Расулдің жасы шарпы қырыққа келіп, Айтайын пайғамбарлық келгенлерін («Абыраһа мен Мұғылаб»). «Шала-шарпы» деген қазақта сөз бар. Мұндағы шала сөзінің мағынасы белгілі, бірақ шарпы сөзінің мағынасы бұлыңғыр. Шарпы сөзі тува тілінде ««жарты» ұғымын білдіреді, сонда «шала-шарпы» қос сөзінің мағынасы «шала-жарты» болмақ. Шала, шарпы сөздері отқа байланысты айтылады. «Сөздің аласы – жаман, оттың шаласы – жаман» деген қазақта мақал да бар. Жалпы алғанда, «шарпы» сөзі «толық емес, жартылай» деген мағынаны білдіреді.

  • Қарындас

Қарындас «ағайын, туыс» мағынасында жұмсалған: Қадірлес, халық, ағайын, қарындасы, Таласып бірдей өсіп – мал мен басы («Қажыларға»); Сенікі – жан ашыған қарындастық, Мақсыз жаһил әсері жұртқа паштық («Мәшһүр-Жүсіп пен Ғалы Күзембайұлы айтысқаны»).

  • Құда

«Жаратушы, құдай» мағынасында «Құда» сөзінің қолданысы мынадай: Құданың құдіретімен болған нәрсе Жылаймыз енді мұны кімге шағып?! («Қамаралдин хазірет»); Құданың фазылы менен нұры тиіп, Берілген ғылым хикмет адам еді («Қамаралдин хазірет»); Бір құда хакім болып, қысым етер, Уағда акірамін болармын мақшар күні («Пайғамбардың өсиеті»).

«Құда» сөзінің «пайғамбар, белгілі мұсылман йесі» мағынасы жұмсалған: Сәлімге Расул құда қылды мағлұм, Хақиқат: жәннат дүр-орным менің («Пайғамбардың өсиеті»); Сол жылы Расул-құда дүниеге енді, Әуелгі мом жазасы үшбу ер-ді (Абыраһа мен Мұғылаб); Асхаптың жамағатпен тұрғандарын Қарады Расул құда назар салып («Пайғамбардың өсиеті»).

Әлеуметтік-қоғамдық, саяси атауларға:

  • БАСАЛҚА – ақыл (кеңес), басу сөз айтушы. Қызықты бастау үшін басалқалар, Той соңын атқа аударды тым ұзатпай («Құмаш қоңыр хикаясы». Бабалар сөзі).
  • ЗӘҢГІ, ҮКІРДАЙ – шен, билік атауы. Жиылған зәңгі, үкірдай, бай-бағланға, Бір тойда Тотай кепті анталатып («Тотай сал». Бабалар сөзі).
  • КЕРЕШІ – келістіруші, араға жүруші, бітістіруші
  • СӘРУАР/СӘРУӘР – басшы, көсем (Мұхаммед пайғамбардың атына байланысты қолданылады), бастық, жетекші.  «Мен ендi сол Сәруәрдi iздейiн», - деп,Амандасып олармен кетiп қалды(«Шаһмаран». Бабалар сөзі)
  • ІЛГІДАЙ – лауазым иесі, үкірдайдың орынбасары. Мансапты: бірі үкірдай, бірі ілгідай, Әр түрлі құрметтелді тағамменен («Құмаш қоңыр хикаясы». Бабалар сөзі).

Туыстық атаулар

  • ЖАНАП – жақын, жамағайын, туыс. Ғалым тағы сұрағын сабақтады, Тыңдап отыр халифа жанаптары («Ғалым қыз Буадат». Бабалар сөзі).
  • БІР ТУМА – бір туған туыс, туысқан. Байбөрі әкесі һәм Құлтай, һәм Шыныбай деген үшеуі бір тума екен («Қисса-и Алпамыс батыр». Бабалар сөзі).

 

 

 

Абитжанова Ж.А.,

Ешметова Б.Б., Есбосынов Е.З,

А. Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Пікірлер