Көлік апаты 33,3 пайызға азайды

2854
Adyrna.kz Telegram

Елімізді індет жайлағалы бері, әсіресе алғашқы екі айда оқшауланып үйде отырғанымыз бар. Бірақ одан жағдай жақсара қойған жоқ. Төтенше жағдайдың уақыты біткенмен, карантин әлі де күшінде.

Дегенмен, індетті өзіміз өршітіп алдық. Қазір де ауруханалар адамға лық толы. Тіпті кейбір өңірлер науқастарды қабылдамай жатыр. Коронавирустен үйде емделіп жатқандар бар. Лайым олар тезірек сауығып кетсін дейік, бірақ карантиннің пайдасы болғанын да айта кетейік.

Ол ең алдымен жол-көлік оқиғасына тікелей байланысты. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегіне  жүгінсек, соңғы бес айда жол-көлік апаты күрт төмендеген көрінеді. Ішімдік ішіп, көлік айдаған 741 жүргізуші ұсталған. Бұл 2019 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда көлік апаты оқиғасының 33,3 пайызға азайғанын көрсетеді.  Бұл ретте мамандар коронавирус пен карантиннің әсері  болғанын да жасырмайды. Өйткені адамдар ешқайда шықпай, үйде оқшауланды, жүргізушілер көлікке көп отырған жоқ. Осының бәрі де өз әсерін тигізген болуы керек.

Десек те, әкімшілік жазаға тартылған  741 азаматтың  658-і ішімдік ішіп, есірткі қолданғаны үшін жүргізуші куәлігінен айрылған. Ал қалғандарына әртүрлі деңгейдегі жазалар қолданылған.

Бұл жағдайды аймақтық деңгейде қарастыратын болсақ, ішімдікке тойып алып, рульге отыратындардың  көш басында Батыс Қазақстан облысы (87 адам) тұр. Одан кейін Қостанай облысы - 75 адам, Маңқыстау облысы -63 адам.

Ескерте кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жыл басынан бері ішімдік ішіп, рульге отыратын  жүргізушілерге қатысты талап  қатайтылды. Сондықтан заңның қатаңдығы да жауапкершілікті арттырып отыр.

 

Еркін Қалдан, «Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер