Қан аңсаған Че Гевара

1775

Бар жоғы 39 жыл ғұмыр кешсе де аты аңызға айналған, әлемге әйгілі революцинер Эрнесто Че Гевара шын мәнінде кім? Дәрігер, идеалист, интеллектуал, ақын, зәбір көрген елдің бостандығы үшін қолына қару алып күрескен батыр? Әлде әйел зорлап, бала-шағаны қолы қалтырамай өлтірген қатігез, қанқұмар бандит, Кубаны концлагерьге айналдырған Фидель Кастроның нөмірі бірінші баскесері ме?

Фидель Кастро оның өмірінде үлкен рөл ойнаған. Екеуі Мексикада танысады. Алғаш кездескенде кешкі сегізден таң атқанша әңгіме-дүкен құрыпты...

Гевараны жақсы таныған, Фидель Кастроның қарындасы Хуанита Кастро ол туралы: «Гевараға соттың да, тергеудің де қажеті жоқ еді. Адамдарды бірден атып тастайтын. Себебі ол жүрексіз болатын»-дейді.

Ал өзі әкесіне жазған хатында: «Әке, маған өлтірген қатты ұнайтынын түсіндім»-десе, әйеліне «Мен Кубадамын, қан аңсап жүрмін»-деп жазады.

Бұнысын байқаған Фидель Кастро оны билікке қолайсыз, «күмәнді» адамдарды тазарту үшін пайдаланады. Бұл міндетті Гевара асыра орындаған. Тіпті әйелдер мен балаларды, тұтас отбасыларды өз қолымен қырып салған. Кісіні салқынқандылықпен, жоспарлы түрде өлтірген. Фидель Кастро біреуді өз билігін күшейту үшін өлтірсе, Гевара одан ләззат алған.

Билікке келгеннен кейін Фидель Кастро мен оның серіктестері өз билігін күшейтуге кіріседі. Ал Гевараны билік мүлде қызықтырмаған. Ол революция ісін сүйген. Өз ісінің дұрыстығына ессіз сенген. Арқасына ауыр рюкзак байлап, оған патрон мен кітап толтырып, астмасынан әрең демалып, жолдастарымен бірге жүрген әлдеқайда ұнаған деседі.

1966 жылы жергілікті көтерілісшілерге көмектесу үшін Боливияға аттанады. Бірақ Кубадан ешқандай көмек келмейді. Боливиялықтар оны тұтқынға түсіріп, тергеп, келесі күні атып тастайды. Кастро оны өлімге әйдейі жіберді ме? Бұл әлі күнге басы ашылмаған сұрақ...

Боливияға кетерінде Фидель Кастроға жан тебірентер соңғы хатын жазып қалдырады. Өзі қайтыс болып кетсе жариялауын сұраған. «Өткен өміріме қарап отырып, барынша адал қызмет еттім деп ойлаймын, революцияны нығайтуға тырыстым. Менің ең басты қателігім – саған сенбегенім, Фидель. Алғаш кездескен сәттен бастап мен сенің лидерлік әрі революционерлік қабілетіңді бағаламадым. Сенің жаныңда жүріп, керемет күндерімді өткіздім. Қызықты күндерде де, ең қиын күндерде де халқымызбен бірге болғаным үшін бақыттымын. Мені ұлындай қабылдаған халықты қалдырып барамын және бұл менің жүрегімді жаралайды»-деп жазған.

Ажалына бара жатқанын білгендей, барлық кітабын достарына таратып, заттары мен қағаздарын жағып жібереді. Көп хат жазады. Басқа бір досына: «Мен министрліктерді басқару үшін немесе қартайып өлу үшін тумағанмын»-деген екен. «Жас батыр» кейпінде өлуді армандайтынын өзінің жасөспірім кезіндегі өлеңдерінде де жеткізген.

Қолсыз жерленген. Боливиялықтар оны өлтіргеннен кейін екі қолын кесіп алып, саусақ іздерін алу үшін Буэнос-Айрес полициясына жібереді.

Көз жұмған сәтінде түсірілген суретінде Иса Мәсіхке қатты ұқсап қалған. Мазары тек 1995 жылы табылып, 1997 жылы мәйіті Кубаға қайтарылып, қайта жерленеді.

ҚЫЗЫҚ ДЕРЕКТЕР:

Аргентинада бай буржуазиялық отбасында туған. Үйінің үлкені. Әке-шешесі бес баласына да жоғары білім берген. Ұлдарының саяси көзқарасының қалыптасуына да ықпал еткен өздері. Үйлерінде бес мың кітап болыпты. Гевара 4 жасынан қаріп танып, кітап кеміріп өседі.

Екі жасында астманың ауыр түріне шалдығып, өмір бойы осы дертпен алысып өтеді. Күн сайын приступ ұстайтындықтан екінші сыныпқа дейін үйінен оқиды. Суық су астмадан приступ тудыратын болғандықтан көп жуынбай, үстінен үнемі сасық иіс шығып жүрген. Соған орай «торай» деген лақап аты да болған.

Бала күнінде көп төбелесіп, қарсыластарын қансырағанша ұрып, оған қоса жануарларды азаптағанды жақсы көріпті. Не істесе де елдің назарын аудару, шошыту үшін жасаған. «Жаман жігіт» болу ұнаған. Тіпті өзінің сирек жуынып, сасып жүретінін де мақтаныш көрген.

Гевараның жиені ол туралы: «Төменгі таптан шыққан қыздарды, әсіресе қызметші қыздарды интимге мәжбүрлегенді жақсы көретін»-деп жазады.

Математика сияқты нақты ғылымдарға мықты болғанымен, осы дертінен құтылу үшін дәрігер мамандығына түседі. Алапеспен ауырған адамдарды емдеуді армандаған.

Че деген сөз түбі аргентиналық екенін білдіреді.

Кубада маза бермеген масалардан құтылу үшін шылым шегуді үйренеді.

Оның портреті адамзат тарихында ең көп сатылған портрет.

Кумирі – Сталин. 1950 жылдары өзі жазған хаттарына «Сталин ІІ» деп қол қоятын болған.

Күтпеген жерден Кубаның экономика министрі болып тағайындалады. Аңызға сүйенсек Фидель Кастро үзеңгілестерін жиып алып, «Араларыңда экономист бар ма?» деп сұрайды. «Экономист» деген сөзді «коммунист» деп естіген Че Гевара бірінші болып қол көтереді. Қол көтеріп қойғаннан кейін кері шегінуге жол жоқ. Фидель оны сол сәтте экономика министрі етіп тағайындап жіберген.

«Идеологиялық, теориялық тұрғыдан ол әлдеқайда алдыда. Менімен салыстырғанда оқ бойы озық революционер еді»-дейді Фидель Кастро.

Гевара өзінің жеті жаны бар деп санаған. Партизан жасағына басшылық етіп жүргенде екі рет жарақат алады. Сол кезде ата-анасына «Екі жаным кетті, енді бесеуі қалды»-деп хат жазған.

Жеке өмірі: Сұмдық харизмалы адам. Қыз-қырқынның оны бір көргеннен есі кететін дейді естеліктер. Ал өзі ойы өзімен бір жерден шығатын революционер әйелді қалаған. Ресми түрде екі рет үйленеді. Бірінші жары революционер Ильда Гадеаға 1955 жылы үйленіп, араларында бір қыз дүниеге келеді. Кейін екінші жары Алейда Марчпен танысып, Ильдамен ажырасады. Ажырасқан соң бірден Алейдаға үйленіп, екеуінен төрт бала туған.

P.S.: Нумерологиясында мыңдық белгісі бар. Мыңдық белгісі атақ пен ақшаны білдіреді. Асып бара жатқан таланты да, үйіп-төгіп берген бағы да жоқ. Бірақ өте мінезді, билікқұмар, физикалық жағынан да, моральдық жағынан да өте төзімді адам. Өмірінің көз жұмған кезеңі қатты құлдырауда болған. Жұлдызы – интеллектуал, эмоцияға суық, бір орында отырмайтын Егіздер.

Ақбота Әбілтай

Пікірлер
Редакция таңдауы