Мұхтар ШЕРІМ: Сатирадан сән, сахнадан ән кетті...

3785
Adyrna.kz Telegram

 "Адырна" ұлттық порталы елімізге танымал сатирик–жазушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі  Мұхтар Шерімнің шығармашылығы мен қоғамның қазіргі хал-ахуалы жайлы  сұхбатын назарларыңызға ұсынады.

Мұхтар аға, сатираға қалай келдіңіз? Не түрткі болды?

–Бәрі осындай сұрақпен «сабайды». «Сатираға самолетпен келдім» десем, күледі. Сатираны мен біреуден жұқтырып алған жоқпын. Жол –жөнекей де келген жоқпын. Сатираға қаныммен, жаныммен келгендеймін. Өйткені, бала күнімде үлкендердің әзіл әңгімелерін аузымының суы құрып, аузым аңқия тыңдаушы едім. Бесінші класта оқып жүргенімде «Тазша бала», «Қожанасыр әңгімелері», «Тоғыз тоқылдақ, бір шіңкілдек» секілді жұқа, түрлі –түсті суреттермен безендірілген кітапшаларды көп оқитынмын. Соның әсері болса керек, әзіл әңгімелерге қызығуым дауылды күнгі өрттей болды. Әсіресе, Алдар көсенің әңгімелері ерекше ұнайтын. Сегізінші класты аяқтаған жылы жазда «Әлиманың әлегі» атты тұңғыш сатирамды жаздым. Бірақ, тоғызыншы класқа көшкенде неге екенін білмеймін, бір күнде суретші болғым келіп кетті. Терезе көлеміндей ақ  плакаттарды сатып алып, шимайлайтынмын.  Бірақ өзіме ұнамады. Бұлттардың, үйдің суреттерін кім сала алмайды? Бояуларымды шашып жіберіп едім, ақ мысықтың үстіне төгіліп, ол «Дұрыс, суретші бола алмайсың!» дегендей,  баж ете қалды. Содан кейін сатираны бір жола қолға алдым. Жаза бердім, жаза бердім. Тіпті, әл-Фараби  атындағы Қазақ ұлттық университетінің   журналистика бөліміне оқуға түскенде де, сатираны сағынып, жазуымды тоқтатпадым. Ол кезде «Жалпы дәптер» деген қалыңдау дәптер болатын. Соның төртеуін толтырдым. Бірінші дәптер демей, бас жағына «Мұхтардың сатирасы. Бірінші том. Әзіл–сықақ әңгімелер», «Екінші, үшінші, төртіншгі том» деп жазып қоятынымды қайтерсің? Өзімше кітап жазған түрім сол.

Қышқыл сатираңыз бар. Әлеуметтік желілерде жиі көрінесіз. «Шошқалар шеруі», «Шегірткелер шеруі», «Біз сондай бақыттымыз!» сияқты сатираларыңыз езу жидырмайды.  Оындай әлеуметтік сатираларыңыздың кейбір мәселелерге көмегі болды ма?

–Нақты айта алмаймын. Бірақ оқырмандарымды ойландырып, күлкі сыйлап жүргенімді білемін. Ал, әкім қаралардың арасында жемқорлықтан қорқып қалғандарын естіп қоямын. Әрине, менің сатирамнан кейін. Ертеректе, кеңес заманында сатиралы фельетон дәуірі жүрген еді. Фельетонда аты–жөні аталып кеткен шенеуніктің өзі бұрқ ете қалатын. Идеология күшті еді. Қазір ондай жоқ,  керісінше, қызметі өсіп кетеді, тіпті, бала–шағасымен астанаға көшіп кетеді.

Қазіргі сатира неге әлсіз? Неге сатирада салмақ жоқ?

–Үнемі макорон жей беретін бала қалай балпанақтай болсын? Сол секілді қазіргі сатираның ішінде макорон, вермишель сияқты майда–шүйделер бар, от басы, ошақ қасынан шыға алмайды. Ет жемеген балада қандай салмақ болсын? Сол секілді сатира әлсіз, қарашы, әлеуметтік желіні қарап шықсаң, әйтеуір күлдіру үшін анайы, дөрекі әзілдер қаптап кеткен. Теледидарды қосып қалсаң, қарның ашатын әзілдерді мыжып тұрған жастарды көресің. Әзіл–сықақтарында, оқып тұрған монологтарында әлеуметтік мәселелерді қаузайтын бір түйір сатира жоқ. Оның бер жағы, газет оқымайтын жастар көбейді. Егде кісілердің өзі қарамайды. Ал, газеттер сатира жариялауды ұмытты. Сатиралы сайттар жоқтың қасы. Рас, порталдар менің сатираларымды жариялап тұрады. Бірақ өзге Шерімдерді де оқығым келеді. Несін айтасың, сатирадан сән, сахнадан ән кеткен заман болды.

Дегенмен, күлкі құдыретті күш қой?

–Оған дау бар ма? Қазақ күлкісіне жететін күлкі жоқ әлемде. Өзім осындай пікірдемін. Күлкінің құдыреті осында, шенеуніктер күлкі болып қаламын деп ойлап, көп жағымсыз әрекеттерден бас тартады. Елге масқара боламын, күлкі боламын деушілер де бар. Сондықтан, өз басым, күлкіге құрметпен қараймын.

Қазіргі қазақ журналистикасына көңіліңіз толады ма? Теледидар ұлттық құндылықтарымызды қаншалықты дәріптеуде?

 –Бейсен Құранбек марқұм секілді журналистиканың майын ішкен майталмандар бар. Бірақ аз. Қазір оқу бітірмесе де, бәлеқорлығымен тіліші атанып, әкімдерді қорқытып, «Фейсбукке салып, масқараңызды шығарамын!» дейтін қыз–жігіттер көбейді. Сосын, анау әкім байғұс «Құдая бетің құрысын! дегенді ішінен айтып, тілшісымақтың қолына ақша ұстатып құтылады. Ал, ақша бермегендерді былдыр–батпағымен әшкерелеген болып, жала жабумен аяқтайды. Мүндай тілшілерді «мүгедек тілшілер» деп атаймын. Сосын, өздерімен өздері айтысып, соттасып жататындарын қайтерсің? Беттері қалың. Кесіп алсаң, қан шықпайды, жын шығатындай... Ал, теледидарлардағы бағдарламалар, ғафу өтінемін,  «биттеп» кеткен.  Бірінен бірі аумайды. «Қалаулым», «Кел татуласайық» сияқты рейтинг қуған бағдарламалармен көсегеміз көгермейді. Бұл да руханияттағы вирус, короновирус!

Әлеуметтік желіде короновирусты нағыз індетке балап, халықты сақтыққа шақырғаныңыздан хабардармыз. Өзіңіз індеттен қалай қорғанып жатырсыз? Карантиннің сізге тигізген пайдасы мен зиянын айта кетсеңіз?

–Иә, әйелдер «атың өшкір короновирус» деп қарғап та жатыр. Бұл індетті шенеуніктер де, халық та жайбарақат  қарсы алды. Құдамыз келгендей. «Төрлетіңіз, төрге шығыңыз!» дегендей. Бірден сақтық шараларын қабылдамадық. Кейін барып «Короновирус, кет, кет!» деп ән шығарып, қорқытқан болдық. Корновирус кет дегенімізге кетпеді. Енді еңіретіп жатыр. Жылатып жатыр. Ештеңеге сенбейтін қазақпыз ғой, енді сеніп жатырмыз. Карантин кезіндегі пайдасы сол, ауа тазарып қалды, тапырақтаған, тәрбиесіз, тойлар тоқтады. Мен тойға қарсы емеспін, бірақ мың адам шақырып, бәсеке қуатын тойларды құптамаймын. Тойдың да түрлері көбейіп кетіп еді. Тек, «Ажырасу тойы» ғана жетпейтін еді. Ал, зияны көп. Қалаған жерімізге жете алмай, жете калсақ, кете алмай, жерік әйел сияқты жатып қалған ер азаматтар қаншама? Қаншама армандар  «арықтап» кетті десеңші? Қаншама әйелдер үйде жатып, семіріп кетті десеңші?  Міне, осы шырағым, зияны.

«Адырна» ұлттық порталының оқырмандарына айтар тілегіңіз?

 –Бата берейін де!? Қолыңды жай: Ішкендерің тәтті шырын, сок болсын, карантин деген пәле жоқ болсын, жұмыс дегенде білектеріңді түріп жүріңдер, қайғы- мұң құрысын, үнемі күліп жүріңдер! «Адырнаның» оқырмандары қалың болсын, құдаларың келгенде соя салатын малың болсын! Аспанымыз ашық, жастар бір–біріне ғашық, көңілдеріңіз тасып–толсын! Әумин!

 

Әңгімелескен Диана АСАНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер