Екібастұздағы он бес мыңның «жыры»

4157
Adyrna.kz Telegram

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің

және

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің назарына!

Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толу мерейтойы, өкінішке қарай, елімізді жайлаған індеттің тасасында қалыңқырап тұр. Бірақ әлемді жайлаған COVID – 19 індетінен гөрі Абайдың атын пайдаланып көзі ашық, көкірегі ояу саналатын, қолында билігі бар «зиялылардың» қолымен жасалған «індет» жанға батады. Тақырыпқа көшейік...
2019 жылы Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде жаңа мектеп ашылды. Іле, сол жылдың қазан айында, Абай есіміне ие болған осынау мектепте ұлы ақынның (2020 жылы аталып өтуге тиіс) мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті. Бұл өзі аты «халықаралық» болғанымен, заты беймәлім шара болды. Беймәлім дейтініміз, Екібастұз қалалық білім бөлімінің ресми парақшаларында бұл шара біресе «фестиваль», біресе «халықаралық конференция» болып жазылды. Фестиваль мен конференция екеуі екі түрлі нәрсе. Конференцияның ұйымдастырушылары: Екібастұз қалалық білім бөлімі, Инновациялық Еуразия университетінің педагог кадрлар білімін жетілдіру институты (Ховда мемлекеттік университетімен бірлесіп), ҚР Кіші ғылым академиясы.
Біз екі-үш күнге созылған ауқымды шараның мазмұны туралы пәлен дей алмаймыз. Бірқатар салмақты тұлға қатысты, ұстаздар ой бөлісті, шәкірттер жүлде алды... Қысқасы, мейлі фестиваль болсын, мейлі конференция болсын, әйтеуір пайдасыз болмағаны анық. Біздің айтпағымыз басқа нәрсе.
Осы шараға қатысу үшін мұғалімдер қауымынан, анықтасақ, мұғалім басынан 15 мың теңгеден жарна жиналды. Және білгеніміз, Екібастұз өңірінен (басқа аймақтан келгендерді айтпағанда) конференцияға қатыспай, жарна төлемей қалған мұғалім кемде-кем. Қатысу жарнасы неге осыншама көп, ондай ақыны кім белгіледі – әлде Білім және ғылым министрлігі ме екен? Біз осыны білгіміз келеді.
Жергілікті мұғалімдердің айтуынша, әр қатысушыға (он бес мыңды төлеушіге) бес түрлі сертификат беріледі деп уәде етіліпті. Бірақ бесеу тұрмақ біреуіне де қолы жетпей, ақшасы далаға кеткендер көп. Олар конференцияға қатысқан-қатыспағанын немен дәлелдейтінін білмей дал.
Жалпы, кез келген есі дұрыс конференция өтер алдында ақпараттық хат таратылады. Онда жарнаның сомасы көрсетіліп, төлейтін реквизиттері жазылады. Содан соң қатысушының қолына не берілетіні жазылады. Әдетте мүйізі қарағайдай университеттер ұйымдастыратын халықаралық конференцияға қатысу жарнасы 5 мың теңгеден аспайды. Өйткені мұғалімдердің миллионер емес екені жалпақ жұртқа бесенеден белгілі. Жарна қатаң түрде банк арқылы қабылданып, соңынан қатысушыға міндетті түрде Алғыс хат (немесе сертификат) беріледі. Сонымен қатар, қағаз немесе электронды түрде жинақ шығуы керек. Халықаралық деп «ен» тағылған конференцияда ондай жинақ міндетті түрде болуы керек.
Барлық оқу орындары 5 мың теңгеден асырмайтын конференция жарнасына 15 мың теңге деген бағаны екібастұздық пысықайлар қайдан алды? Бізді сол қызықтырады. Білгеніміз, жарна ақшасы қолдан-қолға қабылданған. Яғни, қатысушылар оны банк арқылы аудармаған, Солнечный мектебінің алдында (ішінде) орналасқан үстелде отырған тіркеушілерге бере салған. Қабылдаушылар оларды дәптерге тіркеген. Әлбетте, түбіртек деген атымен болмаған. Көп адам артынан сертификаттарын ала алмаған. Қырық сылтау айтылған, ұйымдастырушылар бір-біріне сілтеген. Кітап түріндегі жинақ тұрмақ, конференцияның электрондық жинағын да көрген адам жоқ.
Қатысқандардың айтуынша, конференцияға қатысқан, ақша төлеген адам саны 300-ден аспаса, кем емес. Тіпті одан да көп болыпты. Олай болса, олардан түскен ақшаны шараның басы-қасында жүрген білім бөлімі басшысының «бас ақылшысы» Наталья Нефедова (Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары), Екібастұз қалалық білім бөлімінің басшысы Жазира Хамзабаева және Инновациялық Еуразия университетіне қарасты педагог мамандар біліктілігін арттыру орталығының директоры Майжан Шакарманова қайда жіберді екен? Ұйымдастырушылар тізімінде тұрған ҚР Кіші ғылым академиясының еншісіне неше теңге жұмсалды? Қатысушыларының басым көпшілігін екібастұздық ұстаздар құраған бұл шараға «халықаралық» деп айдар тағудың не қажеті бар еді?!
Жарайды, қонақтарды күтуге жұмсаған шығар, олардың жолақыларын төлеген шығар. Гонорар берген болар. Бірақ не істесе де есебі болуы керек қой? Сол есеп қайда? Көргіміз, танысқымыз келеді.
Ұйымдастырушылардың бірі ретінде аталған Инновациялық Еуразия университетінің ресми сайтынан осы конференция туралы толыққанды ақпарат назарымызға ілікпеді. Қайта ұйымдастырушы тарап оны ел назарына түсірмеуге, жылдам ұмыттырып жіберуге тырысқандай көрінді...
Тағы бір байқап қалғанымыз, осы университетке қарасты педагог мамандар біліктілігін арттыру орталығының директоры Майжан Шакарманова анда-мында жылтыңдап ақылы семинар өткізуге дағдыланған екен... Бірақ бір конференция үшін бір мұғалімнен он бес мың теңге алып «қанап» не көрінді?!
Жарайды, өзге ұйымдастырушылар жарнаның 15 мың теңге болуын талап еткен шығар, десе де екібастұздық басшылардың: «Жоқ, негізгі қатысушылар – біздің қарапайым мұғалімдер. Оларға салмақ сала алмаймыз», - деуіне біреу тыйым салды ма? Әншейінде білгіш Нефедова төлемдердің банк арқылы жүргізілуін қадағаласа қайда қалды?!
Мұғалімдердің маңдай терімен тапқан ақысын «сыпырып алып», онысының өтеуін дұрыс бере алмаған осы шарадан сыбайлас жемқорлықтың исі мұрнымызға келеді. Сол иіс-қоңыс жойылуы үшін ресми тұлғалардан анықтама сұраймыз!
Тек бізге бұдан бұрынғыдай «өйтті-бүйтті» деген сылдыр сөзбен жазылған жауап емес, банк анықтамалары, түбіртектер, тіркеу журналы, шыққан жинақтың фотосы, ұйымдастырушы тараптың жарнаны 15 мың теңге етіп белгілеу себебін айғақтайтын хаттама, келген-кеткен қонақтардың билеттері, ас-суының шығынына жұмсалған қаражат анықтамалары сияқты нық құжаттардың көшірмелері керек!

Асуан Тайжан,

Павлодар облысы

Пікірлер