Шымкент: Эпидемиологиялық жағдай бақылауда

1947
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Əйтеновтің қатысуымен эпидемиологиялық жағдайға байланысты қаладағы дəрі-дəрмек бағасын бақылау, сондай-ақ ашылған провизорлы орындар жəне өкпені механикалық желдету аппаратымен науқастарды қамтамасыз ету жөнінде брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде М.Дүйсенбекұлы, ең алдымен, қаладағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты ашылған провизорлы орындар, жедел жәрдем қызметінің жұмысы және жұқпалы ауруларға шалдыққан науқастарға көрсетіліп жатқан көмектер жайлы айтты.

– Шымкент қаласында провизорлы орын саны 1 маусымға дейін 3 стационарда 320 төсек-орын, 30 маусымға дейін 23 стационарда 2 960 төсек-орын, ал 7 шілдедегі жағдай бойынша 3010 төсек-орын ашылды. Ал күндізгі стационарларда 1 маусымға дейін 1281 төсек-орын болса, қазіргі таңда 51 емханада 633 төсек-орын бар. Сондай-ақ, жұқпалы ауруханалардағы төсек-орынға 160 орын қосылып, ол 650-ге жеткізілді. Осы ретте науқастар жайлы айтсам, бүгінге дейін қалада пневмониямен ауырған 6340 науқас тіркелсе, оның 95,6%-ы ауруханаға жатқызылып, 60 пайызы емделіп шықты. Ал ЖРВИ-мен ауырғандардың 86%-ы емделуде және күндізгі стационарларда күніне орта есеппен 2000 науқас қамтылуда. Бұл ретте жедел жәрдем қызметі жайында жеткізсек, 1 маусымнан 6 шілдеге дейін шақырту саны 59 925-ке жеткен. Яғни, шақырту саны 2 есеге өсті. Осыған байланысты «103» диспетчерлік қызметтердің саны ұлғайып, оған қоса Call-орталығы (109, 1430) іске қосылды. Жалпы бүгінге дейін қаладағы жұқпалы аурулармен ауырған азаматтарға дер кезінде көмек көрсету мақсатында 56 мобильді топ құрылып, нәтижесінде 10 341 науқасқа қызмет көрсетілді», – деді қала әкімі.

Аталған брифинг барысында М.Әйтенов қала тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамту, дәрілердің бағасын бағамдау және өкпені механикалық желдету аппараты жайында сөз қозғады.

– Бүгінге дейін қалада 26 380 адам АЛО мобильді тобының қызметі бойынша дәрі-дәрмекпен қамтылды. Яғни, бізде 10 ірі көтерме дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық жеткізіп беруші мекеме және 560 дәріхана жұмыс атқарады. Бір айлық дәрі-дәрмек қоры – дене қызуын төмендететін – 115 843 препарат, вирусқа қарсы – 136 352 препарат, антибиотиктер – 133 040 қорап және «С» дәрумендері 44 253 қорапты құрап отыр. Ал дәрілердің бағасын бақылау және алыпсатарлықтың алдын алу мақсатында 4 мониторингтік топ құрылды. Қазіргі таңда бұл мониторингтік топтың жұмысы күшейтілген. ИВЛ (өкпені механикалық желдету аппараты) жайлы айтсам, бүгінде бізде 323 ИВЛ аппараты бар. Оның ішінде портативті аппарат – 130, «Бобров» тыныс алу аппараты – 250, ал монитор – 10. Осы орайда қоса кетейін, емдік жұмыстарын күшейту мақсатында қалада 6 ауруханада арнайы кислород станциялары орнатылуда», – деді М.Әйтенов.

Одан бөлек, қала әкімі осы аптаның соңында «Covid-19 Шымкент» сайтын ашатындықтарын жеткізді. М.Дүйсенбекұлының айтуынша, аталған сайтта эпидемиологиялық жағдай кезіндегі барлық ақпараттар жедел түрде тарқатылмақ. Бұл ретте қалада арнайы ақпарат берілетін портал жайлы айтқан әкім қала тұрғындарын ресми мәліметтерге сүйенулерін сұрады. Осы ретте қала басшысы медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында 2 764 ақ халатты жандарға 780 млн теңге еңбек ақыларына үстемеақы төленіп, ал Халық қоры және демеушілер есебінен 935 медицина қызметкеріне 42,4 млн теңгеге материалдық көмек көрсетілгенін жеткізді.

Брифинг соңында Мұрат Әйтенов қала тұрғындарына 5 шілде күні енгізілген қатаң шектеу шараларына түсіністікпен қарап, осындай қиын кезеңде дүрбелеңге салынбай, сақтық шараларын ұстануға шақырды.

Шымкент 

Пікірлер