Ел басына күн туғанда Айнұр Тұрсынбаева мен Жанат Бақыт ерледі

3901
Adyrna.kz Telegram

Әлемді әлекке салған жұқпалы індеттің елімізде белең алуынан қайғылы жағдайлар өте көбейіп,  соғыс кезіндегідей  қазақ отбасы қара жамылып қалды.

Бұл кезеңді соғыспен бірдей деп айтуға болады. Себебі әскери соғыста өз жауыңның санын біліп, тактикасын барлап, соған қарсы қарсы қорғанысыңды, шабуылды күшейтесің.

Ал коронавирус –  көрінбей келіп, алқымыңнан келіп  бір алатын көрінбейтін жау.
Ұлы Отан соғысы жылдары ел басына күн туғанда Мәншүк пен Әлия батыр қыздарымыз өздері сұранып, майданға аттанып ерлік көрсетіп еді.

Енді қазақты шетінен жалмап келе жатқан көрінбейтін жауды  тоқтату үшін  азулы айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева мен белгілі телеарна жүргізушісі, журналист Жанат Бақыт  халқына көмек беріп, имандылықтарын, ұлт адамгершіліктерін көрсетті.

Коронавируспен күресуге  бөлінген 6 трлн теңгенің және өзге мемлекеттерден келген гуманитарлық көмектердің тиісті денсаулық саласына жетпеуінен және  дұрыс бөлінбеуінен науқастарға тыныс алу аппараттары жетіспей, соңғы 20 күн  ішінде  елімізде қайғылы жағдайлар өте көбейіп кетті.

Ел басына күн туғанда Үкімет шарасыздық танытып, абдырап қалғанда,  тек өзіне ғана тән сыпайы мінезімен, жұмсақ қоңыр үнімен тыңдаушының көкірегіне сәуле құярлық етіп, толғантып-тебірентіп жеткізетін, айтыста бірнеше рет бас жүлде иеленген айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева мен  өзгеге ұқсамайтын мықты дикциясы мен әуезді үнімен көрермендерге жаңалықты шебер  жеткізе білетін Жанат Бақыт індет жұқтырған адамдарға аса қажетті тыныс алу аппараттарын Түркия елінен алдыру үшін бастама көтерді.

Қос қайсар қызымыз халықтан қаржы жинап, Түркия еліне Айнұр Тұрсынбаева өзі барып, елге 125 дана тыныс алу аппараттарын әкелді.

"Ел басына күн туса, ер етігімен су кешер" демекші, қолында билігі, қомақты қаржысы бар  ер азаматтар үнсіз, іс-әрекетсіз отырғанда нәзік жанды  азаматша бола тұра, қазағын ойлап, осындай игі іс жасаулары- Айнұр мен Жанаттың батырлығы, имандылығы, адамгершілігі және  ұлтына жанашырлығына нақты дәлел емес және өзгелерге үлгі боларлық өнегелі игі іс.

Қазақтың қайсар, иманды қос қызы Айнұр мен Жанатқа   халқының амандығын ойлап, жасаған имандылық игі істеріне  ризашылығымызды білдіре, рақмет айтамыз!
Мықты денсаулық, отбасына амандық, игі істеріне береке тілейміз!

Талғат Қатауов,

Тәуелсіз кәсіподақ  ұйымы төрағасы

Пікірлер