Ауыт Мұқибек: Бүгінгі қаралы күн – ең соңғы Жалпыұлттық аза тұту күні болсын деп тілейік

2706
Adyrna.kz Telegram

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек коронавирус инфекциясынан көз жұмған марқұмдардың отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Не айтарымды білмеймін, бірақ ертеңнен үмітім зор! Апат айтып келмейді екен. Шын мәнісінде, бұл – үшінші дүниежүзілік соғыс! «Ажал оғы қай жағымыздан келіп, жалпамыздан түсіреді?» деген үрей бүкіл адамзат баласының миын торлап алған. Қымбатты менің қандастарым! «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген сөз бар. Қаншама боздақтарымыздан, жақсыларымыздан айырылып жатырмыз?! Өте өкінішті жағдай», - деп жазды Ауыт Мұқибек Facebook парақшасында. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі марқұмдардың отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. «Алла олардың жатқан жерін жайлы, иманын саламат қылсын! Артында қалған ел-жұрты аман болсын! Бұл – ең соңғы Ұлттық аза тұту күні болсын деп тілейік ағайын! Ауырып жатқан ағайынға күш-қуат тілеймін. Қайратты болыңыздар, сауығып кетесіздер. Аман болайық!» - деп түйді Ауыт Мұқибек. Айта кетсек, елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты халыққа үндеу жасаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялайтыны туралы мәлім еткен болатын. Тиісті өкімге Мемлекет басшысы келесі күні қол қойды. Қазақстанда коронавирус пандемиясының құрбаны болған азаматтарды еске алуға байланысты бүгін - Жалпыұлттық аза тұту күні.

Пікірлер