Нұраддин Садықов: Қазақ шыбындай қырылып кетпеуі тиіс

4445
Adyrna.kz Telegram

Екі айға жарияланған ТЖ мен қатаң түрде сақталған карантинге қарамастан, елімізде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны артып, індет өршіп барады. Дәріханаларда дәрі-дәрмектің аздығы мен ауруханаларда орынның шектеулігі салдарынан талай адамның өмірі қиылды. Соңғы уақытта індетке қарсы ұйымдастырылған шаралардың кемшілігі айқын көрінуде. Осы тұста қарапайым халық науқастардың жанын аман алып қалу үшін жұдырықтай жұмылып, әрекет етуде. «Айдың нұры», «Дәулеттен»  сынды қорлардың мұрындық болуымен Түркиядан арнайы медециналық құрал-жабдықтардың алғашқы легі келіп, өңір-өңірге таратылуда. Бұл істі Қайрат Жолдыбайұлы, Сырымбек Тау, Қуаныш Шонбай, Қыран Талапбек, Бейбіт Әлібеков сынды азаматтар жалғастыруда.

Дәрі-дәрмек пен медициналық аппараттардан бөлек ауруы орташа және жеңіл деңгейдегі науқастарды емдейтін арнайы стационарлық  бөлімшелер ашуды кәсіпкер Ерлан Нұрпейісов қолға алып, «Күндізгі стационар» жобасын жүзеге асыруды бастады.

Осы орайда «Адырна» ұлттық порталы жобаның басы-қасында жүрген азамат Нұраддин Садықовпен сұхбаттасып, ұйымдастыру шараларымен  танысты.

– Нұраддин мырза, кәсіпкер Ерлан Нұрпейісовтің бастамасын қостап, Күндізгі стационар жобасын жүзеге асыруды қолға алған екенсіздер. Әлеуметтік желіде бұл бастамаларыңызды қарапайым халық қолдап, көмек беруге әзір екендігін білдіріп жатыр. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан жауап болды ма? Қолдау көрсетеді ме? Ерлан мырза Facebook парақшасында министр А. Цойға ұсынысын айтқан да екен.

– Министрлік тарапынан нақты қолдау бар-жоғын білмеймін. Министрлікпен де, әкімдікпен де Ерлан ағамыз өзі байланыыс жасап отыр. Ең бастысы, өздерінің кедергісін келтірмесе, бүз үшін үлкен көмек. Түрлі бюрократиялық әрекеттерімен аяқтан шалмаса болғаны. Әрине, ғимарат пен дәрі-дәрмекпен қамту жағынан көмегін берсе құба-құп болар еді.

– Күндізгі стационарды қай аймақта ұйымдастыруды көздеп отырсыздар? Әріқарай жағдайы мүшкіл, көмекке зәру басқа аймақтарда да жалғасын таба ма?

– Ең бірінші Алматы қаласында ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Одан кейін жүйелі алгоритмін жасап, өзге облыстар мен үлкен қалаларға ұсынсақ деген ойымыз бар. Өзге қалаларда да ұйымдастыратын жандар табылса, жеке өзім кеңес беріп, бақылауға алуға даярмын. Тек жергілікті азаматтар мен кәсіпкерлер белсенді болса екен. Себебі, біздің өзіміз бірнеше күннен бері талапқа сай келетін ғимарат таба алмай қиналудамыз. Бірінде желдеткіш болғанмен, кіріп-шығатын қосымша есік жоқ. Ал енді бірінде керісінше, желдеткіш жоқ. Оның үстіне біздің қалтамыз көтермейтіндей өте қымбат. Өз ғимараттарын  тегін ұсынып жатқан азаматтар да бар, бірақ ол ғимараттар талапқа сай келмейді.

Сондықтан өзге аймақтарда ұйымдастырған жағдайда азаматтардың қажырлығы керек болады. Біз нақты іс-шаралар алгоритмімен қамтамасыз етіп отыруға, көмектесуге, тіпті, қажет болған жағдайда баруға да  даярмыз.

 – Бұл «Күндізгі стационар» концепциясының жарияланғанына екі күн болған екен. Қаражат қаншалықты деңгейде жиналып жатыр, көмек қолын созып жатқан атқамінер белді азаматтар бар ма?

– Ерлан ағамыздың өзі белгілі компаниялармен  келіссөз жүргізді. Қазіргі кезде олар қаражаттың бір бөлігіне қолдау көрсетпек. Сол қаражатпен іске кірісіп кеттік және жан-жақтан жиналған қаражатты да қосып, әріқарай әрекетімізді жалғастыра бермекпіз.

 – Індет ушығып, әбден дендеген сәтінде халықтың тиісті орындарға ашынып, наразылығын білдіріп жатқаны белгілі. Ал жұмыла көтеріліп, дер кезінде көмек ұйымдастырып жүрген қарапайым азаматтарға алғысын жаудыруда. Жауаптылар осы жайдан кейін де жауапкершілікті сезініп, індетті ауыздықтауға бар күшін салатынына күмән әлі де бар ма?

– Жауапты азаматтардың жауапкершілігі оянатын-оянбайтыны әуелі бір Аллаға, сосын сол азаматтардың арына сын, соларға мәлім дүние. Жасыратыны жоқ, алдағы уақытта жағдайдың оңалып, өзгеріп кетеріне үмітіміз де жоқ. Біз өз бетімізше шамамыз келгенше әрекетімізді жасай бермек ниеттеміз. Тым болмағанда  50-100 адамға арналған стационарды ашуды көздеп отырмыз. Бізден бөлек Алматы қаласының өзге аудандары мен Қазақстанның өзге аймақтарынан да осындай стационарлар ашуға ынталы азаматтар шығып, істі әріқарай жалғастырса, көп көмек болушы еді. Қазақша айтқанда, өз арбамызды өзіміз сүйреуге тырысуымыз керек. Өйткені, ертең індеттің екінші толқыны келгенде, ах ұрып, қаншама қазақ шыбындай қырылып кетпеуі тиіс.

– Көмек берем деген ниеттегі азаматтарға, халыққа айтарыңыз...

Расында, біздің де уақытымыз жоқ, уақытымызды өлтіре алмай жүрген адамдар қатарынан емеспіз. Мынадай эпидемиялық жағдайда ондайға еш мүмкіндігіміз де жоқ. Бірақ осындай шаруаны біреу бастап, істеуі керек қой, сондықтан тәуекелге бел буып көрдік. Шамамыз келгенше соңына жеткізуге тырысамыз. Оның барлығы көпшіліктің қолдауына байланысты. Бізде әлгіндей «хайп қуу» немесе өзге де «трендте» болу ниеті жоқ. Әйтеуір бір қазақты аман алып қалсақ та, жұмысымыздың нәтижелі болғаны деп білеміз. Сондықтан барлық азаматтарды осы іске атсалысуға шақырамыз. Қандай көмек керек екендігін Facebook, Instagram парақшаларымда көрсеттім. Ең бастылары: қаржылай көмек,  еріктілер мен медициналық қызмет көрсетушілерге өз отбасыларынан оқшаулау үшін қонақ үй, тамақтандыруға қатысты көмектер керек. Бізге әзірге «Lanzhou» ресторандар желісінің басшысы Гүлбану ханым бір стационар қызметкерлерін тамақпен қамтуға көмек беретін болды. Алдағы уақытта мұндай стационарлар көбейіп жатса, мұндай көмектер көптеп керек болады. Су, түрлі медициналық киімдер, жеке қорғаныс құралдарымен де қамтуымыз қажет. Сонымен қатар науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етсек деген ойымыз бар, мұны да азаматтар ескерсе дейміз. Бұл істе бізге қол ұшын созар еріктілер, мұқтаж жандарды стационарға таситын арнайы автокөліктер де керек. Біз барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып, әрекет етуге тырысамыз.

Осылай бір-бірімізді демеп, ұйымдасып көмек бермесек, жағдай ушығып бара жатқанын көз көріп отыр. Көршілес қырғыз бауырларымыздың өзі дәл осылай жұмыла әрекет етіп, індетті біршама ауыздықтай алды. Расын айтқанда, олардың бұл ұйымшылдығы бізді қамшылай түсті. Біз де олардан кем түспей, жұмыла жәрдем беріп, бірлігімізді көрсете аламыз деп ойлаймын.

 

Көмек көрсетем деген азаматтар үшін:

 

«КРАСИВЫЕ ДЕТИ КАЗАХСТАНА» қоры

БСН 080 740 007 650

Заңды мекен-жайы: Алматы қаласы, Медеу ауданы, Самал-3 шағын ауданы, 1 үй

Президент: НҰРПЕЙІСОВА Гүлшат Айтбайқызы

Банк деректері:

БИК: IRTYKZKA

ИИК: KZ7796502F0008690340

KБe 17

 

Қорға түскен барлық қаражат туралы жоба ұйымдастырушылары есеп береді

Әңгімелескен Айжан Құрманбай,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер