Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Біздің қоғам

3909
Adyrna.kz Telegram

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы - 1953 жылы 20 шілдеде Семей облысының Абай ауданы, Қарауыл ауылында туған. 1994 жылы Семей педагогика институтының филология факультетін бітірген. Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған шайырдың бүгін туған күні. Патша көңіл оқырмандарымыздың атынан Ақынды туған күнімен құттықтаймыз.


Бізде, бас бар, ауыз бар, көтен бар...
Тіпті, қан да бар.
Бірақ, Жан жоқ.

Бізде сот бар, прокурор бар, полиция бар...
Тіпті, Заң да бар.
Бірақ, Ар жоқ.

Бізде қаулы бар, қарар бар, жарлық бар...
Тіпті, мөр де бар.
Бірақ, мән жоқ.

Бізде Күн бар, жел бар, су бар...
Тіпті, у да бар.
Бірақ, Жер жоқ.

Бізде маса бар, қандала бар, егеуқұйрық бар...
Тіпті, жұрт та бар.
Бірақ, ұлт жоқ.

Бізде Ту бар, Елтаңба бар, Әнұран бар...
Тіпті, шекара да бар.
Бірақ, Отан жоқ.

Бізде бәрі бар,
Бірақ, ештеңе жоқ.

***

Сені сүю – күрсініп, күнде күту хатыңды...

Хат жазам деп мен де сан, түнге қалам матырдым.

Түнге қалам матырдым, жаныма іздеп бәтуә,

Қаламымның ұшында ауылымның оты бар.

 

Самайымның тұсынан аққан күнді санадым.

Сені сүю – әлемге маңдайдан нұр тарату.

Азап болса, әрдайым, мен сен үшін тартайын!...

Бүршік шашып тау жақта, бал ашуда март айы.

 

Әр лүпілі ділімнің – мәңгілік мұң тарихы.

Сен ғанасың еститін,

Көре алатын!

Танитын!

Уысына үміттің уыз төгіп фәни Күн...

...елесіңнің ернінен қақ жарылар қара ұйқым!

 

Қақ жарылып қара ұйқым, ақтарылып ақ Өлең,

Санамдағы сәскенің сәулесіне бөленем.

Сәулесіне бөленем санамдағы сәскенің.

Сені сүю – азадан ада әлемге көшкенім!

 

Сені сүю – қуатты қорқынышым, көз ілген.

Дәл көзінің алдынан, бірге өтемін өзіңмен.

Мендің нәзік сезімге қанаты ыстық тіл басып,

жымиюың – маған мың әулиемен ымдасу!

Сенсіз қалсам,

дүрлікпе пендешілік тірлікке...

сыймас,

іште құдайы күбірлеген – бұл басым.

***

О, Туған Жер,
Сенсіз кіммін мен?
Сорлап бір жүрген сұмдаймын.
Сондықтан,

ақыл айтқыш жұрттан гөрі, қуарған қурайыңды тыңдаймын.
Шөңгеңді ойлай қалсам да,
бал тати кетеді
көкірегім түбіне тұнған удай мұң.
Адастырмас үшін жол бұраң,
Ақылым ішіне қыраныңның шаңқылы
мен
арланыңның ырылын да алдырам.
Ағыл-тегіл күй шерте бастасам Сен жәйлі,
арқарыңа айнала кеткісі келеді қойішекті домбырам.
Тау-тасың, өзен-тоғайың – көктекті Қамбарым.
Жадыма қуат үстейді – жабайы бұлттарыңа арбалу.
Күйініп жүрсем де, күрсінбеуге тырысам,
Күңірене жөнелмесі үшін күншілік жердегі балбалың.
Байқаусызда, кесірткеңнің құйрығын басып өтсем де,
таба алмай қалам кеудемдегі жаннан мән.
Титімдей осырақ қоңызың үшін де – Ойсыл Қарадай тәубам бар.
О, Туған Жер,
Мен
бір уыс топырағыңды құнарландыруға жарарлық
боқ болудан да арланбан.
Жусаныңның тынысынан жаратылған-ды – жүрегімдегі тақсыр-Ар.
Аман-саулығыңды соңыра сүйегіме де тапсырам.
О Туған Жер,
Өзіңді аңсағандағы Ойларым –
– масаларыңның ызыңынан да самала тоқи алатын бақсылар...

 

МЕН КІММІН?

Мен кіммін?
Ата Тілін дүбәра ұрпағы жаялық еткен - бір ұлтпын.
Құрсағында болашақтың қайырлы Күні күшенген - Ымыртпын.
Қоңыр мінезімдегі қоңыр төзіммен -
қожаланған барша арсыз қонағымның да келеді
мейірімін тірілткім.
Мен кіммін?
Жер-Анасын бөгде саудагерлер күң еткен бір елмін.
Арыстарымды ардақтатқан ажалмен - түгелмін.
Көз жасымның көсегелі тамшыларын алақанымда жайқалтып,
айдай әлемнің де амандығын тілермін.
Мен кіммін?
Кәдімгі бір қазақпын.
Мұң іздеп қайтем, Қазақ тірлігінің өзі-ақ - мұң.
Ол мұң Тәңіріге бірде ыңылдай қалса,
топырағы да гүлдеп кетеді Тозақтың...

 

* * *
О-оо, Туған Жер,
Нажағайлы бұлттарың – тауларыңның көкпары...
Маңырағыңның құмалағына дейін пәк – бәрі.
Мені де жұпар Ақын еткен күш –
– періште-гүлдеріңнен хат тану!
Шалшығыңды да өппек ерінім, сезерім –
– сайыңдағы сасырыңа да ынтық көз-ерін.
Көкірегім арқылы ағады әрбір өзенің.
Мен үшін,
Қақаған қыста
Шеңгеліңді де алақаныма алып жылыта алмауымның өзі – өлім.
Саған барарда,
Қашанда,
Өзімді ұятпен талай өртеп ем.
Әр жәндігің – мәртебем.
Біреуге бір ауыз жаман сөз айта қалсам,
Жанартау болып атқылауы да мүмкін әр төбең!
Қаныммен біртекті – қойны-қонышыңдағы қызыл алша-өлең.
Сенсің – Күннен кейінгі ең шебер.
Егер,
Өзіңе өкпелегендегі көз жасым да өлшенер болса,
Көктеміңнің шуағымен ғана өлшенер!
Өтінем, ешкімнің алдында кішірме!
Бақытымды нұсқап тұрады – бақаңдағы бадырақ пішін де...
Аяулы Атамекенім,
Мені Сені
О Дүниеде де көрермін түсімде!

 

* * *
Тыныштық.
Түн. Қала.
Уақыт жоқ.
Мұң ғана.
Самұрақ-таңның үстінде – жасылшашты еркек Күн-Бала!..
Жан мен тән.
Көк пен Жер.
Су мен нан.
От пен жел...
Бұ Дүние – ғұмырдың көз жасы кепкенше.
Өмір не?
Мен кіммін?
Ақыл жоқ.
Еңкіл-мұң.
Айдаһар-іңір үстінде – күлгіншашты Кемпір-Күн...

 

* * *
Өмір иісі бұрқыраған Көктем!
Желеп-жебейтін пір сонда!
Адамдық Ар аңқиды жусан да!
Мендік ми да көктемдік қошынан айырылмас,
Қайран шешемді қаңтар мұзында жалаңаяқ жоқтап тұрсам да!
Күн жарықтық жұпар самаласын төккенде,
Әр тамырынан гүл иісін бөліп шығарады өкпем де!
Мен, тіпті, жұлдызға кетсем де айналып,
Бәрібір,
Жер бетіне келіп өмір сүрер ем Көктемде!
Масайған кезімде көңілдің аңқыған булы майынан,
Хайуан болғым да келеді, шалғынға ойша жайыла!..
Көктемде,
Ғашық жігіттің көзіндегі жұпар от та
Маңдайлы бала бітіреді әулие қыздың бойына!..

 

* * *
Көркем мінезсіз қоғам – қапас тар.
Көктемде жауған мына қар да – оғаш қар.
Дәл өзім секілді жыларман күйде,
Көрмеске көшіп кеткісі келген ағаштар.
Күн жарығы да – тоңғақ нұр.
Көк пен Жерді дір-дір жалғап тұр.
Үміт шырынын тамсасам, шіркін, таңдаймен!
Бұ Дүниедегі ең тәтті!..
Сіңіп-ақ кетсе ед үт қанға.
Темір де – тотығымен бүрленеді, ұққанға.
Бұлт жасыны жарқ-жұрқ тұтанар,
Су сәулелері топырақтан қаулап шыққанда!
Ауада да сансыз бүршік бар.
Әр мөлдірі үйретеді шымшыққа ән.
Қу сүйектің де гүлдеп кеткісі келеді,
Құлпытас астында тұншыққан...

 

* * *
Жолда келем.
Туғанымнан жолдамын.
Жолдасым жоқ.
Жалғыз өзім.
Ол да – мұң.
Құлағына құя алмадым жырымды,
Араб сөзін құдай көрген молданың.
Пұтханаға кірдім жолай түсімде.
«Мұңым – шарап.
Құйып берем.
Ішіңдер!..»
Қарады да қойды маған,
Мөлие
Мүсіндерге жалбарынған мүсіндер.
Шіркеу бардым.
Меңірейген құла маң.
Түрткіленген түлендері дін аман.
Қою мұңымның сезе қойып жұпарын,
Қоңырауы ғана... өксіп-өксіп жылаған.
Менім үшін ештеңе жоқ құны кем.
Аңдап көрсем, өзіме өзім пір екем.
Қайда барып, қандай жолға түссем де,
Киіз Үйдің ішін шарлап жүр екем.
Ойнай берсін жасыл жаңбыр, көк боран.
Қайран көңіл – Жаратушы Хаққа алаң.
Бүкіл әлем жайнап жатқан ішінде
Киіз Үйім –
– менің ғиба...датханам!
Маған бәрібір – алтын ба, әлде, қола ма.
Пенделерше тірлік етсем, сол – обал.
Бір білгенім –
– бұдүниелік жолдардың
бәрі барып тоғысады молада.
Жадым ғана – мәңгі өлмейтін мәрт ұлық.
Әр сөзінен құлпырады әр қылық...
Сықырлауықтан тән шыққанда,
Шаңырақтан
Жан жарықтық Күнге кетер тартылып!..

 

* * *
Қазақтың текті Топырағынан жаралған,
Қазақтың мейірлі Күнінен нәр алған,
Қазақтың қайырлы Суын ішіп, қасиетті Ауасымен дем алған,
Беу, рақметсіз безбүйрек Қалаларым менің,
Қазаққа кекірея аларған!..
Тұрғындарың - көкала ақша қуып шүлдірлеген кіл пенде.
Мен – Түз ұлымын.
Мемлекеттік асыл Тіл - менде.
Беу, безбүйрек Қалаларым-ай,
Қона жатарлық таза жер де таба алмаймын,
Жын шамдары етектеріңді түргенде!
Сендерге деген аянышым Санамды өткірлер!
Көкірегімде жұпар кек бүрлер!
Беу, рақметсіз безбүйрек Қалаларым менің,
Тәубаларыңа түсіреді көк пірлер!
Құрт-құмырсқасынан Қыдырына дейін,
Пәруәнасынан Періштесіне дейін емін-еркін таза өмір сүретін
Алтыншаңырақты, күмісуықты Киіз Үйімнен садаға кеткірлер!

 

БАБАМНАН ҚАЛҒАН БІР АҢЫЗ
Мен – адамның сырттаны ем.
Жау тітіреткен жарақты жұрттан ем!
Қайратым – жасын ойнатқан бұлтты әлем!..
Күндізгі сырласым – дана Күн.
Түңгі сырласым – балаң Ай.
Серігім –
– қасқыр сырттанын да қан қақсатқан алабай.
Жүрген бір шағым – хан қызына да қарамай!..
... Аламан-бәйге.
Алты ай баптағаным – «Алдакел».
Жүз жүйрігін қосты Қазақпен бәстес Қалмақ-ел.
Шарт бойынша,
«Алдакелім» келсе бірінші,
Қоңтайшы қызын алмақ ем.
Ұлан-асыр той!
Көлдей сапырылған қымыз!
Бөз, бұлғын...
Ақын мен әнші!.. атақты шешен!..
Сөз – қырғын!..
Қыз көрдім сонда, шақырған мені күреске!
Перінің қызы-ау!..
Айбаты – сұмдық, көз – күлгін!..
Шап беріп ұстап белімнен!..
Қимылы ұқсас бимен де!..
Қалмаған сынды қарсыласып бағар күй менде!..
Алайда, бірден ғайып боп кетті ол, ауадай,
Бөксесіне қолым тигенде!..
Таң қалдым, шошып!..
Ақшам ба, әлде, әйбәт таң?..
Татып та үлгердім бе гүл сүтіндегі қаймақтан!..
Кернейлер үні уақыттың да желін тоқтатып,
Көріне кетті көмбеге еліре шапқан бәйге аттар!..
Аламан-бәйге!
Алуан ұран салмақ ел!..
Жалғыздан-жалғыз қара үзіп келді «Алдакел»!
Мен, бірақ, сонда Аспанға бөркім атсам да,
Пері қызымен кетіп қалмақ ем...
Перінің қызы!..
Олайша мені кім сынар?
Көзіме көрінген көкірегімдегі мұң шығар?..
Бәйгеден кейін жар етіп алдым ғұмырлық,
Қоңтайшы қызын, сыңсыған.
Десем де Тәңірім жол оңдар,
Әлі күнге дейін әлденеге көңілім алаңдар.
Білмеймін қалай,
Белдесе кеткен сол тойда
Сол пері қызына тартқан балам бар!..

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер