«Үкімет ешқашан проблеманы шешпейді, өйткені үкіметтің өзі – проблема»

3764
Adyrna.kz Telegram

Коронавирус  індеті  көп нәрсенің бетін ашты. Бізге жаңашылдық керек. Билікке басқаша жұмыс істеу қажет. Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президент Тоқаев  «Халық жергілікті және орталық билікке де сенбейді.  Идеологиялық аппаратқа білім, тәжірибе, ой ұшқырлығы, батылдық жетіспейді. Мемлекеттік басқаруды қайта құру қажет» деп атап көрсетті.

Шындығында да солай. Біздің мемлекеттік билікке жаңашыл, патриоттығы мол азаматтар қажет. Мүлде жаңа буын керек. Олай болмаса, цифрлы көрсеткіштерді  желеу етіп, соған мақтанып, жалаулатып жүре береміз. Отыз жыл солай болып келді, егер жүйені толық өзгертпесек, осылай жалғасып кете береді. Өйткені билікте отыз жылдан бері келе жатқандар баяғы сол шенеуніктер. Министірліктен министрлікке, бағына қарай тағы ауысып жүре беретіндер. Үкіметтің байырғы және қазіргі мүшелері де солар.  Министірліктен кетсе, аймаққа басшы болып барады.

АҚШ-тың президенті болған Рональд Рейганның кейінгіге қанатты болып қалған бір сөзі бар: «Үкімет ешқашан проблеманы шешпейді, өйткені үкіметтің өзі – проблема».

Айтыңызшы, 30 жылда біздің үкімет не бітірді?!

  1. Аты дардай «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жайы Төтенше жағдай кезінде түкке алғысыз болып қалды. Осы күнге дейін Қазақстанның 250 елдімекені жөні дұрыс сапалы интернетпен қамтамасыз етілмеген.

  2. Мұғалімдердің 20 пайыздан астамында толыққанды интернет пен компьютер жоқ.

  3. Республика мектептерінің балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40 пайызы ғана іске жарамды.

  1. Отандық дәрі-дәрмектің үлесі бар-жоғы 15 пайыз шамасында ғана. Денсаулық сақтау министрлігі індет кезінде өзінің мүлдем дәрменсіздігін көрсетті.

  2. Осыдан 2 жылдай бұрын қабылданған халықтың күнделікті тұтынуына арналған мемлекеттік «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бар. Оған 1 триллион теңге бөлінген. Бұл бағдарлама бойынша халыққа қажетті 365 тұтыну бұйымдары мен материалдары өндірілуі керек. Оның бірін де қазір ел көріп отырған жоқ.

  3. Соңғы бір жарым жыл ішінде импортты алмастыру және жұмыспен қамту бағдарламасының шарттары 6 рет қайта қаралған. Ал бөлінген 200 миллиард теңгенің тек бестен бірі ғана игерілген.

  4. Жеңіл өнеркісіпті дамытуға үкімет құлықты емес. Тоқылған жемпірлер мен кеудешелердің 98,9 пайызы сырттан әкелінеді. Бар бол­ғаны 1,1 пайызы ғана – отандық өнім.

  5. Ал сыртқы киімдердің 97,9 пайызы шетелден келеді, 2,1 пайызы ғана –қазақстандық өнім.

  6. Спорттық киімдердің 83,1 пайызы импорттық тауарлар болса, 16,9 пайызы ғана отандық өндірістің үлесіне тиеді.

  7. Шұлық, тоқыма өнімдерінің 80,7 пайызы шетелден тасымалданса, 19,3 пайызы ғана – отандық өнімдер.

  8. Қазақстанға құрғақ сүттің 83 пайызы, сары майдың 31 пайызы, ірімшіктің 61 пайызы шетелден келеді.

  9. Індет Президент айтқандай, мемлекеттік тиімді басқарудың жоқтығын, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өте төмен кеткенін, халық пен биліктің арасы алшақтап кеткенін анық көрсетіп берді.

  10. Отыз жылда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыра алмаған, өз тілінде сөйлемеген, сөйлегісі де келмеген біздің министрлердің санасы ұлттық рухани тұрғыдан жаңғыра алған жоқ.

... Күні бүгінге дейін халықтың табысын арттыра алмаған, олигархтар мен байшыкештерден жасақталып келген мұндай үкімет мүшелері  кімге керек? Демек, Президент Тоқаев айтқандай,  енді бізге «мемлекеттік басқаруды қайта құру қажет». Бұл үкіметті билікте қалдыруға болмайды!

Еркін Қалдан,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер