Сырымбек ТАУ: Әкем «Кең болсаң, кем болмайсың» деп тәрбиеледі

9017
Adyrna.kz Telegram

     Сырымбек Тау белгілі кәсіпкер, «DACO-MOTORS» компаниясының негізін қалаушы, Yokohama, Triangele компанияларының Орталық Азиядағы ресми дистрибьюторы. Кәсіпкер індет басталған кезден бастап халыққа көмек беріп жүр. Ол өз командасымен бірге Рамазан айында 8300 отбасыға азық-түлік таратты. «Адырна» ұлттық порталы қоғам белсендісімен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

- Сырымбек мырза,  халыққа білек сыбана көмектесіп жүрген азаматтың бірісіз. Жоспарланған қайырымдылық шарасын аяқтағаннан кейін қандай сезімде боласыз?
- 2008 жылдан бері шамамның келгенінше мұқтаж жандарға көмек беріп жүрмін. Әрине, қайырымдылық шарасын аяқтағаннан кейін сезінетін сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Белгілі бір қайырымдылық шарасын өз нәтижесіне жеткізіп, халыққа көмегімді тигізген сәтте шаршағанымды ұмытып кетемін. Сонымен қатар, бар энергиямды жақсылыққа жұмсағанымды сезінемін. Ал жоспарлаған ісім ойдағыдай аяқталмаса, қатты шаршап қалатыным бар. Қазіргі таңда жаңа жобаларды дайындап жатырмыз. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп Әлихан Бөкейханов атамыз айтқандай, алдағы уақытта да қайырымдылық шараларымды жалғастыра бермекпін.
- "Шұғыла" қорымен біріге отыра шамамен 3400 оттегі концентраторын сатып алуға жетерлік қаражат жинадыңыздар. Аппараттар елге қашан жетеді?
- Иә, «Шұғыла» қайырымдылық қорымен бірге 460 миллион теңге қаржы жинадық. Қазіргі таңда 4 мың аппаратқа тапсырыс беріп қойдық. Мемлекет аппараттарды елге алып келу жұмыстарына көмектесіп жатыр. Алла қаласа, бірінші ұшақ алдағы екі-үш күнде Алматыға келіп қонады.
- Биліктің індетпен күресуге жасап жатқан іс-шараларына көңіліңіз тола ма?
- Шыны керек, билікке елімізде дәрі-дәрмек тапшылығы болған кезде көңіліміз толмады. Карантиннен шыққан соң сәл босаңсып қалдық. Қазір барлығы реттеліп келеді.
- Рамазан айында да біраз игі істерді атқарып, мұқтаж отбасыларға азық-түлік тараттыңыз. Арасында он екі мүшесі сау, жағдайы жақсы бола тұра көмек алғысы келгендер болды ма?
- Бес саусақ бірдей емес қой. Рамазан айында біршама үйді араладық.  Он екі мүшесі сау, жағдайы бар адамдарға өздеріңізді мұқтаждыққа итермеңіздер деп үнемі айтып отырамын. Егер олар расымен де азық-түлік жәшігін алғысы келіп тұрса, әрине беріп кетеміз. Алайда жағдайы жақсы бола тұракөмек сұраған адамдар көп кездеспеді.
- Естуімше, «Қайырымдылық жәшігін» таратқан кезде «босап кеткен сәбіз бердіңіздер» деп шағым айтқан жандар болыпты. Бұл рас па?
- Иә, ондай бір-екі шағым болды. Кейіннен ол кісілерге жағдайды түсіндіріп, тіл табыстық.
- Ұйымдастырған қайырымдылық шараңызға өзге елдің азаматтары да үлес қосыпты. Нақты қай елдің азаматтарынан қаржы келді?
- Иә, біздің қайырымдылық шарамызға өзге мемлекеттің азаматтары да ақша аударды. Украина, Корея, Ресей, АҚШ  елдерінен қаржы келіп түсті. Шыны керек, мен қатты таңғалдым. Бұл біздің компанияның өкілдері болар деген болжам жасадым. Сонымен қатар, Гонконг, Қытай, Моңғолияда тұратын қандастарымызды да шараға үлес қосып, ақша аударды.

- Қазіргі таңда адамдардың бір тобы игі істермен жан рахаты үшін, ал бір тобы танымал болып, атақ жинау үшін айналысады.  Жеке бастарын жарнамалауды көздейтін жандарға деген пікіріңіз қандай?

- Халық өзін жарнамалау үшін қайырымдылық жасайтын адамдарды сезіп, біледі деп ойлаймын. Сол себепті өзгеге сын айта алмаймын. Олардың бағасын халық береді. Өз басым, әлеуметтік желі жоқ кезде де қайырымдылықпен айналыстым. Бұл әкемнен дарыған қасиет деп білемін. Марқұм әкем көлікте төрт адам отырса да, жолда тұрған жолаушыны тастап кетпейтін. Сол кезде біз машинаның багажнигіне барып жайғасатынбыз. Әкем бізді «Кең болсаң, кем болмайсың» деп тәрбиеледі. Қайырымдылықты үндемей де жасауға болады, алайда осы жолы біз «Шұғыла» қорымен бірлесе жұмыс жасап жатырмыз. Десе де, компанияның қанша ақша аударғанын айтпадық. Бұл жолы жасап жатқан садақамызды жария еттік. Жария садақаның мақсаты - адамдардың мейірімін ояту. Әрине, біз әрбір жасаған ісімізді халыққа айта  бермейміз. Осы карантинде төрт үлкен іс-шара ұйымдастырып, екеуін жасырын түрде жасадық.

- Ал қазіргі адамдарда мейірімділік қасиеті жоғалып барады деген пікірге келісесіз бе?
- Мейірімді жандар азайып бара жатыр деп айта алмаймын. Мысалы, карантин кезінде бізге 1700-дей адам он теңгеден миллион теңгеге дейін ақша аударды. Ардақ Назаровтың Alem Fighters спорт мектебі, Мейрамбек, Сәкен ағаларымыз үлкен көмек көрсетті.
- Бүгінгі қоғам қандай қасиетке мұқтаж?
- Біздің қоғам кішіпейілділікке мұқтаж деп ойлаймын. Қазіргі таңда адамдар бәсекелістік пен бақталастыққа құмар. Біз кішіпейіл болып, дәрігерлер мен мұғалімдердің мәртебесін көтеруге атсалысуымыз керек. Шыны керек, бүгінде бизнесмендердің мәртебесі әлдеқайда жоғары. Негізінде олар төменгі орында тұруы керек. Өз басым, бірінші орынға мұғалімдер мен дәрігерлерді қоямын. Коронавирус пандемиясы да  осы маман иелерінің аса қажет екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

- «Адырна» ұлттық порталының оқырмандарына айтар тілегіңіз?

- Тек жақсылыққа ұмтылайық!
- Көп рақмет! Сіз секілді жанашар азаматтар көп болсын!

Әңгімелескен Диана АСАНОВА,
                                    "Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер