Азат Перуашев: Қаншама адамның өлімі «СҚ-Фармация» мен МӘМС қорының мойнында (видео)

2830
Adyrna.kz Telegram

Бүгін әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың «СҚ-Фармация» мен МӘМС қорына қатысты, олардың шетелдерден медициналық жабдықтарды өз бағасынан әлденеше есе қымбатқа сатып алғаны туралы айтқан бейнежазбасы жария болды.

Біз партияның баспасөз қызметіне хабарласып, аталған бейнежазбаға қатысты ақпарат сұрадық. Сөйтсек, бүгін әлеуметтік желіде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі өкілі мен депутат Перуашевтың бірлескен тікелей эфирі болған екен. Әлгі 5 минутқа жуық видео сол эфирдің үзіндісі көрінеді, – деп хабарлайды abai.kz.

Онда «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Тұрлыбекұлы «СҚ-Фармация» мен МӘМС қоры жұмысындағы біраз былықты әшекерелеп сөйлепті. Міне, қараңыз:

Азат Перуашев:

– 2012 жылдың 12 мамырында «Ақ жол» фракциясы Денсаулық сақтау жүйесі мен оның құрамындағы ведомствоның «Денсаулық кодексіндегі» сатып алу жүйесіне енгізген өзгерістеріне қарсы наразылық жолдаған еді. Біз Маршал аралдарынан медикоменттер мен жабдықтарды Қазақстандағы жабдықтар құнынан 4 есеге қымбатқа сатып алғандар жөнінде фактілер келтірдік.

Бұл мәселені біз 2013 жылдың 6 ақпанында қайта көтердік. Ал 2013 жылдың 6 қаңтары күні «Ақ жол» фракциясы «СҚ-Фармацияның» препараттарды өндіруші бағасынан, өндірушінің ресми сайтында көрсетілген бағадан 3 есе қымбатқа сатып алғаны жөнінде Бас прокурорға сауал жолдадық. Бұл – дәл осы препаратты өндірушілер, дәл осы препаратты басқа елдерге сатқан бағадан 5 есеге қымбат сома!

2013 жылдың 25 ақпаны. Үкімет пен Бас прокуратураға отандық фармацевтикалық компанияларға «СҚ-Фармацияның» кедергі келтіріп отырғанын айтып, сауал жолдадық. Бұл компаниялар Қазақстан нарығына кірген, кәсіптерін жолға қойған компаниялар еді. Ол жерде ұзын-сонар сот процесстері болды. Соның нәтижесінде сот жергілікті дәрі-дәрмек өндірісінің инвесторларына кедіргі келтіріп отырғаны жөнінде мемлекеттік органдарға ресми түсініктеме берген.

Осы кедергілердің кесірінен Қазақстан нарығындағы отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесі 30 пайызға кеміген. «Неге біз қарапайым парацетамолдың өзін шетелден импорттап отырмыз», – дегенді бүгін желілерден оқып отырмыз.. Міне, осының барлығына жаңағы жағдайлар себеп. Осының барлығына «СҚ-Фамацияның» отандық өндірушілерді шетелдік компаниялар алдында жығып бергені себеп.

Жарайды, бұлар 2012-2013 жылдардағы мәселелер дейік. Міне, жақында ғана болған жайт. 16 шілде күні кәсіпкер Қуаныш Керімқұлов жазды. Қуаныш Қазақстандағы алғашқы жеке клиника ашқан адам. Медсақтандыру қоры пара алып, стационарлық қызмет көрсетуге рұқсат беретін келісімдер жасағаны туралы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды. Оның жазуынша, медсақтандыру қоры 100 және одан да көп төсегі бар әрбір стационарда ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттарын қосқанда толық жабдықталған 15 реанимациялық төсек болуы керек деген стандарттарды да елемеген. Демек, 100 және одан да көп төсегі бар әрбір стационарда кем дегенде 15 ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттары болуы керек еді. Ал мынау індет келген кезде сол ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттары болмай шықты ғой. Демек, қаншама адамның өлімі пара үшін осындай келісімдер жасаған осы қордың мойнында деген сөз! Мен осы жазба жарияланған күні-ақ, аталған факті бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне жүгіну үшін, Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдап, аталған стандарттардың бар-жоғын сұрадым. Егер бізге жақын арада, 10 күннің ішінде жауап бермейтін болса, біз өзіміз Сыбайлас жемқорлық агенттігіне жүгінетін боламыз.

Міне, тағы бір мысал. «Капитал плюс» ЖШС. Бұл – Қазақстанда ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттарын шығарумен айналысатын компания. Олардың ұсынып отырған бағасы – 13 миллион теңге. Тіпті, біздікілер халықаралық техникалық талаптарға сай шығарылса да, біздің Денсаулық сақтау министрлігі оларды соңғы уақытқа дейін елемей, дәл сондай аппараттарды шетелден 30 миллионға сатып алып келді. Яғни, бұл ақшаға қазіргіден гөрі 2,5-3 есеге артық ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттарын алуға болатын еді. Мұндай мысалдар өте көп. Және біз осылардың әрқайсысына өз уақытында реакция білдіріп келдік. Әрі қарай да солай бола бермек…

 

Пікірлер