Сағынтаев: Қиын жағдайға дайындаламыз

2918
Adyrna.kz Telegram

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавирус инфекциясының тарауына байланысты қиын жағдайға дайындалатынын айтты. Жағдай жақсаруы да мүмкін. Бірақ, жаман айтпай жақсы жоқ, біз қиын жағдайға дайындалуымыз керек деді қала әкімі.

Әкім қауіпті індетке байланысты Алматыда коронавирус пандемиясының дамуының бірнеше нұсқасы қарастырылып жатқанын айтты.

"Күзде жағдай қандай болатынын ойланып отырмыз. Оптимистік те, пессимистік те болжамдар бар. Бірақ біз екіншісіне, яғни, қиын жағдайға дайындаламыз. Ол үшін қажет дәрі, жеке қорғаныш заттарының санын есептеу керек. Қажет жағдайда қосымша қаржы бөлеміз", - дейді қала басшысы.

Сағынтаев артық шығын COVID-19-бен күреске жұмсалатынын да атап өтті.

"Біз қосымша 300-350 орындық жұқпалы аурулар ауруханасын саламыз. Оған қаражат таптық. Қазір ішкі шығынды қайта қарастыру жұмыстары жүріп жатыр. Негізгі мақсат - коронавируспен күрес", - деді Сағынтаев.

Естеріңізге сала кетейік, ресми мәлімет бойынша бүгінге дейін Алматы қаласында 9851 адам коронавирус жұқтырып, 6024 адам жазылып шықты. 73 науқас қайтыс болған.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер