Пандемия кезінде отставкаға кеткен министрлер

1450

Әлем мұндай жағдайды ешқашан бастан кешпеген. 7 айдан бері ауыздықталмаған індеттің зардабы мен қиындығын өзгеден бұрын Денсаулық сақтау министрлері көріп келе жатқаны анық. Сын сағатта халқын аман сақтап қалу үшін жанкештілікпен қызмет етіп жүрген министрлермен қоса морт сынып, жұртын жолайрықта қалдырып кеткендері де бар. Төменде пандемия кезінде отставкаға кеткен министрлер тізімін ұсынып отырмыз, бұл жақсы ма, жаман ба?  

 Украинаның бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Илья Емец өте қысқа мерзімде өзінің індеттің таралуы жөніндегі мәлімдемелерінің жанжал тудыруы салдарынан қызметінен босатылған.

Ол бір сөзінде елдегі барлық зейнеткер вирус салдарынан қайтыс болатынын айтса, енді бір сөзінде кәсіпкерлерге вируспен күреске қолдау білдіруін сұрай отырып, «мәйіттерге» ақша шығындамауға болатынын жеткізген. 64 жасар министрдің сөзінше, «мәйіттер» – 65 жастан асқан қариялар көрінеді.

Наурыз айында, әлемде пандемияның өршіп тұрған шағында Румыния Денсаулық сақтау министрі өз міндетін дұрыс атқара алмағаны үшін орнын босатқан. Сучава румын провинциясында дәрігерлер вирус жұқтырып, қаладағы екі бірдей аурухана дезинфикция үшін жабылған. Нәтижесінде науқастарды емдейтін орын мен мамандар жетіспей, халық министр қызметіне наразылығын білдірген.

Сәуір айының басында Шотландияның Денсаулық министрі Кэтрин Калдервуд COVID-19 вирустың таралуына байланысты енгізілген карантиндік шарттарды бұзғаны үшін қызметінен кетуге шешім қабылдаған. Халықты үйден шықпауға үндеген ол отбасымен бірге екі рет Эдинбургтен шығып, қала сыртындағы саяжайына барған. Министрдің бұл әрекеті БАҚ өкілдерінің назарынан тыс қалмай, әбден сынға ұшыраған.

Бразилияда бір айда  2 Денсаулық сақтау министрі отставкаға кеткен.  Сәуір айында Бразилия Президенті Жаир Болсонару Денсаулық министрінің вирусқа қарсы ұйымдастырған шараларын құптамай, орнына Нельсон Тейчті тағайындаған. Әйтсе де, бұл министр де мемлекет басшысымен келіспей, бір айға жетпей-ақ орнын босатқан.

Президент Жаир Болсонару министрдің шешімі тым қатаң екендігін, шектеулерді тезірек алып тастау керек екендігін айтқан. Ал министрлік басшының бұл шешімін құптамаған. Соның салдарынан бұл елде індет қатты өршіп, АҚШ-тан кейінгі ең көп зардап шеккен мемлекет болып отыр. 23 шілде күні Бразилияда 67 мыңнан астам адамнан COVID-19 вирусы табылып, бір күндік антирекорд тіркелген. Президент  Жаир Болсонаруден осы айда үш рет вирус бар екендігі анықталған.  Алайда, ел ішіндегі жағдайға қарамастан, дәл қазір Бразилияда коронавируске қарсы вакцина  сынақтан өтуде. Препараттың жарамдылығын тексеруге 9 мыңнан астам ерікті қатысуы мүмкін.

Жаңа Зеландияның Денсаулық сақтау министрі Дэвид Кларк сәуір айында қатаң түрде енгізілген карантин рижіміне қарамастан жағажайға барғанын мойындап, отставка кетуді ұйғарған. Бірақ  премьер министр Джасинда Ардерн ол уақытта: «Қалыпты жағдайда мен денсаулық сақтау министрін қызметінен босатар едім. Ол қателік жасады және оны ешнәрсе де ақтай алмайды. Бірақ дәл қазір мен үшін маңыздысы ­–  біздің COVID-19-ға қарсы ұжымдық күресуіміз», - деп кейінге шегерген. Министр шілде айының басында қызметін босатты.

Сондай-ақ Түркияның Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу 11 сәуір сағат 00.00-ден 12 сәуірдің кешіне дейін 31 провинцияға енгізілген коменданттық сағаттан ел ішінде туған ажиотажға байланысты жауапкершілікті өзіне алып, отставкаға кететінін мәлімдеген. Алайда бұқара халық әлеуметтік желілерде Ердоғанның келісімін тапқан бұл коменданттық сағат үшін министрдің отставкаға кетуіне қарсылығын білдіріп, министрге қолдау көрсеткен. Нәтижесінде Президент Ердоған министр Сойлуды орнында қалдырады.

Естеріңізге сала кетейік, 25 маусымда Мемлекет басшысының жарлығымен Елжан Амантайұлы Біртанов Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылған-ды. Экс-министр короновирус жұқтыруына байланысты мемлекет басшысына өтініш берген.

Айжан ҚҰРМАНБАЙ,

"Адырна" ұлттық порталы. 

 

 

Пікірлер