Біздің дәрігерлер «Өл, тіріл, бірақ науқас өмір сүруі керек» деген ұранды ұстанады

5896
Adyrna.kz Telegram

 

«Науқас адам дерт пен дәрігердің ортасында тұрады. Егер ол дәрігерді жақтаса, екеулеп дертті жеңеді. Ал егер науқас дерт жаққа шықса, ол екеуі бірігіп дәрігерді жеңеді» деген сөз бекер айтылмаса керек.  Бүгінгі күннің жұлдызына айналған ақ халатты абзал жандардың қолында жарты әлемнің тұратыны жасырын емес. Дегенмен 42 дәрігерді осынау алапат шақта арамыздан жоғалтып алдық. Бұл медицина мамандары жетіспейтін Қазақстан үшін орны толмас қасірет екені белгілі. Дегенмен жалаңаш қолдарымен от көсеп жүрген сіз бен біз біле бермейтін дәрігерлер баршылық. Солардың бірі  Б.О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының (инфекциялык аурухана)  ақ халатты абзал жандары.

Науқастардың сөзінше, бұл ауруханадағы дәрігерлер өзгелерге қарағанда ерекше мейірімді, асқан білімді дейді. Ауысымға түскенде көз шырымын алмай, нәр татпай, тіптен қара су да ішпей, вирусқа қарсы қорғаныс киімінің ішінде терлеп-тепшіп жүрсе де емделушілерге жылы сөздерін аямайды екен. Тек 4 сағат сайын дезинфекциялық душ қабылдағанда ғана демдерін алатыны болмаса, қалған уақыттың бәрі арпалыспен өтетін көрінеді.  

Сол дәрігерлердің ішіндегі жасы, жасы болса да басы болып жүрген өңдеу  пластикалық урология бөлімшесінің меңгерушісі Набиев Ельшад Смаиловичтен сұхбат алу мүмкіндігі туды.

(Набиев Ельшад Смаилович)

- Ауруханаңыз covid-19 індетімен қалай күресуде?

- Ауруханамыз науқастарға лық толы. Біздің дәрігерлер «Өл, тіріл, бірақ науқас өмір сүруі керек» деген ұранды берік ұстануда. Қазір ауруханамызда індетпен күресуге барлық жағдай жасалуда. Бастысы дәрігерлер ұйқысын да, отбасын да, бала-шағасын да, өзін де ұмыта тұрып, тек covid-пен күресуде.  Соның өзінде ауруханамызға кіші және орта медқызметкерлері жетіспейді.

- Сіз қызмет етіп жатқан ауруханада науқастардан ауру жұқтырып алған немесе өмірлерін құрбан еткен дəрігерлер бар ма?

- Біздің ауруханадағы дәрігерлердің басым көпшілігі вирустың жеңіл түрімен ауырып, жазылып алды. Мен де ауырдым. Тіптен кейбіреулері жан сақтау бөлімінде 10-11 күн жатып шықты. Әлі күнге дейін ауыратындары бар. Біреулері дүниеден озып кетті. Бұның бәрін көріп, біліп жүрсек те антымызға адалмыз.

-  Өзіңіз дəрігер ретінде бір күніңізді айтып беріңізші.

Таңертең сағат тілі 6:30-да оянып, 7:40-та жұмысыма кірісемін. 8:10-да қызыл алаңға кіремін. Қызыл алаң соғыс алаңымен пара-пар десем артық айтқаным емес-ау, сірә?! Бөлім меңгерушісі болған соң таңғы науқастардың барлығын қарап шығамын. Тағайындалған дәрілер, кімге қандай ем керектігін қадағалап, тіптен науқастарға мотивация беріп, жақсы көңіл-күй сыйлап кетуге тырысамын. Қызыл алаңнан 12:00-де шығамын, менің орныма емдеуші дәрігерлер кіреді. Жасыл алаңда аз уақыт демалып, қызыл алаңға қайта қадам басамын. 3 күн сайын түнгі кезекшілікке қаламын. Науқастардың көзінен «мені емдеңізші» деген дәрменсіздікті жиі көремін. Ондайға жүрек шыдап тұрсың ба? Жанымызды салып, науқасты ажал тырнағынан суырып алуға тырысамыз. Қолымыздан келмей қалса қалың күйзеліске түсіп кететініміз тағы бар. Одан бөлек науқастардың туыстарына да арнайы уақыт бөлу керек. Солай бір күніміз өте шығады.

- Сіз қызмет етіп жатқан ауруханада неше дəрігер, неше ковидпен ауырып жатқан науқас бар?

-13 дәрігер, 150-дей науқас бар.

- Ауруханаңызда вируспен белсенді түрде күресіп жатқан дәрігерлердің аты-жөндерін айта аласыз ба? Бәлкім дертке шалдыққан науқастарға көмек болып қалар..

 - Әрине! «Дәрігердің үш қаруы бар. Біріншісі пышақ, екіншісі шөп, үшіншісі жылы сөз» деген екен. Үш қаруын да өзімен алып жүрген Кожамжаров Алижан Советжанович, Слямкулов Досжан Танабекович, Хахазов Якуб Закирович, Айдаркулов Бекайдар Болысбекович есімді азаматтарды айтпай кетуге болмас. Бұл азаматтар ауруханамыздың мақтан тұтар дәрігерлері. Емделушілердің барлығы осы кісілердің емдегенін қалап тұрады. Дегенмен аты аталған кісілерден бөлек, өзге медқызметкерлердің еңбегін еш ете алмаймыз. Олар да білікті дәрігерлер. Жалпы мақсат бір болса, алынбайтын қамал жоқ екен. Бәріміздің мақсатымыз біреу ғана. Ол адам өмірін сақтап қалу.

(Слямкулов Досжан Танабекович)

(Айдаркулов Бекайдар Болысбекович)

(Қожамжаров Алижан Советжанович)

(Хахазов Якуб Закирович)

- Бір өзіңіз осы күнге дейін неше адамның өмірін сақтап қалдыңыз?

- Науқастар өте көп болды. Шамамен 60-70 науқасты ауыр хәлден шығарып, үйіне аман-есен жібере алдым деп ойлаймын. Бірақ оған менің ғана емес, әріптестерімнің де, қарапайым медқызметкерлердің де үлесі зор.

- Дәрігер ретінде өкінген кезіңіз болды ма?

- 6 жылдан бері дәрігер болып жұмыс жасаймын. Айына бір күн ғана өкінемін. Ол күн жалақы алған күн (күліп алды). Келесі күні бәрін ұмытып, қуана-қуана қызметімді атқарамын.

- Коронавирус қашан кетеді деп ойлайсыз?

- Дәрігер ретінде шамамен қараша, желтоқсан айларында дерттен арылатын шығармыз деп топшылап жүрмін.

- Неге олай ойлайсыз?

- Алдымызда күзгі ОРВИ кезеңі келе жатыр. Ол тәмәмдалған соң ғана тынышталамыз.

- Covid жастарды бедеулікке əкелуі мүмкін деген сыбыстар шығуда. Сол рас па? Дəрігер ретінде болашағымыз үшін зиянын айтыңызшы..

- Коронавируспен ауырғандар бедеулікке шалдықпайды, тек күшті антибиотиктердің салдарынан ер азаматтарда 2-3 ай эректильди дисфункция болады. Яғни ерлердің жыныстық қабілеті төмендейді. Ал негізінен коронавирустың болашағымыз үшін зияны бар екені рас. Бірақ ол ғылыми түрде әлі анықтала қойған жоқ.

 

 

 

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер