Әлемнің ғажайып қызғылт көлдері және Көбейтұз

6760
Adyrna.kz Telegram

Әлемде көркімен көз тартатын қызғылт түсті көлдер саусақпен санарлықтай. Табиғаттың осындай ғажайып жауһары біздің қазаққа да бұйырған екен, бірақ халықтың толассыз баруы мен олардың айналасына аяусыз қоқыс тастап, тұзын алып-сатуы салдарынан  бүгінгі жағдайы мүшкілге айналды.

Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы ерекше Көбейтұз көлінің қазіргі мүшкіл жағдайы жайлы «Адырна» ұлттық порталы бұған дейін де жазған болатын (https://adyrna.kz/post/41919). Бүгін назарларыңызға Көбейтұз секілді әлемдегі қызғылт көлдердің тізімін ұсынады.

Жер бетіндегі кейбір көлдердің суы каротиноидтар (органикалық пигменттер) бөлетінбалдырлардың әсерінен өзгеше қызыл немесе  қызғылт реңкке еніп, ерекше көздің жауын алады. Мұндай балдырлар тек тұзды суда ғана өмір сүреді. Қызғылт көлдердің суы мұхит суынан да тұзды боп келеді. Кейбір аймақтарда қызғылт көлдер ерекше бақылау мен қорғауға алынса, әлі өркениеттің көшіне ілесе алмаған елдерде орналасқан көлдерқараусыз қалған. Салдарынан табиғаттың осындай керемет байлықтары адамзаттың түрлі зиянды әрекеттерінен әбден зардап шегуде.

Қызғылт көлдердің табиғаты асқан сұлу болғанмен, жаздың ыстық күндерінде оның тым тұзды суына түсу мүмкін де емес. Адамдар мұндай орындарға көбіне әдемі локация үшін ғана барып, арнайы фотосессия жасайды.

Әлемдегі көз тартар сұлулығымен ерекшеленетін қызғылт көлдер тізімі төмендегідей:

1. Хиллер көлі, Австралия

        Туристер ағылып келетін әйгілі көлдердің бірі. Батыс Австралиядағы ең ірі арал Мидл Айлендте орналасқан. Көл суының түсі ешқашан өзгермейді. Жалпы ұзындығы – 600 м. Мұхит пен көлдің арасын кішкентай ғана жолақ бөліп тұр. Айналасында орман бар. Мидл Айленд аралы мен Хиллер көлі 1812 жылы табылды.

2. Ретба көлі, Сенегал

         Ретба немесе қызғылт көл Сенегалдағы Жасыл мыс (Cap Vert) түбегінен шығысқа қарай, ел астанасы Дакардан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Көлдің атын судың түсіне байланысты атаған, онда Дуналиелла балдырлары өседі.

Көлдің түсі, әсіресе, құрғақ кезде айқындала түседі. Оның тұзының деңгейі Өлі  теңіздің тұзымен тең. Жергілікті халық осы көлден тұз өндіреді. Жұмысшылар көлде күніне 6-7 сағат жұмыс істейді. Олар терісін тұздан сақтау үшін әртүрлі жаңғақ майын жағады.

3. Торревьеха тұзды көлі, Испания

Торревьеха тұзды көлі мен Ла Мата тұзды көлі Испанияның оңтүстік-шығысындағы Торревьеха қаласын қоршап тұрған тұзды көлдер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Торревьеха мен Ла Мата көлдері құрған микроклимат Еуропадағы өте пайдалы климат екенін жариялаған.

4. Хатт, Австралия

          Батыс Австралияда Хатт өзенінің сағасынан солтүстікке қарай жақын орналасқан тұзды көл.

          Ұзындығы – 14 км, ені – 2 км. Көлде әлемдегіең ірі Dunaliella salina балдыры өсірілетін жалпы ауданы 250 га болатын жасанды тоған бар. Хатт көлі белгілі уақытта ашық қызғылт түстен күлгін түске алмасып отырады.

 5. Тозаңды қызғылт көл (Dusty Rose Lake), Канада

          Канададағы Британдық Колумбияда орналасқан бұл қызғылт көл өте ерекше және аса танымал емес. Оның суы мүлде тұзсыз және балдыры жоқ, соған қарамастан, ол қызғылт реңке ие. Фотода көлге ағып жатқан қызғылт өзенкөрінеді.

Судың түсі негізінен осы аймақтағы тау жыныстарының қайталанбас үйлесіміне байланысты (мұздықтағы тау тозаңы).

6. Қызғылт көл, Австралия

Австралияда қызғылт көлдердің әртүрлі пейзажын көруге болады. Бұл көл әрдайым қызғылт түсті боп тұра бермейді.

Халықаралық құстарды қорғау ұйымы бұл көлді құстардың маңызды тіршілік ету  және оларды сақтау ортасы ретінде белгілеген.

7. Масазир көлі, Әзірбайжан

          Әзірбайжан астанасы Бакуге жақын орналасқан тұзды көл. Көлдің жалпы ауданы – 10 шаршы шақырым. Судың иондық құрамына көп мөлшерде хлорид пен сульфат кіреді. 2010 жылдан бастап осы көлден тұз өндіруші «Azeri» зауыты ашылған. Бұл көлден тұзды сұйық күйде де, қатты күйде де өндіруге болады.

8. Сасық-Сиваш көлі, Қырым

            Сасық-Сиваш қызғылт тұзды көлі (кейде оны Сасық деп те атайды) Евпатория мен Саки курорттық қалаларының арасында орналасқан. Ол Қырым түбегіндегі ең үлкен көл болып саналады, жалпы ауданы – 75 шаршы шақырым. Өте таяз, ең терең тұсы – 1,2 метр. Көлдің ерекшелігі – судың түсі ақ-қарадан қызғылт түске өзгеріп отырады, сонымен қатар емдік қасиеті де бар. Көлден алынған тұзды косметикалық заттар үшін де пайдаланады.

Қызғылт көлдер бұдан бөлек, АҚШ, Франция, Тунис, Боливия, Мексика сынды елдерде бар. Ал жоғарыда аталған, біздің еліміздегі, Нұр-Сұлтан қаласына жақын аумақтағы Көбейтұз көлінің ерекшелігі – көл дәйім қызғылт түсті болып тұра бермей, күлгін түске де алмасады. Түстің өзгеруі ауа райы мен күннің сәулесіне, тәуліктік мезгілге тікелей байланысты. Күн қатты ысығанда, яғни жаз мезгілінде көл суы қызғылт түсті боп тұрады.

Көбейтұзға елде жарияланған карантин режиміне қарамастан, адамдар лек-легімен барып, айналасы бір айдың ішінде құрдымға кетірді. Мамандардың айтуынша көлдің бастапқы қалпына келуіне көп жылдар керек.

Айта кетейік, қоғам қайраткері, журналист Арман Хайруллин 2021 жылды «Экология жылы» деп ұсынған болатын. Атыраулық экологтың пікірінше, елімізде экология мәселесі өте өзекті болып тұр. Бұл ұсынысты Ақпарат және қоғамдық даму  министрі Аида Балаева да қолдады.

Көбейтұз көлінің қазіргі жағдайы. Суреттер Яков Федоровтың Facebook парақшасынан

Айжан Құрманбай, “Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер