Әлемнің екінші ұстазы

4994
Adyrna.kz Telegram

Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағынын көкіреп ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтарм бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – күллі әлемге танымал ұлы жерлесіміз – Әбу Насыр әл-Фараби.

Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Әл-Фараби 870 жылы Сыр бойындағы Арыс өзені Сырға барып құятын өңірдегі, Фараб қаласында дүниеге келді. Фарабидің то-лық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби, яғни әкесі Ұзлағ, арғы атасы Тархан. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбунасыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбунасыр атанған. Бұл қаланың орны қазіргі Шәуілдір ауданы, Шымкент облысының территориясында. Сол түста өмір сүргендердің қалдырған нұсқаларына карағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Замандастары жазған шежірелер бойынша алғанда,  оның арғы аталарының есімдері таза Түркі тілінде келтіріледі.

Әл Фараби, Әбу-Насыр (Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлақ әл-Фараби ат-Түрки) (870-950) — Аристотельден кейін дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалым.  Энциклопедист, ғалым, ойшыл, философ, математик, астролог, музыка теоретигі – ғалымның жан-жақты тұлғасын көрсетеді. Деректерде сауатын Түрікше ашқаны, өзін ақын және күйші, әнші ретінде танытқаны айтылады. Оның өлеңдерінан үзінділер де сақталған. Фарабидің күйшілік өнері туралы әңгімелер көптеп кездеседі.
Туған жері Сырдария бойындағы ерте заманда түркі халықтарының орталығы болған Отырар қаласы. Отырарды арабтар «Фараб» деп атаған. Қай жерден шыққанын білдіру үшін аты жөніне өзінің туған мекенінің атауын тіркейтін сол заманның дәстүрімен ұлы ұстаз Фараби аталған. Махмұд Қашқари «Диуани лұғат ат түрк» атты еңбегінде Фараб қаласының түрікше аты «Қарышоқы» деп көрсетеді.

Әл Фарабидің ісін жалғастырған, ғылымға берілген шәкірттері көп болған. Олардың ішінен, ең алдымен, Орта Азияның ұлы ғалымы Әбу Әли ибн Синаның (Авиценна) есімін атауға болады. Кейінгі кездегі шығыс ғалымдары оларды бөліп жармай «Қос Фараби» деп те атайды. Сондай ақ еңбектері ұлы ұстаз еңбектерімен сабақтасып жатқан ұлы ғалымдар Беруни, Бозжани, Омар Һайямдар да өздерін Әл Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеген. Бұл Ұлы Ғұламаның өзінен кейінгі талай Ұлыларға да үлгі болғанын көрсетеді.

А. Н. Берштамның айтуынша, Отырар қаласы орналасқан аса құнарлы алқапта қазақ халқының арғы ата-бабалары, қырдағы көшпенділер мен қала тұрғындары жиі карым-катынас, тығыз байланыс жасап отырған деп пікір қорыту әбден орынды.

Ал енді әл-Фарабидің антика дәстүрімен байланыстылығынан, осының арқасында оның Аристотельден кейінгі «Екінші Ұстаз» атанып, даңққа бөленгенін айтатын болсақ, әл-Фараби жастайынан ақ ұлы Аристотельдің, Платонның, ерте дүниедегі Грецияның басқа да философтарының шығармаларымен түп нұсқасынан танысқаны жөнінде бізде деректер бар.

Білімге, ізденуге деген құштарлықтың жетелеуімен ол, жас шағында, дүниедегі құбылыс біткеннің бәрі кісіге әрі ғажап, әрі таңсық көрінетін кезде саяхат жасап, сол замандағы мәдени әлемнін көптеген орталықтары: Хорасанда, Бағдадта, Дамйскіде (Шам), Алеппада, Каирда (Мысыр) болған. Өз өмірінің көп жылдарын ол, араб халифатының саяси және мәдени орталығы болған, Бағдадта өткізді. Мұнда ол өз білімін әбден тиянақты меңгеріп, толықтырады, көрнекті ғалымдармен байланыс жасайды, сөйтіп өзінің білімдарлығы, ақылының алғырлығы және асқан байсалдылығы арқасында көп ұзамай олардың арасында үлкен аброй-беделге ие болды. Бірақ өресі тайыз кертартпа хадисшілер оны жек керіп, күндей бастаған, әсіресе, олар әл-Фарабидің бүкіл ойының негізгі мәніне қарсы шыққан, өйткені, оның дүниеге көзқарасы шынайы болмысты танып білуге, адам бақытын о дүниеден іздеп табуға мезгейтін еді. Ақыр сонында әл-Фараби лажсыздан Бағдадтан кетеді. Өзінің «Фусул ал-мадани» («Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері») деген соңғы шығармасында ол: «Адам ғылымға түрліше тосқауыл жасайтын мемлекеттен кетіп, ғылыми өркен жайған елде тұруға тиіс»,— дейді. Әл-Фараби александриялық (мысырлық) ғалымдар, яғни бір кезде Александриядан ығыстырылған несторианшыл христиандар тұратын Хоранға келіп қоныс тебеді. Өмірінің соңғы жылдарын Алеппо мен Дамаскіде өткізеді, мұнда ол солтүстік Сирияның жетекшісі саяси қайраткері Сейд ад-Дуаль Хамданиге аса кадірлі болды. Әл-Фараби 950 жылы 80 жасында кайтыс болды. Бейіті қазір Сирия жеріндегі Баб әс-Сағир зиратында жатыр.

Біздің заманға әл-Фарабидің тек негізгі шығармалары ғана келіп жетті. Ол шығармалардың ежелден бері-ақ жұртшылыққа танымал болып, философиялық және ғылыми ойдың одан кейінгі дамуына тигізген әсері толассыз.

Фараби Аристотельдің, Әл-Киндидің ізін қуып, философия мен ғылымның барлық салалары бойынша үлкен жетістіктерге жетеді. Мәселен, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш. Штейщнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А. Атеш— 160, ал тәжік ғалымы Б. Ғафуров—- 200 трактат деп көрсетеді.

Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «категориялар», «метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» мен 4 сопылық еңбектеріне түсініктемелер жазды. Ол еңбектері күні бүгінге дейін де мәні — маңызын жоғалтқан жоқ. Сөйтіп, Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін таныстыруда үлкен рөл атқарды.

 

Нұрбақыт Хакім,

Тараз қаласы

Пікірлер