Арынды арыстардың ізі қалған...

2138
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ауқымды шаралармен жалғасып жатыр. Осыған байланысты ұлы ақынның туған жері – Семей – Бөрілі – Жидебай бағытымен сапарлап қайтқан саяхатымыз туралы жазуды жөн көрдім. Мақсат – Семей топырағындағы тарихи маңызға ие жерлерді көзбен көріп, көңілмен түйсіну.

Жүйткіген жүрдек пойыз бір тәулікке жетпей Ертістен өтіп, Семейге табан тіреді. Келген күні төрт бірдей музейді аралап, Ұлт жанашырларына қойылған ескерткіштерді де көріп қайттық. Алғашқы бағытымыз – Семей қаласындағы Абайдың “Жидебай-Бөрілі” Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі болды. Мұражайды түгелдей аралатып, түсіндірген Нұржан мырза мұндағы қолжазбалар, сақталған дүниелердің құндылығы және ақынның өміріне қатысты деректер мен оның өлеңдерін саралап өтті. Одан соң бет алған жеріміз – Абайдың өз заманында ат басын бұрып, келіп-кететін және Әлихан мен Міржақып атамыздың тұрған үйі, ұлт қамы үшін жанашырлардың бас қосар жері, қазіргі “Алаш Арыстары – Мұхтар Әуезов мұражайы” болып аталады екен.

Алаштың тұңғыш музейі аталған бұл мекен Семей қаласындағы Абай Құнанбайұлы келіп жүрген үйлердің бірі және 1992 жылдан бастап Абай қорық-музейінің бір бөлімі саналатынын тарихшы Мұратбек Кенемолдин мырза таныстыра айтып шықты. Тарихымыздың қайнар көзі  болған үйге іштей тағзым ете қадам бастық. Үйдің бірінші қабатында Әлихан Бөкейхан, екінші қабатында Міржақып Дулатұлы тұрыпты. Үй негізінен Абай, Мағауия, Ақылбай, Ғабдолла секілді жанашырлар көмектесіп сатып әперген Абай ауылының адамы Әнияр Молдабаевтікі болған.

Музейде қойылған Гүлнар Міржақыпқызының естелігі бойынша, Әлихан мен Міржақып 1921-1922 жылдары осында тұрған. Астыңғы қабатын таныстырған Жанат Масхұтқызы апай Әлихан атамыздың ұстанған заттарын көрсетіп, одан әрі қызықтыра түсті. “Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын” деген сөзін еске алып, мәңгілік орындамаққа бекіне келесі мұражайға жол тарттық. Ендігі бағытымыз – “Өлкетану” музейі. Экскурсия жетекшісі Мирас мырза Семей өлкесіндегі түгелдей дерлік құндылықтармен таныстырып өтті. Мұражайға қарсы бетте Тәуелсіздігіміздің жаршысы болған Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішіне де тоқтадық.

Қызықтап жүріп уақыттың қалай өткенін білмей қалыппыз. Шоқан Уәлихановтың жақын досына айналған орыс жазушысы Ф.Достоевский музейіне де ат басын бұрдық. Оның өмір жолы мен шығармашылығынан хабардар еткен Жұлдыз апай жазушы тұрған үйіндегі пайдаланған заттарды көрсетті. Құшақ жая қарсы алған музей қызметкерлеріне алғыс айтып, әр қызықты сәтті еске ала алғашқы күнімізді қимай тәмамдадық.

Екінші күн тіптен ерекше өтті. Ұлы ақын мен Ұлы жазушының мұражай-үйін көруге асыға Жидебай-Бөріліге жолға шықтық. Ең алғаш тоқтаған жеріміз Мұхтар Әуезовтың “Қорғансыздың күні” әңгімесінде бейнеленетін “Күшікбай асуы” болды. Жазушының бүкіл ғұмыры мен шығармашылығынан хабардар Шақжан мырза батырдың жатқан мазары мен әңгімеде жазықсыз жапа шеккен Ғазиза қыздың бейітін көрсетті. Онан соң Абайдың туған жерін іздеп келер, талай Алаштың шынайы жанашырлары дәм татқан бұлақтан біз де су ішіп, ары қарай сапарымызды жалғастырдық.

Мұхтардың алғаш кіндік қаны тамған Бөріліге де келіп жеттік. Қазір бұл жер Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйіне айналған. Жазушы жүрген дара жол, оның шығармашылығынан әр бөлме хабардар етіп тұрды. Шақжан мырза таныстыру арасында сұрақ қоя отырып көптеген мағлұматтармен бөлісіп, дұрыс деп танып жүрген дүниелерімізді тереңінен саралау қажеттігін ұғындырды.

Жидебайға барар жолда тағы бір тарихи жерге тоқталдық. Бұл – Еңлік-Кебек кесенесі. Сонау жер дауы үдеп тұрған заманда ру арасындағы жанжалдың салдарынан құрбан болған қос ғашықтың құрметіне салынған кесенеге тоқтап, құран бағыштадық. Екі жастың жанына қойылған еліктің бейнесін Шақжан мырза махаббаттың, адалдықтың символы және оның ешқашан арамдықты білмейтіндігін айтты. Баянсыз махаббаттың қасіретін тартқан ғашықтар ерлігін жыр ете Жидебайға қарай бет алдық.

Ең алдымен мұражай қасында орналасқан Абай мен інісі Оспан, Шәкәрім мен оның ұлы Ахаттың жатқан мазарына барып құран оқып, іштей ниет еттік. Қос мұнараның шырақшысы болып отқан Ерғазы ағай киелі мекеннің ерекшелігін, қасиетті екендігін айтып, оған куә болған оқиғалармен бөлісті.

Мазарға жақын тұста тағы екі киелі жанның зираты бар екен. Олар – Абайдың ғана емес, бүкіл қазаққа аса қастерлі, Ана ұғымын тереңінен ұғындырған Зере мен Ұлжанның жатқан жері. “Абай жолында” жазылған қос Ананың бейнелерін көз алдымызға елестете мұражайға бет алдық. Музейдегі экскурсия жетекшісі Лаура ханым Абайдың бұл үйді өз жобасы бойынша салдырғанын айтып басынан-ақ ынтықтыра түсті. Бұл үйде негізінен Абай інісі Оспан қайтыс болған соң әмеңгерлікпен үйленген оның жары Еркежанмен тұрған екен.

Мұндағы біз үшін ерекше жаңалық болған – сол кездегі қазіргі біздің тілмен айтқандағы “мұздатқыш” еді. “Тошала” деп аталатын бұл бөлмеде ет сақталады екен. Көлемі үлкен бөлменің ішіне төрт ағашты жерден төбеге дейін мықтап қадап, ет қойылатындай жан-жағынан бұталар шығарыпты. Бөлме тегіс таспен қаланғандықтан, іші салқын. Абай қонақ күтер екі бөлме, оның ұстанған заттары, жары Еркежанның бөлмесіндегі дүниелер сол қалпында сақталған екен. Сол кездің заттарына қарап қаншалықты құндылық екендігін ұғындық. Ақынның біз білмес тұстарына ерекше тоқталған Лаура ханымға алғысымызды білдіре қимай қоштастық.

Екі күніміз екі сағаттай зырғып өте шыққанымен, көрген дүниелеріміз жан семіртті. Жақсымен өткен әр минут біз үшін бағалы болды. Семеймен қимай қоштасып, әлі де ат басын бұратынымызға іштей сенім білдірдік. Иә, Абайдың 175 жылдық мерейтойында алғашқы тарихи сапарымыз осылай басталды...

 

 

 Жансая Сман,

Тараз қаласы

Пікірлер