Әл-Фараби жəне Абай философиясы

4904
Adyrna.kz Telegram

Ислам дәуірі әдебиеті мен қазақ ақын-жыраулары поэзиясы арасындағы көркемдік дәстүр жалғастығын сөз еткенде, мықтап ескеретін бір жәйт бар. Кез келген халық әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы сол қоғамдағы тарихи жалғастықтың құрамдас бөлігі болып табылады. Ал тарихи жалғастық дегеніміздің өзі, ең алдымен ақыл-парасат жалғастығы екені белгілі. Мәселен, Әл-Фарабидің философиялық, әлеуметтік-этикалық ой-тұжырымдары өзінен кейінгі дәуірлердегі ойшыл қаламгерлердің шығармаларынан өзінің дәстүрлі жалғастығын тапты. Ол өзінің «Интеллект (сөзінің) мағынасы жайында» деп аталатын зерттеуінде адамның ақыл-парасат мүмкіндігіне жан-жақты талдау жасай келе, оны «потенциалды интеллект», «актуалды интеллект», «жүре келе дарыған инттелект», «әрекетшіл интеллект» сияқты философиялық категорияларға бөліп-бөліп талдайды. Әл-Фараби «жүре келе дарыған интеллект» туралы айта келіп, адам туғаннан ақылды, білімді болып тумайтынын, интеллектің өзі жүре кел, естіп, көріп барып қана дамитынын ескертеді. Әл-Фарабидің интеллект жөніндегі осы философиялық ой-тұжырымын араға тоғыз ғасырдай уақыт салып, қазақ қауымының жаңа тарихи жағдайында Абай Құнанбайұлы зор білгірлікпен жалғастыра түскен сияқты. Абай өзінің «Он тоғызыншы сөзінде»: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің сөзін естіп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – деп жазады. Сондай-ақ, Әл-Фарабидің ғылым-білімді меңгерудегі интеллект рөлі жайындағы философиялық тұжырымын Абай өзінің «Он тоғызыншы сөзінде» мейлінше айқындай түскен. Абай өз ойын: «ғылым-білімді  әуел бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен яки алдаумен үйір қылу керек, үйрене келе өзі  іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады», – деп тұжырымдайды. Әл-Фараби өзінің жоғарыда аталған еңбегінде «жан қуаты» жөнінде қолданған ұғымдар мен термин сөздер сол қалпында Абай қара сөздерінде (7,17,27,38,43-сөздер) қайталануы кездейсоқ құбылыс емес, Әл-Фараби: «Ақыл-парасат күші – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш» деп көрсетеді. Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес», – дейді. Әл-Фарабидің «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жөніндегі философиялық тұжырымы Абайдың «Он жетінші сөзінде» өзінің логикалық жалғасын тапқан сияқты. Абайдың осы сөзінде «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры «ғылымға» келіп жүгінеді. Сонда «ғылым» бұл үшеуіңнің де айтқандарың рас, үшеуің де қажетсің: «Ей, Қайрат, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаталдығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман», – депті. Бұдан кейін «ғылым» өз шешімін «Ақылға» айтыпты: «Жаратқан тәңіріні де сен танытасың. Жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның – екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүресің, соның жаман », – депті. Бұдан кейін Абай осы үш категория жайында түйін жасап, Әл-Фарабидің жоғарыда айтылған пікірін өз оқырманының ұғымына лайықтап жеткізеді. Абай осы үшеуінің басында қос, бәрін де «Жүрекке» билет, – деп ұқтырып айтушының аты «ғылым» екен. – Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табыссаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен «Жүректі» жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы» – депті деген қорытындыға келеді.

Фараби «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» атты еңбегінде адамның өзін танымақтығы жөнінде айтылатын ойларын«өсімдік жаны», «хайуан жаны», «адам жаны» деп жүйелейді. Адам жанына (интеллект), оның ішкі және сыртқы сезім мүшелеріне (хауас) талдау бергенде жүрекке үнемі шешуші мән беріп, ерекше даралай көрсетіп отырады. Жалпы жан қуаты жөніндегі танымға булай қарау мешаиын (перепатетиктер) мектебіндегілерге тән құбылыс. Бұл жөнінде Фараби мен Абайдың ой қорытулары сабақтас, өзара іліктес келеді. Фараби «Жүрек - басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ, мұның үстемдігі бірінші емес» (әл - Фараби. Философиялық трактаттар. -А. , 1973, 289-6.), - деп, жүрекке шешуші мән бере қараса, Абай да: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ менің ісім депті. Бірақ, сонда билеуші жүрек болса жарайды» деген тұжырымға келеді. Бұдан екі ұлы ойшылдың да жүрек жөніндегі танымдарының негізі бір екені, тек баяндау түрі басқаша берілгені көрінеді. Ақын Фараби ұйғарысындай жүрекке шешуші мән-мағына берумен қатар, оны ізгілік, рақым, шапағат атаулының шығар көзі, тұрар мекені деп біледі. Ойшыл-ақын көп көңіл бөлген мораль философиясы да осы танымға негізделген. Абай туындыларының өн бойына таралып отыратын адамгершілік, имандылық ойларының бәрі де осы көзқараспен ұштасады. Ақынның «хауас», «үш құю» (имани гүл), «жә уан мәрелік», «әділет», «шапағат» жайлы ой толғаныстарының желісі де осы таным шеңберіндегі ұғымдар. Бұлар Ф-дің жоғарыда аталған еңбегіндегі адамның жеке басының ең кемелденген (камили инсани) үлгі-өнегесі жайлы арналы танымының негізіне саяды. Осы Фараби дәстүрінің жалғасы Абайдың«толық адам»жөніндегі ой-пікірінен айқын сезіледі. Абайда жиі сөз болатын «толық адам», «жарым адам», «адам болу», «инсаниаттың кәмаләттығы», «бенделіктің кәмаләттығы», «толық инсаниат», «адамшылық», «адамның адамдығы», «адам болу» т. б. атаулық мәні бар ұғымдар, сөздер тобы, ол жайлы пікірлердің шығар көзі Фараби еңбектеріндегі ой желісінен туындайды. Фараби «Табиғат ғылымдарының негіздері» (космогония) жайлы еңбегінде жалпы хакасқа, әсіресе, оның хауаси хамса заһири деп аталатын сыртқы сезім мүшелеріне ерекше назар аударған. Фарабидің қоршаған орта болмысының сырын тануда басты орын алатын сезім мүшелері - хауаси хамса жайлы филос. ұғымдары Абайдың Жиырма жетінші, Отыз сегізінші қарасөзі мен «Алла деген сез жеңіл» өлеңінде сол түпнұсқадағы қалпында берілген. Ақынның «Жансыз жаратқандарынан пайда алатын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайдаланатын ақылды инсанды (адамды) жаратыпты» деген тұжырымы дүниенің жаралуы жайлы Фарабидің тәңірі әуелі жансыз дүниені, есімдіктерді, жан-жануарларды, содан соң ақыл иесі адамдарды жаратқан дейтін сатылы танымынан туындайды. Бұл таным Фараби көзқарасының әлсіз жері болса, Абай танымының да осал жағы болып табылады. Ойшыл ақын өз шығармаларында Фараби дәстүрімен хауаси хамса заһириге ерекше мән береді. Ақыл, сана дегеніміз бізді қоршаған өмір шындығының сыртқы бес сезім арқылы, яғни, танымның жибили қуаты мен адамның санасында сәулеленуінен пайда болатын рухани құбылыс деп таниды. Абайдың ақыл мен сананың пайда болуы туралы дүниетанымының негізі Фарабидің «Ақыл дегеніміз тәжірибеден басқа ешнәрсе де емес» (әл-Фараби. Философиялық трактаттар, 295-6.) деген ой желісімен өзектес келеді. Фараби жан қуатын қозғалт тыратын қуат және танып білетін қуат деп екіге бөліп, адам бойындағы танып білетін қуатты ішкі және сыртқы жан қуаты ретінде қарастырады. Фарабидің бұл танымы Абайдың шығармашылығында сол тұрғыдан психол. ұғымдардың баламасы ретінде сөз етіледі. Ақынның қарасөздерінде адамның сыртқы бес мүшесі мен ішкі сезім мүшелері бірлікте алынып, хауас ретінде түсіндіріледі. Абайдың хауас үғымы-көбінесе, бейнелеу қағидасымен (ахси жиһан) ұштасатындықтан, Қырық үшінші сөзінде адам бойындағы жан қуаты жөніндегі Фараби танымдарымен іштей сабақтасып жатады. Ақынның «адамды танымақтық» деп өз алдына сараланатын ұғымдары Фарабидің жан туралы ойларымен өзектес келеді. Фарабидің адамның дүниені танып білу қуатына (әл-қуат алмутехаййла) ерекше мән бере қараған, негізгі ой желілері Абайда арнайы сөз болатын хауас, хауаси хамса заһири, хауас сәлем ұғымдарынан көрініс тапқан. Фараби жан қуаты жөнінде өзіндік соны ойлар желісін таратқанда, оларды өсімдік жаны, хайуан жаны, адам жаны деп үшке жіктеп, таным процесін адам жанына тән тума қасиет ретінде қарастырады. Осындай тұжырымдар Абайдың Жетінші, Он тоғызыншы, Жиырма жетінші, Отыз сегізінші, Қырық үшінші сөздерінде ұшырасады. Жетінші сөзінде «жанның тамағы» жайында тоқтала келіп, Абай: «... өрістетіп, өрісімізді ұзартып құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді», - деп, оны жан құмары арқылы дамитын сезім тұрғысында түсіндіреді. Жиырма жетінші сөзінде хайуан мен адам арасындағы ерекшелікті олардың дүние тану үрдісіне қарай жіктеп, «... Һәмма мақлұққа да қара, өзіңе де қара, жаңды бәрімізде де беріпті. Жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып беріп пе? Адам алдын, артын, Һәм осы күнін - үшеуін де тегіс ойлап тексереді. Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке тіпті жоқ» деп тану қабілетінің адамда зор сапалық ерекшелікте болатынын атап өтеді. Ақын Фарабидің түсіндіргеніңдей жан құмары, жан қуаты деген қасиеттер тек адамға ғана тән нәрселер деп таныған.

Әбдіразақ Жанерке,

Тараз қаласы

Пікірлер