Айдос ТОҚТАРБАЕВ: Әділетсіздік жанымды жегідей жеп, тағдырыма кеселін тигізді

2192

Айдос Тоқтарбаевты қалың көпшілік «буынсыз адам» деген атпен жақсы таниды. Оның өнер әлемі мүлде бөлек. Өнерпаз қылыш жұту, кішкентай қорапқа сыйып кету сынды аса қиын трюктерді орындап, талайды таңдай қақтырған еді. Қазіргі таңда ол өнерден алшақтап, құрылыс саласында еңбек етіп жүр. «Адырна» ұлттық порталы тасада қалған талантпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

- Айдос мырза, бұрын есіміңізді жиі естуші едік. Не себепті өнер сахнасынан жоғалып кеттіңіз?
- Жас келді,қартайдық. Өнер сахнасынан кететін уақыт келді деп ойлаймын. Әрі біздің сахнада цирк әртістері сұраныста емес қой. Бұрын телеарналар жиі қонаққа шақыратын, осылайша өз өнеріммен бөлісуші едім. Қазір ешкім іздемейді. Десе де, өнерді түпкілікті тастамадым. Буындарым әлі сол қалпында.
- Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз?
- Қазіргі таңда ауылда тұрамын. Үйдегі аздаған малға қараймын. Әкем мен інім құрылыс саласында жұмыс жасайды. Сол кісілергекөмектесіп жүрмін.
- Талантты жансыз. Бойыңыздағы ерекше қасиет кімнен дарыған?
- Бұл Алла Тағаланың менің бойыма дарытқан сыйы. Ал оны шыңдауға марқұм ағам үлкен үлес қосты. Ол кісі мені үш жасымнан өнерге баулыған еді. Кейін мектептегі ұстаздарым қабілетімді байқап, түрлі үйірмелергеқатыстырды. 11-сыныпты бітірген соң, бір жыл жұмыс жасап, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінеоқуға түстім. Осылайша, бұл өнерді әрі қарай алып кеткен жайым бар. Қуанышыма орай, білікті де білімді ұстаздардан сабақ алдым.
- Белгілі бір трюкті орындап жатқан кезде өміріңізге қауіп тудырарлықтай жағдай орын алып көрді ме?
- Иә, әрине. Әсіресе, студент кезімде қауіпті трюктерді еш дайындықсыз сахнада орындағым келіп тұратын. Талай рет тамағымды қылыш кесіп кеткен. Оны жұтып тұрғанда байқаусызда бұрылып қалғаным бар, тіпті адамдардың қағып өткенінің салдарынан жарақат алғаным бар. Бетімді бірнеше рет біз жыртты. Бірде түнгі клубта өнер көрсетіп жатқанымда от шашып қойғанмын, сол от өзіме тиіп, өртке оранып та көрдім. Жалпы талай қолайсыз жағдайды бастан кешіріппін. Бір трюкты орындаймын деп жүргенде арқамның терісі сыпырылып түскен. Тікелей эфирде өнер көрсетіп жатқанымда да бір-екі рет жараландым.
- Осындай қиын трюктерді орындаудың белгілі бір сыры бар ма?
- Оның ешқандай сыры жоқ (күліп). Диета ұстамаймын. Жаттықпай, қыздырынбай шпагатқа отыра беремін.
- Бір сұхбатыңызда «Әділетсіздік сағымды сындырды» депсіз. Нақты қандай жағдай орын алды?
- Әділетсіздік талай адамның сағын сындырды ғой. Өзім онымен бірнеше рет бетпе-бет кездестім. Байқауларға қатысып жатасың, бірақ орта жолда сені алып тастайды. Жеңіске жетуге бір қадам қалғанда,мақтап-мақтап, құлатып кетеді. Мен бұндай жағдайларға талай рет ұшырадым.  Болмашы бір адамдарды жұлдыз етеміз деп талай таланттың болашағына балта шабылды. Әділетсіздік жанымды жегідей жеп, тағдырыма да кеселін тигізді. Алайда, мойыған емеспін. Десе де, бір жағдайда өз-өзіме келе алмай қалдым. «Жұлдызды сәт», «Қытай таланттары» байқауларына қатыстым. Сол кезде орта жолдан өткізбей, «кейін шақырамыз» деп алдағандары бар. Төрешілікте отырған өнер адамдарының  жақтаспағанына, әңгімені басқа жаққа бұра тартқанына қапаландым.  Сол уақытта мені спортшы Ислам Байрамов қана түсініп, қолдау білдірген.
- Ал сағыңыз сынған сәтте қайта тұруға не нәрсе көмектеседі?
- Сағым сынғанда Алладан кешірім сұраймын. Бұл маған жіберілген сынақ деп түсінемін. Осылайша қайта тұруға, өзімді түзеуге күш аламын.
- Егер сізге уақытты кері айналдыруға мүмкіндік берсе, нені өзгертер едіңіз?
- Уақыт кері айналса, жасаған қателіктерімді, шалыс басқан кездерімді түзер едім.
- Қазіргі қазақ циркіне көңіліңіз тола ма?
- Біздің елімізде өте талантты, жас  цирк әртістері көп. Алайда, сол талапты буынға үкімет тарапынан ешқандай  қолдау көрсетіліп жатқан жоқ. Телеарналардан басқа да мәдени шаралардан цирк әртістері үнемі шетқары қалып тұрады. Көгілдір экраннан тек әншілер мен квн әртістерінің өмірін, олардың жатқан-тұрғанын көреміз.  Халық та жұлдыздардан әлдеқашан мезі болды. Бізге өзгешелік жетіспейді. Егер де цирк әртістері теледидар арқылы  әртүрлі трюктерді көрсетіп, оны жас буынға үйретсе, өскелең ұрпақ спортқа қызыға бастар ма еді? Мүмкін жаңа спорт жұлдыздарының қалыптасуына жол ашылар ма еді? Әй қайдам, біздікілер осындай пайдалы дүниелерді көрсетуге, насихаттауға мойын бұрмайды ғой. Бұл ұсынысты талай мәрте айттым, әзірге оғанешкім құлақ аспады. Өкініштісі сол.
- Өзіңіз секілді «буынсыз адамдардан» кімдерді танисыз?
- Қытайға барып, жарысқа қатысқан кезімде бір қытайлық әртіспен таныстым. Сахна сыртында отырғанымда арнайы келіп, қол алысты. Осылайша бір-біріміздің өнерімізге баға беріп, тез тіл табысып кеттік. Сол байқауда өзбек әртістерінің арасындағы қазақ жігітімен де жақсы араластым. Ақтауда  Азамат Нұрқожа есімді өнерпаз өсіп келе жатыр. Маған ең алғаш ата-анасы хабарласқанда, жас талантқа кеңесімді айтып, тәжірибеммен бөліскен едім. Айдос - болашағынан зор үміт күттіретін бала.
- Өмірдегі негізгі ұстанымыңыз қандай?
- Өмірдегі негізгі ұстанымым -  қарапайым әрі әділ болу, ешкімге зиянымды тигізбеу. Қолымнан келгенше жақсылық жасауға тырысамын.
- Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз. Бапкер болып, шәкірт тәрбиелегіңіз келе ме?
- Алла Тағала бұйыртып жатса шәкірт тәрбиелеу, тағы бір мәрте елді таңғалдыру жоспарымда бар. Мына бір жаман індет кеткесін бір түсірілім жасамақ ниеттемін.
- Спорт әлеміне қадам басқысы келетін жас таланттарға аға буын ретінде қандай кеңес берер едіңіз?
- Алла берген бақты аяқ асты етпей, оны бағалай білсе адам өседі. Тынбай жаттығыңыздар. Тәкаппарлыққа салынып, атақ пен қошеметке еріп кетуге болмайды. Ол күндердің бір күні адамды бұзады. Сол үшін де қарапайым, мейірімді болыңыздар. Қазағымның өнерлі жастары өсе берсін.

Диана АСАНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы